Ежелгі Алтай мифтері

Ежелгі Алтай мифтері
Ежелгі Алтай – қазіргі Қазақстанның шығыс аудандары мен Ресей Федерациясының Алтай республикасы орналасқан жерлер – көптеген халықтардың, әлбетте, ең алдымен, түркілердің ата жұрты, кіндік кескен Отаны. Ал енді осы ежелгі алтайлықтар кімдердің арғы тегі, бабасы болғанын қалай анықтау керек?
Ертедегі тарихты және тілді зерттеуші ғалымдар тіл біліміндегі салыстырмалы-тарихи әдіске сүйене отырып, көптеген тілдердің бастау бұлағы ретінде алтай ата тілін немесе көне алтай тілін алға тартады. Түркі, монғол, тұнғыс-манчжур, корей және жапон тілдері, Орал аймағы тілдерінің үлкен әулеті көне алтай тілінен тамыр тартқан деп есептейді. Мұндай жорамал жасауда әр тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық бірліктерін салыстыру, талдау арқылы дәйектелген тілдік деректер негізге алынған. Мысалы, «қол» сөзі түркі тілдерінде – «қол», монғол тілінде – «гол», маньчжур тілінде – «голо», корей тілінде – «кол» деп қолданылады, т.с.с.
Көне алтай тілі көптеген тілдердің, солардың ішінде, ең әуелі түркі тілдерінің түп атасы болғандықтан, ежелгі алтай аңыздары да түркі халықтары аңыздарының ішіндегі ең көне, бағзысы болып табылады. Бұл жайт, ең алдымен, алтай аңыздарында тұрақты кейіпкерлер ретінде Аспан құдайы – Тәңір, Үлкен Тәңір, Ұмай-Ана, Еркілік сайтан, Майтөре мен Маңғышөре дәулер және басқаларының көрініс табуынан байқалады. Бұлар ара-кідік басқа түркі және монғол текті халықтардың мифологияларында, аңыз-ертегілерінде де кездесіп тұрады. Алайда ежелгі алтай аңыздарында олар бірбіріне дос пейілдегі немесе өзара жауласып жүрген құдайлар бейнесінде әуел бастан сіңісті болған.
Ежелгі алтай аңыздары ерте замандағы түркі халықтарының мәдениет тарихы, фольклоры, әдебиеті, діни танымы, пәлсафасы мен мифологиясы орайындағы неғұрлым толық әрі аса құнды деректер көзі болып табылады. Ал ең бастысы, біз үшін аса қызығушылық тудыратын себебі, ежелгі алтай аңыздары тәңіршілдік діні жөніндегі түпнұсқа, бастау бұлақ екендігі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *