«Тұрсын Жұртбай
Ұраным Аташ
КӨТЕРІЛІП-БАСЫЛҒАН ЖАНАРТАУ…
(Әлімхан Ермеков)
1.
Алаш идеясын инсандық нысанадан нақты тәуелсіз тұлғаға айналдырып, оның рухани, саяси, территориялық, экономикалық, құрылымдық жүйесін анықтап, мемлекет ретінде тиянақтап берген тұлғаның бірі және «Алаш» партиясының, «Алашорда» халықтық кеңесінің, «Алашорда» үкіметінің атынан сол тұстағы Ресей империясында жарыса өмір сүрген үш үкіметпен: Уақытша құрылтай кеңесімен, Сібір уақытша үкіметімен, кеңес өкіметімен келісім жүргізген, осы үш үкімет те оның өкілеттігін таныған қайраткер – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков. Мұрағат құжаттары мен тергеу ісіндегі және ресми қызмет орындары берген мінездемелеріне, саяси әріптестері мен қарсыластарының бағасына, замандастары мен көзі көргендердің естеліктеріне жүгініп, ондағы сипаттамаларды қорыта тұжырымдасақ, Әлімхан Ермеков:
Ұлттық-мемлекеттік ойлау қабілеті алымды, мақсатқа жету жолындағы басқан қадамы нық әрі қарымды, мүддесін дәлелдеуге келгенде өжет, қорғауға келгенде азулы, күрделі шиеленістер тұсында мысын бастырмайтын бетті, саяси ұтысы мен ұтылысын ұмтылысына бағыттай білетін аңғарлы, мемлекеттік саясат пен ұлттық мүддені тоғыстыра білетін мәмілегер, логикалық қисынға шебер оқымысты, мәдени ұстанымы жоғары, саясат тілін жетік меңгерген, ойын жеткізуге келгенде қара тілдің шешені, сөйлегенде «жанартаудай көтеріліп-басылып, лапылдап отыратын» (Ә.Бөкейхан) аса зейінді тұлға.
Сондықтан да, «ұстазы» (өз сөзі) Әлихан оның жастығына қарамастан ең күрделі, маңызды, шағымды, намысты – ұлттық, мемлекеттік саяси мәселелерді шешуге Әлімханды үнемі алғы шепке жұмсап отырған және өзінің «ту ұстары» ретінде тарих талқысына салып, ысылдырған.
Ал жоғарыдағы мінездемелерге Әлімханның қайраткерлік жолы толық жауап береді және ол қатысқан шағымды шаралардағы қабылданған қарарлар мен қаулылар да сипаттамаларға сай келеді. Сондықтан да, Алаш тарихындағы мұндай шешуші тұлғалардың тергеуге тартылмай, түрмеге қамалмай, еркіндікте жүруі мүмкін емес еді. Әлімхан Ермековтің қайраткерлігінің үш үкіметпен бірдей тамырласып кеткені сондай, оның «дұшпандық әрекеттерін» кеңес өкіметінің атқарылған шараларынан ажыратып алудың өзі тергеушілерге өте қиынға соққан. Алаш қайраткерлерінің алғашқы легінде тұтқындалмауының да бір себебі осында жатыр. Әйтпесе, «Алашорданың» іскерлік тұтқасы тұтқындалмаса, қиямет есігінің айқара ашылуы да мүмкін емес екенін олар түсінген. Бұған қоса Әлихан Бөкейхановты қақпанға түсіре алмауы, Ә.Ермековтің Халық комиссарлар кеңесінің мүшесі болуы да сақтана қимылдауға мәжбүр еткен.
Алдын-ала ескерте кетететініміз, Ә.Ермековтің өзі І томның 427-443 беттерінде қарындашпен жазылған, ал 444-448 беттері машинкаға басылған жауабында:
«15/ХІ-1930 жыл. Мен өзімнің көрсетінділерімде ертеректе өтіп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың реті мен кейбір көріністердің орыны ауысып кетуі мүмкін екенін ескертемін»,– деп көрсеткеніндей, шындығында да елеулі оқиғалардың реті шашыраңқы баяндалыпты.
Оқиғаның ретін сақтау үшін және тарихи жағдайларды түсінікті әрі бір ізге түсіріп талдау үшін біз шежірелік жүйені таңдадық. Сондай-ақ Ә.Ермековтің тұтқынға алынған күні де әр деректе әр қалай. Іске тігілген түбіртек бойынша тергеу орындарының қаулысы 1930 жылы 22 қыркүйек күні шыққан. Ал көрсетінділерде: «6 және 10 қазан күндері жауапқа тартылуыма байланысты» – деп көрсетілген. Біз қаулыға жүгіндік және тұтқындалу мен сұрақ алудың арасында алшақтықтың болуы да заңды. Біздің ойымызша, Ә.Ермековпен бетпе-бет келген тергеуші оған айып тағу үшін ілгішек іздеген сияқты. Ол «ілгішек» табылды және жақыннан, дастарханның шетінен, дәм үстіндегі тілбасардан табылды.
Ақ дастарханды аттаған, Әлімхан Ермековті «халық жауы» ретінде әшкерелеген тері-терсек маманы, құдайы көршісі, «алаш дертінен ада» Фазыл-Ағзам Әлиханов болып шықты. Тергеушілер де алыстан арбаламай, «домалақ арызды» жақыннан дорбалаған. Оның көрсетіндісі тергеу ісінің ІІ томның 284- бетінен басталады.
Ф.-А. Әлиханов: «3 қазан, 1930 жыл. Жауап алған Волохов. Ермековті мен 1924-жылдан білемін. Сол жылы ол Қарқаралыдан Семейдегі Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне қызметке ауысып келісімен өзінің ұлтшылдық бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Губерниялық мекемелердің сеніміне кіріп, бедел жинаған соң, ол ең алдымен қазақ мәдени орталығы дегенді жоспарлап, құрылыс сала бастады. Бұл құрылыстар оның өзі туып-өскен Қарқаралыда салынатын болып шықты. Губерния қызметкерлеріне, оның ішінде Досовқа беделінің өтетінін біліп аппараттағы қазақтарға үнемі: «биік деңгейде болыңдар»,– деп ұран тастайтын. Ол биыл бірнеше қазақты Семейге шақырып, Ұранқаев, Спанов, Әбішев басқаратын ірі шаруашылықтарға орналастырды. Кеңес немесе шаруашылық мекемелеріндегі қызметкерлердің, тіпті, партиялық мәселелер жөнінде де өзара келіспей қалған істері Ермековтің алдында шешілетін, «бітістіру», «орналастыру» соның мойнында еді».
Бұл мәліметке Ә.Ермеков сол күні жауап берген. Алайда 6 және 10 қазан күні тағы да жауапқа тартылады. Үш көрсетіндінің де мазмұны қарайлас. Сондықтан да ойын жинақтап берген соңғы көрсетіндідегі жауапты келтіруді жөн көрдік.
Ә.Ермеков: «Семей губерниясындағы қазақ қызметкерлерінің арасындағы топшылдық маған бұрыннан белгілі болатын. Әлихановтың көрсетіндісіндегі түсініспеушілікті ОГПУ-дің коллегиясына 1930 жылдың 3 қазан күні жолдаған мәлімдемемде көрсетіп, Әлихановты беттесуге шақырғанмын. Өкінішке орай ол өтінішім қанағаттандырылмады. Әлихановтың куәлігі осынша сенімге ие болғандықтан да, Шомбалов пен Барлыбаевты куәлікке тартуды сұраймын.
Осы бір кездейсоқ тіршіліктің соңы осыншама ушығып кеткенінің өзі Әлихановтың көрсетіндісінің абсурд екендігіне дәлел. Әлиханов – «Ет өткізу одағының» инструкторы, жоспарлау және үкімет мекемелеріне сөзі өтетіндей оның аппаратта беделі жоқ. Әлиханов жеңілтек адам. Санасыздың сандырағын осы күнге дейін түсінбеймін. Таныстардың барлығы маған оның: тақыс, өзінше қулығы бар, өз кінәсін өзгеге көтертіп күн көретін адам – екенін айтқан. Егерде менің көрсетіндім күдік тудырса, онда ОГПУ тергеушілері бұл инцидентті анықтап тергесін. Мен Барлыбаев пен оған қай уақытта, қандай нұсқау бердім, оны қалай жүзеге асырды, соны дәлелдесін».
Жауапқа қарағанда Ә.Ермеков, шындығында да, өзінің тұтқындалуына уақытша түсініспестік ретінде қарағаны аңғарылады. Мұндай «ұсақ-түйек түйткіл» үшін тұзаққа түскеніне сенімсіздік танытады. Сес көрсету де байқалады. Бірақ бұл шырғалаңның басы ғана еді.
Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «1925-жылдың басында ғой деймін, Ермеков Мемлекеттік жоспарлау мекемесіндегі Тоқтабаевтің шақыруымен Қызылордаға кетті, ол сонда төрағаның орынбасарлығына тағайындалды. 1926 жылы Қызылордаға барғанда Ермековте болдым. Онда маған Ермеков: «Бөкейхановты Жер жөніндегі Халық комиссариатына жұмысқа шақыру жоспары жүзеге асуға жақын. Қалыптасқан саяси жағдай қиын, сондықтан да тәжірибелі мамандардың барлығы Түркістанға кетті. Семейдегі Ғаббасовты Қызылордаға шақыру керек»,– деді. Профессор Швецов Ермековтің үйінде тұрды ғой деймін. Аз уақыттан соң Ермеков Семейдегі Ғаббасовты шұғыл түрде тәжірибелі маман есебінде Мемелекеттік жоспарлау бөліміне қызметке келуге шақырған хат жолдады. Ал Ермековтің өзі барлық қаражат жүйелері тоғысқан Қазақ ауыл шаруашылығы банкісіне ауысып, Қазақстанның банкі жүйесіне әсер етпек болды. Ермеков дегеніне жетіп, банкке белсенді ықпал жасады. Оны: Ақмоланың ауыл шаруашылығы банкісіне Қозыбағаровты тағайындап, Петропавловскіге бару үшін жол ақысына 500 сом бөлдіруінен байқау қиын емес. Бұған Ақмола партия ұйымы қарсылық білдіріп, ойлары жүзеге аспай қалды».
Ә.Ермековтің өзі көрсеткеніндей, Ф.-А.Әлиханов, шынында да Ермековті жазғыруға ұмтылған. Ф.-А.Әлихановтың көрсетіндісіндегі әр адамға берілген мінездемесіне, олардың жүрген-тұрған жерін, іс-әрекетін, кіммен кімнің не деп сөйлескенін мәлімдеуіне және тұтқыннан өзгелерден бұрын босатылып жіберілуіне қарағанда, оның сынаша қағылған әрекетінен бір кілтипанның бар екенін болжауға болады.
Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «2). Қозыбағаров қаржыға байланысты істі жүргізді. Семейден Ақмоладағы Ауыл шаруашылығы банкісіне Жанғазинді ауыстырды. Жанғазин бай тұқымынан болса да, оған барынша қолдау көрсетті. Біраз уақыттан соң Ермеков Ташкентке жоғары оқу орнына оқытушылыққа ауысты. 27-жылдың шілдесінде Ермековті мен таба алмадым. Қызылордаға келген Ғаббасов Ермековтің Ташкентке көшкенін жеткізді. Қызылордаға келгенде маған: қазақ жастарының сауатын ашу үшін түпкілікті орналасуға бекінгенін – айтты. Ермеков Семейден келген байлардың балаларын тартты. 28-жылы ол Алматыға – ҚазГУ-ге ауысты. 1929 жылдың шілде айында мен де Алматыға ауыстым. Оны 29-жылдың қазан айында қызым баспамен ауырып жатқанда көрдім. Қызымның ауырып жатқанын біліп, көңілін сұрауға келіпті. Содан кейін мен оны қаңтар, ақпан айларында көрдім. Қарқаралы округінен шақыру келіпті. Онда тәркілеу басталыпты: «Бұл бейбастық. Тәркілеуге ұшыраған туыстарыма көмектесемін. Тәркілеу – ауылдағы қараңғы қазақтарды уәдемен тойдырудан басқа ештеңе емес, бұған келісуге болмайды. Қаншама адам зардап шегеді»,– дегенді айтты. Содан кейін өлкелік сьезде … профессор …ковичтің (аты нақты танылмады) жасаған баяндамасын өте салмақсыз деп сынады…”.
Ә.Ермеков (жалғасы): «УОО ПП ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруіне қарағанда, маған айып ретінде тағылған 57-бап пен 58-баптың 7-тармағы бойынша мен кеңес өкіметіне қарсы әрекетім үшін емес, Фазыл Әлихановтың көрсетуімен кеңес саясатын теріс түсіндіруге тырысқандығым үшін жауапқа тартылған екенмін. Мен бұл жөнінде ОГПУ-дің өкіліне берген бірінші жауабымда айтқанмын (Бұл – ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі көрсетіндісі болуы мүмкін – Т.Ж.). Енді келіп соның көрсетіндісінің үзіндісін алға тарта отырып, айыптау баптарын өзгертпек.
Онда: Халық комиссарлар комиссариатының әлеуметтік мәдениет бөлімінің кеңесшісі Барлыбаевқа – ет дайындау жоспарын кеміту туралы кеңес беріппін. Барлыбаевпен мен Шомбалов Мәжиттің үйінде кездейсоқ кездестім. Өкінішке орай Әлиханов пен Барлыбаевтің үй-ішімен дастархандас болдым. Мен оларды сал боп ауырып жатқан Шомбаловтың семьясымен бірге қонаққа шақырдым. Әлихановтар жауап ретінде бізді шақырды. Адамға тән осалдық жасап біраз ішімдік іштік. Тек Шомбалов қана сырқатын сылтауратып бас тартты. Көтеріңкі көңіл-күй үстінде қонақтарымның көңілін табу үшін қоғамдық сипаттағы сөздерді де айтсам керек. Әлихановтың мал шаруашылығына сіңірген ерен еңбегін асыра мақтап, ет жоспарын орындап қана қоймай, мал басын сақтау да керек дегенді айттым. Сол бір мылжың сөздердің саяси астар алғанына таңмын.
Барлыбаевтің бұл сөзінде не мән-мағына бар? Бұл жөнінде мынаны айтқым келеді. Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: «Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе? Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр»,– деп соңын қалжыңға айналдырды. Оның Барлыбаевқа қарсы айтылған бұл әзілінің астарына мән бермеппін».
Жауаптың ыңғайына қарағанда Ф.-А.Әлиханов түрмеге қамалған соң Ә.Ермековпен бір камерада отырған. Тергеушілердің төселген әккі тәсілі бойынша Ф.-А.Әлиханов Ә.Ермековтен «сыр тартқан». Сондай-ақ Ә.Ермековтің: «Әлиханов түрмеден шыққанша менімен бір камерада отырды. Сонда: Барлыбаев неге ұсталмады? Оның «Алашордадағы» қызметі бәріне белгілі емес пе. Мен кез-келген адамды, Барлыбаевты да аунатып түсіре аламын, бізбен байланысы бар десем жетіп жатыр,– деп соңын қалжыңға айналдырды»,– деуіне қарағанда, бұл адам түрмеге белгілі бір тапсырманы орындау үшін кіргізілуі мүмкін. Оған мұның жалтақ та жеңілтек мінезі, сатушылық кәсібі ықпал еткен сияқты. Әдетте, құпия мекеме сондайларды шырғаға түсіруге епті келеді.
Ф.-А.Әлиханов (жалғасы): «Мұратбековті бұрыннан білемін. Ол Өскеменнің найманы болатын. 1922 жылы ГПУ-дің рұқсатымен Семейге келді, соңынан қайтадан Қытайға қашып кетті. Омарбеков туралы Мамырбаевтің қасында, не басқа бір жерде айтқан болуым керек. Маусым айының ортасында бейтаныс адам қой шаруашылығы мекемесін сұрады. Пролетар көшесіндегі кеңсені көрсеттім. Ол: Жұманов (Шомбалов – ?) пен Әлібековке жолығамын – деді. Жұманов (Шомбалов) – дәріхана басқармасында, Әлібеков – Мәскеуде екенін айттым. Ол: қытайдағы Мұратбеков хат жазып, шақырып жатыр. Соған ГПУ-ден рұқсат алуға көмектесуге іздедім,– деді. Мен бұл туралы Мамырбаев Төлеген мен Марсековке айттым. Мамырбаев мұны білетін сияқты көрінді. Мамырбаевтің қандайда бір хат немесе хабар алғанын білмеймін. Мұратбековтің ұлы Жиһанша Қызылордада тұрады. Оның әкесімен кездескісі келетін болуы мүмкін. Ермеков: Мұратбековтің Тарбағатай аймағындағы қазақтардың қозғалысынан жақсы мағлұмдар екенін білемін, кеңес беруге дайынмын. Бірақ қытайға хат жаза алмайсың. Ол Еуропа емес. Исаев – Голощекиннің оң қолы. Мал шаруашылығының нашарлауы соның мойнында. Исаевтің ең оңды ісі – Қазақстанда азық-түліктің сатылуын қамтамасыз етті,– деген сияқты пікір білдірді.
Алматыда нағашысы Наурызбаев Әшім деген болды. Ол Смағұловтың үйіне тоқтайтын. Менімен кездескенде Күдері тәтесінің тәркіленгенін айтты. Хакімжан Мамырбаевты Алматыға көшіп келіп, өзінің қарауында қызмет істеуге шақырды. Ермековтің ҚазГУ-дегі ағарту саласындағы әрекетіне келетін болсақ, ол шәкірттердің алдына бедел жинауға барын салатын, сөзге өте ықтиятты дайындалып, өзінің ойын нәзік әрі емеуірінмен сөйлейтін».
Бұл мәліметтер аталған адамдарға зиянын тигізді ме, жоқ па, ол сол дүдәмал күйінде қалды. Анығы, көрсетіндіде көрсетілген Ә.Ермековтен басқалары бұл жолғы «қамақ науқанына» ілінбепті.
Ф.Әлиханов (жалғасы): «Ермеков орыс интеллигенциясымен бәсекелес болатын. ҚазГУ-де ол өзінің қызметкерлерін қорғаштаумен болды. Ол өзінің әйеліне: сендерді қалай жақтырмаймын десеңші, – деп айтып отыратын. Ермековтің өзінің айтуынша, ол ректор Асфандияровпен өте жақсы болатын. Мен өзім ешқашанда қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық ұйымына қатысқан емеспін. Өзім Ермековтің ықпалына түскен емеспін. Ұйым мүшелері маған белгілі емес…».
Иә, өзінің әйеліне:«Сендерді қалай жақтырмаймын десеңші!»,– дегеннен артық ұлтшылдық бар ма?!. Ол кезде бұл, әдептен асқандық емес, әшкерелеудің нағыз өзі болатын. Өзіңнің әйелің мен балаңды өзіңе тыңшы етіп қою – таптық қырағылықтың қатарына саналатын. Оған Ғазиз Мұрзин мен Елдес Омаровтың жамағаттарының жаманаты дәлел. Ал Әлімхан Ермековтің соңынан ондай сыбыс ермеді. Тергеудің ұлттық сыпат алып бара жатқанын аңғарған Ә.Ермеков өзінің жауабының жалғасын пролетариат көсеміне деген құрметін баса көрсетумен аяқтайды. Мұндағы мақсаты, Ә.Бөкейхановтың тәсілін қолданып, Ленинді алдыға салып, сес көрсетіп қалу, мысын басу болса керек. Мұның ешқандай айып-шамы жоқ, еркіндікке бастайтын қандай да бір тәуекел мен амал өзін-өзі толық ақтайтыны анық.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Мен қазір революцияның ұлы авторымен (көсемі – Т.Ж.) жүздескен тірі куәнің бірімін. Сондықтан да революцияның асқақ атын жамылған осындай адамдарды жек көремін. Мені: теоретик ретінде Ленинді оппортунист деп айтты – деген әлдекімнің көрсетуі жалпы қисынға келетінін мойындаймын. Әлемдік пролетариат пен езілген халықтардың ұлы көсемін көріп, тілдесу бақытына ие болған адаммын. Ол өзінің: патриархарлық, рулық даму сатысында кенжелеп қалған ұлттардың капитализмге соқпай социализмге бірден өту мүмкіндігі туралы формуласын жариялаған 20-жылғы Коминтерннің екінші құрылтайының салтанатты ашылуына мейман ретінде мен де қатыстым. Оның делегаттарға солшылдық дерті туралы айтқан атақты сөзін ерекше құрметпен еске аламын. 20-жылы оның өзі төрағалық еткен мәжілісте жасаған баяндамасында: казак тұрғындары арасындағы жалдамалы батырақтардан ауыл шаруашылық коммунасын құрып, жерінен айырылмаған шаруаларды ауыл шаруашылық машиналарымен қамтамасыз ету туралы айтып тұрып, маған көзі түсіп кеткенде қолын мен жаққа сермеп тұрып: қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте – дегенінде қатты шамырқанып кеттім, алдыңғы ұсынысымның жайшылық екенін түсіндім. Артта қалған халықтардың өкіліне қалай көңіл бөліп, қандай жауапкершілікпен қарайтынына сонда көзім жетті».
Ленин дәл тауып айтқанындай, «қазақтарға ауыл шаруашылық коммунасын құруға әлі ерте» еді. Ал Сталин мен Қужаққа – Голощекинге, қазақтар коллективтендіруден кеш қалған сияқты көрінді. Алдағы қойылатын жер, мойынсерік, территория туралы сұрақтардың аңысын аңғаратындай осы көрсетіндісінде Ә.Ермеков жалпы саяси оқиғаларға да баға бере кетеді және ретін тауып кеңес өкіметінің саясатына іштартатынын да кіріктіріп отырған.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Әлі есімде, Астрахань облысындағы қазақтар көп тұратын жағалауды Қазақстанның құрамына беру туралы үлкен даулы мәселе қызу талқыланды. Патша үкіметі қазақтарды теңізге жібермеу үшін олардан бұл жерді тартып алып, он верстка сияқты түрлі экономикалық шектеу қойып, казактарды қоныстандырған болатын. Міне, осыған байланысты Астрахань губерниясының НКВД өкілі, Азық-түлік халық комиссариатының қамтамасыз ету орталығы, владимирліктер мені жан-жақтан қыспаққа алып, бүкілодақтық маңызы бар деп әр нәрсені сылтауратып, сан-саққа жүгіртіп, табандап тұрып алды. В.И.Ленин ықыласпен тыңдап отырды да маған: Астрахань губерниясы сияқты Қазақстан да одақтың бір бөлігі. Қазақтар басым тұратын жердегі шаруашылыққа көмектесуді де, азық-түлікпен қамдауды да одақ мойнына алады – деді. Реплика жасаған кезімде Закурский мені жағамнан алып, қабырғаға тірей итергенде Владимир Ильич маған араша түсті. Астрахань губерниялық атқару комитетінің төрағасы мен НКВД өкілі губерниядағы тұрғындардың арақатынасын көрсететін нақты статистикалық есептің жоқтығын айтты. Бұған: халықтың арақатынасын білу үшін онда барудың да, статистикалық есептің де керегі жоқ. Москваны мысалға алыңыз. Мұнда қай халықтың қанша өкілі бар екенін ешкімде білмейді. Бірақ бәрі де қамтамасыз етіледі – деді.
Маған жұдырығын ала жүгіргендердің әрекетін бүгін еске алу күлкілі, болмашы бұзақылықты сөз еткендей көрінгенімен де, В.И.Лениннің бейнесі мен өзім көрген осы бір өмірлік шындық маған ұмытпас әсер қалдырды. Ленин туралы жоғарыда мен айтты деген адамның қияли сөзіне әсерленгенсіп, солай дедім бе, жоқ па деп еске түсіруге тырысудың, жауап берудің өзі күлкі тудырады. Тек айтарым, бүгінгі оппозициядағылардың көзқарасын ешқашанда бөліскен емеспін».
Тергеушіге көрсетілген бұл «сестің» қуаты бір айға жетті. Жоғарыда көрсетілгеніндей, басы қарындашпен, ал аяққы беттері машинкаға басылған:
«15/ХІ-1930 жыл. Мен өзімнің көрсетінділерімде бұрынырақта өтіп кеткен оқиғаларды қамтитын болғандықтан да, жылдардың реті мен кейбір көріністердің орыны ауысып кетуі мүмкін екенін ескертемін»,– деп басталатын көрсетіндісін жазуға мәжбүр етті.
Ол «орыны ауысып кеткен» сөздерді өткенін ұмытқандықтан емес, «Алашорда» мен Колчакқа және Уақытша құрылтай үкіметіне қатысты кезеңдерді еске салмаудың амалын көздеп, жорта қағыс қалдырған. Сөйтіп ол өзінің өмірбаянын кеңес өкіметі орнаған тұстан бастап:
«1919 жылы ақпан төңкерісінен кейін мен Семей губерниясының земство басқармасының мүшесі болып қызмет істедім. Тікелей жер бөлімін басқардым, бұдан басқа маған оқу-ағарту саласына жетекшілік ету жүктелді»,– деп, жорта із тастаған.
Алайда, түрме тергеуі барған сайын көні кебетін Бальзактың шегірен былғарысы сияқты, күн өткен сайын алқымнан алып қыса берді. Ол тұзақтан құтылудың жолы – қандай қылмыс тағылса да мойындап тыну ғана болатын. Алдыңғы жауаптардың негізінде Ә.Ермековке 1930 жылы 7-желтоқсан күні ресми түрде айып тағылады. Ол бұл өкімді мойындамайтыны туралы қарсылық білдіріп Қазақ АССР Атқару Комитетінің төралқасына шағым жолдады. І томның 479-бетіне тіркелген, 15 қараша күнгі жауабын сөзбе сөзге жуық қайталаған бұл шағымның бірнеше көшірмесі тігілген. Ол шағым:
«КССР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі Ермеков Әлімханнан Өтініш
ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы өкілінің 1930 жылы 22 қыркүйек күнгі өкімі бойынша мен түрмеге қамалдым. Тек 7-желтоқсан күні ғана нақты айғақтар келтірілместен маған ҚК-нің 57 – 7, 58 – 11, 59 – 3 баптарына сәйкестендірілген, шамамен: а) кеңес өкіметінің шараларын кеңес және партия жұмыстарында бұрмалап қолданғаны үшін; в) басмашылармен байланысы үшін; с) контрреволюциялық ұйым құруға талпынғаны үшін – деген мағынадағы айып тағылғаны хабарланды.
Бұл айтылған «нақты деректер» мені қызықтырмайды, өйткені ондай оқиға өмірде болған емес. Бастапқыда мен тұтқындалуымның себебін түсініспестік болған шығар, әлдебір саяси науқанға қатысты шығар деп ойлағанмын. Міне, тұтқындалғаннан бері төрт айдан асып барады, әлгі «түсініспестігім» мені денсаулық тұрғысынан да, адамгершілік тұрғысынан да кеміріп жеп барады. Сондықтан да мен: маған тағылған ешқандай нақты дерексіз айыптауларға түсінік беретін өмірбаяндық сипаттағы кейбір мәліметтерді, саяси және тәжірибелік істерімді Казаткомның Президиумына баяндап беруге мәжбүр болып отырмын»,– деп басталады.
2.
Бұл өтініші Қазақ Атқару Комитетінің алқасына жетті ме, жоқ па, ол жағы беймағлұм. Жеткен күннің өзінде Ораз Исаев сияқты дәбірлер ештеңе істей алмайтын. Сондықтан да бұл арыз тергеушінің, ары кетсе Орталық Комитеттің бақылау бөлімінің тартпасынан орын тапқан сияқты. Бұдан кейін жауаптың аңысы өзгеріп, өмірбаяндық сыпат алады.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Революцияға дейін оқу оқыдым, оқығанда да орта және жоғары оқу орнына төленетін қаржыны өзімнің маңдай теріммен таптым. Төңкерістен бергі менің қызмет баспалдағым мынадай: Облыстық қоғамдық мекемелердің атқару комитетінің президиум мүшесі, Қазақ облыстық комитетінің мүшесі, жұмысшы, солдат және шаруа кеңесі облыстық атқару комитетінің мүшесі, Бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің орталық кеңесінің мүшесі, губерниялық земство басқармасының меңгерушісі, Корниловтың тұсында губерниялық революциялық комитеттің мүшесі, Колчак талқандалғаннан соң губерниялық революциялық комитеттің мүшесі және ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің өкілдігінің төрағасының міндетін атқарушы, губкомның және мемлекеттік жоспарлау мекемесінің төрағасының орынбасары міндеттерін педагогикалық жұмыспен ұштастырып келдім. Ауыл шаруашылығы банкісінің басқарма мүшесі болдым, соңғы төрт жылда тек қана жоғары оқу орындарында істеп келемін. Тұтқындалған кезде Қазақ мемлекеттік университетінің математика кафедрасының доценті боп істедім. ҚССР кеңесінің соңғы екі құрылтайында ҚССР Аткомының мүшесі болып сайландым»,– деп мағлұмат берген.
Бұл қызметтердің барлығы 1918-1920 жылдардың арасындағы қысқа мерзімді қамтығандықтан да, анкеталық анықтама ретінде:
Әлімхан Ермеков: – 1891 жылы Семей облысы Қарқаралы уезінде туған. 1898 жылы Қарқаралыдағы үш жылдық орыс мектебіне, 1905 Семейдегі мұғалімдер гимназиясына, 1912 жылы Томскі технология институтының матеметика факультетіне түскен (оны 1922 жылы тәмәмдаған), – деген деректі қосымша ұсына кетеміз.
Оның бұдан кейінгі мағлұматтары алдыңғы көрсетінділерде баяндалған жайларды қайталайды. Сондықтан да жылнамалық тәртіпті сақтау үшін қарашадағы жауапты назарға алдық.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Алашорданың» жүргізген ісіне тоқталып жатпай-ақ, оның бір мүшесі ретінде менің кейінгі іс-әрекетімнің бағытын өзгерткен тарихи тәжірибеме тоқталсам да жеткілікті».
Бұл «тарихи тәжірибе» – 1917 жылы 21-26 шілде күндері өткен І Бүкілқазақ құрылтайына Семей облысынан өкіл боп сайлануынан, ал оның дербес саяси жанталасқан күресі 1917 жылғы 9-қазан күнгі Сібір облыстық құрылтайындағы:
«Сібір халықтарының арасында өзара ынтымақтастық болған жоқ, әр ұлт өзінше өмір сүрді, ортақ мүдделері анықталмады. Енді біз өз өмірімізді өзіміз игеруге мүмкіндік туғанда, бүкіл Сібір жұрты өзінің мұқтаждықтары туралы бар дауыспен арындай айтуы үшін барлық ұлттардың тұтастығы аса қажет»,– деген (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 181-бет) деген ұранмен басталды.
Сібір құрылтайында қазақ ұлтының дербес мемлекеттігі мен ұлттық автономиясы, «жер автономиясы», «мәдени автономия», экономикалық автономиялық құрылым туралы Ә.Бөкейхановтың баяндамасы арқылы тұңғыш рет саяси мінбеде талқыға ұсынылды. Екеуінің үзеңгілестігі осыдан кейін ажыраған жоқ. Алаш автономиясына қатысты барлық саяси талқыда солармен бірге тезге түсті. 1917 жылы 5-13 желтоқсан аралығында өткен ІІ Бүкілқазақ құрылтайында үкімет мүшелігіне сайланды. Сөйтіп: «Мемлекеттіктің негізі:1. Жеке территория үшін. 2. Онда тұратын ұлттың. 3. Елді билейтін үкіметтің» атынан саяси сахнаға шықты.
Жалаң идеядан басқа қаруы жоқ алаш үкіметінің жалтаңкөз болмасқа шарасы да жоқ еді. Күнде болмаса да ай сайын аударылып-төңкеріліп тұрған үкіметтердің аранын арбап, ұлтты қырғыннан аман алып қалу мақсатында, аятолла Хомейни айтқандай, «шайтанның да тілін тауып, дос болуға» тура келді. Алаш автономиясын мойындауға ықылас білдіріп:
«1918 жылы 2 көкек күні Ленин мен Сталин екеуі «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановпен, Х.Ғаббасовпен және Ә.Ермековпен тікелей байланысқа шықты» (Владимир Ильич Ленин. Биографическая хроника. М. 1974 стр. 352).
Кеңес өкіметінің ондағы мақсаты Қазақ даласын басқару жөніндегі әскери-революциялық кеңестің төрағасы С.С.Пестковскийдің айтуынша:
«Енді Түркістанға Еуропаның Азиядағы қақпасы болуы ғана қалды, социалистік идея мен саяси еркіндіктің тасқыны кеңестік Ресейден, әлемдік революцияның қазіргі отанынан Түркістан арқылы Азияға ағылуға тиісті… Түркістанның мұсылмандарын қаратса, Ауғанстан мен Персия да бағынады, ал оның ар жағында Монғолия мен Индияға да жол ашылатын» еді.
Төңкерістің қазақ даласындағы І Петрі, қазақ елінің кеңестік көсемі Пестковскийдің арманы, міне, осындай болатын. Сондықтан да «Алашорда» үкіметі кеңес өкіметін алдарқата отырып Сібір үкіметімен де, Құрылтай үкіметімен де ресми байланыс жасап, келісім жүргізуге мәжбүр болды. Қалайда қазақ автономиясының мойындалуына мүдделі тұста Әлихан Бөкейханов тағы да Әлімхан Ермековті жау мен даудың өтіне шығарды. Одан басқа шара да қалмаған еді.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «1917-1919. Бұл әскерилердің – колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезі болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған еді. Жұмысшылармен, шаруалармен бірге сорлы қазақ елі де майдан даласына тән террорды, езгіні, басынуды бастарынан кешті. Губерниялық, уездік жер басқармаларының мүшелерін, «Алаштың» орталық кеңесін тұтқындау күн өткен сайын жиілей берді. Олардың кейбіреулері әскери-дала сотына беріліп, дарға асылуға дейінгі жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесі Ақбаев (Ж.Ақбаев – Т.Ж.) «большевиктердің төңкерісіне көмектесу үшін қару жасырғаны үшін» ату жазасына кесілді».
Төрт жақтан: Кеңес өкіметінің, Сібір уақытша үкіметінің, Құрылтай мәжілісі үкіметінің және ішкі большевиктік бағыттағы кеңесшіл депутаттар мен казактар жүздігі тарапынан алқымға алынып, таланға түскен қазақ елін қалайда қорғап қалу үшін, қалыптасқан жағдайға байланысты шұғыл түрде саяси бұрылыстар жасап отыруға тура келді. Сеніп отырған Семейдегі кеңес өкіметі 18 мамыр күнгі қазақ құрылтайын қызыл әскер күшімен таратып, көсемдерін қудалауға кірісті. Алаш қаласы:
«Қаңырап бос қалды, ондағы барлық қазақ тұрғындары қырға шығып кетті. Қызыл әскерлер жаппай тонауға кірісіп кетті, бір тал бауырсақты да қалдырмады».
Бұған қарсы жауап ретінде «Алашорда» үкіметі:
«Алаш автономиясының территориясында кеңес өкіметінің барлық декреттері заңсыз, орындауға жатпайды»,– деген қаулы қабылдады.
Капитан Хамит Тоқтамышев басқарған «Алашорда» жасағы Ертістің қыр жағалауындағы Алаш қаласын қорғанысқа алды, әскери іске Х.Ғаббасов, Б.Сәрсенов, М.Тынышбаев, А.Тұрлыбаев, Б.Маметов астыртын жетекшілік етті. Ә.Ермеков саяси мәселелермен айналысу үшін қалада қалды. Достықтан дұшпандыққа бет алған совдеп мүшесі Е.А.Самойлов бұл қарбалас туралы:
«… кеңес өкіметі құлауға тақаған сайын оған қарсы қолданылған шаралар да үрейге толы болды, қазақтардың шабуылынан қорғану үшін қоршаулы қалқан тұрғызылды, төңкерістен бір ай бұрын түнде Ертістің жағалауына қаз-қатар шеп құрып, қыбырлаған қайықты ескертусіз атуға бұйрық берілді, соңғы аптада параходтар түнде қазақ жағалауына прожектор жарығын түсіріп тұрды. Шындығын айтқанда, біздің совдеп қазақтардан қатты қорықты»,– деп жазды.
Ақыры, 11-шілде күні Семейде кеңес құлады да Сібір уақытша үкіметі енді кеңес өкіметімен келісім жүргізген алаш көсемдерін жаппай жазалауға көшті. Жақып Ақбаевті 7- шілде күні тұтқындап, 10- шілде күні Колчактың әскери-далалық соты өлім жазасына кесті. Ыдырыс Мұстамбаев та дар алдынан қайтты. Ә.Бөкейхановтың жарлығымен: автономияның жерін уақытша пайдалану туралы қарар шықты, жерге жеке меншік жойылды, қазақ сот құрылымы бекітілді. Сөйтіп:
«Біз өзіміздің автономиямызды өз күшімізбен қорғаймыз және Ресейді немістер мен большевиктердің зорлығынан қорғап, Ұлы Федеративтік Ресей республикасын құруға ұмтылған бүкілресейлік өкіметке қарымды көмек көрсетеміз»,– деп жариялады (Д.Аманжолова,. На изломе. А. 2009. 224-бет).
«Алашорданың» бұл бағытына Сібір уақытша үкіметі басқаша «жауап берді».
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Омбыда келісім жүргізіп жатқан кезінде «Алашорданың» төрағасы Бөкейхановтың өзі де тұтқынға алынды. Жергілікті газеттерде губерниялық жер басқармасының мүшелерін большевиктерге бүйректері бұрады деп әшкерелеп жатты (Семейде шығып тұрған «Речь» газетін қараңыз)».
Бұған қоса Сібір Далалық корпусының командирі П.Иванов-Ринов Семей облысындағы барлық кәсіпорындарды үкімет меншігіне алып, «Алашорданың» қаулыларын жоққа шығарды.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Ақырында он алтыншы жылғы көтеріліс кезінде Жизақ қаласы тұрғындарының бірін қалдырмай қырып-жойғаны үшін «Жизақтық» деп атанып кеткен Колчак диктатурасының әскери министрі Иванов-Ринов тек «Алаш» автономиясы мәселесін көтергені үшін ғана қазақ (сол кездегіше айтсақ қырғыз) зиялыларының бірін қалдырмай қырып тастау туралы жобасын ұсынды, ол: ақсақалдарды медальмен, шен-шекпенмен жарылқай отырып та қыр елін билеуге болады – деп ойлады. «Алашорданың» қызметінде де қиыспайтын қайшылықтар толып жатты. Мысалы, сол кезде Колчакқа «Батыс Алашорданың ақсақалы» атағын беру туралы ұсыныс та жасалды. Бұл жөнінде: «Алашорданы» – «Ералашорда» деп атаған Сібір үкіметінің пікірі шындыққа келетін».
Мұндай қанды да қатерлі қарбалас тұсында саяси мәмілегерліктің салмағы зейіні зерек, ширақ та батыл, еркін ойлы өжет азамат Әлімханға түсті. Ал Райымжан Марсеков: 1) Алаш жасағын. 2) Алаш сотын «Алашорда» құрамында дербес қалдыру мәселесін көтерді. Облыстық комиссар Г.Г.Крот 9-шілде күні Р.Марсеков пен С.Дүйсенбинді «сотпен тергеу ісін» тоқтатпау үшін комиссия құрамына енгізді. 1918 жылы 10-шілде күні Сібір үкіметінің Батыс-Сібір комиссариатына Мәмілегерлік ұсыныс хатын тапсырды. Онда:
«Ресей халқы мен шет аймақтағы ұлттардың саяси өрлеуіне негіз қалаған ақпан төңкерісінің жеңістерін қорғайтын Сібір үкіметін қыр елі де жан-жақты қолдайтынын білдіре келіп, Сібір Уақытша үкіметіне: ІІ Бүкілқазақ құрылтайы бекіткен Алаш автономиясының ұлттық-территориялық тұтастығын мойындау, шекаралық тұрғындардың пікірлерімен санаса отырып шешілетін жер мәселесін заңды түрде тану туралы жоба ұсынылды».
1918 жылдың 29-30 шілдесінде және 2-3 тамызда Сібір Уақытша үкіметінің халық ағарту министрі В.В.Сапожниковтың төрағалық етуімен, құрамында әскери мекеменің өкілі В.Л.Попов, Ішкі істер министрінің орынбасары П.Д.Михайлов, жер және отарлау министрлігінің өкілі А.М.Яромыш, «Алашорданың» жетекшісі Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков және капитан Х.Тоқтамышев автономия жобасын талқылады. «Алашорданың» қазақ жеріндегі бірден-бір және ешқандай қол сұғуға жатпайтын мемлекеттік орындаушы құрылым ретінде танылуы – «Алашорда» үкіметі тарпынан шұғыл шара қолдануды талап етті. Ең бастысы өзінің мемлекеттік қуатын көрсету үшін Сібір армиясы қару-жарақпен қамтамасыз еткен алаш полкі жасақталып, Жетісу майданына аттанып кетті. Бірақ бұл да әскери және саяси арандату болып шықты. «Алашорда» әскерінің майдандағы беделінің өсуіне байланысты ұлттық құрылым мәселесі үздік-создық талқыланып, ақыры үкімет кеңесшісі К.Г.Дишлер:
«Алашорданың» талабы аса зор, бірақ нақты негіз жоқ. Егерде ұсынған жобаны комиссия қабылдайтын болса, онда Сібір Уақытша үкіметінің көмегімен жаңа мемлекеттік тұлға өмірге келетін болады, ал мұны мен заңдық тұрғыдан қате, саяси тұрғыдан мақсатсыз шара деп есептеймін»,– деп (сонда, 235-бет) қорытынды шығарды.
Ал «Сибирская речь» газеті:
«Тек өзін-өзі құртуға бет алған мемлекет қана бұратаналардың мұндай жікшілдігімен өз еркімен келісуі мүмкін… Тек қана олардың мәдени-ұлттық қажетін өтеумен шектелген дұрыс… Олардың талаптарын орындамаған жағдайда «Алашорданың» Сібірмен одақтастығын үзетіні және өз беттерінше автономия жариялайтыны туралы көрсеткен сесі – мәмілеге қол жеткізетін тактикалық қадам емес»,– деп (сонда, 235-бет) бағалады.
Колчактың қырғи қабағын аңғарған «Алашорда» үкіметі жоғарыда көрсетілген жобаны қабылдаған Самара Құрылтай мәжілісі үкіметімен (Комуч) саяси одақтасуға ұмтылды. 1918 жылы 25-қыркүйекте Комучті алмастырған Уақытша Бүкілроссиялық үкімет – Директория: «Алашорда» үкіметін тану туралы Декларация қабылдады. «Алашорданың» атынан Декларацияға Ә.Бөкейханов пен И.Әлімбеков қол қойды. Ол туралы Комуч мүшесі И.Майский:
«Самараға, тіпті, Сібір үкіметімен тіл табыса алмаған Комитеттен өздерінің «Алашордасын» саяси тануды қалаған және қару-жарақ алғысы келген қазақтар да келді», – деп өктем үнмен жазды (сонда, 252-бет).
Шындығында да бұл «Алашорда» үшін ең жауапты әрі ауыр кезең еді. Анталаған араннан қалай да қорғансыз елін арашалап қалу мақсатында барған саяси қадам болатын. Ашынған Колчак та, Комуч та екі иығын жұлып жеген таланды ұрғашы арыстандай ызалы, қатыгез, жау мен досты айыра алмайтындай қандыкөз күйге түсіп еді.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): Колчактың жанталасы, өлім алдындағы ант мезгілі басталды. Біз, земство қызметкерлері, ұлттық кадрлар осындай от пен судың сынағынан тәжірибе ала отырып, қазақ төңкерісі тұсындағы ұстанымдарымызға, Сібірде төңкеріс жасаған эсершіл чех-словак әскеріне іш тартқан әрекеттерімізге сын көзбен қарауымыз керектігін түсіндік. Террор барған сайын күшейе түсті, бұдан әрі қалада қалу өмірімізге қауіп төндірді. Семейдегі төңкерістен бірнеше күн бұрын далалық әскерлер шегіне қалған жағдайда көзі құртылуға тиісті адамдардың тізімі тұрғындарға таратылды. Тізімнің ішінде біздің де атымыз бар екен-мыс. Сондықтан да мәжілісте: қызыл армия келгенше қырға шығып кету керек, ал Семейдегі төңкеріс басылғаннан кейін қалаға қайтып оралу керек – деп шештік. Бірақ Семейге қайтып келу де қиын болатын. Өйткені: қазан төңкерісіне деген теріс ұстаным, чех-словак эсэрлерінің әскеріне көрсетілген көмек, құрылтай Мәжілісін қолдау (Ресей ұлтшылдарының үкіметі – Т.Ж.) «Алашорданың» бетіне шіркеу түсірген болатын. Соған қарамастан: ешкім де Қазақстаннан тыс жерге кетпесін, ешкімде шекара асып шет елге өтпесін, Бөкейхановтан басқаларының барлығы Семейге қайтып келсін,– деп ұйғарым жасадық».
Уақытша Бүкілроссиялық үкіметтің – Директорияның талқылауы арасында 11-қыркүйек күні «Алашорданың» төтенше кеңесін өткізді. Оған Ә.Бөкейханов, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер, М.Тынышбаев, А.Бірімжанов, Ә.Ермеков, У.Танашев қатысып, «Ойыл уәлаяты» «Алашорда» автономиясымен ресми біріктіріліп, «Алашорданың» Шығыс және Батыс бөлімдері құрылды. Омбыда өткен Директорияның 4-қараша күнгі қарары бойынша «Алашорданы» территориялық басқару құқы ғана мойындалып, автономия туралы шешімі күшін жойды. Қалыптасқан әскери жағдай мәжбүр ете қалса, Қазақ – Башқұрт республикасын құру жөнінде Заки Валидовпен шарт жасасты. Мұндағы мақсат – әскери қуаты күшті, Ленин мен Сталин сескене қараған Башқұрт республикасымен бірігіп, «Алашорданың» мысын көтеру, Орынбор мен Орынбор облысын өзіне қаратудың амалы еді. Егерде бұл территория РСФСР-дің құрамына қарап кетсе, Башқұрт, Татар, Қазақ республикаларының арасы бөлініп, түркі жұртының іргесі ажырап кету қаупі туатын. Енді саясат сахнасына құқықтық-басқару мәселесі туралы қисындар шықты. Қызыл әскердің қысымы күшейіп, басымдылық таныта бастады. Саясат сахнасына тағы да кеңес өкіметі шықты.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Бұл шешімге тоқтам жасатқан: төңкеріс тұсында жинақталған ауыр тәжірибелер мен Колчак пен қаптаған атамандардың кезіндегі террорлық зорлық-зомбылық еді. Сонымен қатар, кеңес өкіметінің халықтардың ерікті құқығы туралы декларациясы, «Алашорданың» кейбір мүшелерінің Москвадағы тікелей келісімдері, «Алашорданың» Семейдегі бөлімі мен Москваның арасындағы тікелей байланыстың нәтижелері де ықпал жасады. Дутовтың бандыларының арасынан екі-үш адамдық шағын топпен қалаға кірдік. Қалаға кірісімен Сібір ревкомының мүшесі жолд. Косаревтің (қазір ОК-тің мүшесі) губерниялық үкіметті құрып, жетекшілік ету үшін Семейге келгенін естідім. «Алашорда» мүшелерінің ішінде жалғыз мен ғана қалада екенмін, сондықтан да жалғыз өзім шұғыл түрде Косарев жолдасқа бардым. Мен оны «Алашорданың» іс-әрекетімен қысқаша таныстырып өттім. Қазіргі жағдайда қабылданған шешім мен өзімнің келу мақсатымды баян еттім. Косарев жұмысшы қазақтармен бірнеше рет бас қосу өткізді де, солардың келісімімен мені губревкомның құрамына енгізді.
Төңкеріс тұсындағы өткен баспалдақтар ұлттық қозғалыстың мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибелер үйретті…».
1918 жылдың екінші жартысы мен 1919 жылдың 11 айы, шындығында да, «қозғалыс мүшелеріне өте маңызды әрі құнды тәжірибе» үйретті. «Шығыс алашорданың» кеңес өкіметімен «қайтадан қойындасып», бейтарап саясат ұстануына Ахмет Байтұрсыновтың 1919 жылғы көкек айындағы Мәскеумен келісімі, кеңес өкіметін «Алашорданың» мойындауы әсер етті және: «Дәл қазір атамандардың арасындағы аранда қалған «Алашорданың» Шығыс бөлімі бірден кеңес өкіметі жағына шығуға мүмкіндігі жоқ»,– деген мәлімдемесі мен «Батыс Алашорданың» кеңес өкіметімен арадағы жүргізген саясатының нәтижесі болатын. Бұл мәселелер алдыңғы тарауларда жан-жақты тәптіштеле талданғандықтан да бұл арада тоқталып жатпаймыз. 1919 жылы 4-қараша күнгі Ә.Бөкейханов шақырған кеңесте «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығатыны туралы шешім қабылданды. 18 қараша күнгі Семей облыстық ревкомының мәжілісіне Ә.Ермеков, М.Әуезов, Р. Дүйсебаев қатысты.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Осыған байланысты мен өзімнің партияға мүше боп өту туралы көзқарасымды да білдіре кетейін. Жолдастарымыз қырдан қалаға қайтып келген соң мен ВКП-ның қатарына өтуді мәселе етіп қойдым. Қарсы шығып сөйлеген Ғаббасовтың басты дәлелі: қазақ арасында пролетариат жоқ – дегенге сайды. Пікір таласымыз белгілі бір шешімге келуге мүмкіндік бермеді. Мен шұғыл түрде: Семей облысын Қазақ революциялық әскери комитетінің қарамағына беру мәселесін шешу үшін Орынборға іссапарға жүріп кеттім. Орынборда бірден мені: Семей және Ақмола облыстарын Қазақ революциялық әскери комитеті басқармасының құрамына кіргізу туралы мәселені күн тәртібіне енгізу үшін және республиканың құрылғанын жариялайтын декретті дайындау үшін Москваға жіберді».
«Алашорда» үкіметі туын түсірісімен автономиялы республика деңгейінде қалып отырған Башқұрт үкіметінің төрағасы З.Валидов бұрынғы келісім шартты негізге алып, 1919 жылы 13 желтоқсан күні Қазақ – Башқұрт республикасын құру туралы ұсыныс түсірді. Бүкілодақтық Атқару Комитетінің президиумы саяси оқиғаның күш алып кетуінен сескеніп сол күні Орталық Комитеттің төралқасы төтенше отырыс жасап:
«Қазақ – Башқұрт республикаларының қосылуы туралы мәселе мақұлданбасын», – деген қарар шығарды.
15 желтоқсан күні Қазақ, Башқұрт, Татар республикаларының шекарасын межелеу туралы мәселе қаралды. З.Валидовтің талабы большевиктердің уәдесін орындауға ықтияр етті. 1920 жылы 9-наурыз күні Қазақ Әскери-революциялық кеңесі «Алашорда» үкіметінің тағдырын бүтіндей шешіп берген бұйрық шығарды. Онда:
«1. Өзін «Алашорда» деп жариялаған үкімет және соған қарасты барлық жергілікті мекемелер, РСФС-дің конституциясында бекімегендіктен де, таратылсын. Ол өмір сүрген кездегі шығарылған заң, нұсқаулар мен бұйрықтар жарамсыз деп табылады. Барлық мүлік пен ақша белгілері, қару-жарақ, әскери қор мен жабдықтар тиісті комиссариатқа және аймақтық, облыстық уездік ревкомдардың арнайы бөліміне тапсырылсын»,– деп (сонда, 343-бет) атап көрсетілді.
Сөйтіп, «мәңгілік ерікті елді» аңсаған алаш идеясы 1917 жылдың 5-13 желтоқсанынан бастап 1920 жылдың 9 наурызына дейін, тура 711 күн тәуелсіз өмір сүрді. Сол күні Ә.Ермеков, Д.Ж.Төленов губревкомның құрамына кірді. Ж.Аймауытов, М.Тұрғанбаев, А.Шикібаев, М.Әуезов губкомның бұратана халықтар бөліміне қызметке бекітілді. Тек Ә.Бөкейханов қана автономия жарияланғанша өзін большевиктердің ықпалынан тыс ұстап, автономия туралы қаулыны қасарыса талап етті.
Қазақ әскери-ревкомы 1920 жылы 16 мамырда шекараны анықтау комиссисын құрды. Оның құрамына Әйтиев, Ермеков, Кулаков, Авдеев кірді. Шекара межесін белгілеу үшін Ә.Ермеков Кремльге жіберілді. Бұл Ә.Ермековтің саяси қайраткерлігінің ең жауапты және қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған аңсарлы күндері еді.
Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «Москваға барғаннан кейін ревком мүшелері маған республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттарды жинастыруды және ұлттар жөніндегі халық комиссарымен (ол кезде Сталин болатын – Т.Ж.) декреттің жобасын жасауды тапсырды. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін мені ВЦИК-тің жанындағы Қазақ революциялық әскери комитетінің өкілдігіне уақытша уәкіл етіп қалдырды. Мен Москвада Халел және Жаһанша Досмұхамедовтермен кездестім. Олар менің жаңа саяси бағытыма таңдана қарады, менің солшыл пікірлерімді біраз тыңдап тұрды да, сынауға көшті, біздің пікір алысуымыз ерегеске ұласып кете жаздады».
Қазақ автономиясын құру жұмысымен Сталиннің өзі тікелей араласып, 1920 жылы 18 мамыр күні Сібір, Түркістан, «Мусбюро», Орынбор, Челябі, Бөкей ордасы, Қазақ ревкомдары өкілдерін және «Алашорданың» барлық көсемдерін, оның ішінде басты адам ретінде Әлихан Бөкейхановты қадағалай шақыртып, «Қазақ өлкесін басқару мәселесін» талқылады. Осы ретте біз қазақ мемлекеті үшін аса бір тағдырлы да талмауытты және осы уақытқа дейін тарихшылар нақты талап бере алмай жүрген оқиға болғандықтан да Ә.Ермековтің тергеушіге берген көрсетіндісіне қоса алпысыншы жылдардың соңында «Білім және еңбек» журналында жарияланған, сол үшін бас редакторы Талап Сұлтанбеков орынынан алынған мақаланы, бауырлары К.Мәкенбаев пен Қ.Сәдуақасовтың басылымындағы мәтінді өзіміздің қолымыздағы Ә.Ермековтің қолжазба нұсқасымен салыстыра отырып пайдаланамыз.
Әлімхан Ермеков, «Менің Владимир Ильич Ленинмен 1920 жылғы кездесуім»: «Кеңес әскері Колчакті құлатып, талқандаған соң, 1919 жылдың соңында губерниялық кеңес өкіметін ұйымдастыру үшін Сібір ревкомының мүшесі Косарев (Ленин комсомолы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, белгілі Косаревтің әкесі) – Омбы қаласынан Семейге келді. Ол Семей қаласының жұмысшы аудандарында қазақ жұмысшылары мен жатақтары қатысқан бірнеше жиын өткізіп, олардың ішінен сайланған өкіл ретінде губерниялық революциялық комитетке мүшелікке ұсынылып отырған кандидаттар туралы олардың пікірін білді. Оның өзінің ұсынысы бойынша Завадский – төраға, Большаков – хатшы және мүше ретінде Құрамшин, Төленов және мен губерниялық революциялық комитеттің құрамына кірдік.
1919 жылдың күзінде-ақ РКП(б) ОК мен Кеңес үкіметі Қазақ өлкесін басқаратын Қазақ революциялық әскери комитетін құрған болатын. Оның құрамына: Пестковский – төраға және Әліби Жангелдин, Меңдешев Сейтқали, Әйтиев Әбдірахман, Арғыншиев Сағынгерей, Ғұбайдолла және Әлиасқар Әлібековтер, Қаратаев Бақытжан, Тұнғашин, Бегімбетов Нысанғали және басқалар оның құрамына мүше боп кірді.
Семей губревкомы басында Сібірревкомына қарады, кейіннен Орталықтың қазақ даласын басқаратын қазақ әскери ревкомын құру туралы қаулысы шыққаннан кейін бұл губернияны басқару және оны соңғысына қосу туралы мәселе қойылды.
Кезек күттірмейтін бұл мәселені шешу үшін 1920 жылы мамыр айының басында мен Орынборға іссапарға жіберілдім, қазақ әскери ревкомы және біздің республикамыздың ұйымдастырылуы мен қалыптасуы кезіндегі уақытша орталығы осы Орынбор болатын.
Екі облыстың – Семей және Ақмола облыстарының қазақ әскери ревкомына қосылуы және оның қарамағына берілуі мәселесі Орынбор қаласындағы мәжілісте барлық мүшелердің қатысуымен талқыланды. Талқылауда: болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кіретін Қазақ өлкесіндегі барлық облыстарды белгілеу және олардың шекарасын анықтау мәселесі көтерілді».
Бұл – империя мен отар елдің арасындағы ең күйінішті де сүйінішті, мүдделері тоғыспайтын, жүйкені шүйкелейтін жанкешті жұмыс еді. Ал, Әлімхан Ермеков үшін болашақтағы тәуелсіз Қазақстанның территориясын анықтап беруі тиіс ұлт аманаты болатын.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Мұндай үлкен жұмысты жүргізу үшін Қазақ әскери ревкомының қаулысы бойынша 1920 жылғы 18 майдағы № 2043 мандатпен «Жалпы Қазақ өлкесі, оның ішінде шекара мәселесі» туралы баяндама жасауға Мәскеуге аттандым. Қазақ революциялық әскери комитетінің шешімімен ВЦИК-тің жанындағы Қазақ әскери ревкомның өкілетті коллегиясының төрағасы болып тағайындалдым, әрі ВЦИК-тің президиумының қаулысы бойынша Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшесі болып бекітілдім. Қазақ революциялық әскери комитетінің мүшелерінің қатарына, сондай-ақ Ақмола облысынан Сәкен Сейфуллин кірді. Мәскеуде жүрген 4 ай уақыттың ішінде мен Қазақ әскери ревкомы мүшелерімен тығыз байланыста болдым. Олардан автономиялық республиканың құрылуы мен оның шекарасын анықтау мәселелері жөнінде тиісті нұсқаулар алып тұрдым».
Сол жылы 23-шілде мен 7-тамыз аралығында өткен ІІІ Интернационал конгресінің қарсаңында ұлттық автономия мәселесі ең басты саяси пікір таласына айналды. Алаңдататын оқиғалар күн сайын шиеленісе берді. Кеңес өкіметі кез-келген сәтте Қазақ автономиясынан бас тартуы мүмкін еді. Соның бір айғағы ретінде 1920 жылы 19-мамыр күні бұрынғы тәуелсіз Башқұртстан үкіметі – «Ресейдің автономиялық губерниясы» деп жарияланады. Бұрынғы келісім шартты бұзуының себебін сұраған З.Валидовке Ленин:
«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді… Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыс пролетариатына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де шығыстағы отар елдерге европалық пролетариаттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың, «басшылығы» жойылмайды»,– деп жауап береді.
Бұл З.Валидовті үлкен тәуекелге жетелеп, Мәскеуде жүрген Ә.Бөкейхановпен, А.Байтұрсыновпен, Ә.Ермековпен, Т.Рысқұловпен пікір бөліседі. Алайда Ә.Бөкейханов пен Ә.Ермековтің бар күш-назары Қазақ автономиясының шекарасын анықтауға жұмылдырылып еді.
Ә.Ермеков (жалғасы. Түрме көрсетіндісінен): «Ара-арасында жауапты қызметкерлер, әр республикадағы ревкомның мүшелері, солардың ішінде менің тергеуіме тікелей қатысы бар Байтұрсынов, Рысқұлов, Валидов Москваға келіп-кетіп жүрді. Байтұрсынов Кирвоенкомның мүшесі ретінде келген сайын өкілдікке жиі келіп тұрды. Сирек те болса Валидов те келетін. Бірде маған Байтұрсынов: кеңес өкіметінің саясатына Валидовтің риза емес екенін, мүмкіндігі болса Индиямен байланыс жасағысы келетінін, сол жақта жүріп революциялық қозғалыс ұйымдастырғысы келетінін, тәуелсіздікті қарумен орнатқысы келетінін, мұны кеңес өкіметінің ішінде жүзеге асыруды ойластырып жүргенін айтты. Бұған Рысқұлов та мақұл сияқты көрінеді деді».
Т.Рысқұлов араға жылдар салып барып : «Петерс: 1920 жылы партия ұйымында дайындалды деген желеумен, нағында партия ұйымы емес контрореволюциялық «Иттиһад уә таракки» ұйымы дайындаған бағдарламамен делегация болып Лениннің қабылдауына кірді. Делегация Москваға барған соң белгілі башқұрт буржуазияшыл-авантюрисі Валидовпен және татар ұлтшылы Сұлтанғалиевпен кеңесіп, «Иттиһад уә таракки» ұйымы арқылы бағдарламаны талқылады, сөйтіп өздерінің кім екенін ашып алды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттиһад уә таракки» ұйымының ташкенттік белсенділерінің алдында есеп берді, делегация ұсынған платформа белсенділердің қолдауын тауып, таяу уақытта жүзеге асыруға тиісті бағдарлама ретінде қабылданды» – деп жазады. «Правда Востока» газетінің биылға жылғы 14-желтоқсандағы санында жолд. Петерстің сол сөзі сәл қырналып, нақтылана түсіпті. Онда: «Бұл арыздың мәтіні «Иттиһад уә тараккидің» ішінде дайындалған. Москваға Рысқұлов, Низамиддин Қожаев және патша шенеунігі Көшербаев барды. Москваға барысымен комиссия белгілі башқұрт ұлтшылы Валидовпен (Башкирия), Сұлтанғалиевпен (Татария), Байтұрсыновпен (Қазақстан) кездесті. Кеңесте кеңес өкіметімен күресудің жалпы платформасы талқыланды. Делегация Ташкентке оралған соң «Иттиһад уә тараккидің» кеңесінде тобымен отствкаға кету туралы шешім қабылдады» – делініпті…»,– деп жоғарыдағы деректі мойындаудан бас тартты.
Валидов (жалғасы): «…Бұл шындық (Лениннің сөзін мекзеп отыр – Т.Ж.) біздің алдымызға кеңес өкіметіне қарсы пәрменді және ашық түрде күрес жүргізу қажеттігін міндет етіп қойды. Сол күндері Ташкенттегі олардың пікірлестері Рысқұлов, Низам Қожаев және басқалары Түркістан комиссиясының және Түркістан атқару комитетінің (ТурЦИК-тің) құрамынан шығарылды. Біз, Ахмет Байтұрсынов екеуміз 29-маусым күні Москвадан кетіп қалуға келістік. Бұған Сталин рұқсат бермеді, бірақ Астраханьға барып денсаулығымды түзетемін – деген сылтау айтып Орталық Комитеттің хатшылары Крестинский мен Преоброженскийдің рұхсатын алдым…».
Коминтернді пайдалана отырып дербес Түркістан коммунистік партиясын құруға ұмтылған ішкі қозғалысқа Ә.Ермеков (жалғасы):
«Мен бұған үзілді-кесілді қарсы шықтым: Колчактың терроры мен зорлық пен қорлығынан жаңа ғана құтылдық, кеңес өкіметінің арқасында ғана мұнда республиканы ресми түрде жариялауға мүмкіндік алып отырмыз, сөйте жүріп мұндай екі жақты келісім жүргізудің арандату екендігін айттым… Байтұрсынов менің пікіріммен келісті. Мен ол кезде мұны: жеке бастың әлдеқандай бір себептеріне байланысты туған көңіл-күйдің уақытша құбылуы шығар – деп бұған мән бермедім. Валидов өте іскер адам еді… Сол кезде белгілі бір дәрежеде жасыңқырап жүрген Рысқұловты Валидов өзінің қиялымен баурап алғысы келген болуы керек. Онымен (Валидовпен) бірінші және соңғы рет кездескенімде мен оған Қазақстанның өкілі ретіндегі өз көзқарасымды ашық білдірдім және екеуміз де пікір таласына барғамыз жоқ. Қайтып кездескен емеспіз»,– деп қарсы пікір білдіріпті.
Әрине, тергеудегі жауаптың мазмұнына сақтықпен қараған жөн. Ал сондай қысылтаяң күндердің бірінде кездескен Ә.Ермековтің атының аталмауының себебін З.Валидовтің «Естелігіндегі»:
«Зияны тимес үшін бұған қатысқан, қазір көзі тірі тағы да екі адамның атын атамауға тура келіп тұр»,– деген ескертуінен аңғаруға болады.
«Естеліктер» жарияланған жылы Әлімхан Ермеков тірі болатын.
З.Валидов (жалғасы): «…Сол күндері қазақ қайраткерлері де және Ташкентте де осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатты. 1919 жылдың наурызында Башқұртстан облыстық коммунистік партиясы құрылды, біз Түркістандағы социалистік қозғалыстың басын біріктіріп, дербес социалистік партия құрып, оны Россия компартиясынан бөліп алып, ІІІ интернационалға дербес мүше ретінде кіруді жоспарладық… Бұл кезде (1920 жылы – Т.Ж.) қазақ пен өзбектің көрнекті қайраткерлері Низам Ходжаев, Тұрар Рысқұлов, Ахмет Байтұрсынов Москвада болатын. Орталық Комитеттің жанындағы мұсылман коммунистері бюросы соңғы демін алып жатқан. Өліп бара жатқан осы ұйымды пайдаланып Түркістан, Қазақстан, Башқұртстан, Бұқара мен Хиуа облыстық компартия ұйымын ықпалымызда ұстауды көздедік. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін Башқұртстанда жүрген кезімнің өзінде Түркістанға 14 адам жіберген болатынмын. Бұл жұмыс Москвада бұрынғыдан да кең ауқымда жүргізілді»,– деп (268-бет) еске алады.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Тек 1917 жылы шілде айында өткен бүкілқазақтық құрылтайда ғана құрылтайдың шешімімен «Алаш» өлкелік-ұлттық автономиясы жарияланды. Осы құрылтайда Түркістанмен қосылу мәселесі де шет жағалап жалпылама қозғалды. Құрылтай көсемдері, соның ішінде шығыс облыстарының өкілдері: онда үлемдердің ықпалы күшті, діни фанатизм бар, деспоттық билік жойылмаған, осы бағыттағы шет ел мемлекеттерінің әсері күшті – деген уәж айтып, Түркістанмен қосылуға түбегейлі қарсы шықты. Маған келетін болсақ, мен сол көзқарасты 1925 жылға дейін де ұстандым».
З.Валидов (жалғасы): «Мен өтірік пен көлгірсуге төзе алмаймын. Егерде болашақтан сәл ғана сәуле көрінсе, онда мұндай алдамшылыққа төзуге болар еді. Бірақ та біздің төзіміміздің төлеуін өтейтін еш үміт жоқ. Мұндай әрекетке өз еркіңмен тәуекел етесің. Мен онда (Түркістанға – Т.Ж.) өз армиямды алып барып, олардың қанын мойныма алғым келмейді. Мен өз басымды ғана оққа тігіп отырмын. Менің сенімді достарым бар, олар мен қал десем де қалмайды, бірге жүреді… Шығыс түркі өкілдеріне, соның ішінде Тұрар Рысқұловқа да айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзінің жақтас коммунисінің біріне хат жазды»»,– деп шешім қабылдағанын жазады.
Мұндағы «Бөкей ордасындағы жақтас коммунисі» кім екенін тап басып таба алмадық. Дегенмен де, Ташкенттегі өзара байланысын ескерсек, Жаһанша және Халел Досмұхамедов екеуінің бірі болуы әбден мүмкін деп жорамалдауға негіз бар. М.Мырзағалиев пен Ғ.Әлібековті де естен шығаруға болмас. Ә.Әйтиев пен С.Меңдешевке мұндай хабарды жеткізуі екіталай. Ал Б.Қаратаев пен М.Тұңғашинге сондай сеніммен қарады деудің қисыны келмейді. Тергеуден тыс, ол оқиға өткеннен кейін қырық жыл өткен соң Әлімхан Ермеков :
«1920 жылы 23-маусымнан 7-тамызға дейін Коминтерннің ІІ конгресінің мәжілістері өткен еді. РКП (б) делегациясының құрамына Владимир Ильич Лениннің басқаруымен партия мен үкімет басшылары кірді. Сондай-ақ бұған автономиялық республикалардан да делегаттар келді. ІІ Конгреске РСФСР Компартиясының делегациясының құрамында Тұрар Рысқұловтың т.б. қатысқаны есімде. Қазақ автономиясын Ахмет Байтұрсынов бастап барды.
Конгрессте Владимир Ильичтің: «Егер де алдыңғы қатарлы елдердің пролетариаты көмек берсе, әлеуметтік-экономиялық жағынан артта калған елдер капитализмді орағытып социализмге өте алады»,– деген сөзі маңызды теориялық мәнге ие болды. Ең алдымен В. И. Лениннің осы конгресте неміс тілінде сөйлегені мені таң қалдырды. Мұнда Үндістан Коммунистік партиясының лидері Ройдың өз Отанында ұлттық буржуазиялық-демократтық қозғалысты қолдауға қарсы сөйлегені көп пікірталас туғызғаны есімде қалды. Владимир Ильич Ройдың бұл пікіріне түбегейлі қарсы шығып, империализммен күреске бағытталған ұлт-азаттық қозғалысқа пролетариаттың шұғыл түрде көмек көрсетуі қажеттігін батыра айтты. Ағылшын коммунистік партиясының делегаты Квеч те осындай көңіл-күйде сөйледі. Иә, осы бір қысқа естелігімді аяқтай келе, мен жас, албырт шағымда Владимир Ильич Ленинмен кездескеніме өзімді бақытты санаймын. Оның шабытты да дана, аса адамгершілікті кейпі жүрегімде мәңгі сақталады…»,– деп еске алды.
Әрине, бұл жарияланымда Заки Валидовтің астыртын жұмысы және оның коминтерннің конгресі тұсында Ресейден дербес Ұлттық Түркістан партиясын құруға ұмтылғанының айтылмағаны өзінен-өзі түсінікті.
Алайда осы үш айдың ішіндегі оқиғалар араға жылдар салып барып «Алашорда» қайраткерлерінің алдынан шықты. Бұл кездесулер олардың тергеу ісіндегі басты мәселеге айналды. Бұған сәл кейінірек қайтып ораламыз.
3.
Сонымен, Коминтерннің конгресі өтісімен, Әлихан Бөкейхановтың тікелей кеңесімен Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының территориясы туралы баяндамаға дайындыққа кірісті. Онда әр сөз бен сөз тіркесіне саяси, тарихи, ұлттық, экономикалық, мемлекеттік мағына мен астар берді. Әсіресе, қоныстанушылар қордалана орналасқан, қара топырақты солтүстік облыстардың шекарасын анықтауға және оларды қазақ жерінің құрамында қалдыруға жанкешті дәлелдер іздестірілді. Ал жер жөнінде, соның ішінде солтүстік облыстардың жер, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде сол кездегі кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде Әлихан Бөкейхановпен теңдесетін маман да, ғалым да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Кейін одақтас республикалардың ғалымдары мен саясаткерлері Жер туралы заң мен қаулы-қарар қабылдар алдына Ә.Бөкейхановтың пікіріне жүгініп барып талқыға ұсынып отырғанын тергеу деректері де растайды.
Әр түрлі мүдделер мен ұсыныстарды жинақтап, талапкер жақтардың дәлелдері мен сараптамаларын саралап, жан-жақты дайындалған комиссия мәжілісі 9-10 тамызда Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының коллегия мүшесі А.З.Каменскийдің төрағалығымен өтті. Қазақ мемлекетінің тағдыры шешілген, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі территориясын түбегейлі анықтап берген қасиетті мәжіліс болғандықтан да және оның аса маңызды құжат екенін ескеріп, «Алашорда» тарихын алғаш құжаттық тұрғыдан егжей-тегжейлі зерттеген тарих ғылымының докторы, профессор Дина Ахметжанқызы Аманжолованың пайымдауын негізге ала отырып, комиссия мүшелерінің тізімі мен лауазымын, пікірлерін қоса ұсынамыз.
Мәжіліске: Ұлттар жөніндегі халық комиссариатынан – М.Сұлтанғалиев, Жер жөніндегі комиссариаттан – А.Д.Цюрупа, баяндамашы ретінде Семей облысы атынан – Ә.Ермеков, Қазревкомнан – С.Пестковский, М.Мырзағалиев, Г.Кулаков, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, Г.Әлібеков, Мәскеудегі қазақ өкілдігінен – П.Петровский, Орынбор губаткомынан – И.Мартынов, Түрккомиссиядан – Г.Сафаров, Сібірревкомынан – В.Соколов, Омбы ревкомынан – И.Полюдов, Челябі губкомынан – Поляков, Бөкей ордасынан – С.П.Милютин мен Д.Темірәлиев, Ақмола облысынан – Итбаев пен Оразаев, Астраханьнан – А.Каримов қатысты.
Баяндамашы Әлімхан Ермеков Қазақ ревкомы мен Ұлттар жөніндегі халық комиссариатының ұсынысына жүгіне отырып: Астрахань, Урал, Торғай, Ақмола, Семей, Сырдария, Закаспий, Самарқан, Ферғана облысы мен губернияларын қамтитын жалпы көлемі 3 467 922 шаршы шақырым жерді Қазақ республикасының құрамына беруді ұсынды. Көрсетілген жердің 81%–ын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пайдаланатынын, бұл бүкіл тұрғындардың 54% – екенін атап өтіп ол:
«Қазақстанның шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егерде қазақтардың дені осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, … онда бұл облыстардың өзара тығыз экономикалық байланыста екені көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда, ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сыпат алады, бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда, Автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени және экономикалық орталықтар да аралас облыстық құрылымдар (Сібір ревкомы және т.б.) талап етіп отырған территориялардың құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық және экономикалық-мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып Қазақ автономиясының құрамын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет. Орынбор қаласы уақытша орталық ретінде қаралып отыр»,– деп (сонда, 361 бет) мәселені тікесінен және шешімді түрде қойды.
Бұл аса тағдырлы да тауанды талап еді. Ол талаптан бас тарту – қазақ жерін телімдеумен пара-пар болатын. Осы тұста өзгелердің назарын өзіне қаратып, көзқарасын қазақ автономиясының мүддесіне бейімдеп, дәлеліне сендіріп, бауырына тарта баурау тұрғысынан алғанда Әлімхан Ермековтің туа біткен шешен де өжет мінезі, мысы басым дегдарлығы, қисынды ұстанымы қазақ мемлекеттігінің негізін қалап, территориясын анықтауда шешуші қызмет атқарды. Ол өзінің аса жүйелі және батыл қисындары арқылы оппоненттерінің пікірлерін шарасыз жансыздандырды, олардың талаптарын: кеңес өкіметінің шешімімен, «байырғы халықтар еркіндікті қабылдап, Ұлы Октябрь революциясының жемістерін жинауы» үшін құрылып отырған автономияға қарсылық боп көрінуі мүмкін – екендігін тегеуірінді емеуірінмен жеткізді. Жанын үшкіріп Әлімханның жанына қосқандай болып отырған, мысымен де, демімен де демеп отырған Әлихан Бөкейханов:
«Мен сен сөйлеп отырғанда көтеріліп-басылған жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Сөйлегендегі жалының бетімді шарпыды»,– деп баға берді.
Бұл пікірді Сібір ревкомының өкілі В.Соколов та өзінің алпысыншы жылдары жарияланған естелігінде:
«Қайратты қара шашы артына қайырылған, келбеті қазақтардан оқшаулау жас қазақ жігіті жалындай шарпып, аса қызу сөйлеп, ораторлық қисынды қабілетімен комиссияның ықпалын өзіне қаратып алды»,– деп (Мәдениет және тұрмыс, 1964, № 11) жазды.
Шындығында да, мүлдем басқа талап қойып, солтүстік облыстарды Ресейдің құрамында қалдыруға өкім дайындап келген В.Соколов қарар үшін дайындаған сөзін жұмсартып:
«Баяндамашының пікіріне негізінен қосыламын. Алайда Солтүстік облыстардың Сібірден бөлінуі, онда шоғырланған орыс тұрғындарының Қазақстанға мәжбүрлі түрде қосылуының салдарынан, ұлтаралық алауыздықты туғызуы, өзара қақтығысқа алып келуі мүмкін. Сонымен қатар, Орынбор әкімшілік орталық ретінде казактар мен қазақтардың арасындағы қырғиқабақ қатынасты өршітуі мүмкін, сөйтіп, қазақтар көтерілістің отына шарпылатын қауіпті жағдайға тәуекел етіп отыр. Ресей тарихы қазақтарға Қазақстанның аса ауқымды территориясын басқара алатын мемлекеттік аппарат құратындай мардымды білім мен ұйымдастыру тәжірибесін игеруге мүмкіндік берген жоқ. Ал мұндай басқару аппаратынсыз Қазақ автономисы таяу арада өз-өзінен ыдырап тынады. Жерді бірте-бірте өз үлесіне қаратып, басқару аппаратын құрғанша бірталай уақыт керек, сондықтан да бұл міндетті қазір Қазақ ревкомымен тығыз байланыста басқарып отырған Сібірревкомы мен Түрккомиссиясының құрамында қалдыру қажет»,– деп (сонда, 361-бет) ұсыныс айтты.
Қазір, бұл пікір ашық қарсылық есебінде бағалануы мүмкін және Сібір ревкомы бұл ұсынысты 1922 жылға дейін ұстанып, солтүстік облыстарды қарамағынан шығармады. Алайда сол кездегі, сол күнгі психологиялық ырғасу тұрғысынан алғанда, бұл «жұмсақ пікір» еді. Әйтпесе, мәселе, Қазақ автономиясына солтүстік облыстарды беру – Ресейді бөлшектеу, қазақ еңбекшілерін социалистік қоғамнан шеттету, пролетариаттық интернационалдық парыздан бас тарту, қызыл армияның төгілген қанын қорлап, кеңес өкіметінің орнығуынан бас тарту – ретінде мәлімдеме жасалса, бұл мәселенің дәл сол кезде шешілуі және шешіле қалған жағдайда да солтүстік облыстардың Қазақстан құрамында қалуы неғайбыл еді. Ал, жаңағыдай «автономияны мойындай отырып келтірілген «бірақ тар», сөз арасындағы саяси «брак» – сылтау ғана еді. Түркістанның білгірі, «Түрккомиссияның» өкілі Г.Сафаров та:
«Түркістандағы қазақ облыстарында кеңес өкіметі әлі орныға қойған жоқ, бұл бағытта өз бетінше жұмыс істей алатын күш те жоқ, сондықтан да әуелі негізгі құрылымды нығайтып барып, содан кейін ғана бірте-бірте іске кіріскеніміз жөн»,– деп солқылдақтық танытты.
Түркістан республикасын «әсірекеңестендіріп, бір күнде социализм орнатпақ болып, мемлекетті анархиялық жағдайға әкелгені үшін» Кремльге шақыртылып алынып, «Түрккомиссиясының» жетекшілігі міндетін атқарған Г.Сафаров «қазақ автономиясының» құрылуына мүдделі емес болатын, керісінше, Т.Рысқұлов, Н.Хожаев сияқты жергілікті қайраткерлерді Сталиннің ырқымен биліктен ысырған «аралық қайраткер» еді. Автономияның құрылуына тікелей мүдделі Қазақ ревкомының төрағасы С.Пестковскийдің өзі:
«Қазақстанда өзгелер сияқты ұлттық автономия құруға болмайды. Тек территориялық принципті ұстану ғана ақылға сияды»,– деп түпкі пиғылын танытты.
Ал «кеңестік жер иесі» мекемесінің өкілі А.Д.Цюрупа:
«Егерде шөлейтті далаға құнарлы жер қосылмаса, онда бұл өлке өмір сүре алмайды. Қазақ өлкесінің барлық басқару құрылымы Қазақ ревкомына бағындыра шоғырлануы тиіс, әйтпесе, осыған дейінгі қалыптасқан жағдай өзгермейді»,– деп орынды пікір білдірді.
«Түрккомиссияның» тізгіні қолынан шығып бара жатқанын сезген Г.Сафаров тағы да өзеуреп:
«Орынборда отырып Жетісу мен Сырдарияны басқарамын деу – мазақ қана емес, арандату. Мұндай саясат ұлттық утопия»,– деді.
Ал Ахмет Байтұрсынов үшін бұл қиял емес, нақты тарихи мүмкіндік еді. Ол осы автономия үшін «Алашорданың» мүддесін кеңес өкіметімен байланыстырған және оған кепіл ретінде өз басын тәуекелге тіккен тағдырлы тұлға болатын. Сондықтан да өзеуреген «Түрккомиссиясының» алдын-ала Сталинмен келісіп тұжырымдаған пікірінің бетін бірден қайырып:
«Әңгіменің басын бірден ашып алу керек. Егерде Қазақ өлкесі өзін-өзі билей алмаса, онда республика құру мәселесінің пісіп-жетілмегені, оны құруға тиісті жағдайдың жасалмағаны ғой, онда бос сөзді доғару қажет. Демек, бәрінен бұрын басты мәселені – бұл республиканы құрудың қажеттігі бар ма, жоқ па, соны шешіп алу қажет. Егерде бұл мәселе оңды шешілсе ғана, содан кейін барып сол республиканы басқара алатын күштерді құруды қолға алу қажет, ал ондай күш бар»,– деп сеніммен айтты.
Ал Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың беделінің алдында Г.Сафаровтың сүреңі оңып сала беретін. Сол кезге дейін әсіресолшыл, бір жылдан кейін әсіреұлтшыл бағытты ұстаған Сталиннің орынбасары М.Сұлтанғалиев үш жақты пікірдің «алтын өзегін» ұстап:
«Егерде Түркістан мен Сібірдегі билік әлсіз болса, ал мұның шындық екенін ешкім жоққа шығара алмайды, онда олардың іс-әрекеттері Қазақ ревкомының, орталықтың өкімімен үйлесетіндігіне ешкімде кепілдік бере алмайды. Сондықтан да бұл облыстардың ревкомының жұмысы орталықтың өкілетті қарарларымен реттеліп отыруға тиісті. Басқару билігі Қазақ ревкомында болуға тиісті, ал қалған орталықтар соның ұлттық, әлеуметтік-экономикалық шешімдері бойынша жұмыс істеп, Қазақ ревкомының шешімдерін жетекшілікке алуы тиіс», – деген пікір білдірді.
Міне, осы арада бас баяндамашы Әлімхан Ермеков өзінің ұстанымы мен дәлелін түбегейлі орнықтыру мақсатында қайыра жарыссөзге шығып:
«Автономия беру мәселесін принципті түрде бір ауыздан қолдай отырып, автономияны құруға келгенде сөз бен істің арасынан алауыздықтың туып отырғаны түсініксіз. Анығында, мәселе: республиканы құрудың қажеті бар ма, жоқ па?,– дегенге тіреліп тұр. Егер мен дұрыс түсінсем: тек насихат үшін ғана емес, нақты іс жүзіндегі жұмыс істейтін автономия туралы сөз болып отыр, ендеше, соған сай басқару аппараты құрылуы тиіс, онсыз: қазақтар өзін-өзі басқара ала ма?, – дегенді былай қойғанда, республика жөнінде сөз қозғаудың өзі мағынасыз бос мылжың ғана. Ал Қазақ ревкомын қызметкерлермен қамтамасыз етуді орталық мойнына алсын»,– деп басты назарды автономияның жариялануына аударды.
Сөйтіп, 10 тамыз күні комиссия төрағасы А.З.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе:
«Қазақ республикасын құру – шешілген мәселе, қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына берудің жолдарын қарастырсын»,– деп жариялады.
Бұл үлкен жеңіс еді. Алайда бұл жеңісті тиянақты ету үшін автономияның территориясы мен тұрғындары туралы ұсыныстарды Лениннің алдында қорғап шығуы тиіс болды.
Ә.Ермеков (Естеліктен): «Москваға келгеннен кейін В.И.Ленин төрағалық еткен комиссияның отырысында мен Қазақстандағы жағдай туралы баяндама жасадым. Маған дейін Түркістан республикасындағы жағдай туралы «Түрккомиссиясының» мүшесі жолд. Сафаров сөйледі. Аса қуатты жігерге ие бұл адам отарланған аудандардағы бұратана халықтың аса ауыр жағдайы мен Столыпин реформасынан кейін қоныс аударушылардың кесірінен туындаған қиыншылықтарды сондай бір сенімді де нақты дәлелдермен жеткізе білген тиянақты баяндама жасады. Ол: өзінің ата қонысынан айырылған және келімсек-кулактардың аяусыз тәркісіне ұшыраған қазақ батырақтарының бишаралығы мен көрген қорлығын ашына айтты. Ол: «Шұғыл түрде жер реформасын жүргізіп, барлық кулактардың жерін тартып алып, олардан алынған жерді бұрынғы иесіне қайтарып беруді талап етті. «Сонда ғана бұратана халық бостандықты сезіне алады, ұлы қазан төңкерісінің жемісін көре алады»,– деді. Владимир Ильич оның көзқарасын қолдады және содан біраз уақыт өткен соң Ораз Жандосовтың т.б. қатысуымен Түркістанда жер реформасы жүргізілді».
12-тамыз күні Лениннің төрағалығымен өткен мәжілісте Ә.Ермеков негізінен қазақ автономиясының шекаралық аудан мәселесіне баса назар аударды.
Ә.Ермеков (Естеліктен): « Мен өзімнің баяндамама кіріспей тұрып, Ұлы Октябрь революциясы көсемінің алдында қатты толқыдым. Бірақ оның қарапайымдылығы, мейрімділігі, кіші халықтарға деген ерекше қамқорлығы маған жаймашуақ әсер етті. Баяндама кезінде мені оның ширақтығы, ойының өткірлігі, аз халықтың баяндама жасаған өкілін әділ де батыл қолдауы бей-жай қалдырмады.
Көтерілген барлық мәселелерді талдауы мен ондағы қойылған мәселелердің барлығынан хабардар болуы және оған бойлай енуі таңқаларлық еді. Ол менің баяндамама да катысты қызығушылық пиғыл көрсетті: мұқият тыңдады, мүмкін болатын қателіктерден сақтандырды, ал әділ шешімді талап ететін қажетті шараларды батыл қолдады. Владимир Ильич тек тыңдап, талдап қана қоймай, әрі қызына пікір айтып, бүкіл баяндаманың басынан бастап аяғына дейін белсене қатысып отырды. Сөйтіп, адамзаттың ұлы данышпаны маған ұмытылмас әсер қалдырды. Осынау ұлы ойшыл-революционердің рухы алдында басымды иіп тағзым етемін.
Енді Владимир Ильичтің баяндамадағы шиеленіскен мәселелерді дұрыс шешуге катысып, берген көмегі туралы, елу жылдан кейін де есімде қалған жеке-жеке эпизодтарға тоқталайын.
Мен өзімнің баяндамамда, негізінен, Қазақстанның шекарасын анықтауда үлкен маңызы бар күрделі де шиеленіскен жер мәселесіне тоқталдым (Бұл мәселелер Лениннің көзі тірісінде шешілген болатұғын, сондықтан да қазір тарихи-анықтамалық қана сипат алады.
Патшалық Россия кезінде сол кездегі қолданыстағы заң ережелерін бұза отырып, қазақ жұртының иелігіндегі өзен, көл жағалауын, орман алқабын, саяжай орналасқан тоғайларды, қара топырақты жерлерді, жасыл алқаптарды тартып алған болатын. Ал бұл «белдеулердің» Ертіс бойындағы көлемі әуеліде ені 10 десятинадан бастап ұзындығы 70 десятинаға дейін жетті, ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы әйгілі «миллиондық қор» деп аталатын аса ірі атырау мал өндірісімен айналысушылардан тартып алынып, шіркеуге, қазыналық қарашығын деп аталатын салғырттың есебіне және қазынаның жеке билігіне берілді.
Қазақтардың пайдалануындағы жерлерді тартып алатын мұндай әпербақандық – Ресейдің ішіндегі аса ірі жер иелері мен помещиктердің: құлқын жоқтайтын столыпиндік реформадан кейін тіпті өрістеп кетті. Ол Мемлекеттік Дума мінбесінен: «Қазақ даласы мен Түркістандағы ұйымдасқан кулактардың қожалығы жергілікті тұрғындардың мүддесін секермеуі тиіс, керісінше ол – патша режимнің тірегі болуы тиіс», деп ұран тастап, патшалық саясаттың тірегіне айналды. Сөйтіп жергілікті тұрғындарды ойламай, Қазақстан мен Түркстанда қулактардың иелігіндегі шаруашылықтың қанат жаюына бар күшін салған еді. Онда (мәжілісте – Т.Ж.) Каспий жағалауы туралы мәселелер өткір пікірталас тудырды. Ал жергілікті тұрғындардың жер туралы мәселесі, тіпті, қаралған да жоқ болатын. Ертістің он шақырым сол жақ беті 1904 жылғы орыс-жапон соғысы алдында сенат үкіметінің қаулысымен Сібір казактарының иелігіне берілген. Ал қазақ елі өзінің ата-бабасының жерінен айырылып қана қоймай, оның үстіне осы жайылымдыққа малын бағу үшін орыс кулактарына орасан зор қаржы төлеп, тез арада кедейлікке ұшырады. Сөйтіп олар әрбір казак семьясына қызмет ететін үй шаруасындағы жұмысшы ретінде батырақтарға айналды. Қазақ өлген кісісін жерлеу үшін зират орынына алтын ақша есебімен 18-20 сом төлегені туралы деректер архив құжаттарынан белгілі.
Мен баяндамамның соңында: осы он шақырымдық жерді қазақ халқы ежелден иеленіп келгендіктен де, өздеріне қайтарып беру – туралы ұсыныс жасадым.
Ал Каспий теңізінің солтүстік жағалауы – салық жинайтын жер болып жарияланғанымен, патша үкіметі қазақ тұрғындарын иеленген жерлерінен көшіре алмады. Себебі, Каспийдің солтүстік жағына карай «Рың (Нарын – ? – Т.Ж.) құмдары» деп аталатын құм бұйраттары созылып жатыр. Экономиканың қатал заңы тұрғындарды Каспий теңізі жағалауына қуды. Онда олар балық аулаумен шұғылданып, кемеде жұмысшы болып істеп, күн көріс мүмкіндігіне ие болды.
Баяндамамның соңында: қазақтардың бұрын иеленіп келген жерлері өздеріне қайтарылсын және жергілікті қазақ пен отырықшылданған орыс тұрғындары қашан орнығып біткенше Россиядан қоныс аударуды тоқтатқан жөн, – деген ұсыныс жасадым. Осы жерде Владимир Ильич менің сөзімді бөліп: «Қызық екен, орталықтағы жолдас, біздің ЦК-ның мүшесі Сафаров: Түркістаннан барлық кулак шаруашылығын көшіріп жіберу керек, – десе, сіз: тек жергілікті қазақтар мен отырықшылданған орыстар орын тепкенше қоныс аударуды тоқтату керек,– дейсіз. Бұл қалай? Мен мұндай пікірді күтпеп едім?»,– деп бір сәт күмілжи қарады. Мен: «Сафаровтың Түркістанның жағдайын жақсы білетінін, ол сол жерде ұзақ уақыт қызмет істегенін айта келіп, ал Қазақстанның жағдайында ондай ұсыныстан бас тарту керек»,– дедім. Және де өз ұсынысыма негіз ретінде солтүстік аймақтардағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан арақатынасы жайлы статистикалык мәліметтерді келтірдім. «Орыс тұрғындарын көшіріп жібереміз деген шешімнің орындалу мүмкіндігіне сенбеймін, себебі, ұлттар арасында алауыздық туу қаупі бар» – дедім. Сонда Владимир Ильич: «Ендеше ойлану керек»,– деді.
Бұдан кейін: «он шақырымдық кесімді жер» мен жерге орналастыру мен ауыл шаруашылығын ұйымдастыру туралы барынша қамти айтқаныма қарамастан, Владимир Ильич: «Тағы да қосымша айтарыңыз бар ма?»,– деп сұрады. Сонда мен жастардың атынан (ол кезде 29 жаста едім): жерді өңдеуге және шөп шабуға арналған ауыл шаруашылығы машиналарымен қамтамасыз етсе, сөйтіп ауыл шаруашылығы коммуналарын ұйымдастырсақ,– деген тілек айттым. Владимир Ильич қолын сермеп: «Керегі жоқ, керегі жоқ. Біз ауыл шаруашылығы коммуналары жайлы, тіпті, Орталық Россияда да әлі ойластырғамыз жоқ»,– деді. Владимир Ильичтің тарапынан айтылған мұндай сілтеме ұсынысқа мен қатты абыржып қалдым.
Комиссияның мәжілісінде, жасаған баяндамамның біздің республикамыздың территориясын анықтау туралы тұсында: Каспий теңізінің солтүстік жағалауының – Астрахань губерниясынан Қазақстанға қайтарылғаны тиімді екендігі жөніндегі жоғарыдағы ұсынысымды қайталап айттым. Менің бұл ұсынысыма көптеген адамдар мүлдем қарсы болды. Ірі басшылар, әсіресе Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателі (фамилиясы есімде жоқ), Лежава, Брюханов секілді басшылар: Каспийдің балығымен Москва жұртшылығын асырап отырмыз, еліміз азық-түлік қиындығын бастан кешіп отыр,– деген сылтауды алдыға тартты. Сөйлеушілердің бұл мәселеге теріс көзқарасын байқаған Владимир Ильич маған бұрылып: «Біздің экономистер жан-жақты талдап, батыл айтқан секілді, ұялмаңыз, өзіңіздің ойыңызды еркін айта беріңіз, енді сөз сізге беріледі»,– деді.
«Мен, кеше ғана институтты бітіргенмін, жақсы тәжірибені үйренуге дайынмын. Бірақ кейбір жолдастардың менің ойыма қарсы болғанына таңым бар. Өйткені, Қазақстанның өзінің ұлттық-тұрмыстық ерекшеліктеріне байланысты алатын автономиялық басқару құрылымы – РСФСР-дің қарамағына кіреді. Соған қарамастан, біздің, Каспий жағалауының республика шекарасына кіргізілуін мақұлдағанымыз дұрыс сияқты. Себебі, ол жерде негізінен балық шаруашылығымен айналысатын қазақтар мекендейді және де бұл жағалау Қазақстан территориясының ішіне кіріп тұр. Ал егер осы жағалауды тұрғындарымен бірге біздің республиканың шекарасына кіргізсе, біз оларды ұйымдастырып, Астрахань губерниясына қарағанда Орталыққа әлдеқайда көп балық жіберетінімізге сенімдімін»,– дедім.
Владимир Ильич Астрахань губерниялық атқару комитетінің председателіне бұрылып, одан: Жағалаудағы қазақ пен орыс тұрғындарының сан жағынан ара қатынасы қандай?,– деген сұрақ қойды. Председатель статистикалық мәліметтер жоқ дегенді сылтау етіп, сұрақтан бұлтарғысы келіп еді, Владимир Ильич: «Жағалауда қанша қазақ, қанша орыс бар – деп отырғаным жоқ, осы өңірдегі тұрғындардың қайсысы басым?»,– деді. Сонда председатель амалсыздан: «Қазақтар басым секілді»,– дегенге сайды. Владимир Ильич: «Мәселе түсінікті болды»,– деп дауысқа салмақ еді, сол арада хатшы Крестинский: «Ермеков жолдас «Данциг дәлізін» ұйымдастырмақ болып отыр»,– деп қыстырылып еді, Владимир Ильич: «Крестинский жолдас мәселенің маңызын түсінген жоқ. «Данциг дәлізін» Астрахань губаткомы мен біздің шаруашылық басшылары жасап отыр»,– деді. Теңіз жағалауын біздің республикамыздың шекарасына қосуды жақтап Владимир Ильичтің өзі дауыс берді және оның ұсынысы көпшілік дауыспен қабылданды»,– деп еске алды.
Иә, Ленин мен Әлімхан Ермековтің көзбе көз тілдесуінің нәтижесінде бүгінгі Атырау өңірі Қазақстанның құрамына мәңгілік қосылды. Автономия мен территория мәселесі 14, 16-17 тамызда талқыланып, 24 тамызда тағы да Лениннің қатысуымен өткен ең соңғы шешуші мәжілісте түбегейлі бекітілді:
Бұл туралы аталған естелікте Ә.Ермеков: «1920 жылдың 24-тамызда Халық Қомиссарлар Кеңесі Қырғыз (қазақ) Автономиялық республикасы туралы декрет жобасының мәселесі жөніндегі мәжіліске баяндамашының бірі ретінде мен де қатыстым. Мәжілістегі атмосфера аса іскерлік жағдайда болды, әрқайсысы өздерінің жауапкершілігін сезініп, қатал тәртіп сақтап, байсалдылық танытты. Бұл мәжіліске Владимир Ильичтің өзі және біздің тарапымыздан төраға Пестковский қатысып отырды. Мәселе туралы Ұлттар жөніндегі халық комиссарының төрағасының орынбасары Каменский баяндама жасады. Ол өзінің жауапкершілігін қатты сезініп, баяндама барысында көп қиналды.
Владимир Ильич, декретті қарап отырып: «Байланыс торабы мұнда ЦСНХ-ның қарамағына беріліпті, неге НКПС-тің (Байланыс жөніндегі халық комссариатының – Т.Ж.) қарауына берілмеген?– деген сұрақ қойды. Каменский жолдас: «Татар республикасы туралы декретте осындай ереже қабылданған болатын»,– деп жауап берді. Владимир Ильич таңданыс білдіріп: «Ендеше ол ережеде мұндай шешім неге қабылданған?»,– деп сұрақ қойды да: мәселенің барлығы нақты қамтылмағаны туралы баяндамашыға қатты ескерту берді. Мен бұл мәселенің мән-жайын Пестковский жолдасқа: «Біздің республикамыздағы темір жолы торабының көлемі шамалы, оның есесіне салынып жатқан темір жолы құрылысы ЦСНХ-ның басшылығына қарайды»,– деп түсіндірдім. Пестковский жолдас сөз алып, жоғарыдағы шешімнің мән-жайын түсіндіріп берді. Владимир Ильич бұған: «Мұндай түсініктемемен келісуге де болады, келіспеуге де болады, бірақ баяндамашы болса: Татар республикасы жөніндегі осыған сәйкес ережеге сілтеме жасағысы келеді»,– деп ескерту жасады. Каменский жолдас өзіне түскен барлық жауапкершілік пен ауырлықты қатты сезініп, қиналды, сөйтіп, осында отырғандарға алдағы уақытта ескеріп жүретіндей үлкен сабақ болды.
«Сөйтіп Декреттің жобасы тездете тұтас оқылып, қабылданды. Тиісті қосымшалар мен өзгерістерімен қоса РСФСР Халкомсовының Декреті 1920 жылғы 26-тамызда бүкіл елге жарияланды»,– деп еске алды.
«Алашорда» үкіметі арқылы Қазақ республикасына ұласқан Алаш идеясы осылай орындалды. Оның басында сол жолда жанын құрбандыққа атаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков және … автономия туралы пікірталаста:
«Егерде сеніммен қолға алсақ бұл мәселені толық шеше аламыз. Тек… біз әлі таптық жігімізді ажыратып үлгергеміз жоқ. Сондықтан да біз қазақ халқының ұлтшылдық ырқына да көндік, онсыз ештеңені жүзеге асыра алмайтын едік»,– деп салмақты өзіне аудара сөйлеген Әліби Жанкелдин тұрды.
Оған алаш азаматтары М.Мырзағалиев пен Ғ.Әлібеков дауыстарын қосты.
Ал, бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Әлімхан Ермековтің қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясы болатын. Сөйтіп, «Алашорда» көсемі өкімет билігін ресми түрде Ленинге табыстап, ал алаштың рухани туын жаңа Қазақ автономиялық өлкесі үкіметінің қазақ істері жөніндегі орынбасары Ахмет Байтұрсыновқа ұстатты. Оған Декларация жарияланысымен Әлихан Бөкейхановтың Ленинмен оңаша он бес минут сөйлесуі толық дәлел. Өзі: «Не ойы, не білімі көлемді емес»,– деп есептейтін Сталинмен кездесуден бас тартқан. Ол туралы Әлімхан Ермеков:
«В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында: «Автономияны кұру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, оның дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер»,– деп кеңес берді.
Мәжіліске қатысушылар үзілісте түгелдей дәлізге шықтық. Қазақстандық делегацияның құрамы 15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттен кейін ол кісі де шықты. Біз: «Сізді Сталинге бірге кіру үшін тосып тұрмыз»,– дедік. Әлихан бәрімізге салқындау қарап:
«Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс»,– деп жүріп кетті.
Біз бәріміз де аңтарылып қалдық та Әлекеңе ілесіп Кремльден шығып кеттік. Осы күні: «Бәлкім кіріп пікірлескеніміз дұрыс болар ма еді? Кейбір мәселелер мүмкін басқаша шешілер ме еді?»,– деген ой келеді.
Осы мәжілістен кейін бір жеті өткен соң В. И. Ленин Қазақ АССР-ін құру жөніндегі декретке қол қойды»,– деп еске алған.
Сәбит Мұқановтың:
«Біз социализмді Ермековтердің қолымен құрамыз!»,– деп («Есею жылдары») кекетсінген Қужаққа қосылып ұрандатып жүрген кезі де осы жылдары болатын.
Бұдан кейін Әлихан Бөкейхановпен бірге Әлімхан Ермеков саясат саханасынан мүлдем шеттетілді. Бірақ елі үшін ең маңызды міндетті атқарып кетті.
Ә.Ермеков (1931 жылға 28-қазан күнгі жауабынан): «Ал 20-жылы мен Мәскеу қаласындағы Байтұрсынов пен Валидовтің арасындағы келіссөзге кездейсоқ қатыстым. Ол маған Байтұрсынов арқылы белгілі болды. Байтұрсынов ол кезде Қазақстан үкіметінің өкілі болғандықтан да кездесуден бас тарта алмайтынмын. Ешқандай ұйым туралы сөз қозғалған емес. Оның мән-жайы алдыңғы жауаптарда айтылды. 20-жылы қазан айында оқуымды тәмамдау үшін Томскіге бардым. 21-жылы педагогикалық тәжірибеден өттім. Сол жылдың күзінен бастап мектеп меңгерушісі болдым».
Міне, енді тергеудегі жауаптың ретіне қарай тағы да Заки Валидовке қайтып ораламыз. 1921 жылғы түрік тектес халықтардың тағдырына арналған «Революциялық қозғалыстың дамуы және біздің Шығысқа көзқарасымыз» атты біріккен мәжілісте Заки Валидов:
«Қазан төңкерісі шығысқа еш нәрсе берген жоқ. Орыстар өкімет билігін қолына алды, сонымен бәрі де бітті, әлде бір губернатордың орынын жұмысшы алмастырды, бар өзгеріс сол ғана… Осы уақытқа дейін шығыс халқы партиялық жұмысқа белсенді түрде тартылған жоқ. Егерде шаруашылықты басқару республиканың қолына берілмесе, осы күнге дейін ЧК (төтенше комиссия, қазіргіше алғанда, қауіпсіздік комитеті – Т.Ж.) жергілікті емес тұрғындардың қолында болса, онда қандай революция туралы айтуға болады. Біз шығыстың билік тізгінін өз қолымызға алып, барынша төңкеріске жұмылдыруға тиіспіз»,– деп сес көрсетті.
Сес көрсетіп қана қойған жоқ, үкімет қызметінен бас тартып, Орта Азияда астыртын ұйым құрып, әскер жасақтап, большевиктерге қарсы күресу мақсатымен Бұқара мен Самарқанға жасырын кетті. Міне, тергеушілердің қазақ зиялылары мен Валидовтің арақатынасы, байланысы қақында қайталай қазымырлап сұрақ қоюының себебі осында. Ә.Ермеков бұл сұраққа пәлендей қысылып-қымтырылмай тұрмыстық етекбасты көрініс ретінде баға береді:
Ә.Ермеков (жалғасы): «…1926 немесе 1927 кеште Халел Досмұхамедовтің үйінде қонақта отырғанымызда ол маған және Елдес Омаровқа ертегіге айналып кеткен ежелгі әңгіме ретінде: Түркістандағы қозғалыс туралы, оған өзінің қатысқанын, мұның өзі Валидовпен жолығуы тиіс болғанын, бірақ та Валидовтің әйелі қайтып келген соң (Уфадан Ташкентке – Т.Ж.) мұның бармай қалғанын айтып берді. Кетіп бара жатқанда өзара: оның қай-қайдағыны бекер еске алғанына өкінісіп тарастық. Ашығын айта кетейін: тарихтың еншісіне айналып кеткен мұндай тылсым, жартылай күңгірт жайлар туралы шолақ сөздерді жиі тыңдауға болады және ол туралы жалпы қауесетті (нақтылы емес) партияда барлар да, жоқтар да білетін».
СССР деп аталатын болашақ құрама мемлекеттің құрылымы сол жылдары жоспарланып жатқан. Орта Азия мен Қазақстандағы түркі жұртына ортақ 1). Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2). Түркістан – Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3). Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) – туралы күрес жүріп жатты. Ал Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында «мұхаррамдық» (революциялық, орыс басылымдарында – басмашылар қозғалысы) майдан ашты.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Ол кезде жауапты қызметкерлердің арасында, партия мекемелерінде: Қазақстанды Орталық Азия федерациясының құрамына қосады екен-мыс. Сөйтіп Қазақстан одақтас республиканың дәрежесіне көшеді екен-мыс – деген қауесеттер шығып жүрді. Бұл үшін Қазақстанның солтүстігіндегі орыстар қоныстанған аудандарда межелеу жұмыстары жүргізілуі тиіс екен. Осы мәселе жөнінде құрамында: Москвадан келген Ежов, Өлкелік Комитеттен Сәдуақасов, Мемлекеттік жоспарлау мекемесінен мен бар – арнайы комиссия құрылды. Мен өз пікірімді Ежов жолдасқа ашық түрде: Орта Азия федерациясына Қазақстанды қосып, солтүстік аймақтық шекараны межелеу шаруашылық мүддесі тұрғысынан да, мәдени байланыс тұрғысынан да пайда әкелмейтінін – айттым…».
Иә, бұл үлкен даулы және шетін мәселе. Қандай да құрамда болмасын қазақ жұртының ділі мүслими шығыспен сіңісіп кете алмайтыны анық еді. Егер бұл жоспар жүзеге асса, онда орыстардың ежелгі арманы орындалып: солтүстік шығыстағы Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе облыстары – Ресейдің құрамында; ал Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда облыстары – Өзбекстанның, Маңғыстау түбегі – Түркменстанның құрамында қалған болар еді. Семей губерниясын С.Сәдуақасов зорлықпен Қазақстанның құрамына қосқан еді. Енді тағы да Н.И.Ежовпен жолдары жолығысты. Тарихшы Д.Аманжолова айналымға жіберген құжаттарға сүйенсек, 1924 жылы Қазақ Өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1925 жылы 3-хатшы міндетін атқарған Ежов өзінің 1925 жылы В.М.Молотовқа жазған хатында:
«Бұл топтар Сталин жолдастың соңғы сөзінде ажыртып айтқанындай ауытқушылықтарға жататын болса, жартылай ғана кесірі тиер еді, онда осы топтарды өзара жікке бөлу саясаты арқылы күрес жүргізу әлдеқайда жеңілге түсер еді. Менің ойымша, осы топтардың әр қайсысымен бір бағытта жұмыс жүргізіп, оларды бір-біріне қарсы қою арқылы партиялық арнаға түсірген дұрыс… Сөйтіп олардың арасына жік сала талқандап, қызметтен шеттетіп, Мәскеуге жіберіп, онда №2 Қазақстан ұйымдастырып, істі оңғару керек»,– деген (сонда, 281-бет) ұсыныс жасаған.
Семейліктер «Кене», «Бүрге» деп атап кеткен Н.И.Ежов өзінің осындай тақыс әдісін шекаралық межелеу жұмысында да қолданып, ел арасына қауесет таратып, арандатушы коммунистер арқылы оңтүстік облыстардағы тұрғындардың арасына іріткі салды. Мысалы, Сарысудағы тамалар – Түркістанға, тарақтылар – Қазақстанға қараймыз десіп барымталасып, ақыры бәрі де Бутырка түрмесінің «төрінен орын алды». Сол Ежовпен қызметтес болғандығын да тергеушілердің алдына куә етіп тартты:
Ә.Ермеков (7-қараша күнгі жауаптың жалғасы): «…20-жылдан 24-жылға дейінгі Семей губерниясындағы шағын қаладағы – Қарқаралыдағы ІІ басқыштағы мектептің меңгерушісі болған кездегі қызметім – басмашылар көтерілісіне қатысқандығымның айғағы ретінде танылып, маған 59 баптың 3-тармағы бойынша айып тағылыпты. Контрреволюциялық ұйымға қатысқандығыма қандай әрекетім айғақ болғанын білмеймін. Ал партия мен кеңес қызметінің шараларын бұрмалап пайдалануға тырысты делініп, 58-баптың 7-тармағы бойынша тағылған айыпқа келетін болсам, онда мен нақты адамдарды куәға тартамын және олардың біразы Москвадағы орталық мекемелерде істейді, мысалы, Семей мен Қызылордада – Досовпен, Ежовпен, банкте – Балпаевпен, Халық комиссарлары кеңесінде (жоспарлау комитетінде) – Нұрмақовпен, қазақ университетінде қазір МГУ-де деканның орынбасары боп жүрген – Мансұровпен бірге істедім…»
Бұдан әрі осы ойын дамытқан. Ежовтың ол тұста қызмет баспалдағымен өрлеп, Мәскеудегі құқық мекемелерінің тұтқасын ұстап, қанды қол шеңгелін қомдап келе жатқан кезі. Алғашқы жазалу шараларының құрбандығына Семейдегі «ежелгі жаулары» Халел Ғаббасов пен Жүсіпбек Аймауытов ілінді. Тура осы мағыналас хатты тағы да екі рет көшіріп жазыпты. Бірақ та тиісті жеріне жолданбай, іске тігулі күйінде қалған сияқты. Дегенмен де желтоқсандағы көрсетіндісіндегі:
«Мен өзім тұтқынға алынғаннан бері Попов жолдасқа: революцияның саяси жағдайы мен логикасы туралы пікірімді бірнеше рет қайталап айттым. Менің ойымша: Қазан төңкерісі Қазақстанда 28-жылдан бастап нақты күшіне кірді. Далалық жартылай феодализм мен капитализмнің тамыры енді ғана жұлына бастады. Бұрын саясатпен айналысқан адамдар осындай қысылтаяң сәттерде сынақтан өтуі тиіс» деп ойлаймын»,– деген сияқты екіжақты мағына беретін пікір білдірді.
Алайда, қалай жайдақтата бұлтақтатып, түлкі бұлаңға салғанымен, тұзақтан құтыла алмады. Жерді межелеу, қазақ автономиясының территориясын анықтау, қоныстандырушылар легін тоқтату, жерге меншік құқығы туралы мәселелер Әлімхан Ермековті профессорлық мінбеден түрменің нарына бастап әкелді.
Әлімхан Ермековтің 1931 жылғы 25 сәуір күнгі Жер туралы қосымша мәлімдемесі ІІ томның 573-бетінен басталады:
Ә.Ермеков (жалғасы): «26-жылдан бастап Ташкенттегі Қазақ педагогикалық жоғары оқу орнына ауысуыма байланысты онымен тікелей айналыспағандықтан да, менің жер мәселесі туралы қазіргі пікірім жалпылама және ертеректе мен Орынбор мен Қызылордада қызмет істеген кездерімдегі мәселелер туралы ғана болмақ. Революцияның алғашқы кезеңінде патшалық отарлау бағытындағы жерге қоныстандыру саясаты тудырған бұл мәселе өте шиеленісті дәрежеде еді. 21-22 жылдардағы кеңес өкіметінің еңбекші қазақтардың талабын ескеріп қоныстандыру туралы мәселе күн тәртібіне қойылғанда, менің де араласуыма тура келді. 24-жылы министрліктің коллегиясы өтті, соған қатыстым. 25-жылы Орынборға Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне жұмысқа шақырылдым. Онда жерге орналастыру саясаты жөнінде арнайы комиссия құрылды. Комиссия үш рет отырыс жасады. Оған республика басшылары да қатысты. Онда қазіргі шаруашылық жүйесін, бұрынғы жер иелену құқын сақтап қалуға ұйғарым жасалды. Комиссия мүшелері де, оның ішінде мен де Қазақстанға жаңа қоныстанушыларды әкелуге үзілді-кесілді қарсы болдық. Ең алдымен патшалық жер қоныстандыру саясаты тұсында жері тартып алынған жергілікті ұлтты, содан кейін қазіргі орыс тұрғындарын толықтай жермен қамтамасыз ету керек, содан асқанына ғана қоныстанушыларды орналастыруға болады деген шарт қойдық. Осыдан барып жерге қоныстандыру мәселесі жөнінде талас туды. Өлкелік партия комитетінде бұл мәселе арнайы қаралып, алдыңғы көзқарас қолдау тапты. Онда:
1) Қазіргі қалыптасқан шаруашылық жүйесіне түбірімен өзгеріс жасау мүмкін емес.
2) Жер бөлісі таптық тұрғыдан жүргізіліп, оған еңбекші бұқара кеңінен тартылуы тиіс – деген жалпы ереже қабылданды.
Мен бұған сене қойғаным жоқ және шешім табатын жаңа жол да жоқ болатын. Қызығы сол, дәл сол кездегі қалыптасқан жерге қоныстандыру жүйесі тұсында осынау шетсіз де шексіз кең далада жергілікті ұлт жерден қысымшылық көретін. Енді оны таптық тұрғыдан бөліске салса, онда қазақ елі жерсіз қалатыны анық еді. Өлке бойынша жерді мәдени игерудің бағдарламасы жасалуы тиіс еді. Бұл бағдарламаны жасау қолдарынан келмеді ме, жоқ, жасағысы келмеді ме, білмеймін, әйтеуір, жүзеге аспай қалды. 23-26 жылдары мемлекеттік жоспарлау мекемесінде істеген тұстарымда аталған мәжілістерге қатысып жүрдім. Жетекшілері Әлібеков пен Қаратілеуов болатын. Одан кейін Әлихан Бөкейханов айналысты. Көрсетілген мәселелердің ішіндегі жер бөлісі туралы пікірлерді олар толық түсінді. Сәдуақасов пен Сұлтанбеков те сол ұстанымда болды. 22-23 жылдары Жер жөніндегі халық комиссары Кадылов (Қадыров, Қаратілеуов – ?) болды. Барлық мәселелерді Бөкейхановпен кеңесе отырып шешті. Тек соның мақұлдауымен ғана істі жалғастырып, бағыт-бағдар алып отырды. Бұл пікір алысуларда біз (ұйымдасқан топ емес, халықтың қамы үшін шын жаны ашығандар): қалайда асыра сілтеушіліктер болады – деп есептедік. Ондай асыра сілтеушілік, мысалы, Семей облысында орын алды. Нәтижесінде саяси тұрғыдан да, атқарылған шараны жүзеге асыру барысына да кері әсерін берді. Тыңды игерудің шаруашылыққа әкелетін зияны өсіріп көрсетілді. Соған қарамастан кеңес өкіметінің шараларына қарсы күресетін ешқандай да ұйым болған емес, ондай айыпты жоққа шығарамын.
Шалғынды жерлер мен байларды тәркілеуге қарсы ешқандай іс-әрекет жасағамын жоқ, мен ол кезде Ташкентте қазақ пединститутында қызмет істеп жүргемін. Сондықтан да саналы немесе санасыз түрде, немесе заңдық тұрғыдан алғанда да ондай әрекетке барған емеспін және бара да алмайтынмын. Бұл мәселе жөніндегі қоғамдық пікір қатты шиеленісіп тұрғандықтан да, мұндай әлеуметтік мәселеге көңіл бөлмей, саңырау болып қалу мүмкін емес еді. Құлақ түре жүріп жеке әңгімелер мен пікір алысуларда жоғарыдағы пікірімді білдірдім. Менің тікелей қызметім мүлдем басқа мәселелермен айналысуға бағытталған еді. 26-27-жылдары өзімнің бұл мәселелер жөніндегі қарсы пікірлерімді белгілі бір топқа ғана айттым. Оны бұрынғы жауаптарымның бірінде көрсеткенмін. Партия мен үкіметтің шешімдеріне қарсы өз көзқарасымды жеке адамдармен бөлісуге қақым бар деп есептедім. Біз ол шешімге мүлдем қарсы едік. Қоршаған орта, қалыптасқан дәстүр бәрін қабылдауға мүмкіндік бермейтін».
Жерді меншікке беру туралы заң қабылданар тұста мұндай халықтық пікір алмасулардың болмағаны, әрине, өкінішті. Оның зардабын қазақ елі жарты ғасырдан кейін тартатын болады. Өйткені, Ә.Ермековтің: «Қызығы сол, дәл сол кездегі қалыптасқан жерге қоныстандыру жүйесі тұсында осынау шетсіз де шексіз кең далада жергілікті ұлт жерден қысымшылық көретін. Енді оны таптық тұрғыдан бөліске салса, онда қазақ елі жерсіз қалатыны анық еді»,– деп дәл тауып айтқанындай, жерді меншікке берудің салдарынан, әсіресе, құнарлы аймақтардағы қазақтар қаржылық және әкімшілік қысымның, алпауыттардың бопсасының кесірінен екі-үш жылдың ішінде жалдамалы шаруаға айналып шыға келді.
Әрине, өтпелі саясат өткінші кезеңнен соң әдірә қалады да, экономикалық-әлеуметтік теңсіздік, жер жегісі, ұлттық қауіпсіздік мәселесі құнарлы топырақты қуартқан ащы өзекке айналады. Шамкөстенетін шағым емес, бұл – тарихи және экономикалық заңдылық.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Маған қойылған: Швецов жетекшілік еткен, Бөкейханов құрамында болған Ғылым академиясының экспедициясы туралы сұраққа келетін болсам, ол жоғарыдан шешілген ғылыми мәселе. Экспедиция жоғарыда көрсетілген ескі көзқарас тұрғысынан зерттеу жүргізді. Олар қалыптасқан шаруашылық жүйесін сақтаудың жолдарын зерттеді. Статистикалық есептердің барлығы да ғасырлар бойы дала төсінде қалыптасқан шаруашылық жүйесін (бірнеше мың жылдан бері сақталып келе жатқан өмір сүру тәсілін) сақтаудың амал тәсілдерін ақтап қалудың жолдарын іздестірді. Экспедицияның жұмыстарымен таныс емеспін. Мен жоспарлау мекемесінде істеп жүргенде оның негізгі бағыттары ғана анықталған болатын. Жерді қалай пайдалану жөніндегі ғылыми баяндамамен таныс емеспін, көрген де жоқпын. Мен шаруашылықты жүргізу жүйесі тұрғысынан ғана ол пікірге қосылдым. Жер өңдейтін немесе мал шаруашылығымен айналысатын ауданда тұратын қазақтардың шаруашылығы көшпелі өмірге бейімделген. Негізінен мал шаруашылығына сүйенген кәсіпшілікке барынша жақын. Бір аймақта әрі егіншілікпен, әрі мал шаруашылығымен айналысу да табиғи дамыған. Дегенмен де олардың арасындағы қайшылық ушығып келе жатқан.
Біздің бес жылдық жоспарымызда көрсетілген жерге жаңадан қоныстанушылар туралы көп талқыланды. Осы мерзім ішінде қоныс аударушылардың саны бес миллионнан асады десті. Бұндай жоспарға қарсылық білдіре отырып, орталық және өлкелік мекемелерге арнайы мәлімет дайындадым. Онда: «Мұны қозғап отырған бұрынғы отарлаушы жүйенің жұрнағы – қоныс аударушылар мекемесі. Егерде мұндай жоспардың болғаны рас болса, оны орталық және өлкелік мекемелер қолдамауы тиіс. Дәл солай бола қалған жағдайда өз көзқарасымды қорғаудың жалғыз-ақ жолы бар еді. Ол – кеңестік басшылардың пиғылын әшкерелеу немесе кеңес мекемелері туралы пікірлерімді ашық білдіру»,– деген мағынадағы пікірлер айтылған».
Қайталай бағамдасақ, алаш идеясының түп қазығы болған жер жегісі тәуелсіздік тұсында шешіліп барып, қайта шиеленісіп кетті. Ә.Ермековтің осы көрсетіндісінде айтылған пікірлері мен дәлелдері тарихи, экономикалық тұрғыдан сараланбады. Саясаттың желігіне жем болып кетті. Соның салдарынан қазақ жерін мекендеген қазақтар қазақ елінде аз санды жер иесіне айналды.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Колхоздар бен совхоздар туралы көзқарасыма келсем, өкінішке орай, өзімнің ескі идеологиялық бағытымды қатаң ұстана отырып, оның тәжірибе жүзінде жүзеге асу мүмкіндігіне мән берместен, осы мәселе жөніндегі сол кездегі жиналыстарда мен үнемі қарсы сөйледім. Шаруашылықтардың өндірістік негізге көшуі бұрынғы патшалық отарлау саясаты түте-түтесін шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейтте, табиғи жұтқа жиі-жиі ұшырайтын аймақтың жерін патшалық жыртқыштар талан-таражға салып біткен еді. Жартылай рулық құрылымдағы феодалдық қоғамды соншама қысқа мерзім ішінде социалистік құрылымға ауыстыру мүмкін емес деп есептедім. Қазақстанда социалистік құрылыстың нығаюына жол ашатынын болжай алмадым».
Иә, саналы да саңлаулы санақ жүргізіп, аңғарлы ақылмен сараласақ, қазақтардың меншігіне кешегі «отарлау саясаты түте-түтесін шығарған қуаң, жартылай қуаң шөлейт, табиғи жұтқа жиі-жиі ұшырайтын», латифундистер мен өнеркәсіп алпауыттары «талан-таражға салып біткен» жердің бұйырғаны анық аңғарылар еді. Тура осы мәселе бүгін де көкейді кесіп тұр. Енді, сол «қуаң, шөлейіт жерлер» араб халифатымен Израильдің және Қытайдың меншігіне берілетін болса, онда қазақтың өрісі ғана емес, тынысы мен тіршілігі ғана тарылып қоймай, кеңдікті аңсаған ділі де тылсымда тұншығып, шарасыздыққа ұрынатын болады.
Ә.Ермеков (жалғасы): «Бұдан кейін: импералистік отарлау мен жартылай отарлық жүйе артта қалған халықтарға үстемдік жасап тұрған жағдайда олар бірте-бірте құрып кетеді, соның ішінде шаруашылық мәдениеті төмен қазақ ұлтын да сондай тағдыр күтіп тұр деген іштегі күмән сонау 20-жылдардан бастап өзгеріске түсті. Артта қалған халықтар социалистік даму жолына сөзсіз түсу керек екен деген ой келді. Бірақ ол жолдың сорабы белгісіз еді және толық құрылымы мен жүрер жолы әлі нақты табылмаған болатын. Ендеше бізді аса қауіпті әлеуметтік сілкіністердің күтіп тұрғаны анық еді. Шаруашылықты жүргізу тұрғысынан түсінікті болғанымен де, адамдардың тағдыры тұманды болатын. Оның үстіне Қазақстанның аса қатал табиғаты да қалыптасқан жүйеден ауытқыса апатқа алып келетін еді. Ал капиталистің жеке басы ешқашанда тәуекелге бармайтын. Ол көбігін ғана қалқып алатын. Жергілікті тұрғындардың өзі мұндай сынаққа төтеп бере алмайтын. Ал біз қатал табиғаттың талабына бейімделіп өмір сүрдік. Ал қазір біз өзге көріністің куәсі болып отырмыз…».
Бұдан әрі Ә.Ермеков социалистік құрылыстың артықшылығын тілге тиек етіп, мақтайды. Мұның жай-жапсары алдыңғы көрсетінділерде баяндалғандықтан да және ол пікірлер Ә.Ермековтің шын ойы емес, тек жадағай сөз болғандықтан, оны бұл арада келтіріп жатуды артық санадық.
Осы томның 894-902 беттерінде тура осы мағынадағы 1931 жылы 20-сәуірде берген жауабы тігілген. Өзгешелігі, мұнда латын алфавитіне көшу мәселесіне тоқталған. Жер, әріп реформасы, мәдениет саласы туралы баяндай келіп, Бөкейханов пен Байтұрсыновқа қарата:
«Бұл мәселелер жөнінде екеуінің де ықпалы күшті. Жандосов та олардың алдынан өтпейді. Қазір екеуі де қартайды. Енді олар өздерінің көзқарасын өзгертуі қиын. Мен латын һарпін жақтадым»,– деген пікір білдірген.
4.
Тергеу ісі бұдан кейін жекелеген адамдар мен жеке мәселелерге қарай бет бұрады. Жауап алу барысында тергеушілер Ә.Ермеков пен М.Әуезовтің «қылмысын» өзара сабақтастыруға ұмтылған. Соған қарсы әрекет ретінде Ә.Ермеков бұл «айыпты» мойындаудан бас тартады:
„ОГПУ-дің коллегиясына маған 58 баптың 7, 11; 59-баптың 3-тармақтары бойынша тағылған айыптарды 58 баптың 7, 8-тармақтарына ауыстару туралы мәлімдеме.
ОГПУ-дің өкілі Поповтың түсіндіруі бойынша маған 58 баптың 10-тармағы бойынша тағылған айыпқа – менің Мұхтар Әуезовке жазған хатымдағы жер мәселесі жөніндегі пікірім негіз болыпты. Қолтаңбасына қарағанда шындығында да хатты жазған менмін. Бірақ ондай мағынадағы хатты Мұхтар Әуезовке емес, Әлихан Бөкейхановқа жазғанмын. Ол кезде мен Ғылым академиясының Қазақстанды зерттеу бөлімінде істейтінмін және Қазақ халық комиссариятының тапсырмасы бойынша қазақтарды жерге орналастыру мәселелесін негіздеумен айналыстым, сонымен қатар ол (Бөкейханов – Т.Ж.) федеральдық комитеттің мүшесі болатын (егерде сол кезде таратылып кетпесе). Осы комиссияның құрамында жүріп Қазақстан үшін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Өзі Мәскеуде тұратын, қызмет бабымен ара-арасында Ленинградқа баратын. Лиза Бөкейханова мен Шоқаневаның (?) айтуынша, онда Әуезовтің үйіне тоқтайтын. Бұл хаттың жазылу мәнісі төмендегідей».
Бұл оқиғаның шындығын қауiпсiздiк комитетiндегі тергеу iсi толықтай дәлелдейдi. Тергеу iсiне тiркелген төменде біз келтіретін хат соның айғағы. Бұл хатты Мұхтар 1928 жылдың басында алған. Әлихан Бөкейхановтың оның үйiнде қонақта жатқаны сол қаңтар, ақпан айлары болса керек. Себебi: Әлiмхан Ермеков Ленинградтағы Мұхтардың мекен-жайына Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жолдаған. Ол хатты 1928 жылы 21-наурыз күнi ОГПУ-дiң тергеушiлерi қолға түсiрген де, iле ОГПУ-дiң КССР бойынша төтенше өкiлi Петросянға:
«Осы хат арқылы Әлiмхан Ермековтiң Мұхтар Әуезовтiң атына жолдаған құжаттары мен оның фотокөшiрмелерiн жолдап отырмыз»,– деп түсiнiктеме берген.
ОГПУ-дiң бұл түсiнiктемесi Ташкент қаласынан жолданған. Хаттың сыртына: «Ленинград. Декабристер көшесі, 14 үй, 1 пәтер. Мұхтар Әуезовке – жолдаушы Әлiмхан Ермеков. 25/II – 28 ж»,– деп жазылған да, iшiндегi сөз Әлихан Бөкейхановқа арналған. Яғни, дәл осы күндерi Әлиханның Мұхтардың үйiнде жатқандығын Әлiмхан Ермеков бiлген. Хат түпнұсқада орыс тiлiнде жазылған. Мұнда жеке бастың дербес iсiмен қоса бiз назарға iлiктiрiп отырған саяси мәселелер де қамтылған. Рухани бостандық жолындағы күрестiң бiр белгiсi болғандықтан да хатты толық келтiремiз. Оның үстiне, бұл жазбаның – түпнұсқасының қайта қолға түсуi неғайбыл нәрсе ғой. Сонымен, Әлiмхан Ермеков Мұхтар арқылы Әлихан Бөкейхановқа былай деп сәлем жолдайды. Ескерте кететiн жай, хатты көшiрушiлер «Әлеке!» дегендi «Ада» деп жазыпты. Мұның «Аға» деген сөз болуы да мүмкiн. Бiз «Әлеке!» дегенге тоқталдық.
«Қадiрлi Әлеке!
Менiң бұрынғы қызметiмнiң бiр үлкен артықшылығы – достарыммен кездесiп тұруға аса қолайлы едi: қазiр мен олардан көз жазып қалдым, тiптi хат-хабар алысатындарым да азайып кеттi. Әлеке, әсiресе сiздiң алдыңызда өзiмдi өте кiнәлi санаймын. Сiздi көптен берi сағынып жүрмiн, бiрақ та Сiзбен жүздесуге еш мүмкiндiгiм болмады, ал хаттың сөзi менi қанағаттандырмайды, сондықтан да жазудан бойымды аулақ ұстаймын.
Мен Лизамен сөйлесiп, сiздi Қызылордаға ауыстырған жөн ғой деп едiм, ол әр түрлi сылтау айтып, қарсы болды және: егерде қызметке iлiнбесе, емханадағы дәрігерлік-ординаторлық жұмысқа алынбаса, онда алдағы қыста Мәскеуге ауысатын ойы бар екендiгiн айтты.
Бiздiң оқу орынының жұмысы жөнiнде мен бiрде Сiзге жазған едiм ғой, iстiң алдағы барысы әлi толық анықталған жоқ. Жоғары оқу орындары туралы мәселе, сөзсiз тарихи мәселе. Бұл мекемелердi ашуға деген Қазақстанның дайындығы Петрдiң тұсындағы Ресейдiң дайындығынан күштi. Германиядан студент шақыртудың ешқандай қажеттiгi жоқ. Петр бекiткен академияның жанындағы университет тек 30 жылдан соң ғана шәкiрт тәрбиелеп шығарса, Қазақстанның қазiргi жағдайының өзiнде мұндай сылбырлыққа жол берiлмейдi. Соған қарамастан, ғылыми орталық ұйымдастыру мәселесi неғұрлым ерте қолға алынса, бұл өте жақсы. Ұйымдастыру кезеңiндегi барлық өтпелi шараларға қарамастан, жаңа құрылған университет өзiнiң балаңдық дәуiрiн басынан өткiзуi заңды. Бұл мәселе сәл де болса iлгерi жылжыды. Тоқтабаев халық ағарту комиссарлығынан кеткеннен кейiн Қазақстан үкiметi университеттi құру туралы шешiм қабылдады.
Бұл мәселенi РСФСР-дiң, орталықтың алдына асқан табандылықпен қойып, тиiстi ұсыныс жасап отырған «Авксеньев одағына» Қазақстан қатты қарыздар, бұл мәселе қазiр Мәскеудiң шешiмiн күтiп отыр, орталық мекемелердiң бұл мәселенi шешуiне қатты кiрiсiп жатыр.
Әрине, қазақтың тұңғыш университетiнiң құрылуына Сiздiң де үлес қосуыңызды қамтамасыз етсе, бұл өте орынды iс болар едi. Сiздiң өзiңiз қалай қарайсыз? Сiздiң рұхсатыңызсыз мұндай мәселенi көтеру мүмкiн емес, толық шешiлдi деуге келмейдi, тiптi ол дәл қазiргi жағдайда өте қиыншылықпен алға жылжуда, сондықтан да мұның сәттi шешiлуiне толық сенуге болмайды.
Әлеке, мен бiздiң орталықтың үлкен және кiшi саясатынан бойымды аулақ ұстап жүрмiн. Қазақстанда қызмет iстеп жүргенiмде күнделiктi мәселелердiң барлығын назарымда ұстап, бiрде ананың, бiрде мынаның жобасын жасап, оны шешуге белсене араласып жүрушi едiм. Бiзге қазiр құлаққа өте жағымсыз сыбыстар жетiп жатыр.
Жер мәселесi төңiрегiндегi әңгiмелердiң барлығы тұйыққа тiрелiп, барып тұрған бейбастақ байбаламға айналды. Егерде партия мүшелерi мен жер жөнiндегi саясатты жүргiзушiлер өздерiнiң көзқарастарына негiзгi дәйектеме етiп Пален мырза жүргiзген ревизияның «Губерниялық есептерiне» жүгiнсе, солай болмағанда несi қалды. Қоныс аударушылардың жаңадан құрылған басқармасы қандай да бiр асқақ идеяға құрылған саясатты бүркеншiк етсе де, дәл осы арада қазылған апанның, ашылған аранның, қатерлi iсiктiң орыны жатыр. Сүйегi қурап қалған патша губернаторларының әруағынан қорғаныш iздеулерi де бейбастақтыққа жатпай ма. Шындығына көшсек, жерге қоныстандырушы жаңа басқарманың азулы қатырандарының (акуланың – Т.Ж.) ашылған аранына қарағанда соңғы аталғандар (патша губернаторлары – Т.Ж.) «Өзiне сенiп тапсырылған өлкенiң тыныштығын сақтау үшiн бұратаналардың» қол астындағы жердi алу үшiн ептеп, сақтықпен кiрiстi. Шынымен, бұдан өзге жасалған жобалардың жолы кесiлiп, жоралғыдан қалғаны ма сонда? (Профессор Швецов пен Бөкейхановтың жер кесу мөлшерi туралы жобасын меңзеп отыр – Т.Ж.). Мұның астарын түсiруге ақылым жетпедi. Мекемелердiң басқарушы құрылымын байқатпай уландырып отырған «мамандардың» ерекше сендiруiнiң өзiне сенiмсiздiкпен қараймын. Бұған бiзге мәлiм «шiркiндердiң» де қатысы бар, олар да ықпал етiп отыр, бiрақ та бұл жөнiнде олардың жауапкершiлiгi шектеулi ғой. Әлеке, Орталық Комитетке хат жазуды қажет деп санамайсыз ба? Әлде, бiздiң жазғандарымыз, өзiнiң орталықтарының алдына осы мәселенi шешуге талап етiп қойып жүрген партия мүшелерiне зиянын тигiзе ме? Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiнен өзi қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды. Өйткенi көшпелiлердiң шаруашылығы – әбден орныққан, табиғи шаруашылық. Шабындықты бөлiске салған ежелгi тәжiрибеге сүйенсек, биылғы қыстың қыспағының өзi неге тұрады?
Әлiмхан.
Сотайға сәлем. Әлеке, өзiңiздiң денсаулығыңыз туралы жазыңыз. Қалайда Сталинмен кездесiңiз, жазда қырда демалып қайтуға пұрсат алыңыз. Сергей Порфирьевичке сәлем айтыңыз. Әлiмхан. 25/II–28 жыл. Көшiрмесi дұрыс: Ағабеков».
Тәуелсіздік тұсында да ондай қайраткерлер шықты, халық тілегін жеткізген депутаттар да болды. Ә.Ермековтің дұрыс қауіптеніп отырғанындай, ол адамдар бірте-бірте саясат сахнасынан ысырылды. «Жерді қайта бөліске салуға көнуден басқа» халықтың амалы да қалмады. Оған, мүмкін, жерден көрі жемқорлыққа бет алған ұлттық діл де ықпалын тигізген шығар.
Бұл хаттың тергеу орындарына «Алаш ісі» басталмай тұрып түскеніне қарағанда хат М.Әуезов Ленинградта жүргенде «қолды болған» сияқты.
Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): «Мен ол кезде Ташкентте тұратынмын, сонда педагогикалық жоғары оқу орынында дәріс беретінмін. Жер және орман шаруашылығы басқармасының бастығы Сәлімгерей Қаратілеуов Қазақстандағы Ғылым академиясының зерттеулерінің нәтижесін тиянақтау мақсатында Орта Азия мемлекеттік университетінен деректер алу үшін Ташкентке келді. Ол менің үйімде болды. Әңгіме отарлау институты мен Қазақстанға қоныс аударушылар мәселесі төңірегінде өрбіді: бұл өте күрделі іс, қоныстандыру революциядан бұрынғы межеден де асып кеткендігі, граф Паленнің тексеру материалдарының Ташкентте екендігі, оған қатысқан қоныстанушылар басқармасының бастығы Чиркиннің осында екендігі, Қазақстанның 5 жылдығына арналған өлкелік газетте Жер комиссариатының басшысы жерді бөлшектеу жөніндегі губернатордың есебіне сүйеніп мақала жариялағаны айтылды. Бір қызығы, сол кезде ескі мәліметтерге көп сүйенетін. Тәркілеу мен Қазақстанға қоныстанушыларды орналастыру аса кең ауқымда жүргізілетінін жеткізді.
Жерге орналастыру мен байларды тәркілеу барысында теріс идеологиялық пікірлерім бұрынғы көрсетінділерімде жазылған. Мен бұл пікірді Ташкенттің педагогикалық институтында сабақ беріп жүргенде білдіргенім түсінікті. Бұл мәселе тек қана партия мүшелері мен партияда жоқтарды ғана емес, зиялы қауымның да назарын аударғаны белгілі. Қаратілеуов жолдаспен кездейсоқ кездесіп қалғанда осы мәселе жөнінде сөз қозғалды. Мен: өзінің өткендегі саяси қайраткерлігінің нәтижесінде патшалық отарлау саясаты тұсындағы шаруашылық саясатын, әсіресе, қоныс аударудың жай-жапсарын терең зерттеген, Қазақстандағы жерге орналастыру мәселесіне барынша қанық Әлихан Бөкейханов қана бұл жағдайды анықтап беретінін айттым. Қоныстандыру жөнінде түрлі қауесеттер айтылып жүрді. Бөкейхановтың іске тартылуын мен де қостадым. Өйткені жер мәселесін зерттейтін институт БК(Б)П Орталық Комитетіне қарайтын, ал олар Бөкейхановты Қазақстандағы жер мәселесінің білгірі ретінде қызметке шақырды, сонымен қатар 1921-1923 жылдары қазақ үкіметінің тапсырмасымен Қазақстандағы жерге қоныстандыру мәселесін зерттейтін арнайы экспедицияларға қатысты. Жер мен қоныстандыру бағытындағы менің көзқарасым Бөкейхановтың көзқарасынан алшақ емес. Мен ол кісіні өзімнің ұстазым деп шын көңіліммен айта аламын. Бұл тұрғыдан алғанда біз бұрынғы отарланған жерге қазақ тұрғындары жаппай қоныстанып болғанша жаңадан қоныстандыру науқанына қарсы болдық.
27-жылғы конференцияда Өлкелік Комитеттің хатшысы Голощекин жер және ұлт мәселесінде көптеген тосқауылдардың (мағынасы бойынша аударылды, орысшасында – грех – Т.Ж.) бар екендігін, оған жаңаша қарау қажеттігін айтты. Оған көп адамдардың кінәлі екені рас. Мен де бұған қалыптасқан жаңа жағдайға таптық тұрғыдан қарамай, бұрынғы ұстанымымда қалып қойдым. Революция әкелген әлеуметтік құрылым қажеттігін ескермедім. Семейде жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстары көрсеткеніндей, шаруашылық мәдениеті жоғары жұрттың ықпалымен қарабайыр шаруашылық деңгейіндегі халықтың жойылып кететіндігі сөзсіз екендігі анықталғанда, сондай даму сатысында тұрған қазақтардың қамы мені қатты қынжылтты. Мен: көшпелілердің қарапайым тұрмысы жеңіл болғанымен, күйреген мал шаруашылығын қалпына келтіру өте қиын – деп есептедім. Еліміздің алдыңғы қатарлы жұмысшы табының материалдық-техникалық көмегі – өнеркәсіптің араласуы, машина-трактордың бөлінуі, колхоз бен совхоздардың ұйымдастырылуы шаруашылықтың әлеуметтік саласына үлкен өзгерістер әкелетінін ескермеппін. Мұның барлығы ол кезде анық емес болатын. Ал өз басым тікелей жер мәселесімен айналысқамын жоқ».
Бұл мәселенің егжей-тегжейі бірінші кітаптың «Жер жегісі», «Кәрі көсем» атты тарауларында жеріне жеткізіле, құжаттар мен тергеудегі жауаптармен дәлелдей талданғандықтан да, бұл арада тоқталып жатпаймыз.
Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): «Ал өкімет кеңестерге көшкенде Жер жөніндегі комиссар боп тағайындалған кездегі әрекеттерім бір бағытта – бұрын патша өкіметі тартып алған жерлерге қазақ халқының қайтадан ие болу құқын қалпына келтіру бағытында жүргізілді. 21-жылы (негізі 1920 жылы тамызда – Т.Ж.) В.И.Ленин төрағалық еткен кеңесте Қазақстандағы жер мәселесі туралы баяндамамда Қазақстандағы ең қиын шешілмеген мәселе жерге орналастыру екендігін баса айттым. Мен Сафаровтың Түркістан туралы баяндамасынан кейін сөз алдым. Сафаров өзінің баяндамасында: Уралдың шаруа мұжықтарын оңтүстік Қазақстанға әкеп қоныстандыру керек, бұл қазақ халқының революциялық рухын өсіреді,– деп өзеурей сөйледі. В.И.Ленин жолдас менің бұл мәселеге қалай қарайтынымды сұрағанда мен: Қазақстанда жерге байланысты ұлтаралық қатынастың шиеленісіп тұрған қазіргі жағдайында қазақтардың өздерін жерге орналастырып алмай, шаруаларды қоныстандыруға мүлдем қарсымын және қоныстандыру әрекеті шұғыл тоқтатылуы керек,– деп жауап бердім. Семей губкомы мен жерге орналастыру жөніндегі Мемлекеттік жоспарлау комитетінде істеген 1921-1926 жылдар арасындағы менің пікірім осындай».
Бұл жолдардағы пікірлердің деректік негіздері жоғарыда келтірілген өзінің естелігінде түсіндірілгенін ғана еске сала кетеміз.
Ә.Ермеков (жауаптың жалғасы): «Жер мәселесі туралы қысқаша шолудан кейінгі айтарым, бұл мәселені шешу жөніндегі бастапқы ұстанымымда тұрақтап тұрып қалуым – менің идеологиялық қатеме жатады. Таптық байланысты, ұлтаралық қатынастың маңызын дер кезінде кең мағыналы деңгейде қабылдамаппын. Мен оған ұлтшылдық тұрғысынан қараппын. Ал үгіт-насихат жүргізді дегенге келсем, ондаймен айналысқамын жоқ, осы мәселемен айналысатын адамдар, әсіресе, Бөкейханов, менің үгітіме мұқтаж емес. Олармен кездескен кезде өз пікірімді білдірдім. Осындай адасуда жүргенімде және дағдарыстың алдында (отарлаудың бес жылдық жоспары бойынша Қазақстанға жаппай қоныстандырушыларды әкелу, оларға жағдай жасау туралы жүзеге аспай қалған науқан қарсаңында) мен мұны қазақ халқының қасіреті ретінде қабылдадым. Бөкейхановтың көтерген мәселелерінің негізінде өзімді толғандырған жайлар жөнінде Орталық Комитеттке мәлімдеме жаздым.
Қазір революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным – тарихи шындыққа айналғанын көргенде, мен нақты саясаттан көрі романтикаға берілгенімді түсіндім. Революция ақ қолғаппен орнамайды, құрбандықсыз келмейді. Қазақтар үшін де бұдан өзге жол жоқ. Аса шиеленісті мәселелерді шешуде басқарушы ұйым мен үкімет орындарының дұрыс бағыт ұстанғандарын мынадай дерек растайды. Тәркілеу туралы шешім шығар алдында Семейден Қызылордаға келгенімде Ғаббасовтың теңселіп жүргенін көрдім (Оның қырда меншік малы бар болатын). Осыған байланысты ол ерекше белсенділік танытты. Мен оған: егерде сен бұл науқанда асыра сілтеушілікке жол беріледі деп есептесең, онда теңселе бермей, сен жоспарлау мекемесінің жауапты адамы ретінде үкіметке мәлімдеме тапсыр,– деп өзімнің көзқарасымды білдірдім. Бұл пікірді сондай күйде жүрген Қадырбаев Сейдазымға да айттым. Тәркілеу жөніндегі қаулы шыққаннан кейін мен даулы жағдайларға жаңа түсінігім тұрғысынан пікір білдірдім, аз уақытқа ауылға барғанымда да бұл мәселені түсінуге ықылас білдіргендерге (тәркілеуге іліккен туған ағайындарына – Т.Ж.) жоғарыдағыдай түсінік бердім».
Тергеушілер ұтылай отырып Голощекиннің жүргізіп отырған саясатына көзқарасы мәселесіне ауысады. Оған Ә.Байділдиннің мына көрсетіндісі себеп болған.
Ә.Байділдин: «1925 жылы Ү партия конференциясының қарсаңында Москва қаласындағы Смағұл Сәдуақасовтан хат алдым, ол хатты партия конференциясы кезінде портфелімнен біреу ұрлап әкетті. Оған қоса Голощекиннің атына дайындалған баспасөз жөніндегі баяндамамды да ұрлап кетті. Хаттың мазмұны мынадай: жер мәселесі жөнінде ол кезде біраз түсініспестіктер орын алған болатын, соған орай жұмыс жасауымды өтініпті, қалғанын келген соң түсіндіремін депті. Маған хатты Әлімхан Ермеков әкеп берді. Мен ол кезде партияның платформасы жағында болатынмын, сондықтан да олар менен сескенетін. Мен Ермековке қарсы сөйледім. Кейін ол Тоқтабаевқа: Байділдинді Семейге әдеби қызметке жіберу керек – депті. Сәдуақасов Москвадан келгеннен кейін екеуара пікірлестік. Ол маған: жер мәселесі жөнінде неше түрлі бейбастақтық орын алып отыр, бел шешіп күресу керек, Қожанов отаршылдармен табандап күресті, алайда қазақ тәсілімен күресті, ал мұнда Шыңғысханның тәсілі керек,– деді. Сонымен қатар ол маған: менің көңіл-күйім 1921 жылғыдан төмен, не істерімді білмей жүрмін. Бұл жөнінде Қожановтың айтқаны дұрыс, алайда мен табандап күресе алмадым,– деді. Біз ол күні ұзақ дауластық, пікір таласы таңға дейін созылды. Мен оған: партияның отаршылдықты саналы түрде қолдауы мүмкін еместігін айттым, екеуміз ұрсысып қалдық та, мен оның пәтерінен кетіп қалдым. Содан кейін оның мінезі жөнінде «Еңбекші қазақ» газетіне мақала жаздым. Сәдуақасов: «Алашордашылармен» бірігіп, ұйымдасу қажет, отаршылыққа қарсы күресті жалғастыру үшін топшылдықты қойып, Қожановпен бірігу керек, – деді. Сонымен қатар: Смирновтың, Калининнің отаршыл бағыты үстемдік алып кетуі мүмкін, сондықтан да барлық қазақ коммунистері мен ұлтшылдары топшылдықты тастап, басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеу керек,– деді. Ол жер мәселесі жөнінде бағдарлама жасауды ұсынды.
Аз уақыт өткеннен кейін қонақжай дастарханы деген желеумен Сәдуақасовтың өтініші бойынша Алдонғаровтың үйінде өткен бас қосу есімде қалыпты. Ол бас қосуға: мен, Тоғжанов, Алдонғаров, Нахимжанов және Сәдуақасов қатысты. Сол арада Сәдуақасов Тоғжановтың, Алдоңғаровтың, Нахимжановтың қолдауына сүйеніп тағы да ұйым құру туралы мәселені көтерді, маған тиісе сөйледі. Біз тағы да керісіп қалдық. Тек мен және Тоғжанов қана оларға қарсы шықтық. Петропавл уезінің бір студенті, атын ұмытып қалдым, өзіне Орал уезінен келген бір студенттің Жолдыбаевтің пәтерінде жиналған алашордашылардың кеңесіндегі сөздерді, ішінде Байтұрсынов, Дулатов, Ермеков, Қадырбаев, Жолдыбаев және басқалары бар, естігенін жеткізіпті. Онда саясат мәселесі талқыланыпты, соның ішінде мен туралы да айтылыпты. Олар мені: нағыз сатқын болып шықты, бұдан арғы іске кесірін тигізуі мүмкін, сондықтан да мені орталықтан – Өлкелік Комитеттен алыстатуға қол жеткізу керек, – десіпті. Мен әлгі студентке естігеніңнің бәрін ГПУ-ге жеткіз – дедім, ол уәдесін берді.
Ү партия конференциясына арналған жер мәселесі жөніндегі тезистерді Жандосовтың жеке өзі дайындады… Ү партия конференциясы қарсаңында ұлтшылдар Жандосовтың үйінде бірнеше кеңес өткізді. Онда Сәдуақасов пен Қожановтың топтары жер мәселесіне байланысты бас қосты, оған Нұрмақов пен Жандосов белсене араласты. Жер жөніндегі және Ү партия конференциясына қатысты екінші мәжіліс Сәдуақасовтың үйінде өтті, оған: Сұлтанбеков, Смағұл Сәдуақасов, Мұстамбаев, Кадаленко қатысты. Мұхтар Мұрзин де қатысты-ау деймін. Ол кезде Ташкенттен Қабылов пен Жүргенов келген болатын. Мәжіліс туралы мен Алдоңғаровтан естідім. Мен атын атағандардан басқа, бұл мәжіліске Семейден келген Мұхамеджан Бейсенов қатысты. Бұл кеңесте жер мәселесі, тезистердің баптары, Өлкелік Комитеттің құрамы талқыланды. Бұдан басқа да кеңесулер өтті, оған кімдердің қатысқанын анық білмеймін. Сұлтанбековтің үйінде өткен кеңеске Қожанов, Мыңбаев, Сәдуақасов, Нұрмақов, Жандосов, анығын білмеймін, бірақ Құлымбетов те іштерінде болған сияқты. Онда қазақ белсенділерінің барлығы да болды. «Алашордашылардан» кімнің қатысқанын білмеймін, бірақ, солардың іштерінде болғаны анық. Кеңесте Жандосов жер мәселесі жөнінде баяндама жасады, содан кейін Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев сөйледі. Ү партия конференциясының қарсаңында Қожанов Қызылордаға келді».
Мұндай тиянақтылықпен баяндалған көрсетіндіге орай «1931 жылдың 10 қазаны күні ОГПУ-дің коллегиясына Әлімхан Ермеков мынадай мәлімдеме» жасайды.
Ә.Ермеков: «Айыптау ісінде Сәдуақасовтан Байділдинге хат әкелгенім туралы көрсетіліпті. 25-жылы Өлкелік Комитет пен Халық комиссариаты мемлекеттік жоспарлау комитетінің өкілдеріне қосып Сәдуақасовты және мені Мәскеуге іссапарға жіберді. Менің Өлкелік Комитеттің мүшесі Ежов пен Сәдуақасовтан білгенім – негізгі мақсатымыз шекараны анықтап, бекіту екен. Оңтүстіктегі облыстарды Орта Азия федерациясына, солтүстік облыстарды РСФСР-дің көрші облыстарына қосу туралы мәселе қойылмақ екен. Оңтүстік Қазақстанның төрағасы бұған ерекше ынта қойып, қызу қолдайтынын білдірді. Солтүстік облыстардағы қазақтарды оңтүстікке, Жетісуға көшіру жөнінде нақты ұсыныс жасалыпты. Бұған мен: ұлттық белгісіне қарап қазақ, орыс тұрғындарының арасына шекара қою қиын, олар аралас тұрады. Оңтүстік және солтүстік облыстардың экономикасы өзара тығыз байланысты. Жазда солтүстікке қарай көшіп, мал өрістететін Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қазалы, Бөкей аймағындағы жер пайдаланушылар үшін де тиімсіз. Қостанай уезінің қазақтарын Оңтүстікке көшіру де мүмкін емес. Егерде солтүстік облыстар РСФСР-ға қосылатын болса, онда қазақ тұрғындары да Ресейдің көрші губернияларының қарамағына өтуі тиіс,– деп қарсы пікір білдірдім. Мәскеуге келгеннен кейін Ежов пен Сәдуақасов жолдастар: біздің мәселеміз қаралмайтын болды, Қызылордаға қайта беруіңе болады,– деді. Орталықта қандай мәселе қаралатынын ол кезде де, қазір де білген емеспін. Мен Қызылордаға қайттым, Смағұл Сәдуақасов берген хатты Байділдинге әкеп бердім. Хаттың мазмұнын бұрын да, қазір де білмеймін. Ал Сәдуақасовтың үйінде ме, жоқ басқа жерде ме, өткен жиналыстарға мен қатысқан жоқпын және ондай мәжілісті естігемін де жоқ. Партиядағылар мен партияда жоқтардың бас қосуына қатысқан жиналысым – 1920 жылы өткен Кеңестердің құрылтай сьезі. Ол туралы алғашқы көрсетінділерімнің бірінде жазғанмын».
Бұл Мәлімдеменің жолданған жеріне жетпегені анық. Егер жолдана қалса, онда оның түпнұсқасы істің тігіндісінде сақталмаса керек еді. Дегенмен де төтенше өкілдердің бірінің танысып шыққаны да кәміл. Бұл мәлімдемесін Ә.Ермеков:
«59-бап бойынша, 58-баптың 11 тармағы бойынша өзгертіліп тағылған айыптар тергеу барысындағы анықталған шындықтың негізінде кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет етпегендігіме байланысты алынып тасталуын өтінемін. Ғаббасовтың Семейдегі тәркілеуге қарсы жүргізген әрекетіне менің қатысым бар екендігі туралы Попов жолдастың бопсасы шындыққа сәйкеспейді. Попов жолдас мені айыптаудың формулировкасымен таныстырған жоқ. Бар білгенімді жоғарыдағы көрсетінділерімде айтқамын»,– деген үмітпен аяқтайды.
1930 жылы сәуір айында «Алашордашылардың» алдыңғы легіне үкім шығып, Халел Ғаббасов бесеудің бірі болып атылып кеткен еді. Алайда өлген адамның, дәлірек айтсақ, өздері атып тастаған адамның үстінен де тергеу жүргізуге тергеушілер именбеген. Х.Ғаббасовтың бұл кезде атылып кеткенін Ә.Ермеков білді ме, жоқ па, белгісіз.
Ә.Ермеков: «Ғаббасов үнемі Семей қаласында тұрды. Ғаббасовпен ешқандай байланысым болған емес. 20-жылы Мәскеуде Байтұрсыновпен бірге болғанымды Ғаббасовқа 25-жылы, Валидов қатысқан басмашылар қозғалысы талқандалған соң айтқаным есімде. Валидовтің 20-жылғы көңіл-күйін Смағұл Сәдуақасов пен Ғаббас Тоғжанов бөлісетін еді – дегенді де сол айтты. Алайда ол да, мен де бұған қарсы едік. Ғаббасовтың қандай да бір ұйымға мүше болғанынан хабарсызбын. Ташкентте ұйымның бар екендігін болжап қана білдім. Ғаббасовпен екеуміздің еш байланысымыз жоқ, 25-жылға дейін әр қалада тұрдық, саяси оқиғаларға көзқарасымыз да әр қилы. 20-жылы Колчактың тұсында ол жазғандай мен қырға кеткемін жоқ, Семей қаласында болғамын. Содан кейін партияға өту мәселесі көтерілгенде біздің пікіріміз екіге бөлінді, 20-жылы ол мүлдем қарсы болатын. Содан кейін маған оның қазақ байларының арасындағы рулық тартысқа қатысқаны ұнамады. Біздің іштей араздығымызды білмейтіндер бізді әріптестер деп ойлап қателесіп, оның қасына менің фамилиямды қоса беретін. Мәселенің басын ашу үшін бұған ерекше тоқталдым. Мұның барлығы маған тағылған айыптың жоқтығын дәлелдейді. Нақты бір дерек болса оны жоққа шығару мүмкін емес қой. Пролетариат диктатурасының орнауы, буржуазиялық ұлтшылдық, Қазақстанның өзін-өзі анықтауы, пантүркизм туралы пікірлерімді алдыңғы көрсетінділерде баяндап өттім. Қайталап айтамын идеологиялық қайшылықтарымның, кейбір тактикалық ауытқулардың болғанына қарамастан кеңес өкіметіне қарсы ешқандай ұйымға қатысқан емеспін. Әлімхан Ермеков. 28 қазан, 1931 жыл».
Шындығы сол ма, жоқ, жорта домбытқаны ма, әйтеуір Ә.Ермековтің кеңес өкіметінің саясатын талдай келіп, өзінің бұл платформаны жақтайтын сыңай танытқаны анық байқалады. Мұның соңы «өздерінің қателіктерін мойындаған» әйгілі «Ашық хат» жазуға алып келді.
«19 қараша, 1931 жыл. ОО ПП-нің бөлім бастығы Молохов жолдасқа. Ерекше өкілі Попов жолдасқа
Мен өзімнің ешқандайда контрреволюциялық әрекетке қатыспағанымды тағы да мәлімдеймін. Өзгелердің көрсетіндісіндегі жалған айғақтардың негізінде өзімнің айыпкер екенімді мойындасам, ерекше өкіл Поповтың тілеуін қанағаттандыратын сияқтымын. Өзімді айыпкер санаудан басқа жол қалмаған сияқты. Бұл маған берілген сыбаға іспетті. Мен шындығында да астыртын ұйымға қатыссам, тергеушінің жүгі жеңілдейтіндей көрінеді. Айыбымды мойындау арқылы ғана өзімнің кінәмді жеңілдететін көрінемін. Бірақ та мен, шамамен, мүмкіндігім жеткенше өзгелердің айыптауларын жоққа шығара отырып, тергеу орындарының алдында өзімді ақтап алуға тырысамын. Сондықтан да сіздерден маған тағылған айыппен таныстыруды және мені астыртын ұйымға қатысты деп айғақ берген адамдармен бетпе-бет кездестіруді талап етемін. Идеологиялық қателіктерім мен кейбір шараларға көзқарасымның тұрақсыз болғанына қарамастан, кейінгі он жылдың ішінде Қазақстан еңбекшілерінің ынтымағы мен мүддесі үшін саналы түрде адал қызмет еттім. Алда қанша өмір бар және қанша жұмыс істеймін, оны білмеймін, бірақ жалған айғақтарды мойындап, өзімді сатқын ретінде көрсете алмаймын. Менің ойымша бұл мәселе тергеу барысында толық анықталады және әшкереленеді деп ойлаймын. Контрреволюциялық ұйымға қатысымның жоқтығын және маған қысым жасау арқылы мойындатамыз деген емеуіріннің нәтижесіздігін дәлелдейді. Алдыңғы көрсетінділерімде: менің өткен жылдардағы идеологиялық ауытқуларым – қазіргі социалистік құрылыс жүйесіне ешқандай зиян әкелмегендігін арым мен ожданыма сүйене отырып мәлімдегенмін. Менің өткендегі „Алашорданың контрреволюциялық әрекеттері тұсындағы идеологиялық ұстанымдары социалистік құрылыс қоғамына қарсылық емес, керісінше, консервативтік көзқарас болып табылады…»
Әлімхан Ермековтің тергеудегі қалған жауаптарының барлығы да осы мазмұндас болып келеді. 1931 жылы 17 желтоқсан күні:
«ұтқын Ермековтің өтініші бойынша оның 28/ХІ – күні Өлкелік Комитеттің хатшысы Голщекиннің атына жолдаған өтініші қабылданбады», –деп көрсетілген.
Бұл «Өтініш» кейіннен „Социалды Қазақстан” мен „Казахстанская правда” газетіне басылған Ашық хаттың алғашқы нұсқасы болса керек. Осы шарғының астары туралы қуғын-сүргінде «шыңдалған», жалғандыққа жандары төзбейтін М.Әуезов пен Ә.Ермековтің екі сенімді бауыры Қайым Мұхамедханов пен Жайық Бектұров бізге екі түрлі мазмұнда әңгіме айтып беріп еді. Бірінші әңгіме бойынша, М.Әуезов Қ.Мұхамедхановқа:
«Бізді ашық хат жазуға А.Байтұрсынов көндірді: Сендер жассыңдар. Мүмкіндіктеріңді толық сарқып болған жоқсыңдар. Елге қызмет етіп, біздің ісімізді жалғастырыңдар. Ал біз халықты алдай алмаймыз – деді. Біз сол сөзге көндік»,– депті.
Ал Ж.Бектұров бұл жөніндегі естелігін хатқа түсіріп кетіпті.
Ж.Бектұров: «Сол кезде Қазақстанның сталиншіл көкжендеті, сұмырай Ф.И.Голощекин оқымыстылардан Ә.Ә.Ермековті, жазушылардан М.О.Әуезовті әдейі дұшпан көзі етіп абақтыдан босатып, «Алаштың» көрнекті екі қайраткері өздерінің ұлтшылдық қателіктерін мойындады» деп қулықпен зорлап, ашық хат жаздырған. Бұл хаттарды газеттерде бастырып, жалған насихат үшін пайдаланған. Оны кезінде қуана да, үрейлене де оқыдық. Ол үшін Ахмет Байтұрсыновтың Ә.Ермеков пен М.Әуезов інілеріне өкпелегенін де естідік, өйткені өлсе де, тірілсе де бір топтың адамы. Қиын жолда араларына қыл өтпей, жік, жарықшақ шығармай бірге болуды дұрыс деп санаған ағаларымыз. Иә, кемедегілердің жаны бір деген. Бірақ, үкімет басындағы қулар әр түрлі айла-шарғы жасап, Ә.Ермеков пен М.Әуезовті өз тобынан бөліп алған. Бұл жайттың сырын Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда тұрған кезінде маған былайша түсіндірді:
– Қазақстан басшылары: бізге қатемізді мойындасақ, кеңес құрылысына беріле қызмет етсек, жол ашық, кеңшілік болады, өзімізбен бірге тұтқында қалған өзге іні-ағаларымыз да осы жолға түседі – дегендей емеуірін білдіріп, кәдімгідей қолқа салды. Біз бұған иландық. Кейін осындай жолмен Ахаң, Мағжан, Жүсіпбек, бәрі де босап шығады ғой деп ойладық. Осы ретпен алдымен мен алдауға түстім. Обалы нешік, Мұхтар інім өздеріңіз білетін белгілі хатқа қол қойғысы келмеді. «Әлеке! Түбі бұл үшін тарих алдында сіз өзіңіз жауапты боласыз»,– деп көпке дейін хатқа қол қоюға көнбеді. Мен оған: «Қарағым, не қылса да құрық екеумізге түсіп тұр ғой, сенің орныңа Жүсіпбек Аймауытовты да, Мағжан Жұмабаевті де алуларына болатын еді. Бұл да бір тағдырдың жазғаны шығар. Түбі жақсылығы болар, бас тартпа»,– деп Мұхтарды зорлағандай көндірдім. Бірақ артынша қатты өкіндім»,– депті.
Ол өкініштің себебі өзгеше. Мұны кейіндеу келтіреміз. Жоғарыдағы жауапты растайтын дәлел тергеу ісінің 3-томның 165-бетіндегі:
«ОГПУ-дің Қазақстандағы өкіліне. Ашық хатты баспасөзде жариялауды және көшірмесін БК(б)П Өлкелік Комитетіне және іске тігуді өтінемін. Егерде баспасөзде жариялауды мүмкін деп таппасаңыздар, онда бір данасын үйіме жіберуге рұқсат етіңіздер. Ә.Ермеков. 29/ІҮ-32 жыл.»– деген қолы қойылған хаттан анық байқалады.
Бұл «Ашық хат» 1932 жылғы 4-мамырда БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің хатшысы Ф.И.Голощекин мен Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы О.Исаевқа жолданды. Оның соңына:
«ергеу біткеннен кейін де пәле қуған жауапсыз адамдар тағы да арадай таламас үшін мен бұл мәлімдемені саналы түрде жазып отырмын», – деп ескерткен.
«Ашық хатты» Голщекин мен Исаев оқып шығып, тиісті редакциялаудан өткізгеннен кейін барып:
«Алашорданың басты екі адамы өздерінің де, бұрынғы пікірлестерінің де төңкеріске қарсы болғандығын әшкерелеп, өз кінәларын жууға уәде беріп отыр»,– деген тақырыппен «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1932 жылғы 10 маусым күнгі санында жарияланды.
5.
«Ашық хатта» тергеу ісіне қатысты деректер қамтылғандықтан да мәтінді толық келтіреміз. Басқарманың атынан төмендегідей түсініктеме берілген:
«БАСҚАРМАДАН: төменде төңкеріске жау «Алашорданың» бұрынғы көрнекті басшыларынан болған Ермек ұлы мен Әуез ұлының хаттары басылып отыр, бұл хаттардың тарихи маңызы үлкен. Бұл хаттар «Алашорданың» бұрынғы ірі адамдары Мұхтар мен Әлімханның кеңес үкіметі жаққа қарай бетін түзегендігін көрсетеді. Бұлар хаттарында салт-сана жөніндегі құралдарын бір жола, тегіс тастағандығын, өткендегі төңкеріске жау істерінің бәрін де сөгетіндігін айтып отыр; бұлардың сөздері – ауылдағы байлардың жоғын жоқтап, сойылын соғатын төңкеріске жау, ұлтшыл Алашорда оқығандарының салт-санасы да, ісі де мүлдем күйреп, іріп отырғандығын көрсетеді. Кеңестер одағындағы социалды құрылыстың адам айтқысыз зор табыстары бар, бес жылдық жоспар төрт жылда ойдағыдай орындалғалы отыр; екінші бес жылдықта – тапсыз социалды қоғам орнату бес жылдығында алға қойылып отырған міндеттер жер жүзіндік тарихи маңызы бар зор міндеттер; помещик-буржуазия үкіметін енді қайта орнату талаптарының қай-қайсысы болса да бос үмітсіз талап екендігіне жаңағы айтылған табыстар толық айғақ бола алады.
Партия мен кеңес үкіметінің Қазақстандағы табыстары да адам айтқысыз зор. Лениншіл ұлт саясатының дұрыстап жүргізілуі арқасында Одақ пролетариатының көмегі мен Қазақстан артта қалған мешеу өлкеден – ауыл шарушылығы басымырақ индустриялы, социализм орнатушы өлкеге айналды. Осы табыстар буржуазияшыл ұлтшыл оқығандардың ішіндегі аса адал ниет, бейілі түзулеріне бұрынғы идея-саяси бағыттарының теріс екендіктерін, олары мұратқа жеткізбейтінін сездіріп отыр; ескі ұлтшыл, төңкеріске жау жаңа интервенция жолдарынан қайта бастауларына себепші болып отыр. Ермек ұлы мен Әуез ұлы хаттарында салт-сана жөніндегі қаруларын тастағандығын айтып отыр; пролетариат төңкерісі мен қазақ еңбекшілері алдында істеген ауыр қылмыстарын жууға дайын екендіктерін айтып отыр; бұл үшін «төңкеріс ісіне адал қызмет етемін» (Әуез ұлы) деп отыр.
Шоқаевшылардың, интервенцияшылдардың, ұлтшылдардың Қазақстан «кері кетіп барады», «Қазақстан сықылды бұрын патша отары болған елдердің алдыңғы қатарлы социалды республика болуы мүмкін емес»,– деген шатпақтарының бәрі де төңкеріске қарсы екенін, мейлінше өтірік, ешбір негізі жоқ, шірік, сасық өсек екенін Ермек ұлы мен Әуез ұлының жаңағы сөздері тағы да дәлелдеп отыр.
Ермек ұлы мен Әуез ұлының мәлімдемелерінде ұшырайтын қайбір ашық айтылған жерлерін қазір талдап, тексеруді былай қоя тұрғанда, басқарманың айтатыны: бұлардың, мәлімдемелері, олардың адал ниетті, бейілі түзулігін Қазақстандағы социалды құрылысқа белсене қатысуларымен көрсетулері керектігін айтады».
«Ашық хатта» Ә.Ермеков өзінің тергеушілерге берген жауаптарындағы пікірлерін жүйелей пайымдаған. Сондай-ақ қысқартылып, қосылған абзацтар мен сөздер де кездеседі. Біз қалың көпшіліктің назарына ілінген газеттің мәтініне жүгіндік.
«Ермек ұлы Әлімханның хаты
Біздің уақытымыз тарихи ұлы өткел дәуірі. Бұл өткелдің бір жағы – адам баласын соншалық көп азап, қорлық, әдепсіздік қинауына салған капиталдық құрылыстың дүниесі. Ол құлап шіріп, тозып келе жатқан дүние. Өткелдің екінші жағы – социализм мен ортақшылдықтың іргесіне құрылған жаңа, жарық өмір. Сол өмірдің жарқын дүниесі. Бұның адам баласына әкеле жатқан игілігі – шын теңдік, ұлы мақсат: тап, ұлт, езуші-езілуші дегендерді жоқ қылып, бар адам баласын теңдік пен білім, мәдениет табысының барлық жемістерінен толық пайдаланатын(дығы).
Осындай болумен қатар қазіргі дәуір – тап тартысының ерекше күшейген дәуірі болып отыр. Бұрын қарсылық жүргізген, бүгінде өлеріне, өшеріне жеткен тап қазір бар күшін, бар айласын жұмсап, не қылса да өзінің бұрынғы үстемдік халін сақтап қалуға тырысады.
Сол себепті, осындай тәрізді ұлы өткел дәуірінде тап тартысының жалыны өрлеп тұрған кезде – әрбір қоғам қызметшілерінің саяси қателері өте жауапты, өте ауыр қателер болып шығуға керек.
Ол қателердің залалын, салмағын өте ауырлататын, сол тап тартысының қызып тұрғандығы. Және мұндай уақытта ол қатені, сенің өзіңнің ойыңда болмаған бағыт пен жолға пайдаланып, керегіне жаратып кететіні де бар. Олар, төңкерісшіл пролетариаттың асқындап өрлеп келе жатқан күштеріне жаулық ниет ойлап, алысып келе жатқан заттар болады.
Міне, осы себепті, әрбір адалмын деген қоғам қызметшілері, қоғам тартысының әр дәуірінде, өзінің қызметі қандайлық болғанын толық тексеріп, сынап отыру қажет. Егер ол еңбекші табымен төңкерістің жауы боламын десе, өзі басып өткен жолдың мазмұны мен тәжірбиесін тесіле қарап, қатты сынауға тиіс.
Мен Қазақстандағы өзім істеген саяси істің тұсында бірқатар ірі қателіктер істеген едім. Қазір де өзімнің сол бұрынғы қызметімді шынымен нық тексеріп келіп айтпақ болған сөзім бар. Бұл сөзді айтуға хақым ғана бар демеймін. Айтуға өзімді міндеттімін деп санаймын.
Менің саяси бағытым, бұрын патша заманында езілген елдің баласы болған соң, әрқашан өзге мәселенің бәрінен бұрын ұлт жайын ерекше қып жоғары ұстап, соны қалыптап асыра, көтере бағалау да болған. Оны туғызған патшаның отаршылдық саясаты. Қазақ жерін Ресей алпауыттарына жағынамын деп отаршылдыққа аяусыз тартып әпере беруі болған. Ұлт мектептерін тыйып, шаруа күшін де жауша қанауы болған.
Кеңес өкіметіне деген көзқарасым негізгі түрінде 1920 жылы шешілген еді. Сонда мен екі жолдың торабына келіп тіреліп ем: біреуі капиталшылдық жолы. Оны қостасам – жиянгершіліктің қожалығын сүймекпін, олай болса отар, жарым отарды сол күйлерінде қалдырып, артта қалған елдердің бұдан әрі де құл бола беруін қоштамақпын. Немесе социализмді қостап, артта қалған отар елдерін құлдықтан, қорлықтан арылтатын досы – осы екенін тануыма керек болған-ды, оның үстіне Колчак қожалығын көріп шыққан соң анық көзім жеткені – тартыстың түбін шешетін төңкеріс кезіндегі екі күштің біреуі болатын болды. Мұның бірі – пролетариат, екіншісі – байлар табы, сондықтан не пролетариат қожалығын, не байлар қожалығын таңдау керек болды.
Сонда Кеңес үкіметінің бетін қостап, соның жағына шығуымның алды осымен шешілген-ді.
Бірақ, мен қалыптанған марксшіл болмағандықтан, ұлттықтың тап көлемі деген дерттен арыла алмадым. Сол себепті қоғамдық қалыптардың өсуіндегі негізгі-негізгі бағыт тап тартысының бағыты болса, соны көрудің орнына, менің жолымда көбінесе ұлттық жайлар көлденеңдеп, анаған сол бөгеу болып отырды. Артта қалған елдердің алдағы елдер пролетариатымен одақтасуын негізгі бағыт есебінде қабылдап отырсам да – сол артта қалған елдердің өзарасында тап тартысының қоса болуы да шарт, қажет екенін ойламадым.
Менің салт-сана жолындағы қателесуімінің тамырлары осы жерде болды. Осыдан барып күдікшілдік, ырғалғыштық туды. Партия мен үкіметтің Қазақстанда жүргізген бірқатар ірі істеріне теріс қарағандықтан болды. Мысалы, ірі байларды кәмпескелеу, пішендік пен егістікті қайта үлестіру, жер мәселесін түгелімен интернационалдық, таптық жолмен шешу сияқты ірі мәселенің көбіне көзқарасым дұрыс болмады. Ал партия мен үкіметтің бұл істері ерекше артта қалған жарым алпауыттың қолындағы қазақ ауылын социалды рекөністірексеге (реконструкция – Т.Ж.) дайындау алдында қажет болған шаралар, шарттар еді.
Жасырып қажет емес, саяси қызметшілердің салт-сана жолындағы қатесі сіңісті дерт сияқты күйге айналса – оның арты саяси қылмыстарға әкелмей қоймайды. Қожалық тартыста олар шығатын арналар табылмай тұрмайды. Мысалы, Қазақстандағы үлкен түйіннің бірі – жер мәселесін шешу болса, ол және айқын ұлттық мәселе болса, сонда менің ұлтшылдығым осы мәселені шешу тұсындағы менің бағытыма айқын әсер етті.
1925 жылы Қазақстанның Госпланының комиссияларының істеріне қатынасып жүріп, Қазақстанда жерге орналастырудың мөлшерлі жоспарын жасағанда мен тап жағына қарамай, ұлттық белгісіне ғана қарап, ең алдымен қазақ халқын жерге орналастыру керек деген пікірді жүргіздім. Және қазақ халқы түгел орналасып болғанша Қазақстанда басқа қоныстандырылушылар келмесін деген бетте болдым. Мәселені бұлай қою, жерге орналастыру ісін(ің) таптық мазмұнын жайдақтатумен бірге, бұрыннан келе жатқан ұлттар арасын(ың) қажасуын да ықтиярсыз тереңдеткен болар еді.
Қазақстанда партия мен үкіметтің жүргізген қоғамдық-шаруашылық шарасының бір жолы – ірі байларды кәмпескелеу болса, оған менің көзқарасым Әлихан Бөкейханұлына жазғандарымнан көрінеді. Ол хатта мен бұл істің артын өте көтеріп, теріс бағаладым. Бұндай іс шаруаға үлкен зәбір келтіреді, ел шаруасының іргесі шайқалып, шөгіп қалады дегем. Бұл ұлтшылдық, байшылдық салт-санасының даусыз айқын белгісі еді.
Мен Бөкейханұлын осы мәселеде ұлтшылдық бағыты үшін алысуға (күресуге – Т.Ж.) үндеп, одақтың орталық ордасының алдына апарып осы мәселені қою керек деп үндедім. Мұным – өзімнің ұлтшылдық бағытымды (ұстанып), аймақтық басқарушы орындардың жолына қарсы тұру ісі еді.
Осы жөніндегі тағы бір ерекше ескерерлік нәрсе, менің 1927-1928 жылдарда Семейде болған асыра сілтеушілерді бір жақты қарап, ұлғайта сілтеуім де болды. Солай сөйлеу өзге ұлтшылдардың арасындағы өзара сөздерімде де және қазақтан шыққан ұйымсыз, сауатты қызметшілермен сөйлесулерімде де болды.
Ұлтшылдық қозғалысының мазмұны пролетариат қожалығы жүріп тұрған мемлекетте, тап тартысы күшейіп тұрған уақытта – төңкеріс жауының жолы болмай тұра алмады. Өткен уақыттағы біздің «Алашорда» жолындағы ұлтшылдық қозғалысымыз сол жаңағы айтқан төңкеріс жауының жолы болған. Мен сол «Алашорданың» ісіне толық араласқан кісімін. Кейіннен Кеңес үкіметіне қарсы арналған төңкеріс жаулығы сияқты саяси қимылдардың барлығына қаншалық сақ болып, қарсы болмақ болсам да, сонымды нық ұстамадым. Ұлтшылдық дерті болып, тапшылдық көзқарастың қырағылығы болмағандықтан, шынында оны болмады дегенім жаңылыс, себебі менің ұлтшылдығым да барлық өзгелердікіндей, негізінде айқын, тапшыл, ұлтшылдық болған. Ол ауылдағы жарым алпауыт пен байлардың тілеуіне бейім ұлтшылдық болғанымен, Кеңес үкіметіне қарсы болған таптардан өз бойымды аулақтап алмадым. Төңкеріске жаулық ойлап шыққан Заки Валидов тобының ісіне қарсы мен ашық күреске шығуым керек еді. Оның орнына мен солардың төңкеріске жаулық қылған ісіне өзім де жанасқан кісі болып шықтым. 1920-жыл Мәскеуде сонымен кездескен жайымды түгел баяндамай-ақ, сондағы бір ерекше жайды айтайын. Ол Валидовтың ниетімен қарсы екендігімді айқын қып сол жерде айтып берсем де, сөйлесуімінің өзін құпия әңгіме түрінде жасадым.
1920 жылда Заки Валидовтың төңкеріске жаулық ойы мен мақсұттарының бар екенін мен біліп едім. Кеңестік Ресейдің саясатына ырза болмай, «Шығыстың езілген елдеріне» шығамын, сонымен оларды біріктіріп, жекелік аламыз деген ниеті бар (болды).
Мен құпиялық түрі бар жиналыста болдым. Бірақ Қазақстанды тағы бір жаңа ауыртпалыққа салуға ырза емес екендігімді айтсам да, сол жерде Валидовтен асып айқын бой тартып кетпедім.
Сонымен өзімнің басымнан өткен тәжірбиеге қарап толық дәлелмен айтатыным, 1920 жылдың өзінде-ақ артта қалған елдерге ең дұрыс жол – социалистік жол мен кеңес жолы екенін негізінде қабылдап алсам да, мен қателестім. Оның себебі кімде-кім ұлт мәселесін таптық, интернационалдық қозғалыспен қоспай және ұлт мәселесіне бағындырмай ұстаймын десе – ол адам еріксіз ұлтшылдықтың құрбаны болады.
Тағы бір үлкен адасуым – артта қалған елдердің арасындағы төңкеріс – «шаруа қорын жалдамай болатын» төңкеріс болуы керек», – деп түсінуім де болған.
Мен студенттік жылдарымда Ядринцевтің, Потаниннің, Шаповтардың (Сібір – отарланған ел ретінде) пікірлері бойынша тәрбиеленген едім. Бұлар сияқты басқа да Сібірдің төңкерісшіл жазушылары артта қалған елдердің тағдырына жаны ашып, көңіл бөліп, мұндай елдің барлығы капиталдық құрылыс бағытында болатын шаруа тұрмысындағы, салтындағы тығыз өзгеріске шыдамайды, көтере алмайды деуші еді. Сол бетпен мен социалды рекөнстірексие дәуіріндегі шаруашылық өзгерістеріне үлкен қобалжумен, аса қорқумен қарап келдім. Анығында бұным мағынасызшылдың баққаны сияқты еді. Мұнымның негізгі себебі, шынында менің таптық, ұлтшылдық салт-санамда болуға тиіс. Егер төңкеріс жайынан шын сөйлейтін болсам, езілгендердің бостандығын шын тілесек, капиталдық құрылыстың қалдығын шын жоямыз десек, онда қатты қимылдағанда, құрбандықтан да қорықпайтын болуымызға керек. Және бұл құрбандық негізінде жарым алпауыттар мен байлардың көретін құрбандығы екенін еске алсақ, онда ондай құрбандықтарды жолды (заңды – Т.Ж.) деу ғана керек емес, тіпті қажет деп білу керек.
Бұл күнде мен бұрынғы қауіп, күдігімнің бәрінің орынсыз болғанын көріп отырмын. Қазір біздің көз алдымызға одақтың пролетариатының ұйымдасқан күші бірігіп келіп, сол жеңгізбей келген сақарада өндірістің ұлы дүкендерін орнатып отыр. Ол дүкендер техниканың ең жаңа табысы бойынша құрылған, сол далаларда шойын жол құрылысы, машина-трактор, машина-пішендік стансалары, совхоз, колхоз құрылып отыр. Бұлардың бәрінде үлкен мәшинелер, үлкен жабдықтар орнап отыр. Және коллектив негізіне құрып, жоспармен отырықшыландыру ісі жүріп жатыр. Бұларға одақтық бюджеттен мол қаражаттар беріліп, пұлдай, (қаражатпен – Т.Ж.) техникелері жәрдем істетіп отыр.
Қысқасы, Лениннің: «Артта қалған елдер алдағы елдің пролетариатының көмегімен капиталдық дәуірді аттап өтіп, социалды дәуірге жетеді»,– деген данышпандық сөзі іске асып отыр. Осындайлық жалпы жайды, Қазақстанда Лениннің ұлт саясатын қолдану арқылы табылған табысты, ешнәрсе жоя алмайды, кеміте алмайды. Бұл ретте бай-кулактың жаулық пен өз шаруаларын шашып жоюы да және партия жолын қисайтып, Қазақстанның мал шаруасы жөнінде теріс тәжірбиеге ауысып істеген жергілікті орындардың қатесі де және де осы себептен онан соңғы жылдардың егін шығуы нашар болғандық себебінен туып отырған кейбір аудандардағы азық-түлік қиыншылығы да жаңағы ұлы табыс, ұлы құрылыстың қалпын бұза алмайды, маңызын түсіре алмайды.
Осы айтылған тұрғылардан қарағанда менің бұрынғы қорқынышым, қаупім, үркуім, пролетариаттың күшіне сенбегендік болып шықты. Ал пролетариат күші бұл күнде шын ғажайып іс істеп шығып отыр.
Өзімнің салт-санадағы қаталарым мен, соның негізгі істері тұсында болған әсерлерін түгел толық мойныма алғандықтан, енді «Социалды Қазақстан» басқармасынан менің осы сөздерімді басуды сұраймын. Мақсатым: шын толық күйде кеңес жұртшылығының алдында өзімнің ендігі көзқарасымды білдіру. Сол жұртшылық бұрын менің ұлтшылдық салт-санамның төңкеріске жаулық мазмұнын ашқан еді. Қазір мен өзімнің бұрынғы ісімді қатты күйде кінәлап, салт-сана жолындағы бұрынғы құралымды тастап, ендігі саяси бағытымды анықтап отырмын.
Мен қазір өзіме осы күнде Қазақстандағы социалистік құрылыс жолында қызмет етуді ең ардақты, ең міндетті іс деп санаймын. Қазақстан ертедегі тарихи себептермен артта қалған жер, бұл мен туып-өскен жер, сондықтан бұның өсіп келе жатқан социалистік құрылысының майданында адал қызмет ету менің ендігі борышым. Міне, бұл жолда жандандыратын сенім – біздің қазіргі тарихи дәуірімізде бірінші рет шын, еркін адам жолының іргесі қаланып келеді деген сенім болады.
Осындай дүние тарихының түйіні шешіліп, шын қоғамдық әділдік жолымен елдердің тағдыры, барлық адам баласының (тағдыры) шешіліп келе жатқанда және қызуы асқан тап тартысының негізімен шешіліп келе жатқанда, өзіңе қай түрдегі болса да мещандық тыныштық пен жайлылықты іздеп, әлі-ақ өтіп кететін қиыншылықтан қорғанып, тайқып шығуды – енді бұрынғы салт-сана, күнделік іс жөнінде істелген қателерімнен артық ұятты қылмыс деп санаймын. Оның орнына жақын заманда, таптық қауымның жасалуы мүмкін болып отырғанда және 17-ші партконференцияның қаулысы бойынша 2-бесжылдықта социализмнің толық жүзеге шығуы мүмкін боп отырғанда, тапсырылған жұмыстың әрбір кезеңінде табан таймай тартысудың сенімі, үміті артпақ. Ол табыстағы басшы – тап-тартысында шыныққан социалдық құрылыстың алдыңғы әтіреті, Қазақстанның Өлкелік партия комитеті».
Осы «Ашық хаттың» мәтіні Голошеки мен Исаевтің қолына тиісімен Ә.Ермеков пен М.Әуезовті түрмеден шығару туралы шешім қабылданған сияқты. Мамыр айының ортасында олар еркіндікке босатылды. Социализмнің осындай «қарқынды жасампаздық жеңісін» күмәнсіз мойындап шыққан екі дегдарды сырттағы өмірде мүлдем басқа нәубет, халықтық қасірет күтіп тұрды. Ә.Ермековтің «Хатындағы»:
«Қазақстанда Лениннің ұлт саясатын қолдану арқылы табылған табысты, ешнәрсе жоя алмайды, кеміте алмайды. Бұл ретте бай-кулактың жаулық пен өз шаруаларын шашып жоюы да және партия жолын қисайтып, Қазақстанның мал шаруасы жөнінде теріс тәжірбиеге ауысып істеген жергілікті орындардың қатесі де және де осы себептен онан соңғы жылдардың егін шығуы нашар болғандық себебінен туып отырған кейбір аудандардағы азық-түлік қиыншылығы да жаңағы ұлы табыс, ұлы құрылыстың қалпын бұза алмайды, маңызын түсіре алмайды»,– деген «жұбаныш сөзінің» кәдімгі кеңес өкіметіне тән көзбояушылық екеніне көзі жетіп, «қатты өкінеді».
Ол өзінің «Ашық хат» жазғанына өкінуінің себебін Ж.Бектұровқа:
«…Артынша қатты өкіндім. Неге дейсіз ғой? Түрмеден дәл шығар алдында ОГПУ бастығы мені кабинетіне шақырып алып: «Ал енді сіздерді босатамыз, тек ел ішінде әлі де қиыншылық бар, ашаршылық әлі тоқтай қойған жоқ, абақтыдан шыға салып үркіп, шошып жүрмеңіздер»,– деп ескертті. Мен бұл сөзді естіп, оған ойынды-шынды: «Онда біз әуелден-ақ, сірә, қателеспеген екенбіз ғой»,– дедім. Сонда ОГПУ бастығы қанын ішіне тартып, сұрланып: «Біз де қателеспеппіз ғой, қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды деуші еді, сол рас екен»,– демесі бар ма. Мен жарылып кете жаздадым. Не керек, болар іс болып, хатқа қол қойылып қойды»,– деп айтып беріпті.
Тура осындай өкінішті күйді Сәкен Сейфуллин де басынан кешіпті. Ақынның досы Абдолла Асылбеков өзінің 1937 жылы 31-шілде күні тергеушіге берген жауабында:
«Сейфуллинмен 1934 жылы кездескенімде ол: «Кеңес өкіметіне қарсы күресті дәл қазірден бастау қажет. Тек көнтақы шенеунік қана безеріп отыра алады, ал әрбір саналы адам бұған көніп, қол қусырып отыра алмайды. Бұрын қандай топтың мүшесі болғанына қарамастан, кім өзін қазақ халқының нағыз ұлымын деп санайды, солардың барлығы да кеңес өкіметіне қарсы күресте бірігуі тиіс. Сен екеуміз, Асылбеков жолдас, алашордашылардың кез-келгені екеуімізге: халық үшін деп кеңірдектесіп едіңдер, сол халқың қырылып жатыр-ғой десе, не дейміз?,– деп маған сұрақ қойды»,– деген (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 145-146 бет) мәлімет береді.
Бұрын зиялы қауымның арасында: «Тар жол, тайғақ кешуде» алашордашыларды кекетіп жазғанына өкініп, бұрынғы райынан қайтып, оны қайта өңдепті. Кеңес өкіметі туралы пікірі өзгеріпті»,– делінетін пікір айтылып жүргенімен, нақты дәлел жоқ болатын. Өзінің қанды көйлек досы А.Асылбековке: «Алаш азаматтарына не бетімізді айтамыз?»,– деген мағынадағы жоғарыдағы сөзі С.Сейфуллиннің жандүниесінде үлкен өзгерістер болғанын растайды.
6.
Енді өкінді не, өкінбеді не, бәрібір екі жарым миллион қазақ аштан қырылып үлгеріп еді. Оған алысқа бармай-ақ түрменің алдына шыққанда көз жеткізуге болатын. Алматының түрмесінің алдында қырылған өліктерді тұтқындарға жинатып, қазіргі Сайран көлінің жарқабағының астына апарып көмдірген. Ол туралы сол мезгілде осы түрмеде жатқан біздің әкеміздің әңгімесі «Өзі де – ақ, жазғаны да – ақ» атты таруда берілген болатын.
Бұл құрбандардың әруағы алдында алаш ардагерлерінің ары таза.
«Ашық хаттың» нәтижесінде Ә.Ермеков шартты түрде сотталып, кешірімге ие болды. Алайда ол үнемі бақылау астында өмір сүрді.
Әдеби өмірге еш қатысы болмаса, да оны қазақтың ендігі бас идеологі – рухани көсемі деп санап, әр қадамын аңдып, тиісті ақпар жиып отырды. ОГПУ-дің Қазақстандағы саяси бөлімінің бастығы Миронов пен орынбасары Павловтың 1933 жылы 11-қыркүйек күні Мирзоянға құпия жолданған әдебиет майданындағы ұлтшылдық сарын туралы есепті баянхатында:
«Орыс әскери отарлаушыларының Орта Азияға басып кіруіне – татар моллаларының қыр елін жаулап алуына ырық берді, олар қазақ жеріне әр түрлі сенімхатпен келген дүкеншілермен, орыс көпестерінің шеркеттерімен тікелей байланыста болды. Молланың атын жамылып келген Орынбор, Қазан, Уфа медіреселерінің шәкірттері православиелік миссионерлікке қарсы қару ретінде қазақ даласына панисламизм идеясын сіңірген алғашқы мұджаһиттер болып табылады. Олар «Мұсылманның шынайы бауырластығы» дегенді ұран ете отырып, артта қалған қазақ елін қанады. ХХ ғасырдың басында қажыға барар жолдағы Түркия арқылы және Бұқара мен Хиуа, тағы да басқа Орта Азиядағы сауда орталықтары арқылы барлық түркі тілдес халықтардың бірігуі туралы ұран тастады. Оған қазақ халқы да қосылды.
Әсіресе, 1905 жылғы революция тұсында, жаңа дыбысты әліппеге көшу – жәдидтік оқу жүйесіне ауысу қарсаңында пантүркизм қозғалысы ерекше жанданды. Жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары мектептердің төңірегіне топтасты. Буржуазиялық-ұлтшыл топ өздерінің қатарын көбейту үшін сол кезде саны біршама молайып қалған мектеп шәкірттерін ықпалына алды. Жәдидтік мектептен өткен, татарлардың жоғары оқу медреселерін бітірген бұл шәкірттер қазақтардың алғашқы буржуазиялық-ұлттық интеллигенциясының шоғырын құрады.
Бұл қозғалыс 1917 жылғы төңкеріс тұсында, буржуазиялық-ұлтшыл «Алаш» партиясы құрылған кезде өзінің шарықтау шегіне жетті. Қазақстанның буржуазиялық-ұлтшыл қозғалысының қозғаушы күші әдебиетте, буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар мен ақындардың: Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Ғұмар Қарашевтің, Мағжан Жұмабаевтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Бернияз Күлеевтің, Мұхтар Әуезовтің т.б. шығармаларында көрініс тапты. Аталған негізгі жазушылар қазақ төңкерісін қабылдамады, «Алаш» партиясының құрамында кеңес өкіметіне қарсы белсенді түрде күресті. «Алашорда» ұйымы талқандалған соң кеңес өкіметімен күрес тәсілін өзгерте отырып, мәдениет майданын өз қолдарында ұстауға тырысып, өздерінің оқу құралдары, дәрістері, әдеби еңбектері арқылы жастар тәрбиесіне идеологиялық ықпал жасауға ұмтылды.
Мысалы, қазіргі қазақ көркем әдебиетіндегі мына бағытты атап өтуге болады: олар – кеңестік жастардың аз бөлігіне әсер етіп отырған алашордашылардың қалдығы мен алашшылдар және ұлтшылдар тобы.
Ашықтан ашық алашордашылардың біріне және олармен байланысы барлардың қатарына ең бірінші Әлімхан Ермековті жатқызуға болады. 1) Ермеков Әлімхан – «Алашорданың» ірі қайраткері. Қазақ ұлтының болашағы туралы жекелеген әңгімелесу кезінде айтқан Ермековтің пікірлері ерекше назарға аларлықтай, ол Ермековтің өзінің пантүркістік көзқарасын ғана білдіріп қоймайды, сонымен қатар бұл идеяның ұлттық интеллигенция арасында кеңінен тарап отырғандығын және сол топқа жататын жазушылардың шығармаларынан көрініс беріп отырғанын аңғаруға болады.
Ермеков ең көреген ұлтшылдар мен алашордашылардың алысты көздеген бағдарламаларын кеңейте талдайды. «Алашорданың» талқандалуының басты себебі, Ермековтің айтуы бойынша, марксизмге қарсы қоятындай теориясының болмағандығы екен. Бөкейханов бұл тұрғыдан алғанда, «қазақ халқының өзіндік ерекшелігі» дегеннен басқа ештеңе ұсына алмапты. Ермековтің айтуынша, шаруашылықты басқарудағы революциялық шаралардың есепке алынбауы «Алашорданың» құлауына әкеп соғыпты. Ермековтің тұжырымдамасы оның өзінің баяндауынша: «Қазір кеңес өкіметі шаруашылығының орнығуын барынша қолдап, өзіміздің жас мамандарымызды, өзіміздің интеллигенциямызды жан-жақты дайындай отырып, екінші бесжылдықтың аяқталуын күту қажет, сөйтіп СССР-дегі таптық күрестің босаңсуына мүмкіндік бере отырып, сонымен қатар Түркиямен байланысты нығайтып, оның ұлы держава болуына уақыт беру керек»,– екен.
Сонда, ұлттық (ұлттық) дәстүрде тәрбиеленген, сонымен қатар еуропалық мәдениетті меңгерген, басқару қызметінде отырған техниканы, индустрияны қолында ұстайтын интеллигенцияға, көзі ашық бұқараға ие болсақ, онда олар «Ұлы түрік елінің» туы астында бірігуге ұмтылады»,– деп мағлұмат берді.
Мұндағы тағылған айып пен айтылған сөздерге идеологиялық-саяси астар беріп, «ұлы түрікшілдік» аңсарға әкеп теліп отырғаны болмаса, бәрі де шындық. Шындық болғанда да, кез-келген ұлттың алдына қойған саналы мақсаты, сара жолы. Қай ұлт парасатты интеллигенцияға зәру емес? Соған қарағанда ерекше бөлімнің тергеушілері үшін қазақ халқының құрықтан құтылуы, өркениетке ұмтылуы, қылмыс болып саналатын сияқты.
Ақиқат та содан қашық емес болатын.
«Ашық хат» пен кешірімнен соң да Әлімхан Ермеков қуғын-сүргіннен құтыла алмады. Тіршіліктің жалына жармасқан бір кездегі «жанартаудай көтеріліп-басылған жігіттің» көрер азабы мен татар қызығы алда болатын. Сол қызық пен азапты пікірлессіз, дос-жарансыз жалғыз басынан кешті. Өйткені «тәубә қылып шыққан Әлімхан мен Мұхтар екеуі» (А.Байтұрсынов) қалған өмірін бір-бірінен саяқ жүріп өткізді. Оған не себеп болды? Нақты дәп басып айту қиын. Мұхтар Әуезов өзін «Ашық хат» жазуға көндіріп, соның нәтижесінде өмірдің де, атақ пен даңқтың да қызығын көруге бұйыртқаны үшін Ә.Ермековке өкпе артып, көңіл сызы ретінде ұзақ сақтауы, орынды ма демей-ақ қояйық, соның өзі мүмкін бе еді? Қайдам. Ал бұл екі аралықта Ә.Ермеков – 1938 және 1948 жылдары он жылға екі рет кесіліп, түрме есігін ашты. Олардың 1932-1938 және 1955-1961 жылдары аралығында тығыз араласып кетпесе де, оқшау пікір алмасуға мүмкіндіктері болды. Бірақ өзара тілдеспеген. Бүтіндей ақталып шыққан «мемлекеттік жылымық» тұсынан кейін де Мұхтар Қарағандыға келіп жүріп Әлімханмен жүз көрісуді қаламаған сыңайлы. Неге? Түсініксіз. Жайық Бектұров бұл туралы өзінің естелігінде:
«Ә.Ермеков бұл өкінішті сөзін М.Әуезовті мақтағысы келгендіктен айтқан жоқ. Ертедегісін кім білсін, Мұхаң әйгілі жазушы атанып, Әлекең көп жыл түрме, лагерь азабын тартып елге қартайып, денсаулығынан айрылып кайтқаннан кейін де бір-бірімен ешқандай қарым-қатынас жасаған жоқ. Аралары мүлдем суып кетті. Әлекең Мұхаңа іштей өкпелі болып та жүрді, сөйте тұрса да жаратылысынан шыншыл, әділет жолынан таймайтын ол ауызекі естеліктерінде ғұлама інісінің 1932 жылғы абақтыдан шығардағы кісілігін, ерлігін, азаматтығын ешбір көлеңкесіз айтып еді. Қанша өкінгенімен, М.Әуезовтің сол кезде тар қапастан шығып, үйірге қосылғаны қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін зор мәртебе болды. „Абай жолы” романы содан кейін өмірге келді. Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда, менің үйімде Сәбит Мұқановпен ашық әңгімелескенде, жоғарыдағы пікірді айтты. Тіпті, атақты жазушыға Ахметті, Жүсіпбекті, Мағжанды, Міржақыпты неге іздемейсіздер деген өкпесін де сездірді. Алпысыншы жылдары оларды жоқтай қоятын ресми адамдар аз еді»,– деп жазды.
Өтірікке жаны жат Жайық жайсаңның бұл емеуірінінен ұлылардың психологиялық бопсасымен қоса инсандық иірімдер де тұспал танытады. Оған тереңдеп баруды, біз таңдап алған әфсана жанры көтермейді. Сондықтан да Әлімхан Ермековтің өзі тікелей Жайық Бектұровқа өсиет ете қалдырған:
«Ахмет Байтұрсынов Архангельскіде айдауда жүреді, ешкім ешқандай жұмысқа алмайды. Өмір сүруі қиын соғады. Жас кезінде училищеде оқығанда әр түрлі қол өнерін үйренген екен, содан қасық, ожау, ойыншық жасап, базар маңында басына күрке тігіп жатып, өлер-өлмес күн көреді. Ахаң осы бір ауыр жағдайын айтып, Мәскеуде тұратын Ә.Бөкейхановқа хат жазады. Аяулы Әлихан Нұрмұхамедұлы қызыл крест қоғамына барады. М. Горькийдің жұбайы М.Ф.Андрееваға (дұрысы – Е.П.Пешкова – Т.Ж.) арыз айтады. Сөйтіп, Архангельскіге жетпіс доллар жіберіп, Ахаңа көмектеседі. Ақыры оны айдаудан босаттырып алады. Ахаң әуелде атылуға кесілсе де, он жылға айыпталып, мерзімінен бұрын елге қайтады. Қайтып келгенде ол Ә. Бөкейхановқа бір қолжазбасын береді. ,,Бұл менің айдауда жүргенде жазған күнделіктерім. Сірә, бұрынғы еңбектерімнен құнды болуы керек, осының бір данасын сіз бірдеңе етіп бір жерге сақтаңыз. Бір данасын әйелімнің көрпесінің астарына тіктіріп қойдым”,– депті.
Ә. Ермеков көрпені „Стеганные одеяла” деп орысша айтты. Мен мұны өзімше „қабымалы көрпе” деп қазақшаладым. Әлімхан Әбеуұлы әңгімесін жалғастырып:
„Көрпенің астарына тіккен қолжазба жоғалды ғой, ол көрпе түгілі, Ахаңның қазақ болып кеткен орыс әйелінің де қайда ұшты-күйлі болғаны белгісіз. Ал ана Әлихан ағасына табыс еткен қолжазбасын мұқият іздесеңіздер табасыздар. Ол Ахаңның аманатын белгілі шығыстанушы ғалым, академик Сергей Федорович Ольденбургке (1863-1934) табыс етті. Ольденбург ірі ғалым. Ол түркі тілдес елдердің тарихын, әдебиетін, фольклорын, мифологиясын жетік білген адам. Көп уақыт Ресей және Кеңес Одағы Ғылым академиясын басқарған ірі оқымысты. Ондай кісінің архиві жоғалмайды, мұқият сақталады,– деді.
Сірә, Ахаң өзінің бұл қолжазбасын Ә.Бөкейхановқа Архангельскіден елге қайтпай тұрғанда жеткізсе керек. Біздің қазіргі тарихшыларымыз, әдебиетшілеріміз іздестірсе, Ахаңның бүгінгі ұрпақ білмейтін бір еңбегін тауып та қалар еді деген ойымыз бар. Осыны ғалымдарымызға, жазушыларымызға сүйінші сұрағандай әдейі құлаққағыс етіп отырмыз»,– деген естелігімен «көтеріліп-басылған жанартаудай» қайратты рух иесі туралы әфсанамызды аяқтаймыз.
Алаш идеясының ту ұстаушысы Әлімхан Ермеков он бес жылдай тіршіліктің ризығын татып барып, математика профессоры ретінде дәріс оқып, үйлі-баранды боп, 1970 жылы Қарағанды қаласында дүниеден қайтты.