Миф дегеніміз не
Құрметті оқырман! Біздің баспамыз сөрелерде көздің қарашығындай сақталған қолжазбалардың қазыналы қорынан сіздерге тағы бір тарту ұсынуды ұйғарды. Осы жолғы кітабымыз Ұлы Даланың – Қазақстанның байырғы атамекен жерлерінің мифтері жайында.
Адамның қиялдан, ойдан шығарған барлық көне дүниелері мифтер, аңыздар және ертегілер болып үш жанрға жіктеледі. Бұл жанрлардың ортақ сипаттары көп-ақ, дегенмен, оларды бір-бірінен бөлектеп, өзгешелеп тұратын бірқатар ерекшеліктері де баршылық.
Сіздердің әрқайсыларыңыз балалық шақтарыңызда таңғажайып сиқырға толы ертегілерді оқыдыңыздар. Ертегілер – тұнып тұрған қиял-ғажайыптар: жануарлар адамша сөйлеседі, батырлар жау әскерімен ғана емес, айдаһарлармен, жын-перілермен және басқа да халық қиялы тудырған жалмауыз-құбыжықтармен шайқасады.
Аңыздар нақты тарихи оқиғаларға негізделеді. Біздің байырғы баба жұртымызға соғыс сала келген қаһарлы парсы патшасы Кирді тас-талқан етіп жеңген сақ патшайымы Томирис туралы аңыз – соның мысалы.
Ал ежелгі мифтердің ертегілер мен аңыздардан айырмашылығы, мифтердің мазмұнында ертедегі халықтардың жаратылыстық-ғылыми және тарихи таным-түсініктері көбірек ұшырасады. Бұған мысал ретінде жердің жара луы жайлы немесе барлық тіршілік атаулының «әлемдік жұмыртқадан» шығуы жайындағы көне үнділік мифті, болмаса жер жүзін топан су басуы туралы мифті келтіруге болады.
Алғашқы мифтер өте бағзы замандарда пайда болған, содан әрбір жаңа мыңжылдық сайын қарапайымнан күрделіге қарай сатылап даму дәуірлерін өткерген. Мифтер – адамдардың дүниетанымының көрінісі. Солар арқылы жер бетіндегі тіршіліктің пайда болуы жөніндегі мыңдаған жылдар бұрынғы түсінік, көзқарастар бізге жетіп отыр. Олар неліктен күндізді – түн, жазды – қыс алмастыратынын, неге күн күркіреп, бұршақ жауатынын, найзағай жарқылдап, жер бетінде су тасқыны мен басқа да табиғат зілзалалары болатынын бейнелі түрде түсіндіреді.
Ертедегі адамның санасы мифологиялық сипатта болған. Сол замандарда табиғат құбылыстарын түсіндіру үшін абыздар мифтерді пайдаланған (мұндай білімдарлық ғұлама абыздарда ғана болған), мифтік бейнелер арқылы жаратылыстың сырлары мен шығу тегін ұғуға тырысқан. Сондықтан мифтерде бағынбағандарды жай оғымен жайрататын құдайларға үлкен мән беріледі. Алайда адамдарға көмектесетін, оларды кесір-кесапаттан құтқарып, отпен жылытатын мейірімді құдайлар да кездеседі. Айталық, адамдарға от сыйлаған ежелгі түркі Прометейі – Надулуша нақ осындай.
Табиғат пен тіршілік – адам қиялының қайнар көзі. Әдетте, кез келген миф тарихи тәжірибеге, адамның әлдебір бастан кешкен іс-әрекетіне негізделіп құрылады. Мифтерде, әсіресе, өткен күндердің шын мәнісіндегі тарихи оқиғалары маржандай тізіліп, сабақтаса баяндалады. Сол себептен де, жекелеген халықтардың тарихын зерттеу орайында мифология бірде-бір өнер теңдесе алмайтын құрал болмақ.
Мифтерде халықтың шынайы тұрмыс-тіршілігі де, адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастар да көрініс тапқан. Ертедегі көшпелілер өздерінің төрт түлік малын отарлап, үйірлеп, табындап, өрістен-өріске айдағанда, түнде ұланғайыр дала аспанының жұлдыздарына көз тігіп, осынау ұшы-қиырсыз кеңістікте бағыт-бағдар алған. Сонымен бірге оларға өздерінше ат қойып, айдар таққан: Темірқазық, Аспан қайығы, Жетіқарақшы, Үркер, Есекқырған… Осылайша әлемнің сыр-сипатын, құрылымын мифологиялық тұрғыдан түсіндіре отырып, адамдардың өмір сүруіне көмектескен.
Кейбір тарихи тұлғалар әдеби немесе ғылыми шығармаларда мифтік бейнелерге айналатын немесе керісінше болатын жағдайлар да кездеседі. Қорқыт, Алаша хан бейнелері осындай. Олардың өмірде шын болғандығына кейбір зерттеушілер үлкен күмәнмен қарайды. Себебі, олардың есімдері тарихи шежірелерден табылмай отыр…
Тілдің киесі арқасында мақал-мәтелдер арқылы жетіп, қазіргі күнделікті өміріміздегі әдет-ғұрып, салт-жораларда сақталған мифологиялық айшықтар қайран қалдырады. Көптеген қанатты, нақыл сөздер, тіркестер мен оралымдар бізге алыстағы тарихи һәм мифологиялық дәуренімізден келіп жетіп, тілімізге сіңісті болған. Күнбе-күн, сәт сайын тілімізге оралатын сол сөздердің мағынасының ежелгі төркініне кейде ой жүгіртіп те жатпаймыз.
Қымбатты оқырмандар! «Ежелгі Қазақстан мифтері» кітабы сіздерге көне мифтер мен аңыздарды зерделеп, көшпелі бабаларымыздың бағзы мәдениетін байыптап түсінуге көмектеседі. Ендеше, қисапсыз мифтер, ертегі-аңыздар – көне заманның қиял-ғажайыптары күтіп тұрған саяхатқа аттанайық!