ШЫҢҒЫС ҚАҒАННЫҢ БІТІМ-БОЛМЫСЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ (Ананд Амар)

ШЫҢҒЫС ҚАҒАННЫҢ БІТІМ-БОЛМЫСЫ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Шыңғыс қаған кең даланы мекенденген көшпелі тайпаның бір жабайы үйінде дүниеге келіп, бала кезінен кедейліктің қамытын киген, аштықты, жоқшылықты, өзгенің үстемдігін көп көрген жан еді. Жақсы шешенің қуатында білікті тәрбие алып, қиындықтан құтылды және де туадан біткен қайсар мінезінің арқасында тез есейіп, ақыл-ойын алыптыққа ұштастыра білді. Әуелі бір отбасына, кешікпей бір ұлыс-елге билік айтуға шамасы жетті. Моңғол әулетінің түгел атақ-абыройын төрткүл дүниеге дәуірлетті. Мұндайда Шыңғыс қаған неліктен осыншама ұланғайыр өлкеге иелік құрып, түрлі ұлт-ұлыстарды билеуді мақсат етті деген сұрақ туындайды. Енді соның себеп-салдарын айтар болсақ, Шыңғыс қаған әуелден дәл сол өз қолымен жасағанындай етіп, алуан-алуан ұлыс-елдің адамдарын жаулап, алқабын қызыл-қырғынға айналдыруды мақсат етпегені аян. Оны сондай халге жеткізуші сол кездегі заманның құбылысы әрі сол заманның ықпалымен пайда болған толқын деп түсінген орынды.
Мәселен, Шыңғыс қағанның бесіктен белі шықпай жатқан тұста, оны тайшылар ұстап әкетіп, қайғыға бөктірсе, басында ақыл-ойламы бар адам қалайша сол қиындықтан құтылу жолын қарастырмасқа! Содан тайшылар сегіз сары атын тартып алып, үш меркіт қаруымен келіп, қатын баласын бопсалап әкету сияқты тіптен қатыгездік мінез танытпады ма? Соның бәрінде бар байлығы мен жас қатын-баласынан айрылып қалған адам қалайша түрлі ойларды ойламасқа?! Міне, осындай нақты себептерден кейін Шыңғыс қаған өзгелерге қарсы күрес жүргізуге, өз жаны мен отбасын қорғауға еріксіз мәзбүр болады. Соның үшін Шыңғыс қаған әрбір жорықтарға шығып, келе- келе алыс-жақындағы талай ұлыстарды біріктіруге қол жеткізді.
Шыңғыс қаған бірден осындай халге жеткендіктен, өз отбасы мен жаулап алған ұлыс-елінің мүддесін қорғауға адамдық тұрғыда еріксіз мәжбүр болды. Сөйтіп ол шет тайпалар мен шет ұлыстарға қарсы ұрыс ашу, бітімге келу сияқты қажеттерге тап болып, соның үшін күш-жігерін жұмсайды.
Моңғол әулеті ежелгі Күннү, Сяньби, Тоба, Юанвэйдің ұлы қағанаты кезінен бастап, өзгенің езгісін көріп, жеке-жеке ыдырап, кеткендіктен Шыңғыс қаған сол елді біріктіруге мәжбүр болады. Ата-баба мекені – Үш өзеннің /Онон, Орқұн, Керулен/ құйғанына ұлыс-мемлекетін дәуірлетуді арман тұтады. Ұлттық намысы да осылай оянады.
Шыңғыс қаған тек қана отбасын тәрбиелеп, ұлттық ұлыс-мемлекет орнатып қоймай сонымен бірге ата жауы үш меркіт пен тайшыларды жуасытып, татулыққа келіп, қатар өмір сүруді де ойластырады. Әйтсе де, Шыңғыс қағанмен терезесін тең ұстап, мүмкін болса оған билік жүргізуді мақсат етушілер тыныштық бермейді. Сондай көзқарастардың салдарынан Жамұқа досына Уаң хан әкесіне, сондай-ақ найманның Таян ханына қарсы соғыстар ашады. Дәл осындай себептерден Сартуыл ұлысына қарсы жорық басталады. Бұл жорықтың да негізгі себебі – Шыңғыс қағанның сауда өкілін өлтіруден туындаған. Осы қатыгездікке бола қаһарына мінген Шыңғыс қаған ақыры ұлы қолды жасақтауға барды. Қыпшақ пен орыс Жебе мен Сүбедейдің елшілерін өлтірді. Мұның ақыры Шыңғыс қағанды ұланғайыр өлкелерді жаулауға итермеледі.
Таңғұт ұлысы мен Алтын ұлысы да Шыңғыс қаған мен Моңғол ұлысына бітіспес кек сақтап, тағы да қан төгілмейінше шешілмес шиеленістерге барды. Шыңғыс қағанның және одан бұрынғы һәм кейінгі өткен талай-талай қағанаттардың тұсындағы болған алуан түрлі ұрыс-соғыстардың да өз-өзіне тән белгілі себептерден туындап отырғандығын нақты түсінген жөн. Әйтпегендей Шыңғыс қаған есімді бір ғана адам түгел дүниені қызыл қанға бөктірді деп түсіну үлкен қателік болмақ.
Кейбір тарихи жазбаларда Шыңғыс қағанның мінез-құлқы мен жасаған іс- әрекетін әстебұрмалап, тіпті кейбір қалалар мен елді мекенді жаулаған тұста сонда өмір сүретін барша адамды түгел құртып, тірі жан қалдырмаған болдырып суреттейді. Ол қолға түскен адамдарды аяусыз зорлап өлтіретін. Тұтқындарды соғыстың алғы шебіне салатын. Бұған көнбегендерін адам төзгісіз қатыгез жазалармен қорлайтын, деп жазады.
Иә, Шыңғыс қаған өз тұсында қатаң тәртіп орнатып, ұрыс-соғыстардың кейбірінде әлгінде айтылғандайын түгел адамдарын құрту тәсілін қолданғандығы да шындық болатын. Әйтсе де, Шыңғыс қаған ондай тәсілдерді туадан біткен қатыгез мінезінен емес, сол кездің саяси және ұрыс- соғыстың өзіне тән себептеріне сәйкес қолданғандығы да шындық еді. Бәлкім, соның өзінде қателесіп қалт кеткен, кешірімсіз артық еткен тұстарының болғандығын да дасыруға болмас.Және де солардың барлығын бұдан талай ғасыр бұрын жасап кеткен адамдардың сол заманына сай мінез- құлқын мына бүгінгі адамдардың мінез-құлық, іс-әрекет, ойлау жүйесімен өлшеуге бүгінгі өркениетті деңгейден баға беруге болмайды.
Ұрыс-соғыс кезінде сондай қатаң тәсілдерді қолдану ежелгі тайпалық құрылымды заман түгілі бүгінгі өркениетті кездің өзінде жиі-жиі кездесетін жағдай. Мәселен, Еуропаның 1914 жылғы Алмания мен Орыстың арасында жүрілген соғыста (Бұл кітап 1920 жылдардың тұсында жазылған. Сондықтан автор бірінші дүниежүзілік соғысты ғана мысалға алып отыр. Ауд.)
Кейбір қалалар мен ондағы тұрғын халықты түгелдей күлге айналдырған тұстар жиі-жиі кездеспеді ме?! Әуелі, бірлі-жарым қалалар түгілі кейбір ұлыс-мемлекеттерді түгелдей көк күлге айналдырды емес пе?! Енді осыдан мысал етіп қарасаңыз, бұдан талай ғасыр бұрынғы жабайы көне моңғолдың аз санды әскері мен санаулы садақ, жебе найзасы қалайша дәл бүгінгідей қалың қырғын опатты жасай алмақ?!
Ақиқаты осылай болғандықтан сол кездің – Шыңғыс қағанның тұсындағы оқиғаны әсте бұрмалаушылардың одан да өткен сұмдық қасіретті адамзаттың санасына ұялатып, теріс түсінік қалыптастырып отырған империялық бұрыс мәдениетін де саналы түрде сынға алуымыз қажет.
Мұның сыртында кейіннен өркениетті мәдениет қалыптасқан тұстағы болған Манжұрия мемлекетінің басшысы Энх-Амгалан мен Тәңір Боғда ханның тұсында Манжұрияның әскерлері біздің моңғолдың – дөрбет пен өлеттің түмен-түмен адамдарын қанға бөктіріп, ел-жерін иен қалдыруға айналдырған қайғылы оқиғаны еске салсақ та, Шыңғыс қағанның кезіндегі ұрыс-соғыстарды соншалықты қатыгездік деп дәлелдеуге тағы келмейді.
