СЯ ДЕЙТІН ТАҢҒҰТ ҰЛЫСЫН КҮЙРЕТУ БАЯНЫ (Ананд Амар)

СЯ ДЕЙТІН ТАҢҒҰТ ҰЛЫСЫН КҮЙРЕТУ БАЯНЫ
Шыңғыстың 65 жылы көктемде Таңғұт ұлысына қарсы жорық басталады. Осының алдында 48 жылы Шыңғыс қаған Таңғұт ұлысын бір мәрте жеңгенде оның иесі Ли Наньчуан сұлу қызын беріп, қол асты елі боп, оң қолға бірігуді уәде еткен болатын. Бірақ, кейіннен Шыңғыс қаған Сартул ұлысына аттанарда елші жіберіп, жорыққа бірге шығуды бұйырса да, Ли Наньчуан әскер бермеген. Және де Таңғұт ұлысы бітімге келген кепілдігінің белгісі есебінде, хан ұлын жіберуі тиісті еді. Ол да орындалмады.
Керейдің Уаң хандығы ыдыраған тұста, оның қарамағындағы елдің бір қаншасы Таңғұт ұлысына барып, паналайды. Міне, осы тектес түрлі себеп- сылтаулардан болып, Таңғұт ұлысына қарсы шабуыл ұйымдастыруға тура келеді. Бұл жолғы жорықтан кейін Таңғұт ұлысы ешқашан қайта бас көтермеуі тиіс.
Шыңғыс қаған 65 жылы ерте көктемде дереу жарлық таратып, ат-көлік, әскер-сайманын жасақтап, әскерді бірінен соң бірін кезекпен аттандырады. Өзі Есүй ханымды қасына алып, қыс ортасында Ар бұқ деген жерге келеді. Сол жерде бір күні саятқа шығып жүріп, атынан құлап, мертігіп қалады. Сонан Толұй, Құлан ханым бар бір топ адам игі жақсылар Шыңғыс қағанға келіп: «Елге қайтып, еңсеңізді жиып, сауыққан соң, бірақ соғыс бастайық» деп ұсыныс жасайды. Қаған бұл ұсынысқа көнбейді. Егер біз орта жолдан қайтып кетсек, жаудың рухы көтеріледі. Бізді соғысуға беттей алмады деп есіреді. Мен осында біраз күн жатып, сауығып алайын, оған дейін жауға елші аттандырайық» деп Таңғұт ұлысының бсшысына: «Саған оң қолым бол, Сартулға бірге аттанайық» деген едім, көнбедің. Бірақ, сенсіз де Сартулды жеңдім. Және де, ұлыңды кепілдікке жібер деген едім. Сен оған да көнбедің. Сөйте тұра, Уаң Тұғырыл ханның қалдықтарын бауырыңа басып, жеріңе паналаттың. Уәдеңді ұмыттың. Енді ұмытқан уәдеңді есіңе түсіргелі келдік» деп айттырып, елші жөнелтеді.
Таңғұт ұлысының ханы Ли Наньчуан қайтыс болғаннан кейін, ел билігін оның туысы Сунь Су деген алған болатын. Моңғол әскерлері жорыққа аттанар тұста, сол Сунь Судың орнына Тэ Уаң хан сайланады. Бұл туадан мылғуа, жібі бос біреу еді. Әлгіндегі Шыңғыс қағанның сөзін естіген кезде, айтуға жауап таппай бөгеледі. Оның орнына көмекшісі Аши Хамбу жауап беріп: «Бәрі де менің айтқаныммен болады. Төмүчиннің бізбен соғысқысы келсе, Құлан тауына келсін. Алтын, күміс, дүние-мүлік алғысы келсе, Ярғай, Лян жоуға463 жетсін» дейді. Мұны естіп, ашумен айбынданған Шыңғыс қаған Ұлы әскерін Құлан тауына әкеледі. Құлан тауы Нинся фу-дан батысқа қарай, алпыс көштік464 жерде еді. Таңғұттар оны берік қамал деп атайтын. Моңғол әскерлері осы тауға Таңғұт әскерлерінен бұрын жетеді. Сәл кешігіңкіреп келген Таңғұт әскері, келген бетте шабуылға лап қояды. Бірақ та моңғол әскері қарсылық көрсетпеген соң, Таңғұт әскері де кейін шегінеді. Шегініп барып, қайта шабуылдайды. Моңғол әскерлері бірлі-жарым садақ тартып, оқ жұмсағаны болмаса, бұл жолы да қозғалмайды. Осы тәсілмен жаудың әскерін құр шабуылға шақырып, әбден екпіні қайтып, пейілдері сола бастаған тұста, кенет сырнай тартылып, дабыл қағылып, зілзала шу көтеріледі де, мың түмен атты әскер бір мезетте лап қойған сәтте, бейғам келген Таңғұт әскері есін жия алмай қалады. Зәресі ұшып, бет-бетіне қашып жүріп өледі.
Шыңғыс қаған Құлан тауын иеленіп, ілгеріге бет түзеп, Хэйшұй қатарлы біраз қалаларды басып алады. Жаздың аптап ыстығын Хуньчуй шань тауында өткізіп, Ганьсу қатарлы бірлі жарым қалаларды алып, күзде Си Лян фу бар көптеген сиан-дарды иеленеді. Сонан құмды өлкені басып жүріп, Хатан өзенінен тоғыз мәрте өтіп, сол маңдағы түгел қалалар мен елді мекендерді жаулап алады. Осы соғыста Ся ұлысының ханы Тэ Уаңның қорыққанынан жүрегі жарылып өледі де, оның орнына Нанпин Ванся-ны хан сайлайды. Бұдан кейін моңғол әскерлері Ся ұлысының Лин жоу (қала)-ын жаулайды. Ся ұлысының ханы Лин жоу-ды қорғауға он түмен әскер аттандырады. Әйтсе де, моңғол әскерлеріне тосқауыл қоя алмай жеңіліс табады. Сонан кейін моңғол әскерлері Янечуа қаласын басып алады да, қыстың суығын сол қалада өткізеді.
Осы жолы Өгедей мен қолбасшы Шағанның әскерлері Алтын ұлысының Нанжин-ін қоршауға алып, жылына мың лан алтын төлеп тұруға үкім шығарады.
Шыңғыстың 66 жылы моңғол әскерлері Сян ұлысының хан ордасын жаулап, шыңғыс қаған өзі қалың әскермен Хатан өзенінің арғы бетіндегі жерлерді түгелімен қолға түсіріп, Таоху, Синин деген екі үлкен қаланы иеленеді. Бұлардан кейін Таңғұттың атақты қолбасшысы Ма Сянь лун-мен соғысып, жеңіске жетеді. Мұны жеңгеннен кейін Шыңғыс қаған қайтадан Луфань шань тауына барып, жылдың ыстық күндерін өткізеді. Осы жерде Шыңғыс қаған әртүрлі өлім мен аяусыз күйрету әрекетін болдырмауды уәде еткен үгіт-жарияны таратады. Сонан Ся ұлысының Нинся қаласын қоршауға алдырады. Сөйткен тұста, оның иелері бабаларынан қалған бұдда дінінің алтын-күміс мұраларын түйеге теңдеп, ұл-қыз, әйел-балаларын шұбыртып, тоғыз-тоғыздан тарту таралғы жабдықтап, Шыңғыс қағанға жөнелтеді. Шыңғыс қаған бұған да келіспей, Таңғұт ұлысының иесі өзі келіп, бетпе-бет жолығуын талап етеді. Сөйтіп, Лу фуань шань тауының баурайында Ся ұлысының иесімен жолығысады. Кейбір тарихи жазбаларда осы кездесуде Ся ұлысының иесін шауып өлтірткен деп те жазады. Осылайша Таңғұт ұлысын ойсырата жеңіп, түгел байлығын қолға түсіріп, елін мүлде бас көтерместей етіп, аяусыз таптайды.
Кейбір тарихи деректерде; Таңғұт ұлысын жаулағаннан кейін, Шыңғыс қаған Шидұрға ханды өлтіріп, оның ханымы Гүрбелжің сұлуды өзі алады. Бұған құсаланған сұлу ханым Сары дәрия өзеніне түсіп өлгендіктен, солай Хатан өзені деп атапты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *