Бай мен диуана
Баяғыда бір бай мен кедей болыпты. Кедейдің бір баласы бар екен. Ал байдың үш қатыны болса да, баласы жоқ екен. Жарлының үйі үнемі көңілді болады, күндіз-түні ойын, күлкісі үзілмейді… Бір күні бай да, жарлы да намазға барыпты. Бара жатып бай жарлыға: «сендер күнде үй-ішіңмен шулап жатасыңдар, өздерің тамақтарыңды таба алмай жүріп, сендерге ойын-күлкі не керек?» – депті. Сонда жарлы: «Бай, сіз білмеген екенсіз, біздің бір алтын сақамыз бар, соны біресе қатыным иіреді, біресе өзім иіремін, соған күлеміз де жатамыз!» – депті. Сонан бай үйіне келіп, алтыннан сақа соқтырып алып үш қатынымен кезек-кезек сақа иіреді, оған ешкім де күлмейді. Ертеңіне тағы да намазға бара жатып бай: «Ақмақ жарлы, иірген сақаға несін күлесіңдер?» – дейді. Сонда жарлы: «Байеке-ай, сен өзің бай болсаң да, ақылың жоқ-ау, менің айтқаным сақа емес еді, ол әлгі балам еді, сен оған түсінбеген екенсің ғой!» – депті.
Сонда бай «уһ!» деп, үйіне келіп жатып қалыпты. Сонан байдың бір күні үйіне диуана келіпті. Әйелдер диуанаға ақша берсе алмайды. «Саған не керек?» десе, «Маған бай керек, бай қайда?» депті ол.
Сонан қатындары байды шақырып келіпті. Сонан диуана байға: «Сен жылама, саған бала беремін, бірақ, ортаншы қатыныңның баласын өзіме бересің», – депті.
Бай: «Болды, берем» депті. Содан диуана екі үлкен қатынына екі алма беріп: «Осы қатынының баласын өзім аламын» деп кетіп қалыпты.
Артынша көп ұзамай байдың қатындары жүкті болып, екеуі де босанады. Қатындар аман-есен босанған соң, диуана келіп ортаншы қатынының баласын көріп, «Жетіге келгенде алып кетемін!» деп, кетіп қалады.
Арада жеті жыл өтіпті. Балалары үлкейіпті, әлгі ортаншы қатынының баласы өте жақсы болыпты. Оны әкесі диуанаға беруге көзі қимайды, диуананың келетін уақытында үш баласын да мектепке береді. Ол мектеп балалардың бәрінің басына таз кепеш кигізерді екен. Сонан бір күні баласын алып кету үшін диуана келіпті.
Бай диуанаға: «Балаң мектепте оқып жүр, сонан барып өзің танып ал!» – депті. Диуана мектепке барып, балаларың бәріне ақ алма мен қызыл алманы көрсетеді де, қызыл алмаға қызыққан баланы қолынан жетелеп алып кетіпті.
Бала жатырқап жылап, диуананың соңынан амалсыз еріп келе жатса, жолда бір қу бас домалап кездесе кетеді де, балаға: «Балам, мына шал сені барғасын үлкен бір дарбазадан кіргізеді. Дарбазаның ішінде үлкен бір үйде үлкен қара қазан қайнап тұр, сен сол қазаннан айналасың. Айналып келе жатқанда шал сені сол қазанға итеріп жіберіп, пісіріп жейді. Егер сен мұнан құтылғың келсе, барғанда қазаннан айналма «айнал!» дегенде «сен өзің айналып көрсет!» де. Ол айнала бергенде сен өзін қазанға итеріп жібер, ол өледі. Шадың қалтасында есіктің кілті бар, оны ал да үйлерді шетінен аша бер. Ол үйлерден адам мен мал шыға береді. Оларды сен босатып жібер. Ең соңында екі үй қалады. Ол екі үйді ашса екеуінде екі ат байлаулы тұрады. Аттардың біреуі ақбоз ат, біреуі көкбозат. Көкбозатқа жолама, ақбозатты «Жануар-ай» деп сауырынан сипап алып шық дейді.
Бала қу бастың сөзін тыңдаймын деп, диуанадан қалып қойған екен, артынан жүгіріп келеді.
Келсе: «Е, балам, не қып қалып қойдың?» дейді шал. Бала: «Ұйықтап қалған екенмін» дейді. «Е, олай болса жүре ғой» деп, алып келіп баяғы айтқан үлкен дарбазаға кіргізеді. Онан тағы бір үйге кірсе, бір үлкен қара қазан қайнап тұр екен. Диуана: «Балам, мына қазаннан айналшы!» – дейді.
Бала: «Жоқ, ата, мен қалай айналатынын білмеймін, өзің айналып көрсет!» – дейді. Диуана: «Ай, бала, несі бар айналмай!» – деп, айнала бергенде, бала қазанның ішіне диуананың өзін итеріп жібереді.
Диуана өліп қалады, бала оның қалтасын қарап кілттерді алып, шетінен есікті аша береді, қамақ қойған адамдардың бәрін босатып жібереді.
Ең соңғы үйді ашса, екі ат тұр. Бала: «Әй, қу бас-ай, басқа айтқандарың тура келмеді ғой, мынадай көкбоз ат тұрғанда, адам анандай ақбозатты алар ма?» – деп, көкбозаттың қасына бара бергенде, ат баланы бір тебеді. Сол сәтте бала күмп беріп, жеті қабат жердің астына түсіп кетеді.
Сонан бала жердің астына түссе, көз ішінде бір жылтыраған тесік көрінеді. Сол тесіктен көрінген сәулеге қарай жүре-жүре бала жердің астында бірнеше жылдарды өткізеді. Басы таз, үсті қотыр болып, әбден азып-тозып жүдейді.
Ақырында әлгі тесіктен келіп шығады. Шықса, көп адамдар қолына садақ алып кетіп бара жатыр екен.
Бала да шығып жаңағы адамдарға келеді. Олардан: «Сіздер қайда барасыздар?» – дейді. Онда олар: «Біз патшаның тойына барамыз. Патша бір биік теректің басына жамбы тігіп: «Кімде-кім соны атып түсірсе, соған қызымды беремін!» – деп, жар салыпты, соған келеміз», – дейді. Соларға ілесіп бала да тойға барады.
Басқа жұрт жиылып, жаңағы теректің басындағы жамбыны кезек-кезек атып жатыр екен.
Таз бала да келіп, елдің бір шетінен тамашаға қарап тұрады. Жиылған адамдардың бәрі де жамбыны атып жатыр, бірақ ешқайсысы тигізе алмайды. Ақыры жамбыны атқысы келіп, бала біреудің садағын сұрайды. Сұраса: «Сен байғұс әуіре болып не қыласың, сен түгіл біз де тигізе алмай жатырмыз», – деп, ешкім садағын бермейді.
Сонан бала патшаға (қыздың әкесіне) барып: «Мен бір жолаушымын, жамбыны атып мен де көңілімді көтерейін деп едім, ешкім садағын бермеді. Тақсыр, сіз маған біреудің садағын алып беріңізші, мен де атып көрейін!» – деп өтінеді.
Патша баланың бас-аяғына қарап: «Осы тигізе алушы ма еді?» – деп іштей ойлайды да, «ал, ата ғой!» деп біреудің садағын алып береді. Бала атып теректің басындағы жамбыны қақ бөліп жерге түсіреді. Анталап тұрған адамдар: «Патшаның күйеу баласы таз диуана болды», – деп, баланы кілемге салып көтеріп ала жөнеледі.
«Бұған бермесем, сөзімде тұрмағаным болады, берсем қызым қалай ма, қаламай ма» деп, патшаға уайым кіреді. Ақыры патшаға әрі ойлап, бері ойлап: «Қой, мұны қызыма айтайын, қызым не дер екен?» – деп, қызына болған жайды айттырса, ол: «Мен тиемін, құдайдың маған бұйырғаны сол шығар», – деп, әкесіне жауап береді.
Сөйтіп патша таз балаға қызын қосады. Қыз таз күйеуін дұрыстап бағады. Неше түрлі дәрімен емдеп басының тазын жазып, әп-әдемі байбатша қылып шығарады. Сонымен арада бірнеше жылдар өтеді.
Бір күні бала түс көреді, түсінде әкесі мен шешесін көреді. Ертеңіне қатынына: «Мен енді еліме кетемін», – дейді. Оған қатыны жауап бере қоймайды. Бала қайта-қайта айтып қоймаған соң, қатыны: «Бар, патшадан рұқсат сұра, егер жіберсе екеуіміз де кетеміз», – дейді.
Бала патшадан барып рұқсат сұрайды, патша да бірден жауап бермейді. Бірақ бала рұқсат сұрап қоймаған соң, ақыры жібермекші болып той қылады. Патша қызы мен күйеу баласын отаулап, қырық нарға жүк арттырып, қырық құл жалдап беріп көшіреді. Өзі де бір айшылық жолға шығарысып салады. Бала бірнеше күн жол жүріп, баяғы көк ат теуіп, өзін жердің астына түсіріп жіберген жердің тұсына келеді. Бала қолына қылышын алып келіншегіне: «Сендер жүре тұрыңдар!» – деп, өзі баяғы өзін тепкен атқа келеді. Орнында екі ат әлі тұр екен. Бала қылышпен көкбоз аттың басын кесіп, ақбоз атты «жануар-ай!» деп, сауырынан сипап тысқа алып шығады. Ақбоза атқа мініп, көңілі жайланып көшіне келеді. Басынан өткен барлық оқиғаны қатынына айтады. Енді баяғы әкесінің тамына келсе, бәрі бұзылып жер болып кеткен, маңайында ел жоқ.
Бала: «Бұлар бәрі өліп қалған екен ғой. Енді қалаға барып бір қора-жай салып алайын», – деп, көшіп бір қалаға келеді. Қаланың шетіне көшін тастай беріп, көшені аралап келе жатса, бір ағасы байдың отынын шауып жатыр екен, оны көреді. Білдірмей және бір көшені аралап келе жатса, бір жерде онан кіші ағасы бір аспаздың отын жағып жүр екен. Тағы да бір көшені аралап жүрсе, әкесі мен шешесі отын арқалап келе жатыр екен. Бала ешкімге сыр білдірместен көшіне қайтып келіп, қаладан бір қора-жай сатып алып, орнайды. Орныққаннан кейін әке-шешелеріне, ағаларына адам жіберіп алдырады. Барлығын жуындырып, киіндіріп бағады. Бірақ өзінің кім екенін бірден айтпайды. Бір күні шешесі отырып:
– Ойпырмай… менің емшегім иіп бара жатыр, – дейді. Әкесі отырып: «Менің жүрегім дүрсілдеп барады», – дейді.
Сонда бала отырып:
– Е, сіздердің жүректеріңіз дүрсілдеп, емшектеріңіз иісе, оның себебін айтайын. Сіздердің баяғы диуана алып кеткен балаларың мен боламын, жүректеріңіз соны сезген болар, – дейді.
Әке-шешесі сол жерде талып қалады. Біраздан кейін баласы тұрғызып алып көрісіп, амандасып көңілдері жайласады. Бала екі ағасын екі жаққа сауда жасауға жіберіп, әкесі мен шешесін өз қолында балғады. Сөйтіп бала бақытты болып, барша мұратына жетеді.