Қазақ əдебиетінің қазіргі дəуірі

Қазақ əдебиетінің қазіргі дəуірі
(басы 2-3 санында)
Бұл күнге шейін қазақтың жазба əдебиеті жайынан сөз жазушылардың көбі біздің жазба əдебиетіміздің басы Абайдан басталады деп есептейді. Бұл пікір суретті (худож.литература) ретінде қарағанда, дұрыс болса да, əдебиет тарихының ретімен қарасақ, үлкен адасқандық болады.
Қазақта жазба əдебиет Абайдан көп бұрын басталған. Бұл есепке көбінесе дін мақсатымен жазылған қиссаларды кіргізбесек те, айтыс өлеңдерін кіргізбеуге болмайды.
Наурызбай мен Тілеуқабақтың қызының айтысуы, Біржан мен Сараның айтысуы, бір жағынан ауызша əдебиетке кірсе, бір жағынан жартылап келіп жазба əдебиетке кіреді.
Тегінде, Қазақстандағы айтыс өлеңдер өзге жұрттың əдебиетінде кез келмейтін біздің əдебиеттің байлығына дəлел болған айрықша бір түрі.
Айтыс өлеңінің ерте күндегілері ауызша əдебиетке кіріседі, бергі замандағы айтыстың ішінен ұзақ əңгіме тудыратын Наурызбай мен Біржан-Сара сияқтылар жазба əдебиетке кіреді. Екі кісінің айтысуынан, болмаса екі кісінің хатынан туатын əңгімелер ертерек уақыттарында ағылшын əдебиетінде Грандисон Ричардсон, Достоевскийлердің уақытында болған. Орыстардың «Бедные люди» деген кітабында бар. Мұнда əңгімелерді «Эпистолярный роман» деп атаған. Біздің айтыстардың көбі сол Эпистолярный роман түріндегі өлеңдер.
Сондықтан жазба əдебиеттің əуелгі басында бұл өлеңдер кіруі тиіс.
Одан бері де жазба əдебиеттің өз міндетін ұға бастап, қазақ тұрмысындағы кем-кетікті қолға ала бастағанда, Абайдан бұрын басталады Бұл жағынан қарағанда, Абайдың алдындағы адамдар деп: Шортанбай, Алтынсарин, Мəшһүр Жүсіп һəм Нарманбеттерді алу керек.
Бұл адамдардың кейбірінің Абайдан жасы кем болғандығын есеп қылуға болмайды. Бəрінің жазған сөздеріндегі бетте белгілі сарынды еске алу керек. Осы соңғы екі сипатынан қарағанда əлгі төртеуі қазақ əдебиетінің көшпелі дəуірдің ақындары деп санауға тиіс.
Көшпелі деп ауызшадан жазбашаға қарай көшкенін айтамыз. Міне, сол замандағы ой ойлаған адамдардың ойында болған өзгерісті, сөзінен туған жаңа күйді айтамыз.
Əдебиеттегі бұл көшпелі дəуір қазақтың жалпы тұрмысындағы, тарихындағы көшпелі дəуірмен жалғасып келеді. Қол ұстасып қатар кетіп, егіз болып туды деуге болады.
Қазақты патша саясаты билеп алған, қол-аяғын байлап бағындырып алған. Жерін алып, өзінің төрелерін қазаққа ұлық қыла бастаған. Отаршылдық əрекетін күшейте бастаған, діннен айыра бастаған уақытына келді.
Сыртқы өмірдің осы сияқты себептерінен қазақтың ойына уайым араласқан, көңілі жабығып, қайғы басқан. Сөзінен, өлеңінен, əнінен, бұрынғы билік еркелік, еркіндік бəрі де арыла бастап, оның орнын арман, зар, шер, қайғы басқан.
Сондықтан, əдебиеттегі көшпелі дəуір де осындай мұңды күйден құралған. Осы ретпен қарағанда, Шортанбай жазған «Зар заман» – əдебиеттегі, тарихтағы көшпелі дəуірдің зор айнасы. Бұл өлеңнің ішінде қазақ тұрмысына жанасқан кемшіліктің айтылмағаны жоқ деуге болады. Орыстың ұлығынан бастап, қазақтың өз ішіндегі берекесіздігі, бұрынғы мінезден айырылып бара жатқандығы, дінін жоғалтып, жастарының арып бара жатқандығы – барлығы да зарлы сарынмен айтылып өтеді.
Заман қайтып оңалсын,
Адам қайтып қуансын.
Жандрал болды ұлығың,
Майыр болды сыпайың.
Айрылмайтын дерт болды,
Кедейге қылған зорлығың.
Тілмəшты көрдік білгендей,
Дуанды көрдік үйіндей.
Абақты тұр қасында,
Қазылып тұрған көріңдей.
Байлар ұрлық қылады,
Мал көзіне көрінбей.
Билер жейді параны,
Сақтап қойған сүріңдей…
деген жоғарғы сөздерге дəлел.
Осы сияқты ел уайымының бір жыршысы Нарманбет бұл күнгі күннің қайғысы қажытқандықтан, өткен күннің еркіндік қызығын көксейді. Бұл да сол елдің əдеті болатын.
Сарыарқа, сарқыраған суық қайда?
Түнде шық, күндіз мұнар буың қайда?
Найзағай жарқ-жұрқ етіп, нөсер құйған,
Көк жасыл, кемпірқосақ туың қайда?
Бұл күнгіге қанағаттанбаудың себебінен бұл күнгі табиғатқа та риза болмағандық сол көшпелі дəуірдің сүйегіне сіңген мінезінен туып отыр.
«Сандалтып Сарыарқаны алды мұжық,
Қолынан келер де жоқ, өнер де жоқ.
Баласы байқұс қазақ қалды мыжып»…
Айла құрғандықтан, ең болмаса, қазақты ұрсуда сол заманға қас мінез. Осы сияқты, қайғы уайымның сарыны Ыбырай Алтынсарин өлеңдерінде көп кездеседі. Бірақ, мұнда алдыңғылар сияқты шексіз уайым болса, сонымен, араласқан жалпы дертке ем іздеудің талабы да бар. Аурудың емі мұнау деп ашып айтып, бір нəрсені шешіп бермесе де, бірде дінді, бірде оқуды, бірде, таза адамшылықты ем қылып ұсына бастаған Алтынсарин.
Көшпелі дəуірдегі ақындардың бəрінің жайынан айтатын сөз: Бұлар өз заманның бел баласы. Олардың заманы қараңғыда сипалап, сенделудің, қиналудың заманы. Ел дертіне не нəрсенің ем екенін білмей, бірі дінді, бірі ескілікті жоқтап, бірі орысты жамандап, бірі қазақты жамандап, түрлі дертті таба алмай жалпақ адасқан заман.
Сондықтан, ол дəуірде күншығыстың діни дерті (Религиозный мистицизм) де байқалады, ұлтшылдық та сезіледі, болымсыз өнершілдік те көрінеді.
Бірақ, осылардың ешбірі де жеңген емес, бір жерге тоқтаған тілек жоқ, бір қалыпқа түскен бет жоқ, əр жерде өз ауру мен қиналуда, ыңыранып зарлануда болған.
Мінеки, көшпелі дəуірдің айырықша мінезі осы. Сондықтан, ол мезгіл көшпелі дəуір деп аталады. Бірақ, ол дəуірдің ақындары жазба əдебиеттің басы екендігі даусыз. Себебі, бұлардың өлеңдерінде ел тұрмысының бұрынғы айтылып жүрген жалғыз қызығы мен желігінен басқа, тұрмыстағы негізгі дерт, негізгі себептер айтыла бастаған. Ел күндегі өмірі, күндегі сезімі, күндегі ойымен əдебиет шеңберінің ішінен бастаған Абайды əдебиеттің басшысы дегенде осыдан кейінгі дəуірді еске алып айтамыз. Қазақ əдебиетіне Абай кіргізген жаңалық қылып, Абай – қазақтағы суретті сұлу сөздің атасы. Терең сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан.

Əдебиетке, өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бəрін жоғалтып, жұрттың ойын тəрбилеген.
Бұдан соңғы бір үлкен қызметі: қырдағы қалың қазаққа Европа мəдениетінің есігін ашқан. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа танытушы – Абай.
Мəдениетті жұрттың ысылған тілімен айтқан тəтті күй, нəзік сезімдерін Абай қазақтың дүкен көрмеген жалпақ тілімен өзіндей тəтті қылып, сезімді қылып айтып берген. Сондықтан, Абай қазақ оқушысының ойымен қатар, сезімін де тəрбиелеген. Қазақтың тіліне Абайдың сіңірген еңбегінің арқасында бұл тілдің барлық байлығы, орамдығы, өркениеттілігі табылған.
Абайдың барлық өлеңі қазақтың сол күштілігінің ішінен туған асыл құрыш. Қырдағы қалың қазақтың осы күнге дейін сөйлеп жүрген жалпақ тілінің жемісі. Соның сыры мен сымбатын көрсететін айнасы. Бұл Абайдың қазақ тіліне істеген қызметі.
Абайдың өлеңінің ішіндегі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дəуірдің өлеңдерінен айрылатын жері: мұнда сөлдері құрыған зар да, əлі құрыған уайым да жоқ. Оның орнында қазақ өмірінің кем кетігін түсінген, көзі ашықтық бар, дəлдеп ауруын тауып, емін айтқан шырақтық бар.
Бұрынғыдай əр нəрсені уайым көрген далбасалықтың орнына Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді. Кəрісіне, малыңды дұрыстап бақ дейді. Атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді. Қазақтың өміріндегі кемшіліктің қайсысына болса да Абай өз емін айтып кеткен.
Əдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу деп білгендіктен, Абай ел ішіндегі көпшіліктің мінезін өлеңмен суреттеп, белгілі типтердей де көрсеткен «Мəз болады болысың», «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ», «Болыс болдым, мінеки!» деген өлеңдерінің бəрінде де қырдағы əрбір таптың адамдарының мінезі сипатталған.
Абай өлеңінде кездесетін мұң мен зар болса, ол бұрынғы зардың сарқыты емес, өз жүрегіндегі сырын айтқан сыршылдықтың сарыны. Бұл да Абай өлеңіндегі жаңа түрінің бірі.
Мінекей, бұл айтылған түрлердің бəріне қарағанда, Абай өлеңіндегі біткен бағыт, құлаққа естілген сарын ненің сарыны екені байқалды. Ол ашық тілек, айқын ұғымның (здоровый реализм) ның сарыны. Əдебиетте жұрттың тілегі айқын көрініп, беттеген беті ашық білінген соң көшпелі дəуір бітеді.
Абай ол дəуірдің ақыны емес екендігін өз өлеңінде айтып кеткен. Сондықтан, өлеңді бастағанда ескіліктің ақындарымен ұрсудан бастайды. Рас, олармен ұрсуы Абайдың қатесі шығар. Өзін тапқан енесін тепкенге ұқсайды, бірақ ол ұрсу ескіліктің бетіне қанағаттанбай, жаңаша бет іздеудің белгісі болатын. Сондықтан ол қатесі Абайға кешіріледі.
Абайдан басталған сол реализмның сарыны қазақ əдебиетіне осы күнге дейін жол болып келе жатыр. Рас, бұл жолда кейде бір ағым күшейіп, кейде жалпақ жарысқа ұқсап баратқандылық, күшейіп жүрген мезгілдер бар. Бірақ, негізгі сарынға келгенде, қазақ өміріне тез боламын деген əдісіне, айласына көп ұзап, өзгеріп кете қойған жоқ.
Жазба əдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газеті. «Қазақ» газетінің мезгілі Ахмет, Міржақыптың əдебиетте ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұтас. Ол уақытта қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытына келеді.
Сондықтан, бұл уақыттағы іс пен сөзде тығыз қамның, асығудың ретінде болады. Өзгенің бəрін қоя тұрып, бір саясат əңгімесіне жұмылудың, жалғыз соған ғана үңілудің қалпында өтті. Сол кезде шыққан «Қырық мысал», «Маса», «Оян, қазақ!» – бəрі де осы ұлтшылдық «Қазақ» газетінің бетіндегі бағытпенен тұтынған жолда, осы ретпен жүрді. Жазылған ұсақ өлеңдер, əңгімелер барлық мақалалардың бəрі де қазақты ұйқыдан ояту, сергіту, күшін біріктіру, оқығандарын түзу жолға салу. Соларға басшы болу қазақ ісіне көз-құлақ болуға арналған.
Бұл тұтынған жолында «Қазақ» газеті өз міндетін атқарды. Бірақ, таза əдебиет көзімен қарағанда «Қазақ» газетінің заманында қазақ əдебиеті бөлекше нұр шашып, өркендеп кетіп еді деп айтуға болмайды. Заманында тарихпен салыстырғанда, əдебиет, саясат жүзіндегі бір беткей жұмылудың заманында көп жаңа түр тауып кете алмайды. Жаңа түр өзге жұрттың ізіне қарағанда, тұрмыс жүзіндегі қиқы-жиқылықтың, брожениенің мезгілінде көп туады. Сондықтан, ол күндегі өте жас əдебиеттен жаңа түрлерді іздеуге болған жоқ.
Жұрттың бəрінің сөзіндегі бір сарын – жалғыз ұлтшылдық сарыны болатын. Бұл турада ескіден келген тарауы түрі көп. Ауызша əдебиетпен салыстырғанда ол күнгі əдебиет ауданы тарылып, түрі азайып солақай бірақ, бетімен кеткен сияқты. «Қазақ» газетінің мезгілінде соның айналасында болып, соның рухымен жазған жазушылар Ахмет, Міржақып, Шəһкəрім, Омар Қарашов, Мағжан, Сəбит, Сұлтанмахмұт, Майлин, Өтетілеуов, Маметовтер.
Бұлардың ішінде Міржақып, Ғ.Қарашев əуелгі өлеңдерінің кезінде жоғарғы көшпелі дəуірдің төрт ақынының сарабына салынған, Сұлтанмахмұт пен Мағжан соңғы өлеңдерінің кезінде айрықша екі жолға түскендей.
Бірақ, «Қазақ» газетінің кезінде бұл ақындардың бəрі де сол газеттің бетін өздеріне бет қылып, тұтынғаны даусыз. «Қазақ» газетінің басшылық дəуірі 1917 жылдың төңкерісіне шейін жүріп келді. Өзгерістің алғашқы жылдары қазақ əдебиетіне айрықша жаңалық кіргізген жоқ. Өзгеріске дейін жүріп келген «Қазақ» газетіндегі сарын бұл жылдарда қалпынан ауған жоқ. Бұрынғыдай білініп отырды.
Бірақ, бұл жылдардың жаңалығы – əдебиеттің беті өзгермесе де, түрі көбейе бастады. Қазақ тілінде пьесалар, əңгімелер жазыла бастады. Аз уақыт шығып тұрса да, ғылыми əдебиет журнал болып, «Абай» журналы азын-аулақ түр шығарды.
Өзгерістің алғашқы жылдарындағы əдебиет қалпы осы болды. Жазба əдебиеттің Абайдан бергі ұзақ дəуірін алғанда, жолын өзгертетін жаңалық соңғы жылдарда туып келеді.
Ол жаңалық – жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дəуірі, бұрынғы ауызша əдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан (реализм) сарыны, көбінесе құрғақ ой, жадағай сөз (рассуждение) күйі. Осы күнде ішкі терең сезім нəзік сыр күйіне айналып келеді.
Бұның белгісі Мағжан Жұмабаевтың соңғы «Ертегі», «Қорқыт» сияқты өлеңдерінде бар. Бұдан басқа сезім жағына көбірек көз салған бірен-саран пьесаларда, соңғы жылдардың кішілеу əңгімелерінде бар. Жаңа басталып келе жатқан əдебиет дəуірінің бұл сияқты жұрнақтарында көбінесе құлаққа ілінетін күй – сезім күйі. Бұлардың ішінде тіршіліктің суреті, əңгімесі аз болса да, ішкі өмірдің сыры көп, адамды өз ішіне үңілететін мұң мен жырдың сарыны бар. Сыршылдық дəуірі қай жұртта болса да əуелгі кезінде ескі ертегідегі жын, пері, жалмауыз, жезтырнақ сияқты жаратылысы тұманды қараңғы заттарды жыр қылумен басталған, қазақта да осының белгісі көрініп отыр.
Қазақ əдебиетінің бұл күнге дейін жүріп келген жолына қарағанда, жаңа дəуір, жаңа үлгінің тұтатын кезі жеткендей. Жазба əдебиеттің жаңадан түбір тауып, ауданын кеңейтіп, келесі өрнекті дəуірге қарай аяқ басуы осы белгілерден басталса керек.
Қазақ əдебиетінің бұл дəуірі буыны бекіп қатарға кірерлік əдебиет болғандығын көрсететін сыршылдық романтизм дəуірі болады.
Бұл арада біздің əдебиеттің өткен күні туралы айтылатын бір сөз: Абайдан бергі дəуірді орыстың реализм дəуіріндей толық реализм дəуірі деп айтпаймыз. Ол уақыт қазақ əдебиетінің аяғын апыл-тапыл басып келе жатқан кезі болғандықтан, толық реализм шартын көрсеткен жоқ.
Бұл мақалада ол дəуірде реализм болды деген сөз болса, ол өзге күйдің ішіндегі күштірек болған сарын сол деп айтылған. Əйтпесе, əр нəрсеге арналып айтқан ұсақ өлеңдерден белгілі дəуірді туғызатын ұзақ күй шығады деуге болмайды.
Қазақ əдебиетінің тарихы бағыты жайынан айтылған осы сияқты азынаулақ мағлұматқа қарап, барлық жазба əдебиеттің салмағын өлшегенде, қазіргі қалпын бағалағанда айтатын сөз: біздің əдебиет əлі жас, əлі бойы өсіп жеткен жоқ. Өткен күніне қарап, келешегі зор десек, біздің əдебиет келесі күнде шығатын талдай тұрғыларының біреуіне ғана жаңа-жаңа тырмысып келеді. Біздің ескі əдебиеттен қалған көп сарын, кең ауданның бəрі де жазба əдебиетке келіп, таралып азайып отыр. Жазба əдебиет бір беткейліктен арылса, жаңа арылайын деп, жаңа ғана қайтадан тарауланып, ауданын кеңейтейін деп отыр.
Болмаса, ауызша əдебиет жасаған күлдіргі тип: Қодарды, қайғылы трагический тип геройлардың типі: Қозы-Көрпеш, Баянды, Елдің Серіні жазба əдебиет жасады ма? Əлі жасаған жоқ. Бұларды ай ерекше жан деп, тип деп ұға білген қазақ кейінгіні де ұға алады, ұқпақ түгіл өміріне үлгі қылып еліктеуге де жарайды.
Ел ішіндегі бозбала Біржанның ақындығы мен салдығына, Ақанның серлігіне еліктесе, батагөй қария Асан Қайғының қайғысына еліктесе, далада еркін өскен ерке қыз Сараның салдығы мен айтыс құмарлығына еліктесе, бұл еліктеудің Чайльд-Гардьжге, Печоринге еліктеген орыс жастарының мінезінен қай жері кем? Əдебиеттің қазақ мінезін түзеп, басшы болуына мүмкін екендігі осы белгілерден білінбей ме? Олай болса, жазылатын пъесаларда, романдарда, əңгімелерде, поэмаларда қазақтың негізгі мінездерін айқын көрсететін типтер жасау керек. Қазақ əдебиетінің ішінде қазақ өмірін түгел суретімен алып кіру əдебиеттің ендігі міндеті. Бұл күнге дейін біз аяз сүзіп жүреміз. Қазақ əдебиеті, қазақ өмірінің бетіндегі қаймағын жалап жүр. Бұрынғы əдебиеттің ішіне Тазша бала мен Жалшы сақау қатын да кірген болса, бүгінгі əдебиетке қалпақ киген оқығаннан бастап, қой жайып жүрген қойшыға шейін кіруге тиіс, əдебиет сол күнде ғана өмір айнасы, өмір тезі болуға мүмкін.
Бұл мақала өткен санда білім бөліміне жаңылыс басылғандықтан, осы санда əуелгі арналған əдебиет бөліміне жібердік.
Қоңыр

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *