Түлкінің өлімі

Түлкінің өлімі
Бір күні күн қатты ысып, бір түлкі тау етегіндегі бір қарағайдың
түбінде ұйықтап жатыпты. Осы кезде бір жолбарыс келіп, оны оятып:
– Күні бойы ұйықтап бас алмай жата берсең, тұмсығың қызылға тие ме,
онан да маған еріп жүр, солтүстіктегі жыныс орманға барып, жабайы сиыр ұстап жейік, – депті. Ойлана қалған түлкі:
– Ол бір алып, мен бір кішкене нәрсе тұрсам, оны ұстауға батылым
қайтып барады? Бір көрсем-ақ лезде үйреніп алар едім! – депті. Жолбарыс:
– Ондай болса, алдымен біреуін саған ұстап көрсетейін! – депті.
Сонан түлкі жолбарысқа ілесіп жолға шығыпты. Олар жүре-жүре бір
жыныс орманға келіпті. Орман ішін сүзіп шықса да, оларға бірде-бір жабайы сиыр кезікпепті. Сонан олар тағы да біраз жол жүріпті. Олар жүре-жүре бір өзенге жетіпті. Жолбарыс түлкіден:
– Мына судан секіріп өте аласың ба? – деп сұрапты. Түлкі:
– Секіріп өте алмаймын, бірақ бір көрсем-ақ лезде үйреніп аламын! –
депті.
Сонан жолбарыс түлкіні арқалап өзеннен секіріп өтіпті. Олар тағы жолға
түсіпті, сонан көл жағасында салқындап тұрған бір жабайы сиырды көріпті. Оны көрген жерден жолбарыстың көзі қанталап, аузы арандай ашылып, жүндері тікірейіп кетіпті. Ол түлкіден:
– Менің көзім қанталады ма? – деп сұрапты
– Қанталап тұр, – депті жолбарыстың көзіне қадала қараған түлкі.
– Менің аузым арандай ашылды ма? – деп сұрапты жолбарыс.
– Ашылды, – депті түлкі.
– Менің жүндерім үрпиді ме? – деп сұрапты жолбарыс.
– Үрпиді, – депті түлкі.
Жолбарыс атылып барып соққанда жабайы сиырдың мойыны үзіліп
өліпті. Екеуі оның етіне әбден тойып үйлеріне қайтыпты.
Қайтып келе жатқан жолында, түлкі өзінің зеректігіне дән риза болып, жолбарыстың жабайы сиырды ұстау өнерін бір көріп-ақ үйреніп алдым деп марсиып мәз болыпты, мұны ойлаған сайын марсиып мәз болыпты. Мұны ойлаған сайын іштей рақаттанып көңілі лепіріпті. Түлкі үйіне барғаннан кейін де өзінің жабайы сиырды ұстаған жайын мақтан етіп ел-жұртқа ауыз жаппай айтып жүріпті. Сонан ол бір күні бір қоянға жолығып, құйрығын бұлғақтата қоразданып:
– Күні бойы ұйқыдан бас алмасаң, дәмді асқа аузың тие ме,онда маған ілесіп жүр, солтүстіктегі жыныс орманға барып, жабайы сиырды ұстап жейік! – депті.
– Жабайы сиыр бір алып, мен бір кішкене нәрсе тұрсам, оған әлім қайтып жетеді, – депті қоян.
– Сен қазір оны ұстауды білмесең, менен үйрен! Мен сияқты зерек
болмасаң да, саған үйретуге менің ақылым жетеді! – депті түлкі.
Қоян түлкінің сөзіне сеніңкіремесе де, оған еріпті, олар жүре-жүре бір
жыныс орманға жетіпті. Олар орманды түгел аралап шықса да бірде-бір жабайы сиырды кезіктіре алмапты. Олар тағы да алға ілгерлеп, бір өзенге келіпті.
Мына судан секіріп өте аласың ба? – деп сұрапты түлкі қояннан.
– Секіріп өте алмаймын! – депті қоян.
– Секіріп өте алмасаң, мен бармын, мендей зерек болмасаң да, саған
үйретуге ақылым әбден жетеді! – депті түлкі.
Сөйтіп, түлкі қоянды арқасына мінгізіп, бар пәрменмен судан қарғыпты.
Бірақ арғы жаққа жете алмай судың дәл ортасына барып «гүмп» ете түсіпті. Сонан олар тырмысып жүріп судан әрең шығыпты. Түлкі қоянның жер-жебіріне жетіп:
– Мен секіргенде көзіңді бақырайтып ашып отырғаның не? Онда мен
қайтып секіре аламын! – депті.
Қоян бұл жолы менен келген екен деп қатты ыңғайсызданып қапты.
Ол екеуі жағаға шығып, әнтек дем алған соң, тағы да жолға шығыпты.
Бұлар жүре-жүре бір таудың басына келіпті, онда бір жабайы сиыр жүр екен, оны көрген түлкі қояннан:
– Менің көзім қанталады ма? – деп сұрапты. Түлкінің көзіне тесірейе
қараған қоян:
– Жоқ, – деп жауап беріпті.
Сонда сабырсызданған түлкі қоянға:
– Мен сенен көзім қанталады ма деп сұрағанда, сен қанталап тұр деп
жауап бер. Өйтпесең, жабайы сиырларды ұстай алмаймыз! – депті.
Қоян басын изеп мақұл болыпты. Түлкі тағы да:
– Менің көзім қанталады ма? – деп сұрапты.
– Қанталап тұр, – депті қоян.
– Менің аузым арандай ашылды ма? – деп сұрапты түлкі.
Түлкінің аузына ежірейе қараған қоян:
– Жоқ, – депті. Түлкі:
– Қызық екенсің! Мен сенен аузым арандай ашылды ма дегенде, сен
ашылды деп жауап бер, өйтпесең, жабайы сиырды ұстай алмаймыз! – депті.
Қоян мақұлдаған рай көрсетіп басын шұлғыпты. Түлкі қояннан:
– Аузым арандай ашылды ма? – деп сұрапты. Қоян:
– Арандай ашылды, – деп жауап беріпті. Түлкі:
– Менің жүндерім үрпиді ме? – деп сұрапты. Түлкінің жүніне ежірейе
қараған қоян:
– Жоқ! – деп жауап беріпті.
Неткен ақымақ едің! Мен жүнім үрпиді ме деп сұрағанда, сен үрпиді деп
жауап берсеңші, өйтпесең, жабайы сиырды жей алмаймыз! – депті түлкі қатты кейіп. Түлкі қояннан:
– Менің жүнім үрпиді ме? – деп сұрапты.
– Ү-үрпиді, – деп қоян тұтыға.
Сонан түлкі салған бойы жабайы сиырдың артқы аяғынан ала түсіпті.
Аяғы «дыз» ете түскен жабайы сиыр тұяғын сермеп қалғанда, түлкі жалама жартастан ұшып өліпті. Қоян бұл ахуалды көргеннен кейін ғана, оның барып тұрған суайт, дүр, бөспе екенін біліпті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *