Ермек
Ертеде бір кемпір болыпты, оның жалғыз баласы болыпты. Баласының аты Ермек екен. Кемпір кедей екен, мал дегенде жалғыз көк сиыры бар екен.
Күндерде бір күн Ермек шешесін қалдырып, өзі оқуға кетеді. Айлардан ай, жылдардан жыл өткенде ол бір қалаға келіп жетеді. Сонда жүріп әлдеқалай базарға шыға қалса, бір шал сандық көтеріп жүріп: «Осы сандықты алған да арманда, алмаған да арманда», – депді. Ермек келе салып:
– Бұл сандығыңа не сұрайсың? – депті.
Шал сандығыма мың ділдә сұраймын депді.
– Мә ақшаң! – деп, ақшасын санап беріп, сандықты алып, хат жазып, шешесіне беріп жібереді.
Ермек сонымен оқи берсін, шешесіне келейік.
Кемпір көк сиырдың ертеңгі, кешкі сүтін пісіріп ішіп, күнелтіп, баласын ойлап, анда-санда жылап қояды. Бір күні кемпірдің алдына баласы жіберген сандық келеді. Кемпір қуанып, соны жер үйіне бүкшеңдеп, әрең көтеріп енгізеді. Сандықтың аузы жабулы, кілті жоқ. Кемпір балталап, сандықты бұзады. Аузын ашып қалғанда, «ай десе аузы, күн десе көзі бар», қасы қиылған, аузы оймақтай, ерні жұп-жұқа, беті қандай қып-қызыл, белі құмырсқаның беліндей нәп-нәзік, саусағы тезге салғандай сүп-сүйір, орта бойлы бір қыз шыға келеді. Кемпір сасқанынан шалқасынан түсіп, талып қалып, әлдене уақытта есін жиып алып, сөзге келеді. Қыз кемпірмен сөйлесіп, мән-жайын білісті. Қыз базардан бір бояу алдырып, өзінің суретін салады. Бұл суретті кемпір базарға алып барып, сатып жүреді. Бір күні кемпір бір сурет алып шығып еді, бір жуан адам кемпірдің сұрағанын беріп, сатып алды. Екінші күні кемпір тағы да бір суретті алып, базарға шығып еді, кешегі жуан кісі көшеде аңдып тұрып, сұрағанын беріп, суретті тағы сатып алады. Осының арқасында кемпір байып, бірнеше қатар тас үй салдырып, сән-салтанаты артады.
Бір күні кемпір базарға суретті алып шығып еді, баяғы жуан кісі соңынан қалмай еріп жүріп, кемпірдің үйіне келеді. Келіп қызды көріп, талып қалады. Әлдене уақыттан кейін есін жиып, қызбен сөзге келеді, қызға: «Ғашықпын! – деп сөз айтты. Бірақ, қыз мұның сөзін қабыл алмайды. Онымен жуан қоймайды. Бірнеше күн ұдайы келіп, қызға сөз айтып жүреді. Қыз әбден көнбеген соң, жуан кісі Ермекке хат жазып, қызды жамандайды. «Сенің жіберген әйелің өңкей бозбалаларды қондырумен байыды. Үйің күніне қонақсыз болмайды», – дейді.
Мұнан соң айлардан ай өткен соң, Ермек үйіне қайтса, жер үстінен орнын сыйпалап, таба алмайды. Қаланың шетінен сұрастырып отырып, төрт қабатты биік тас үйге кіріп келіп о жақ, бұ жағына қараса, шешесі жүр. Жылап көрісіп, амандасып болған соң, екінші бөлмеге кірсе айдай ақ, сұлу бір қыз отыр. Қалтасынан қанжарды суырып алып өкпесінен салып, қызды терезеден лақтырып жібереді. Бұдан бірнеше күн бұрын осы үйдің жанында бір дәрігер келіп жатыр еді. Шыңғырған әйелдің даусын естіп, екі күтуші әйелін біліп келуге жұмсайды. Екі әйел келсе, шала өліп жатқан әйелді көреді. Мұны дәрігерге айтып келеді. Дәрігер екі әйелді қайта жұмсап, өлген әйелді алғызып бақылап еді, әйел өлмеген екен. Әйелге дәрі беріп, ертеңгісін дәрігер үлкен қалаға алып барып, емдеп жазады.
Ермектің ашуы басылған соң, шешесі жылап-еңіреп: «Не жазығы бар?» – деп баласынан сұрайды. Ермек шешесіне жуанның жазған хатының мазмұнын түсіндіреді. Шешесі оның өшігіп жазғанын айтады. Мұны естіген соң Ермек қолына темір таяқ алып, аяғына темір етік киіп: «Сол сұлуды не тірі табам, не соның жолында өлем, – деп қаңғырып кетеді. Жылай-жылай кемпір сорлы қалады.
Бұл хабарды естіген соң баяғы жуан да: «Сол сұлудың жолында өлем! – деп қаңғырып, о да кетеді.
Енді дәрігер мен қызға келейік. Дәрігер емдеп, қызды жазады. Енді ол қызға сөз айтып жүреді. Күндерде бір күні дәрігер:
– Емдеп, өлім алдынан алып қалдым, маған ти, – дейді.
Қыз:
– Жарайды, тиейін, ойын-сауық істе, гармон, биші әкел, той қыл! – дейді.
Дәрігер өлеңші, биші әкелуге кеткенде, қыз амалын тауып, қашып кетеді. Дәрігер өлеңші, биші алып келсе, қыз жоқ. «Сол қызды не табам, не жолында өлем!» – деп, бұл да қуып шығады.
Қыз күндерде бір күн, бір топ қойшыларға жетеді. Келісімен екі қойшы төбелесе бастайды. Төбелестің түрі – біреуі:
– Мына қызды мен алам! – дейді.
Екіншісі:
– Жоқ, мен алам! – дейді.
Қыз:
– Мен ерге тисем, екеуіңізге тимеймін, біріңе-ақ тиемін. Сондықтан екеуінің жарысып барып, анау көлден су әкеліңдер, қай бұрын келгеніңе тиемін, – дейді.
– Жарайды, – деп, екі қойшы суға кеткенде, қыз жөніне жүріп кете барады.
Қойшылар келсе, қыз жоқ. Сандарын бір-бір соғып: «Бұл қызды көрген де бір, жолында өлген де бір!» – деп, қойды тастап қуып кетеді.
Күндерден күн өткенде, қыз жалғыз қойшыға келеді. Шөлдеп-шаршап, талып келген кісі қойшының қойыртпағын ішіп, есін жинайды. Есін жинаған соң, қойшының бір қойын сатып алып, сойып таз қараның басына бөрік қылып киіп алып, қойшының киімін сатып алып, оны киіп, қайыршы болып, қыз жөніне жүріп кетеді. Қыздың қарасы үзілген кезде, қойшыға ой түседі: «Осы мен жындымын ба? Әлгі оңаша келген сұлуды қоя бергенім не? қой! Қойы да құрысын, бүйтіп көрген тіршілік те құрысын! Әлгі қызды қуып жетіп, тауып алайын!» – деп, қойды тастай беріп, қыздың соңынан қуып береді.
Ол онымен кете берсін. Әңгімені қыздан бастайық.
Қыз қайыр сұрап жүріп, бір үлкен шаһарға келеді. Келсе жиын той.
– Бұл не? – деп шеттен келіп біреуден сұрайды.
– Бұл еліміздің ханы өліп, соның орнына хан сайлауға жиылыс болып жатыр. Ханның дәулет құсы бар, соны ұшырады. Сол кімнің басына қонса, соны хан қылмақ, – дейді.
Көптің бәрі келіп тұрды. Тазша да тұра қалды. Ұшырған дәулет құсы келіп, Тазшаның басына қонады. Ханның дәмелі болып жүрген уәзірлері:
– Мына шіркін алжыған ба? – деп, қайта ұшырады, ол тағы да тазшаның басына қонады. Уәзірлер үшінші рет ұшырады, ол тағы тазшаның басына қонады. «Тазша» болып жүрген қызды амалсыздан әкеліп, хан етіп қойды.
– Мені таңдайсыңдар ма? – дейді.
Әрқайсысы өз кінәларын айтып, қыздың аяғына жығылады. Мәселенің, барлық пәленің жуаннан шыққанын жұрт көреді. Жуанды аттың құйрығына байлап өлтіреді. Дәрігерге қанша алтын мен ат, шапан айып беріп, оны жөніне жібереді. Қойшыларды да түрлі сый-сияпат беріп, елдеріне қайтарады. Қыздың өзі Ермекке тиіп, оны өзі хан қылып, өзі ханым болып, мұраттарына жетіпті.
Қыз әуелде бір ханның қызы екен. Сұлу болған соң әркім сөз айтып, алам деуші, қызығушы көбейген екен. Хан қайсысына берерін білмей тұрғанда қызы рұқсат сұрап:
– Мені ешкімге айтпай, сандыққа салып біреуге базарға сатқыз. Көп сұрасын, кім ерлік қылып сатып алса, соған тиейін, – деген екен.
Сол сөзді әкесі қабыл алып, қыздың өміріне жететін алтынмен сандыққа салып, базарға жіберген екен.