ШЫҢҒЫС ҚАҒАН МҰРАГЕРЛЕРІН АНЫҚТАП, ІНІЛЕРІ МЕН ҰЛДАРЫНА ЕЛ-ЖЕРДІ БӨЛІП БЕРУІ ЖӘНЕ КӨКЕШІ БАҚСЫНЫҢ ӨЛІМІ ТУРАЛЫ БАЯН
Шыңғыс қаған сартул ұлысын жаулауға аттанып жатқан тұста, Есүй ханым бүй деп: «Қаған ием, тау асып, тас басып, көлдерден өтіп, алыс шалғайды жаулап жүрген тұста, бір күні аяқ асты қайран тәніңіз ғайып болар шақ туса, ұлдарыңның қайсысын бұрын хан сайлар едіңіз? Сол ойыңызды күн бұрын көпке жеткізсеңіз болмас па?» дейді. Сонда Шыңғыс қаған; «Сөзіңнің жаны бар. Мұндай сөзді інілерім мен ұлдарыма, Күлік Боршыға да тіс жарып, айтпаппын. Өзім де ұмытып жүрген екенмін» деп, Жошыға бұрылып:
«Тұңғышым, сен не ойлайсың?» дегенде, Шағатай Жошыдан бұрын қағанның сөзін іліп алып, «Әкетай Жошыға сөз беруіңіздің сыры неде? Оны мұрагер етпексіз бе? Меркіттен туған ол бізді қалай басқарады?» дегенде, Жошы орнынан атып тұрып, жағасынан алқымдап, Қаған әкем мені бөлмегенде, қорықпай қалай сөйлейсің! Сенде шарқаялықтан басқа, ақылға тән мінез бар ма?Кел, садақ тартып көрелік. Жеңілсем, бармағымды кесіп берейін. Кел, күресіп көрелік, жығылсам, жатқан жерімнен тұрмайын» деп ағалы-інілі екеуі алқымдасып тұрғанда, Боршы, Мұқылай тектілер тоқтатып және Көкеші: «Шағатай, сен неге асықтың? Қаған ие сені деп ойлап, сені тумас бұрын дүниежүзінің теңсіздігін жоюға кірісіп, адам баласы тыныштық тауып, алаңсыз өмір сүре алмай тұрған шақта сенің білгі, ақылгөй шешеңнің қуатында ешкімге жем болмады. Сенің бұл сөзің ақылды шешеңнің көңілін мұздтпай ма?Әкең ұлыс-елін құрастырудың қамын ойлап жүргенде, шешең:
«Сол қиындықты бірге көріп, сендерді асырап, адам қатарына тез жеткізем» деді. Телегей теңіз білімі бар шешеден туған ұлға мұндай сөз жараспас»деген тұста, Шыңғыс қаған; «Жошыны неге олай дейсің? Жошы менің тұла бойы тұңғышым екені рас. Бұдан былай бұл сөзіңді айтушы болма!» дейді. Шағатай күлімсірей тіл қатып; «Жошымен бәстесіп, күш сынауды қойдым. Ұлыңның үлкені Жошы екеуміз екені де рас. Олай болса, әкемізге де септесіп, көмек болайық. Серттен тайсақ, тайған тұста өлтіріңіз. Өгедейдің өзінен адамдығы зор. Көтеріп, хан болдырыңыз» дейді. Мұны естіген Шыңғыс қаған тағы да Жошыға бұрылып: «Ал, кәне сен не айтасың?» – дейді. Сонда Жошы; Шағатай септесіп, көмек болайық» деді ғой. Хан тағына Өгедей отырсын» дейді. Шыңғыс қаған тағы да бүй деп; «Сен екеуің бір жүріп, септесудің қажеті жоқ.Алып дүние тарлық етпес, жері де, суы да жетеді. Сен екеуіңе де жеке-жеке ұлысты билетемін. Екеуің де айтқан сөзіңде тұрыңдар. Бөгдеге
басындырмаңдар.
Бұрын да Алтын мен Құшыр айтқандарынан танып, қандай болды! Қазір соның ұрпағын көріңдер. Соларды көріп жиіркеніңдер» деп Өгедейге бұрылып, «Өгедей, сен не айтасың?» дейді. Сонда Өгедей: «Қаған әкем сөйле десе, мен несіне бөгелемін, шамамның жеткенінше көрейін. Бірақ кейінгі келер ұрпағыңның біліксіз боп, ұлы төрден айрылуынан қорқамын. Айтайын дегенім де осы», – дейді.
Бұдан соң Шыңғыс қаған әмір етіп; «Өгедейдің осылай сөйлегенін бақұл көріңдер» деп Толұйға бұрылып, «Және Толұй сен не айтасың?», — дейді. Толұй: «Қаған әкем бірден атын атап бергендіктен, мен де ағамның қасында болайын. Ұмытқан кезде, есіне сап, қалғыған кезде оятып, жауға шапса, бірге аттанып жүрейін» — дейді.
Шыңғыс қаған тағы да: «Қасыр, Алшыдай, Отшығын, Белгүтей інілерімнің атақ шенін солардан туған ұлдары жалғастырсын. Менің тағымды ұлдарыңның ішінен таңдаған біреуіне бер! Сөзімді жерге тастама! Сертімді бұзушы болма! Егер, Өгедейден туған ұлдар біліксіз болса, немерелерімнің ішінен білікті біреуі туылар!», – деп әмір етеді.