Бұл не қылған батпан құйрық…
Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады. Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? – деп сұрайды түлкі жылмаңдап.
– Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.
– Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.
– Ал, түке, ендеше баста, – дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:
– Түке, түке, бұл неғылған батпан қүйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойлаған боп, қипаңдай жауап қайырды:
– Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан
бағағада алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.
– Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.
– Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, – деп, түлкі құйрыққа ұмтыла бергенде: «Тоқта, тоқта!» – деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоқиып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ кұйрыққа ауызды салып кеп жібереді. «Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе?» – деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып: «Былжырама…» – дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі. Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі: Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! – деп, күңкілдейді.
– Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! – деп, қомағай көкжал қарық-қарық күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де қалады. «Е-е… құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?!» – деп, түлкі қу сықылықтай кеп күледі.
– Емің бар ма, түлкіжан-ау… Түкешім, аясаңшы ағаңды, – деуге қасқырдың тілі әрең келіпті. У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:
– Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, – дейді.
Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі. «Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық!» – дейді де, түлкі өз жөніне кете барады.