Л. Гумилев
Жужан хандығы. V ғ. бас кезінде Хинганнан бастап, Алтайға дейінгі кең далада «шауып келе жатып құралайды садақпен көзінен ататын», жужандардың жұрт Дәудей деп атап кеткен ханы Шелун билігін жүргізіп тұрады. Теле жайылымдарын бағындырып алғаннан кейін, ол Іле өзенінің бойынан қоныс тапқан ортазиялық хұндармен қақтығысып қалады. Олардың басшысы Жибайегі деген біреу болатын. Онгин өзені жағасында болған қиын шайқаста Жибайегі Шелуннің тас талқанын шығарады, бірақ тұтасып жатқан жужан мемлекетіне әлі жетпейді де, оларға «мойынсұнып, тыныштықты сатып алады»12.
Шелункің негізгі мақсаты Тоба-Вэй империясының күшейіп кетуіне жол бермеу еді, өйткені олар жужан хандығынан әлдеқайда күшті болатын. Қытайдың оңтүстігінде үздіксіз жүргізіп жатқан соғыстары Тоба-Вэй императорының бөлініп-жарылып кеткен бодандарын жазалауына бөгет жасады, сол себепті де Шелун Тобаның барша жауларын қолдап отырды. 410 ж. Шелун өліп, орнына інісі Хули хан болады.
Хұли тобаларға тиіспей, солтүстікке көз салып, о жақтағы енесей қырғыздары (иегу) мен Хевейді (Сібірдегі бір тайпа) бағындырады. 414 ж. ол қаскүнемдік құрбанына шалынады, бірақ қасыгөйлердің көсемі Бөлшіженнің өзі де со жылы қаза табады. Шелуннің немере інісі Датан хан болады. Ол өз билігін Қытайға қарсы соғыс ашудан бастайды, бірақ жужандар жортуылы нәтижесіз аяқталады, соның ізінше жасалған жазалау шапқыншылығы да жеміс бермейді. Хал-жағдай өзгеріссіз қала береді.
418—419 жж. жужандардың орта азиялық хұндар мен юэчжилермен13 соғысы қайта жаңғырады. Жужандар Тарбағатайға баса-көктеп кіріп, олардың зәресін ұшырғаны сондай, юэчжэй тобының көсемі Цидоло (Қидара) жужандарға көрші болудан іргесін аулақ салып, оңтүстікке шығандап барып. Қаршы14 көгалды аймағындағы Боло қаласын жаулап алады. Бұл арада ол парсылармен, эфталиттермен соқтығысады. Қидараның жұрты — қидарлықтар тарихта өздерінің этностық атымен емес, көсемінің атымен белгілі.