ҮШ МЕРКІТТІ КҮЙРЕТІП, ТАЯУ АЙМАҚТАРДЫ БАҒЫНДЫРҒАН КЕЗІ
Үш меркіт дегеніміз, Моңғолдың бір аймағы, Селенге, Чөкү өзенінің маңайын мекенденген. Темүчин үш меркітке қатын, балаларын олжалатып, Керейдің346 Тоғорыл қағанына Қасыр, Белкүтей екеуін ертіп барып, үш меркіттің қатын, баласын тартып алып кеткен жайын айтып, көмектесуін сұрағанда Тоғорыл қағанның айтқаны:
«Бұрын саған айтпап па едім? Бұлғын ішігіңнің қарымына, бытыраған еліңді біріктіріп берейін. Қара бұлғын ішігіңнің қарымына, қақыраған еліңді құрастырып берейін!», — деген едім, мен. Енді де, сол сөзіме жетіп, бұлғын ішігіңнің қарымы – түгел меркітті бүрістіре үйіріп, Бөрте үчиніңді347 қайтарып берейін. Қара бұлғын ішігіңнің қарымы – қамұқ348 меркітті қайырып, қатын Бөрте үчиніңді қайтарып әкеп берейік, біз!», — деп, — Сен Жамұқа ініге айтып жібер. Жамұқа бауыр бұлақ басында отырған болар. Мен осы жерден екі түмен атты әскер алып, сол қолға аттанайын. Жамұқа бауыр сол жерден екі түмен атты әскер алып, оң қолға аттансын. Хабарласып, жолығатын жерді Жамұқа тоқтатсын.
Бұл Жамұқа дегені Боданчардың үлкен ұлы Бегүнүтейдің кейінгі ұрпағы болатын. Төмүчиннің он бір жасында екеуі Онон дариясының мұзында ойнап жүріп, бір құрылтұқ349 асығын Төмүчинге сыйға берген-ді. Төмүчин оның қарымына ченгелторт350 асығын Жамұқаға беріп, анда болған. Соның келесі көктемінде Төмүчин мен Жамұқа екеуі өз-өзінің кішкене ағаш садақтарымен ойнап жүрген кезде Жамұқа тағы да бір бұғы мүйізінен /жабыстырып/ жасалған дыбысты зор-ын351 Төмүчинге береді. Төмүчин оның орнына Жамұқаға аршамен ұштаған жебе беріп, екінші мәрте анда болған еді.
Содан Төмүчин қайтып келіп, Қасыр, Белкүтейлерді жұмсап, Жамұқаға осы барлық оқиғаны айттырғанда, Жамұқа; Төмүчин андам әйелін өзгеге тарттырып алғанын естіп өзегім ауырды. Осы кезде меркіттің Тоқтағасы Бұғұр кегерде отыр. Дайыр Ұсұндар Орхон, Селенгенің шеті Көдеге аралында отыр. Қағатай Дармала қазір Қалжи кегер деген жерде. Біз енді доңызжал352 шөбінен сал байлап, Чөкү353 немесе Хилғо дариясынан өтіп, меркіттің Тоқтағасының еліне жетіп, оның елін түгел олжалап құртайық, — деп, Темүчин екеуіміз бір-бір түмен әскер алып, Ботахан боғорчида354 жолығайық деп, /бұл айтқанын/ Төмүчин мен Уан ханға жеткіздіртеді. Уан хан екі түмен әскер алып, Бұрхан Қалдұнның қойнауы, Керүлен Бүргенің жағасына беттеп, Тана бұлағында355 Төмүчинмен бірігіп, сонан Онон өзенінің бас құйғанындағы уәде етілген жері – Ботахан боғорчиға келеді.
/Сонда бұл жерге/ үш күн бұрын келген Жамұқаның айтқаны: «Жаңбырлы болса да, уәдені бұзбайық, жауынды болса да, құрылтайдан қалмайық, деп келіскеніміз жоқ па?!», — дегенде, Уан хан: «Бекіскен уәдеде тұра алмаған қателік бізде!», — дейді.
Сол жерден қозғалып, Чөкү немесе Хилғо356 дариясына жетіп, сал байлап өтіп, Бұғұра деген жерге жетіп, Тоқтаға бекидің қатын-баласын түгел олжалап, тартып алады. Тоқтаға беки мен Дайыр-Ұсұн екеуі бірігіп, азғантай адаммен Селенгеге қарай қашып кетеді. Меркіттер түнделетіп Селенгеге қарай қашып бара жатқанында арттарынан қуып жетіп, солардың арасында «Бөрте үчин!», «Бөрте үчин!», деп айқайлап жүргенде, Бөрте үчин Төмүчиннің дауысын танып, шылбырынан ұстай алған тұста айдың жарығында Төмүчин оны да танып, жолығысады.
Бұрын Есүкей батыр Өгелен шешені Тоқтағаның інісі Чиледүден тартып алғаны үшін меркіттер сол кегін қайтармаққа Бөрте үчинді тартып алып, Чилэдүдің інісі Чилегер бөкеге357 берген екен. Бұрхан Қалдұнда шабуылдаған үш жүз меркітті ұрпақтан-ұрпағына дейін күлімен ұшырып құртады. Қалған дүние-малын, әйел, балаларын олжалап, кейбірін әйел етіп, кейбірін құл, күң етеді.
Меркіттер қашып жүргенде бір от-жалынды бес жасар бала қалып қойғанын, тауып алып Өгелен шешеге береді. Содан Төмүчин, Жамұқа екеуі бірігіп Қорқұқ Жібүр бұлағына қарай қайтады. Тоғорыл хан Бұрхан Қалдұнның сыртымен аң аулай жүріп Тұғұл өзенінің Қара орманына келіп түседі. Төмүчин Жамұқа екеуі бұлаққа келіп түсіп, бұрынғы анда болғандарын еске алып, қайтадан андалық жаңғыртып, той-тойлайды. Төмүчин, Жамұқа екеуі екі бір жыл бірге отырып, содан көшкен жолда Жамұқа бөтен ой ойлап, бір жерге қалып қояды. Төмүчин ерген елмен бірге түнімен жүріп, тайчығұттарды басып өткенде, олар қорқып, Жамұқаға қарай көшіп кетеді. Олардың жұртында қалған бір кішкентай ұлды Өгелен шешеге беріп, асыратады. Тайчығұттың жерімен сол күні түнімен жүріп, таң атқанда қарса, жалайырдың Қачиғұн, Тоқұрақұн, Қарқай осы үш тоқұрақұн358 ағайындар еріп келген екен. Және де дархадтың Қадаған, Далдұрхан қатарлы ағайынды бес дархад еріп келіпті. Және Мөнкетү хианың ұлы Үнгүртен, Чағшығұт, байағадұр келген екен. Баруластан Құбылай, Құтұқ ағайындылар, манғұттан Жатай, Доғолқу чэрби359 ағайынды екеуі, және Боғорчидың інісі Үгүлен чэрби арлұннан бөлініп, ағасы Боғорчиға бірігіп келіпті. Желменің інісі Чұрхан, Сүбегедей батыр ұранхайдан бөлініп Желмеге бірігіп келіпті. Бесүттен Дегей, Күчүгүр ағайынды екеуі, сүлдүден Чілгүтей, Тақай, тайчығұттан ағайындастар келіпті. Жалайырдың Сече домог360, Арқай, Қасыр, Бала балаларымен келіпті. Үкігеннің Жегей, хондағардың ұлы Сүкей жаун361, Негүдей, Чаған қоға-лар келіпті.
Олқұнұттан Хинғатай, ғорұластан Сечікүр, дөрбеннен362 Мөчі, Бүдүгүндер келеді. Икерестен Бұғу аң аулап жүрген жерінен келеді. Үйекеннен Жүнкей, ороқұрдан Жұрған келеді. Барладан Қоға шешен363, Қарачар балаларымен келеді. Тағы бағариннан Қорчи, Ұсұн ебүген364, Менен бағариндер келіп, Қорчи: «Төмүчиннен барша қауымның иесі болатын нышан көрінді», — деп, айтқан /ырымдаған/ екен. Және Қуқас бастаған кенигеден365 бір күрен366 келеді. Және Дәрітай отчығын бір күрен болып келеді. Жадараннан Мұқұла хуху367 келеді. Үчин сахурин бір күренмен келеді. Төмүчин Жамұқадан бөлініп, Кимұрға бұлағында Айл-харағада368 түсіп жатқанда Сече беки, Тайчу екеуі бір күрен, Тағы тайшының ұлы Алтын отчығын бір күрен Жамұқадан бөлініп келеді. Төмүчин сол жерден көшіп, Сенкүр бұлағының Қаражүркеннің369 Көкнор деген жеріне қонады.
Осы кезде Алтын, Құчыр, Сече бекилер бастап, көпшілік қолдап, Төмүчинді хан көтерді, деп айтылғанымен нағыз хан тағына отырғаны оның қырық бес жасы – от барыс жылы болатын. Бірақ, бұл кезде осы жасқа жете қоймағандықтан тек өзіне қарасты бірер аймақтың халқына солайша хан немесе басшы болып сайланған сияқты. Кейбір моңғол тарихында Шыңғыс қағанды жиырма сегіз жасында – топырақ тауық жылы хан сайланды дейтіні осы кезді айтқаны болса керек. Төмүчиннің жиырма сегіз жасы топырақ тауық жылына яғни Еуропаның 1189 жылына дәл келеді. Соның үшін де оның туған жылы – су жылқы жылы немесе Еуропаның 1162 жыл екендігі еріксіз шындыққа айналады.
Кейінгі бір кезде Төмүчин мен Уан ханның араларына жік түскен тұста Төмүчинмен бір тума болып келетін Алтын, Құчырлар Керейдің Уан ханының қасына қашып барады. Төмүчинның сонда оларға айттырған сөзінде «Алтын, Құчыр сен екеулерің мені не үшін тастап кеткендеріңді түсінбедім, Құчыр сен – Некүн тәйжінің ұлысың! Алтын сен – Құтұла ханның ұлысың! Екеуіңді хан көтермек едік, өздерің артын күтпедіңдер. Сече тәйжі де бас тартты. Сендер — барлықтарың мені хан бол деген соң, амалсыз болған едім», — дегенін және осы кезде Алтын, Құчырлар бастап, көпшілік қолдап, хан болдырды дегенімен салыстыра ойласақ, осы кезде солайша бір кіші хан немесе басшы болғаны шындыққа саятын сияқты.
Және де Төмүчиннің айтқан сөзінде «Алтын сен – Құтұла ханның ұлысың! Құтұла хан Моңғолды басқарып тұрған», деген сөздердің болуына қарағанда, Моңғол деген атау Шыңғыстан бұрын болғаны анық байқалады. Содан бастап Төмүчиннің атақ-даңқы артып, бұрын бөлектеніп жүрген жақын елдер тоқтаусыз келіп, бара-бара көбейіп, Есүкей батырдың кезінен де күшейіп, қуаттанады.