Және де, кейбір тарихшылардан Шыңғыс қағанның мінез-құлығы мен іс- әрекетіне баға берген тұста, әсіре мақтап, көпшік қою немесе әлсірете жамандап, қара күйе жағушылық та кездеседі. Енді осындай деректердің кейбіріне тоқтала кетейік. Өстіп, қара күйе жағушыларға Грумм Гржимайлодан мысал келтіріп, былай дейді: «Сондай айып тағушылардың жазғанына сенер болсақ, Шыңғыстың 61 жылы тек бір жылдың ішінде моңғолдар (Сартуыл ұлысының) Меаре екі мәрте күйретіп, бірде-бір адам қалдырмаған. Тек соңғы қимылында он түмен адамды өлтірген», — дейді. Осы айтылған дерекке қарағанда аталмыш қала мүлде құрып кеткен болар еді. Бірақ қала аман қалды, күйремеді. Осы шабуылдан кейін қала басшысы моңғолға көмек болу мақсатында бір түмен әскер жасақтап, аттандырды. Және де Меаре қаласына Шыңғыс қағанның ұлдарынан ең қатыгезі саналатын Толұй шабуылдады. Бұл бірден шығыс жазушыларының жазбаларында толық дәлелденгендіктен Сартуыл мемлекетінің өзге қалаларында жүргізілген ұрыс-соғыстаржайлы әңгімелерге сену тіптен қиынға соғады. Сондай-ақ Сартуыл мемлекетінің өзге де қалаларындағы өмір сүретін тұрғындардың санын нақты есептеп, оны моңғолдың қатыгез қалың қолына жаншылды делінетін түмен-түмен сандарға салғастыратын болсақ, тіптен сәйкес келмейді. Тұрғындардың есепті нақты санынан өлгендердің саны анағұрлым артық айтылғандығы бірден аңғарылады. Каспийдің терістігі мен Парсының түстігіндегі өлкені мекен еткен байырғы ұлыстардың көне ізін зерттеуші ағылшын ғалымы аталмыш өлкелерді аралап, саяхат жасағаннан кейін, өзінің көзбен көген нақты деректерді түйіндей келіп: «Осы өлкеде бой көтерген ежелгі қала тұрғындарының моңғол әскерінің қолынан көптеп өлтірілгені шындыққа сәйкеспейді. Қала тұрғындары түмен-түменімен қырылды дейтіндер шығыс жазушыларының ойдан шығарған қияли сандырағы.»,-деп, келістіреді. Біз де осы ғалымның айтқанын шындықтың шыңы деп есептейміз. Себебі Шыңғыс қағанның жасаған іс-әрекетін қазіргі кездегі әскери іс-қимылдар мен соғыс тәсілдеріне салғастырып, өлшеуге тіптен келмейді.
Шыңғыс қағанды қатігездікпен суреттейтіндер осы сияқты айырмашылықтарға мән беріп, көңіл бөлмеген. Бүгіннің құдіретін ежелгі әлсіздікпен салғастыруға болмайтынын түсінбеген. Және де соның барлығын Шыңғыс қағанның кейінгі ұрпақтарының тұсында болған бірлі-жарым қатігез адамдадың жасаған әрекетімен ұштастырып, түгел тарихты қатігездікке айналдырады. Мәселен: Шыңғыстың 226 жылы Испаган (Ішпақай) деген адамның ескерткішін тұрғызуға арнап, түмен адамның басын алуға үкім шығарады. Үкім орындау барысында бас сүйектің саны толмағандықтан адам басын аса жоғары құнмен бағалап алған деседі деген дерек бар. Және де шыңғыстың 240 жылы Бағдат қаласын көркейтуге моңғол нояны Темір ислам мейрамына қарсы жарлық шығарып, қаланы айналдыра бі жүз жиырма төбешіктің әр қайсысын жеті жүз адам басынан тұрғызуға бұйрық береді. Сөйтіп тез арада тоғыз түмен адамның басын алуды әмір етеді. Тағы да Шыңғыстың 222 жылы Сезардың қозғалысы шығуына байланысты Темір хан жарлық шығарып, екі мың адамды тірідей әккілеп, қррған қалауға бұйрық береді. Екі мың адам тірідей қорған қабырғасына айналады т.т. деген сияқты қатігездік деекте тарихи жазбалардан көптеп кездеседі. Міне осы сияқты деректерге сүйене отырып, кейбір тарихшылар Шыңғыс қағанды да сондай қатігез етіп көсетуді көздейді. Демек, жоғарыдағы деректе айтылған Темір ханның қатігездігін сөз етпес бұрын оның да нақты дерек екенін ғылыми тұрғыда бұлжымас дерек арқылы дәлелдеп алу қажет. әйтпегенде жазылғанның барлығы да ғылыми дерек бола алмайтынын естен шығармау абзал.
Ал, Шыңғыс қағанды өзі жасаған кездегі заман талабымен өлшейтін болсақ, оның туадан турашыл, екі мінездікті сүймейтін, аса байсалды, алған бетінен таймайтын өр мінезді екені біден байқалады. Және де оны дәлелдейтіндей жазба деректер де жетеді. Мәселен, Жамуқа мен Шыңғыс қаған екеуі туыстық жағынан да, ант беріскен андалық жағынан да жақын болып келеді. Әйтсе де, Жамуқа туыстықты да, андалықты да жойып, Шыңғыс қағанды неше мәрте өлтірмекке талпынады. Өз күшімен және де өзгенің күшімен де жеңіп алуға соғыс ашады. Сөйте тұра кейіннен Жамуқаны қолға түсірген тұста да Шыңғыс қаған туыстығы мен андалығын ескеріп, оған кек сақтамайды. Керісінше оның жанын арашалап қалуды ойлайды. Сондай-ақ тағы да туыстық байланысы бар даридай отшығын сатқындық жасап, Уаң ханға біріккені үшін оны өлтірмек болса да өз уәзірлерінің бірі болғаны себепті дереу ажалдан құтқарып, ас татып, ауқат береді.
Әке мен баланың серті бар Керейдің Уаң ханы да сатқындық танытып, қарсы соғыс ашқан тұста, тағы да ескі сертті еске алып, ұрыс барысында Уаң ханды бітімге келуге шақырады. Міне, осындай нақты-нақты деректердің өзінен Шыңғыс қағанның қандай адам болғандығына баға беруге болады.
Және де Шыңғыс қаған ұлыс-елді бір ғана биліктің басқаруында болуды (ұйымшылдық) қалаған адам. Соның үшін де басшысына сатқындық жасаған адамды жауы болса да кешірмеген…
Өгедей хан таққа отырғаннан кейін ұлыс-елді аса бір қайырымдылық еппен ұйымдастырып, Елюй Чуцайдың кеңесін басшылыққа алып, «Ұлы ұлысты ат жалында орнатуға болады. Ұлы ұлысты ат жалында орнату мүмкін емес!» деген қағидасы бойынша мейірімділік тәсілмен ұлыс елдің барша ісін жөнге салады.
Шыңғыс қағанның тағы бір ерекшелігі – бір ғана ақсүйекті ұрпақтың қамын емес, қалың ел, бұқара қауымның игілігі үшін ақиқаттың ақ жолын ту етуі. Бұл жөнінде Шыңғыс қағанның «Засаг» («Жасақ») деген жарғысында: «Хан болса да қарама! Кімде-кім қандай бір мәртебелі атақ иеленіп, менсінбеушілік танытса, жазаға тартылсын! Барша адам (Ханнан қараға дейін) тең дәрежеде қатынасатын болсын!» деп көрсетілген. Және де, дәл осы тұста өмір сүрген қытай оқымыстысы Мэн Хунның жазбасында: «Сүн ұлысының басшысы Шыңғыс қағанмен кездескенде қандай бір сый-сияпат жасамады. Келісім әңгімелері де өте қарапайым түрде жүрілді. Бұл көнеліктің белгісіндей еді», — деп жазады.
Шыңғыс қағанның тура мінезділігі жөнінде де көптеген деректерді мысал етуге болады: Ікерес (Ихэрэс) тайпасының Бұту деген адамы Шыңғыс қағанға мықты еңбек сіңіреді. Соның үшін Шыңғыс қаған оған қарындасы Темүленді бермек болады. Бұған риза болған Бұту бар-жоғы отызға жуық жылқысын қағанға тарту етейін дейді. Бұтудың бұл қылығына қағанның ашуы келіп, ұрық-жұрағат болу үшін бұйым беру сауда істегендік болады. Бұрынғылардан айтқан сөздің көкейге қонымы мықтырақ. Түгел ғаламға таяу ұлыс-елді басқарып отырғанымда ікерестің Бұтуынан аларым – оның күш- қуаты болғай», — деп жауап қайтарады.
Шыңғыс қағанның өз тұсындағы өзге хандардан ерекшеленетін бір айырмашылығы, сол кездегі Манжұрия мен Еуропаның хан, нояндары секілді құр көкіректілікке салынып, мәнсапқорлық танытуды қаламағандығы. Нағыз кедей отбасында ержетіп, тәрбие алғаны себепті, кедей-кепшік жарандарды сыйлап, оларға көмек болуды, қиналып қалжыраған тұстарында қол ұшын беріп, қайырым жасауды мақсат тұтқандығы.
Шыңғыс қағанның қандай дінді ұстанғаны жөнінде нақты дерек айтылмайды. Кейбір таихи жазбаларда оны шаманизмді ұстанған деп келтіреді. Моңғолдың «Алтын тобчи» және басқадай біздің шығыстық жазбаларда: «Шыңғыс қаған кітәби сенімге473 бой ұрып, мәңгілік мекеніндегі474 Сахи Ямун-ға садақасын жіберіп, Сахияның ламасы Гундгасминповаға475 діни қатынас жасаған десе, ендігі бір жазбаларда: Шыңғыс қаған хан тағына отырғаннан кейін көптеген жылдар өткеннен соңғы бір уақытта Тибет жерінің ламасы Жон Ринбувачэнің476 шәкірті Бацанба Дүнгүрба477 бастаған бірнеше адамдар моңғол жеріне келген. Шыңғыс қаған тілмаш арқылы олармен әңгімелесіп, діннің қыр-сырымен қаныққан. Және де, Шыңғыс қаған қайтыс болғанда Тибеттің Гүн Данба есімді ламасын әкеліп, ұлдарына қалдырған өсиеті бойынша Өгедей хан оны қазіргі Эрдэнэзуу ордасы орналасқан Қарақорұм («Хархорин») маңына жайғастырып, діни орда тұрғызуына жәрдем берген. Ол жерде көбінде моңғол, ұйғыр ламалар бас қосып, діни уағыздар өткізетін», — деп те жазады. Өгедейден кейінгі Ұлы таққа отырған хандар да өз-өзінің тұсында Тибет жерінен көптеген ламаларды әкеліп, будда дінін өрістеткен деседі.
Шыңғыс қаған әрбір халықтың ісіне шек-шектеу қоймаған адам. Адамдардың қалаған дініне құлшылық етуге еркіндік берген. Оның үшін де сол кездегі жасаған көп ұлты халықтардың сенімін тапқан. Мәселен, Найманның Таян ханының ұлы Күшілік Қара Қытанды иеленген тұста, ондағы ислам дінділерді жазалағандығын Шыңғыс қаған теріске шығарып, «Әрбір адам өз еркімен дінді қалап алады» деп жарлық етуі әсіресе, сол төңіректегі мұсылмандардың көкейіне қонып, олар қағанға бірден бас иеді. Міне, осы сияқты Шыңғыс қағанның адамгершілігі мен біліктілігі жайлы әңгімелерді көптеп мысал етуге болады.
1222 жылы көктемде қытайдан Шыңғыс қағанға әдейілеп келіп жолыққан әйгілі Бумбу Чанчун жайлы әңгімелер де, өз алдына қызықты дүние.
1219 жылы Шыңғыс қаған Чанчунның атағын естіп, елші жіберіп шақыртады. Оны шақыртқан себебі, «йгілі оқымыстыдан адам тәніне аса қажет мәңгіліктің дәрісін білуді көздеген сияқты.
Чанчун қытайдың маңдайалды, бірдін-бір білгір оқымыстысы. Ол өз тұсындағы моңғолдардың тарихы жайлы өте құнды мұраларды қалдырған адам. Чанчун жолай Самарқанды соғып, сол жерге бірнеше тәулік аялдау барысында Шыңғыс қағанға елшісін жіберіп: «Боғда478 адам сен күн шығыстан биік таудың қиын асуын асып, талай ұлысты көріп келдің. Мен қазір қайтудың қамындамын. Сізден нақтылықтың мән-жайын білуді өтінемін», — дейді. Сонан чанчун Гүнүкеш тауының түстігіне келіп, Шыңғыс қағанмен кездеседі. Сонда Шыңғыс қаған: «Сені басқа өлкеден шақыртқанымда келмеп едің, енді ту қиырдан осында жеткеніңе ризамын!» деп, Чанчунды жайғастырып, «Боғда адам, сен түмендік қашықтықтан келдің. Мәңгіліктің нендей дәрісін айтар едің!», — дегенде Чанчун бүй дейді:
«Ғұмырды ұзартатын дәрі болады. Ал, мәңгіліктің дәрісі барын естімеппін», — дейді. Бұған Шыңғыс қаған қатты риза болып, Чанчунның шыншылдығын мадақтайды. Түйін сөзге келіскен күнінде кенет әскери тығыз шаруа шығып, екеуі жолығыса алмайды. Сол жылы күзде Шыңғыс қаған мен Чанчун екеуіне қайта жолығысудың сәті түседі. Екеуі ұзақ жолда бірге болады. Шыңғыс қаған оған әр күні әрқалай сұрақтар қойып, оның айтқан жауаптарын моңғол тілімен хатқа түсіруді Ақай тайшиға479 міндеттейді. Солайша Шыңғыс қаған Чанчунды қатты құрметтеп, хан, ноян, әскери қолбасшыларына оның біліктілігін дәріптейді…
Осы бір жазба деректің өзінен Шыңғыс қағанның оқымысты , білгір адамдарды құрмет тұтқандығы айқын аңғарылып тұрғандай.
Шыңғыс қағанды жеңілген жақтың әйел-балаларына тиіспеген, қыз, ханымдарын олжалау заңы болған дедік. Енді соның нақты дәлелдеріне тоқталып көрейік. Әуелі, мұндай тәсіл тек бір ғана Шыңғыс қағанның емес, сол кезде жасаған күллі кіндік Азиялықтарға тән қасиет болатын. Кімде- кімнің жазбай орындауға тиісті ғұмырлық заңы еді. Сол кезде бір жастық ғұмырын жаугершілік жолында өткізіп, өзгені жеңіп, ұлыс-ел, дүние-мүлкін олжалау, қыз-ханымдарына иелік етуді жалпы қоғамдық тұрғыда мақсат тұтатын шақ-тұғын. Әйтсе де, өзгелерге салғастырғанда Шыңғыс қағанның мұндай іске аса байыптылықпен барып, сабырлылық танытқанын аңғару қиын емес.
Негізінен әңгімемізді қысқартып, түйіндер болсақ, Шыңғыс қаған дүниежүзінде өзге ешбір ұлыстың орната алмаған Ұлы қағанатын құрып, бұрын-соңды ешқашан қайталанбаған ерлікті таныта білген ақылдың иесі екені сөзсіз. Сондай-ақ ол Азия мен Еуропа құрлығын мекен етуші көптеген халықтардың салт-тұрмысын жаңа бір арнаға түсіргені үшінтек моңғол әулетінің ғана емес, барша әлем, түгел адамзаттың алдында ұлы тарихи істі тындырушы, ұлы атақ-абыройдың иесі себепті оның тарихы мен іс-әрекетін әлемнің тарихшылары қатты қызыға зерттейді.
Шыңғыс қағанның тарихы мен іс-әрекетін сөз етуші мұралар да жетерлік. Өкініштісі, соның бәрі ғылыми негізде түгелдей хатқа түсіп, толыққанды жүйеге келмеген. Және де, қағазға түсірілгендерінің көбісі өзгелердің тілінде жазылған. Моңғол тіліндегісі тым мардымсыз. Соның үшін біз бөгделердің тіліндегі жазбаларды саралай келіп, осылайша қысқаша түйін жасадық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *