14. ШЫҢҒЫС ҚАҒННЫҢ ДҮНИЕДЕН ОЗҒАН КЕЗІ
Шыңғыс қаған батыс Ся ұлысын қол астына алғаннан соң, Қытай ұлысына барып, әскери істерді жөнге келтірмекке аттанады.
Сөйтіп, Чинсүйсян қаласының батысындағы Сян дәриясына жете бере, қара жылқы күні465 кенет қағанның денесі қайта құрыстанып, небір түрлі дәрі- дәрмектерді қолданса да, сырқатының беті бері қарамай, тіптен асқынып, 66 жасында қызыл доңыз жылдың жетінші айының он екісі күні дүниеден озады.
Шыңғыс қағанның қайтыс болған жерін, әр деректе әрқалай келтіреді. Бірер деректерде; Шыңғыс қаған Луфань шань тауын жайлап отырғанда Үстемшіл қаласына466 келіп, аурудан қайтыс болған десе, Юан ұлысының шежіресінде; Сали өзенінің Қарату деген жеріндегі түсел ордасында қайтыс болған, дейді. Ал, «Алтын тобчи» кітабында; Шыңғыс қаған Луфань шаньді (тауын) жайлап, Үстемшіл қаласында қайтыс болды, деп жазған.
Шыңғыс қаған өлерінде көптеген өсиет айтып, қалдырған, деп те жазады. Осылардың ішінен ең бір шындыққа жақын, көкейге қонымдысы – «Алтын ұлысының барлық таңдаулы әскерлері Дуньхуан бекетінің (порт) төңірегінде жатқан еді. Бұл жердің оңтүстігін асуы биік Лян тауы, солтүстігін өткелсіз ұлы дәрия қоршайтын. Сүн ұлысы мен Алтын ұлысы ежелден өш еді. Сүн ұлысынан жол сұрасақ, сөзсіз рұқсаттайды. Біз Тандэннің жерінен әскер кіргізіп, Бянлянды жауласақ, Алтын ұлысы Дуньхуан бекетіндегі әскерін алуға еріксіз мәжбүр болады. Және де, түмен адаммен мыңдаған көш жерге тоқтаусыз олардың ат-көлік, әскери жандарына да оңай емес. Жеткен күннің өзінде соғысатын дәрмен қалмайды. Сол кезде біз Алтын ұлысын оңай қолға түсіреміз» — деп айтты деген деректі келтіреді. Көптеген тарихтарда; Шыңғыс қаған 66 жас жасап, оңтүстік пен солтүстігіндегі ел – жерлерді бағындырып сыртқы Моңғол…… үш аймағын, Қытайдың батыс солтүстігіндегі Тяньшань деп аталған Тәңір тауының оңтүстігі мен солтүстігіндегі жол… һәм Кіндік Азия, Ауғаныстан, Парсының шығыс бөлігін, Кавказ тауының маңындағы жеке – жеке ұлыс – аймақтарды түгел бөледі, десе, келесі бір тарихта; Шыңғыс қаған жиырма екі жыл хан тағына отырған. Керемет білгір, ақыл – ойлы, әскери тәсілдерге өте жетік болғаны себепті қырық бірдей ұлысты күйретіп, Батыс… ұлысын да бағындырған. Оның ғажайып ерлігі мен қайталанбас даңқтты жорықтары жайлы көптеп айтуға болады. Өкініштісі, дер шағында шежіре баян жазатын көмекші адамды қасына ұстамағандықтан үлкен қателік жіберді, деп жазады.
Шыңғыс қағанның сүйегін қандай жерген жерлегені жөнінде де әр жазбада әрі қалай келтіреді. Бірінде; құмды шөлдің солтүстігіндегі Сәли467 өзенінің бас сағасына жерлеген, десе, енді бірде; Кенти тауының төңірегіне жерлеген, деп келтіреді. Көптеген тарихшылар осы соңғы дерекке жүгінеді. Тарихшылардың тағы бір жартысы Рашид Ад – дин – нің жазбасын негіз етіп; Шыңғыс қағанның төрт ханымы оның өлігін төртке бөліп алып, жерлеген яғни өртеген, деп жазады.
Шыңғыс қаған қайтыс болғанда Толуй жерлеу науқанын басқарып, ұлы ұлысқа ханның қарасын естіртеді. Ең шалғайдағы адамдардың келіп жетуін күтіп, өлікті үш ай бойы сақтаған, деп те келтіреді. Және де өзге бір деректерде; Шыңғыс қаған көзінің тірісінде бір күні Бүкүрт Боғда468 тауына шығып жүріп; биік шоқ қарағайдың қасына келіп, демалып отырған сәтте серіктеріне: Егер мен өлсем, сүйегімді осы шоқ қарағайдың түбіне әкеліп жерлеңдер! — деп өсиет айтқан екен, сол өсиеті бойынша сүйегін өзі көрсеткен жеріне жерлепті. Алғашында оңашалау болған жерді уақыт өте келе қалың ағаш көмкеріп тастағаны себепті, кейіннен ханның қабірын таппай қалған. Және де кейіннен Толуй, Мөнке, Құбылай, Арғабөкілерді де осы жерге жерлеген болатын, десе, енді бірер деректердегі айтылған әңгімені Рашид – Ад –дин былай деп дәлелдейді; Шыңғыс қағанның сүйегін өртегеннен кейін оның күлін Онон мен Тула өзенінің басындағы Бұрхан Қалдұн тауының биігіндегі ақтық байланған қасиетті орманның ортасына жерлеп, ұранқайларға күзеттірген дейді, Тағы бір тарихи жазбада; Ежелгі Моңғолдардың хандарының зиратын бөгделерден жасыратын әдеті болған десе, дәл осы жөнінде қытай тарихшылары; Моңғолдар қайтыс болған хандарын жерлегенде, адамның бойымен бірдей иісті ағаштың екі дөңбегін ойып, соның ішіне өлікті тері шапан, тымақ кигізіп, аяғына ақ елтірімен жасаған етік, байпақ сұғып, белбеуін буындырып салатын және де өліктің сандығын домба469, құмыра, қыш табақ, қасық, шанышқы сияқты алтын ыдыс-аяқ салғаннан кейін сандықты бітеп, төрт жерден шығырықпен құрсаулайтын. Өлікті артатын арбаны ақ киіз, кілем, торқамен жабатын. Өлікті үш күннің ішінде жерлесе, арнаулы жерге дейін жеткізіп, әрі өлікті артқан арбаның алдына жаңа киім киген, торқадан тізгін таққан жас жігіт, алтын ер ерттеген ат жетектеп жүреді. Өлікке арнап күніне үш рет қой сояды. Жерді терең қазып, өлікті көмгеннен кейін, неше мың жылқыға қабірді таптатады немесе артылған топырақты басқа жерге тасып, қабірдің үстін жермен бірдей етіп текшелейді. Бұлай ету көктемнің жаңа көгімен бірге қәбірдің үсті бірге көктеп, бөлінбей кетсін деген амал. Және де өлікті көмерде жас ботаны енесіне көрсетіп тұрып өлтіріп, бірге көмеді. Мұның себебі келесі жылы өліктің жылдығын берерде інгенді қоя беріп, боздаған інгеннің ізімен қабірді таба алу амалы. Қытайлардың бұл жазғаны бір кездері қолданылған, өмірде болған шындық әдет-ғұрып болатын. Сол себепті Шыңғыс қағанның жерленген жерін табу мүмкін емес, Шыңғыс қағанның қабірін іздеу құр әурешілік болмақ. Нені айтсақ та, Шыңғыс қағанның қабірі Қытай жерінде қалған, және де Қытай жерінде қайтыс болған Мөңке қағанды да сол жаққа жерлеген деген, дерек әңгімелерге де зер саламыз.
Міне, осылайша Шыңғыс қағанның жерленуі туралы әр деректе әр қалай айтылады. Әйтсе де, Шыңғыс қағанның сүйегін оның алғаш ұлыс – мемлекетін құрып, туып өскен жері, әрі Моңғолдың орталығы Онон, Керулен, Кенти жеріне әкеліп жерлегені қисынға саяды. Соны негіз етіп, Шыңғыс қағанның тарихын ең әуелгі боп баяндаған470 «Алтын түйін» кітабында;
Шыңғыс қаған 66 жасының қызыл доңыз жылы жетінші айдың он екісі күні о дүниеге аттанады…. алтын мәйітін қазақ арбаға жайғастырып, еліне қарай беттеген шақта Мұна жиегіне471 келгенде қазақ арба құйға батып кетеді. Арбаны құйдан шығара алмай дүйім жұрт қиналғанда Сүнеттің Килугедей батыры білікті сөздер айтып;
«Көк мәңгі тәңірдің қуатынан жаралған,
Күлік – Боғда хан ием!
Көп ұлысты еліңді
Кімге тастап жөнелдің?!
Тұғыры берік тағың мен,
Туыңды тіккен ұлысың,
Туған жер суың жырақта,
Армандап жеткен төр – тағың,
Арпалысып құрған ұлысың,
Аяулы ханым, балаң да,
Ақ орда үйің жырақта.
Жасақтаған тар – тағың,
Жолға салған ұлысың,
Жолыққан ханым, балаң да,
Жұрағат туысың жырақта.
Көк өрім ұлыс елің мен
Көмілген су, өзенің
Қалың моңғол ұлысың,
Туылған Делүн Болдығың,
Тұнық Онының жырақта.
Кері айғырдың кекілінен,
Кесіп алған байрағың.
Керней, сырнай дабылың,
Кең жазира ұлысың,
Керулен мен Көде арал,
Қанат жұртың жырақта.
Бәрінен бұрын кезіккен,
Бөрте үжін ханымың,
Байдалы байтақ жер – суың,
Боршы, Мұқылай қос досың,
Барша жұртың жырақта.
Құдіретпен жолыққан,
Құлан сұлу ханымың,
Қобыз, сыбызғы әуенің,
Қуаты түгел ұлысың,
Хан орда мекенің жырақта»
дегеніне қарасаң, ханның мәйітін туған жер, жер – суына әкеліп жерлегені анық аңғарылады. Және де;
«Қайран жаның шықса да,
Хас асылдай сүйегіңді алып қайтайық.
Ханым бөрте үжініңе көрсетейік,
Қалың еліңе жеткізейік!»
— дегені, тағы да, «қағанның сүйегін ұлы аруақ мекеніне472 жеткізді» — деген, дәйектемелерге сүйенсек, Шыңғыс қағанның өлігін Онон, Керуленнің жеріне әкелгені сөзсіз анықталады.
Шыңғыс қаған Таңғұт ұлысын жаулағалы бара жатқан жолда әлгіндегі қазақ арба құйға батты дегендегі Мұна жеріне келгенде, «Бұл жер неткен жайсаң өлке еді», деп, таңданып өткені себепті Шыңғыс қағанның киген жейде, киіз үй, сыңар байпағын сонда жерлейді. Ал, мәйітін кейбіреулер Бұрхан Қалдұнға, енді біреулер Алтай тауының теріскей жағына, тағы біреулер Кенти тауының қойнауындағы Их — өтөг (Үлкен қора) деген жерге жрлеген деп, әрқалай жазады.
Әлі күнге дейін Кенти тауының теріскей жақ сілемінде «Их газар» деп аталатын бір жер бар. Их — Өтөг деген жер осы «Их газар» болуы да мүмкін. Дәл осы пікірді көптеген тарихшылар көлденең тартып та жүр.
Осы айтылған ойлардан түйіндеп көрсек, Шыңғыс қағанның сүйегін Онон, Керулен, Кенти жеріне әкеліп жерлегеніне көз жеткіземіз. Әрі оның шындыққа да жақын екенін аңғарамыз. Шыңғыс қағанның ордалы үйін, сыңар байпағымен киілген жейдесін, кекілді байрағын барша моңғолдың киесі етіп жерлеп, сегіз ақ үй тігіп, жеті әулеттің адамын жеке бөліп, тайшы табу, жайсан, қонжын (хонжин) деген басқарушы шендерді пайда болдырып, Шыңғыс қағанның ордасын күзеттіріп, мәңгі бақи салықтан босатқаны себепті Ордастың жеті әулеті атанып, қазірдің өзінде сол байырғы атауымен сол жерді мекендеп отырғаны сондықтан болмақ.