Орта азия бірлігі
Март айының басында Ташкентте Орта Азиядағы Бұхара, Хорезм һəм Түркістан республикаларының конференциясы болып өтті. Конференцияға шақырғанда көздеген мақсат – үш республиканың шаруа жұмыстарын бір жолға салу, бірлестіру еді. Бұл жөнінен конференцияның жұмысы жақсы болып шықты. Жоғарыда айтқан республикаларда жүргізілетін шаруа саясатын қолға алу, бір жерден басқарып тұру үшін Орта Азия шаруа істерінің Кеңесі құрылды. Сөйтіп, Орта Азиядағы республикалар шаруа жөнінен бірлесіп бұдан былай Орта Азияда жүргізілетін шаруа істерінің тағдыры сол шаруа кеңесінің қолында болатын болды.
Ескі заманда да, революциядан бері қарай да жоғарыда айтқан аймақтардың шаруасы бір жерден басқарылып келген емес. Сөйтсе де, қазір бір жерден басқару керек болып тұр. Өйткені, Ресейге қарайтын жерлерді шаруа ісінің ыңғайына қарай жаңадан аудан-ауданға бөлу мəселесі көптен бері Мəскеуде қаралып жататын, Мəскеудің ұйғаруына қарағанда Түркістан, Хорезм һəм Бұхара республикалары бір шаруа ауданы болып саналатын көрінеді.
Сондықтан, Орта Азияда шаруа жұмыстарын бірлестіру үшін жалпы Орта Азия шаруа кеңесі құрылып, Орта Азиядағы республикалар шаруа жөнінен Орта Азия шаруа кеңесі арқылы ішкі Ресеймен қатынасып тұратын болып отыр. Бірақ, шаруа менен саясаттың жөні бір болмай, тағы болмайды, шаруасыз саясат ілгері баса алмайды. Бұл революциядан бергі жердегі тəжірибеден де белгілі болды.
Қазан төңкерісінің əуелгі дəуірінде күнбатыста да төңкеріс болатынына дəмеленіп, саясат шаруа жұмысының алдына салынып келеді. Бұл ойдан күнбатыс жұмысшылары шыға алмады. Күнбатыс Европада байлар мен жұмысшылардың көздеген мақсаттары қайшы түсіп, күнде қырық пышақ болып отырса да, 4-5 жыл ұдайына үзілмей болған жаһангерлер соғысының тұсында жүдеп сіңірі шығып қалған жұмысшылар байларға қарсы бас көтере алмай келеді. Жақын арада күнбатыста төңкеріс болмайтынына біздің де көзіміз жеткендігі болды.
Күнбатыста төңкеріс шын болмайтын болса, Ресейде төңкеріс қаупі күшейе бастайды. Күнбатыстағы капиталға сүйенген мемлекеттер Ресей төңкерісінің тамырына балта шаба бастайды. Жаһангерлік соғысының кезінде күнбатыстың кеңесшіл Ресейге көз қарасы осы болып келеді. Ойлаған ойы кеңесшіл Ресейді жығу еді. Енді өз отбасының дау жанжалы болмай, өз аралары «тату» бола күнбатыстың кеңесшіл Ресейдің дұшпандығы күннен күнге ұлғая береді.
Күнбатыста төңкеріс болмаса, капиталшылар күшейіп, кеңесшіл Ресейді ортаға алып, тұншықтыра бастайтыны да анық. Сондықтан күнбатыстың бет алысын көре-біле тұрып, кеңесшіл Ресей қандай жол тұтынуға тиіс еді?
«Күнбатыста төңкеріс болады» деп өтірік семіріп, дəмеленіп құрғақ саясат жүргізе берсе, күнбатыс жұтып қоятын болады. Кеңестер Ресей қол-аяғын байлап, өзін-өзі капиталшылар қолынан бере алмағандықтан, төңкерістің əуелгі жылдары Ресейде жас демей, кəрі демей жұрттың бəрі саясатшыл болып кетсе де, енді ол демінен түсіп саясатқа да, басқа жұмысқа да шаруаны күшейту көзімен қарап келеді. Саясат өз бетімен кете алмай, шаруаны аяқтандыру ұранына бағына бастады. Кеңестер республикалары бұрынғы құрған саясатты тастап, шаруа жөнінен бірлесе бастады. Кеңестер республикалары шаруа жөнінен бірлесулері арқасында күнбатыстың қара күшіне қарсы тұрып келеді.
Саясатсыз шаруа ісі де жүрмейді, шаруа ісі саясатты тудырмай тағы тұрмайды.
Англия Орта Азияны өзіне қаратпақ болғанда, патшашыл Ресей де Қазақстан мен Түркістанды бағындырғанда жергілікті жұрттар надан, қараңғы болған соң білім берейін, ғылым үйретейін деп есіркегендік пе еді?
Ондай болса елу жылдан бері Ресей неден аянып қалды? Ағылшындар Үндістанды не себепті талап келді?
Біреу үшін біреу отқа түспейді Біреу үшін біреу жұмақтың есігін ашпайды. Əр кім өзі кіруге таласады. Əр кім өзі керегін іздейді. Сондықтан, Англияны Орта Азияға, орыстарды Қазақстан мен Түркістанға бастап келген бізді аяушылыққа алғандық емес. Дүние іздеу мақсаты, байлықты көбейту амалы еді. Шаруа қамы саясатты тудырмай тұра алмайды дегеніміз осы.
Сөйтіп, саясат пен шаруа жұмыстары бірінен-бірі тіпті айырыла алмайды. Сондықтан, Орта Азиядағы Түркістан, Бұхара, Хорезм республикаларының шаруа істері бірлескен соң, саяси істері де жақындаспай болмайды. Əдеби конференция шақырылып, Орта Азия республикаларын шаруа жөнінен ресми ретте бірлестірілмесе де, шаруа жөнінен бірлескен соң саяси ретінде бірлескен болады.
Орта Азия бірлігі құрылғанда ескеретін ісі – ұлт мəселесі, Орта Азияда тұратын нашар ұлттардың жұртшылығын сақтап қалу.
Екі ауыз сөздің бірі – ұлт мəселесі, екі рет түртілген қаламның бірі – ұлт мəселесі, ұлт мəселесі жұрттың жүрегіне тиген жоқ па? Ұлт мəселесі туралы сөз бітіп, əңгіме ашылған жоқ па деушілер де көп шығар. Коммунистер партиясы мемлекет ісін қолға алғаннан бастап ұлт мəселесін негізгі мəселе санап келеді. Ұлт мəселесін, ұлт теңдігін ұмытқан партия ұлт мəселесіне тұншығатынына сөз жоқ деп «келеді». Ұлт мəселесін дұрыс шешпей, тіпті күнбатыстың ісі де жөнделмейді. Əсіресе, Ресейде ішкі һəм сыртқы саясатты ұлт мəселесіне құрмай, бір ұлтқа екінші ұлттың істеп келген жауыздығын тыймай, ұлт теңдігін партияның негізгі істерінің алдына салмай, мемлекеттің ірі істерінен бастап майда кеңсе жұмыстарында да əр ұлттың мұң-мұқтажын тексеріп отырмай, төңкеріс орнықпайды деп коммунистер партиясында бастықтары ашық айтып келеді.
Коммунистер партиясы замана қалпын жақсы сезді. Төңкеріс өмірі ұлт мəселесін ұмытпағандықтан сақталып келе жатқандығына жақсы түсінеді. Сондықтан, ұлт мəселесін сөз қылмай тұра алмайды. Ұлт мəселесі туралы сөз ашылды деушілердің көбі ұлтшыл аты таңылады деп қорыққанынан ұлт мəселесін қозғаудан қашады. Бұрын тұщыға үйреніп қалғандықтан, ұлт теңдігін сүймегендер айтады.
Əйтпесе, неғұрлым мемлекет ішінде тұратын ұлттардың саны көп болған сайын, солғұрлым ұлт мəселесі шиелене бермек. Ұлт мəселесі хақында сөз көбейе бермек.
Сондықтан, Орта Азия республикалары шаруа һəм саяси жөнінен бірлесетін болса, ұлт мəселесін тіпті ескерусіз тастауға болмайды.
Қай ұлттың болса да көздеген түпкі мақсаты – ең əуелі бостандық табу. Ол талабы орындай бастағаннан-ақ, буын жиып қуаттана бастағаннанақ, өзінен төмен əлсіз ұлттарды пайдалану ниетіне кірісетін ұлттар да болады екен. Ол сөзді ілгеріде естуші едік. Бір-екі жылдан бері қарай оны көзіміз де көріп келеді.
Орта Азияда майда сауда капиталы күшейіп, саудагер жұрттар аяқтанып келе жатқанда, əлсіз жұртты алды жұрттар ептеп пайдаланбай тұра алмайды. Аяқты мал шаруасын қолданып, мəз болып жүрген жұрт шаруасы ауыр мықты жұрттарға жем болуы ықтимал.
Ілгеріде де бұл екі шаруа, екі рулы елдей еді. Бұдан былай да сол бетімен кететіні анық, мақсаттары қайшы түседі де отырады.
Шаруасының жөніне қарай жүрмейтін, шаруасының айтқанына көнбейтін, тіпті жұрт болмайтындықтан, бір аймақта тұрса да түбі туысқан болса да, бір жұртты екінші жұрт пайдаланатыны анық. Шаруасы орнықты жұрт шаруасы мықты жұрттарға жем болмайтыны да шын.
Əсіресе, Орта Азия бірлігі құрылып, жаңа шаруа сақтығы күшейген сайын Орта Азияда тұрған ұлттар осы жолға түсіп, бір-біріне ала көздігі күшейе бастайды.
Орта Азиядағы жұрттардың ішінде аяқты мал шаруасын қолданып жүрген, оны тастай алмай яки, болмаса, ілгері бастырып гүлдендіре алмай келе жатқан түрікпен менен қырғыз-қазақ. Сондықтан, басқа жұрттардың аузына түсіп, тісіне жұмсақ тиетін түрікмендер мен қырғызқазақ болады.
Орта Азиядағы жергілікті жұрттардың арасы неғұрлым қашықтаған сайын, солғұрлым Орта Азияда колонизаторлық күшейіп, неғұрым жақындаған сайын, солғұрлым «түрікшілдік», «мұсылманшылдық» зорая бастайды.
«Мұсылманшылдық» болмаса, «түрікшілдік» жолына түссе, қырғызқазақ пен түрікмендер жұртшылығынан айырылады. Шаруасы нашар болғандықтан, мұсылман жұрттарына жем болады. Мұсылман жұрттары ең алдымен, түрікмендер менен қырғыз-қазақты талай бастайды. Содан мұсылмандық яки болмаса, түрікшілдік қолына түсу түрікмендер мен қырғыз-қазаққа қауіпті. Жергілікті жұрттардың арасы қашықтап, Орта Азияда колонизаторлық күшейсе, түркімен менен қырғыз-қазаққа тағы қауіпті.
Колонизаторлардың тісіне жұмсақ тиетін қырғыз-қазақтар менен түрікмендер болады. Колонизаторлар ең алдымен түрікмендер мен қырғыз-қазақты пайдаланады.
Осы екі мəселені еске алып, Орта Азия бірлігін құрғанда, Орта Азиядағы шаруасы нашар жұрттардың жұртшылығы құрылмай, сақталып қалуын көздеу керек.
Балықшы
Білім бөлімі