Жужан хандығының Вэй империясымен соғысы

Л. Гумилев

Жужан хандығының Вэй империясымен соғысы. 420 ж. жужандар құдыретінің шырқау шегіне жеткен жыл болды. Теріскей және батыс тайпаларын оп-оңай жеңгеннен кейін, жужан ұлы Даланың жетекшісіне айналады, бірақ бұл осынау хандықтың тыныштығын да, өсіп өркендеуін де қамтамасыз ете алмады. Жужандардың басты жауы Тоба-Вэй империясы болады, сондықтанда жужан ханы Датан өзінің табиғи бәсекелесі күшейіп кетпеуі үшін қолынан келгенінің бәрін жасайды.
424 ж. Датан 60 мың салт атты сарбазбен Қытайға басып кіріп, астанаға дейін жетеді де, императордың қала сыртындағы сарайын талайды. Тобалар әскерін жаппай жинап қарсы шыққасын және жужандар арасында тәртіп мүлде болмағасын, хан соғыстан жалтарып, қайтып кетуге мәжбүр болады. 425 ж. тобалар жужандарды Гобидің ар жағына қуып тастайды. 430 ж. император Тай-У-ди {Тоба Дао) Оңтүстік Қытаймен алаңсыз айналысу үшін, әуелі жужандардың көзін құртуға бел байлайды. Жер қайысқан қалың қол далаға қаптап кетеді де, жужандар бытырап, басы ауған жаққа қашады. Датан батыс жаққа безген күйі хабарсыз жоғалып кетеді. Телелер оның адамдарын қыра бастайды. Датанның баласы Уди соғысты жүргізуден бастартып, Вэй империясына салық төлеп тұрады. Алайда 437 ж. Уди шапқыншылық жасап, бітімді өзі бұзады. Әсілі, жужандар біреуді талап тонамаса тұра алмайтын болуға тиіс. 439 ж. жауап ретінде жасалған жортуыл император Тобаға ешбір олжа түсірмеді: тау шатқалдарына тығылып қалған жужандарды кездестіре алмай, олардың қара басып, кейін қайтуына тура келді.
Тобаның Хэсиге қарсы соғысып жатқанын пайдаланып, Уди 440 ж. тағы да Қытай шекарасына шабуыл жасады, бірақ шекарада тосқауылда тұрған қол олардың алғы топтағы әскерін тұтқынға алады. Жужандар қайтадан кейін қашады. Осындай оқиға 445 ж. қайталанады, бұдан кейін тәж-тақты баласы Түхэчженге (445—464) тапсырып Уди қайтыс болады.
Енді бұлардың рөлі өзгереді: Тоба-Вэй империясы шарықтау шегіне жетеді, оның қалың әскері далаға кимелей кіріп, жужандарды тау қойнауларына қуып тығады. Бұл шын мәніндегі соғыс емес, тек жай жазалау жорығы ғана болатын.
Түхэчженнің баласы әрі мұрагері Юйчен (464—485) күресті жалғастыра беруге тырысады, бірақ 470 ж. талқандалып, 475 ж. бітімге келуді сұрап, алым-салық төлейді. Жужан әлсіреп, Қытайға шапқыншылық жасау қолынан келмейтін арманға айналады. Енді олар талау көзі етіп, аналардан гөрі кедей, әрі әлсіз Батыс өлкені тандап алады. 460 ж. жужандар Тұрфан алқабын басып алады да, ол араға жеңімпаз тобалардан қашып барып қоныстанған, өздерінің бұрынғы одақтастары хұндардың ойпаң-тойпаңын шығарады. 470 ж. жужандар Хотанды ту-талапайға салады, бірақ қайраттанып алған эфталиттер мемлекеті жужандар басқыншылығын шектеп тастайды. Тянь-Шань Жужандар шекарасы болып қалады.
Жужанның жаңа ханы Доулун (485—492) «кісі өлтіруден тайынбайтын қатыгез»15 болатын. Ол өзінің таққа отыруын бір бекзаданы бүкіл үрім-бұтағымен түгелдей қырып салумен атап өтеді. Бұл барша елдің ашу-ызасын туғызады. Ханның Қытайға шабуыл жасағысы келетін ниеті елге одан да бетер ұнамайды. Тіпті сәтті жасалған шапқыншылықтың ізінше Қытай әскерлерінің жортуылы басталатыны, ал оған тойтарыс беру ісін тіпті ойға алмауға да болатыны жалпы жұрттың бәріне де аян еді.
Телелердің аға-ақсақалы Афучжило, Қытайға қарсы соғыс ашпағын деп ханға қадалып, қайта-қайта кеңес береді, бірақ оның дәлелді сөзіне құлақ аспайтынына көзі жеткеннен кейін, күллі теле халқын бастап көтеріліске шығады. Ол кезде телелер саны аз болмайтын (Қытай мәліметі бойынша, 100 мың шаңырақ). Сосын Афучжило батысқа, Ертіс алқабына көшіп кетеді. Сол арада ол «Тәңрінің ұлы перзенті»16 атағын алады да, жужан ханымен иық теңестіре бастайды, сөйтіп соғыс қайтадан бұрқ ете түседі.
490 ж. қытай әскері далаға шығыстан басып кіреді де, телелермен бірігіп, жужандарды қыспаққа алады. Жужан бекзадалары күллі жауапкершілікті қиян пұрыс хан мойнына артады да, оңы өлтіре салады (492 ж.).
Телелердің батысқа көшіп келуі аса маңызды төтенше оқиға еді; батыста осынау шашыранды көшпелілер өз мемлекетін ұйымдастырады.17 Азиада қайтадан этногенез процесі басталады. Тап сол кездері Алтай тауларында түрік халқы, Брахмапутра алқабында — тибеттер құрылып, ал Қытайда Сүй мен Тан әулеттерінің орта ғасырлық ғажайып мәдениетін берген жаңғыру дәурені басталады. Шығыс Азия тарихының ежелгі дәуірі аяқталуға жақындап, оның кеспірсіз сарқыншағы — Жужан — құрып кетуге тиіс болатын.
Телеуіт хандығы — Гаогюй. Телеуіттердің бөлінуі мен 492 ж. мемлекеттік төңкеріс Жужан тарихының күрт өзгеріс кезеңі еді.
Олар Орталық Азиядағы жетекшілік рөлінен айрылып, енді өкімет үшін емес, өмір сүру үшін күресуге мәжбүр болады. Өлтірілген Доулүннің орнын басқан Нағай елді бір-ақ жыл басқарады. Ол өзі басқаратын уақытқа ұран етіп: «Тып-тыныш» сөзін алады, яғни өзінен бұрынғы ханның жаугерлік ойларынан бастартады. Нағайдың баласы Фүту мүмкін болғанынша әкесінің саясатын жалғастыра береді.18
Бұл кездері телеуіттер жаңа қонысын жақсылап игеріп, хұн дәуірінің соңғы қалдығы Юэбаньдардың көзін жояды. Жаңа жерде телеуіттер өз мемлекетін құруға тырысады. Бұл үшін олар халықты екіге бөледі: солтүстік билеушісі —»Мұрагер хан»19 атын алады. Олардың өз мемлекетін не деп атағаны беймәлім, ал қытайлар оны Гаогюй деп атайды, ол «биік арба» деген сөз. Ол осы атпенен тарихқа енген.
Саяси тұрғыдан алғанда Гаогюй қытай бағытына қарай бейімделіп, киім-кешек үшін олардың жібегін алмақшы болады, бірақ бұл жібек оларға ешбір пайдасын тигізбейді. 494 ж. эфталиттер Иранды жәукемдеп тастап, артын тиянақтап алып, солтүстікке қарай бет түзейді. Гаогюй мемлекетінің оңтүстік бөлігі қас-қағымда талқандалады, «Мұрагер хан» өлтіріліп, үй іші тұтқындалады, ал халық шартарапқа бытырай қашады; олардың бір бөлегі жужандар қоластына қарайды да, екінші бөлігі қытай қарауына өтіп кетеді. Келесі, 496 ж. сол сияқты солтүстік мемлекеті де қаурыт жаулап алынады. Эфталиттер тұтқындардың ішінен Мивоту деген бекзаданы қалап алып, қалған телеуіттерге бастық етіп қояды. Сөйтіп, Гаогюй эфталиттердің бағынушы вассалына, жужандардың дұшпанына, ал қытайлардың одақтасына айналады, одақтас болғаны үшін қытайлар оларға 60 бума жібек матасын төлейді.20 Шамасы сол кезде (497 ж.) эфталиттер Қарашарды басып алса керек, ал Тұрфан көгалды аймағындағы Гаочан кнәздігінің билеушісі Жу деген қытайлық қытай үкіметінен өзінің бодандарын қабылдап, қытай жеріне көшіріп әкетуді сұрайды. Жужан айналасын темір қоршаумен құрсап тастайды. Бірақ гаочандықтар бауыр басқан жерін тастап кеткісі келмей, өз билеушісін өлтіріп, Жужанға қосылады. Бұл жәйт экономикалық жағынан шиеленіскен жағдайды бәсеңсітеді, өйткені егін егетін Гаочан Жужанды астықпен, жеміспен және матамен жабдықтай алатын еді; бірақ бұл саяси шиеленісті күшейтіп, қытай императоры Сюань-удидің шамына тиеді. Футу ханның бітім сұраған ұсынысына, император: өзінің теріскеймен айналыса алмай жатқанының бір себебі Оңтүстік Қытайды бағындыру ісінен қолы тимей жатқаны, әйтпесе, Футу мен жужандарды бүлікшіл бодандар деп есептейтінін айтып, жар салады21. Бұл кезде Гаочанда қытайшылдар салтанат құрады да, Жужанмен арадағы одақты мансұқ етеді (500 ж.).
Батыс өлкедегі қытай мүддесін сақтап қалу үшін оған тұрақты әскер қатарынан Мын-Вэй бастаған үш мың қолы бар отрядті жөнелтеді. Хамиге келіп орналасқан отряд жужандарды тықсырып тастайды. Футудың Қытайға жіберген елшілеріне жауап қайтарылмайды. Жужандарға қарсы телеуіттер көтеріледі, олар баяғы 60 тең жібектің құнын қанымен қайтаруы керек болады. Пүлэй көлінің маңында Мивоту жужандарды күл-талқан етеді. Олар оңтүстікке қарай қашады, бірақ Бэйшан тауының бөктерінде Мын Вэйдің қытайлық қолына кездеседі. Үрейі ұшқан жужандар енді кейін қарай қашқанда жолай телеуіттерге тап болып, тағы да жеңіледі (508 ж.). Осынау қырғында қырсық шалған хан Футу қаза табады. Мивоту оның бас терісін Мын Вэйге жібереді. Бұл үшін оған музыкалық асбаптар түрлері толайымен, 80 музыкант, он тең қызыл жібек, 60 тең әр түсті жібек маталар сыйлық ретінде жөнелтіледі.
Опат болған Футудың мұрагері Чеуну Қытаймен екі рет тіл тауып, келісуге талаптанады, бірақ өзін тек күш-қайрат қана аман сақтап қалатынына көзі жетеді. 516 ж. ол Гаопойге шабуыл жасап, Мивоту әскерін талқандайды, оның өзін тұтқындап, айрықша әдіспен азаптап өлтіреді. Оны жүрісі жайсыз бір мәстекке мінгізіп, екі аяғын тас қып байлап, Мивоту зықы кетіп өлгенге дейін, мәстекті қамшылап айдай береді. Сосын Мивотудың қу басын сырлап, зеренге айналдырады. Жужандардан қашып құтылған телеуіттер эфталиттерге барып қосылады.22 Осыдан кейін ғана жужан халқының елшілерін Вэй императоры Сяо-минди (518 ж.) қабылдайды. Оларға бағыныштылық міндетін дәл орындамағаны үшін сөгіс жарияланады.23 Мұндай рәсімнен кейін, қандай мәмлеге де болса, келуге болатын еді, сөйтіп Жужан үмітсіз жағдайдан құтылғандай болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *