ТҮРІКТІҢ БІЛГЕ ҚАҒАНЫНЫҢ ЕСКЕРТКІШ ТАСЫНДАҒЫ БІТІК ЖАЗУ
(Орхонның Хөшөө Цайдам жерінде)
«Тәңірі жебеген, тәңірлі Түрік Білге қаған. Сөзі бұл: Үстіде көк аспан, астыда қоңыр жер жаралғанда, арасында кісі оғылы жаралған. Естеміс қаған деп әйгіленген менің бабам – Бұмын қаған кісі оғылына иелікке отырып, бұл халқын асырап, төр ұлысын бекітті. Төрт бұлынындағы228 ұлыстар жауласа тиіскенде, әскерін бастап, қозғалтып, төрт тараптағы қалық аймақтарды күшпен бағындырып, жуасытып, бастыны иілтіп, тізеліні жүгіндірді. Шығыста Қадырхан алап орманына дейін, батыста Темір қапаққа дейін ұлысын мекендетіп, бұл екеуінің арасында /бөтен/ текті ұлыс жоқ, Көк Түрік ұзақ уақыт иелік етіп отырыпты-мыс. Бабам Буман білгір қаған екен. Алып қаған екен. Оның сәйіттері229 білгір ержүрек бектер екен. Халқы да сірі әділетті екен. Сондығынан халқын ұзақ демеп, төрін, ұлысын нығайтқан екен. /Өзі/ қаза болғанда күн шығар түстіктегі түгел атырап аймақтарының адамдары, Қытай, Тибет, Парфурм, Қырғыз, Үч, Хуриған, Отус, Татар, Хятан, Татаби қатарлы көптеген ұлыстың адамдары келіп, егіле-елжірей жылап, жоқтау айтты. Сондай атақты қаған болған еді. Одан кейін інісі қаған болды. Інілері ағаларындай болмады. Балалары әкелеріндей бола алмады. Біліксіз қағандар таққа отырып, сұрықсыз қағандар төр биледі. Сәйіттері жабырқаңқы, бектері мен қара халқы жалғаншыл болды. Қытайлар бірін біріне шағыстырып, бүлдірді. Інілері ағаларына қарсы шабысты. Бектері қара халқымен қырқысты. Түрік халқы қастерлі ұлысын күйретіп, иелік еткен қағандарын өлтірді. Білекті ұлдары қытайдың құлы болды. Ару қыздары қытайдың күңі болды. Түрік бектері түрік атақтарын жойып, қытай бектерімен бірдей, қытай атағын алып, қытай қағанына бағынып, елу жыл бойы соларға жан-тәнімен беріліп, күн шығыста Бүгли ханға230 дейін, батыста Темір қапаққа дейін солармен бірге жүріп, қытай қағанына мына ұлысының түгел билігін берді-міс.
Қамұқ Түріктің231 қара бұдұны232 былай десті: Ұлысым еді – бұл! Ұлысым енді қайда? Кімге ұлысымды ертермін? Қағанды ұлыс едім, Мен! Қандай қағанға жанымды, күшімді беремін, Мен? Солай десіп, қытай қағанына қарсы жауласып, көне жұртқа барып күш жинайық деп, көшті. Олар бізге келіп бағынбаса, Түрік ұлысын түбірімен құртып, қайғы-қасірет шектірейік деп, қытайлар бірнеше мәрте әскер аттандырды. Үстіден Түріктің аспаны, астыдан қасиетті жер, су; Түрік ұлысы еш сөнбесін!, Мәңгі тұрақтасын! – деп, менің әкем Елтеріс қаған, анам Елбілге ханымды /Тәңірі/ айдарынан демеп, еңселерін тіктеді. Менің қаған әкеме еріп, жиырма жеті ер аттанды.
Олардың шеттеп жүргенін қаладағы адамдар естіп, қаладан шығып қарсы алып, таудағы адамдар таудан түсіп қарсы алып, барлығы біріккенде жетпіс ер жігіт болды. Тәңірі жебегендіктен қаған әкемнің әскері қасқыр сияқты, қарсылас жауы қой сияқты болып, шығыс пен батысты бірдей шарлап, күш жинап, кісілерді үгіттеп, барлығы жеті жүз ер болды-мыс. Әскердің саны жеті жүзге жеткенде өзін хан тұтып, жеке-жеке ұлысқа бөлінгендерді, өзгенің құлы болғандарды, Түріктің төр ұлысын тастағандардың барлығын менің бабамның жолымен жиыстырып, ер жүректілер етіп, Тайлаш, Тардұс аймақтарын ұлыстың ішіндегі өз қонысына қондырып, ябғу, шадтарын сайлап берді.
Оңтүстіктен Қытай ұлысы, Солтүстіктен Тоғұс Оғұс Бас қағаны жауласып, Қырғыз, Хуриған233, Хятан, Татаби түгел шабуылдады. Әкем қаған осыншама көп ұлысқа қарсы 47 рет әскер аттандырып, жиырма рет айқас жасады. Тәңірі жарылқап, қуаттанғандықтан, елін ел етті, қағанын қағанат етті. Жауын жуасытып, тізеліні шөктірді, бастыны бүктірді. Қаған әкем елін еңсертіп, төрін теңелтіп, дүниеден өтті. Қаған әкемнің басына Баз қағанның балбалы қойылды. Қаған әкем қайтқанда сегіз жаста едім. Менің ағам қаған болды. Ол жарлыны бай етті, жартыны бүтін етті.Ағам қаған тағына отырғанда, мені – Тегім дейтін. Тәңірінің қуатында мен жиырма төрт жасымда Пардұш халқына шад болдым. Қаған ағаммен бірге солтүстікте Шандұн жерінің жасыл өзенінің жазығына дейін, оңтүстікте темір Қапаққа дейін жетіп, Көгменнен асып, Қырғыздың жеріне дейінгі аралықты шарладық. Барлығы отыз бір рет әскермен аттанып, жиырма үш рет соғысып, ел ұлысты нығайтып, қаған төрді бекітіп, тобықтыны шөктірдік, бастыны бүктірдік. Түргеш қағаны әуелден маған бағынышты түрік адамы еді. Білместігі үшін, бізге жаулығы үшін өлтірілді. Оған қоса жақсы бектері түгел өлтірілді. Онған ұлыс-ел түгел азап көрді. Атамыз-бабамыз ұстаған жер-су иесіз болмасын деп, Аз ұлысын құрдық. Барс Бекті қаған сайлап, ханша қарындасымды бердік. Ол жазасы үшін өлтіріліп, ұлыс-елі құл-құтан болды. Көгіменнің жер-суы иесіз болуы жараспайтыны себепті мен Ас, Қырғыз ұлысын жасақтап орнаттым. Күн шығыста Қадарғанның алап орманына дейін халықты қоныстандырып, батыста Гэнгү Тарманға дейін Түріктің бір тұтас ұлысын қоныстандырып, жасақтадым. Сол кезде біздің құлдарымыздың өзі құл, күңдеріміздің өзі күң ұстайтын еді. Інілері ағаларын қинамайтын, ұлдары әкелерін қинамайтын. Мына ұлыс, мына төр билігімізді біз осылай нығайттық. Оғұс Түріктің бектері мен қарасты елі тыңдаңдар! Үстідегі аспаннан басып қалатын, астыдағы жерден ойылып кететін қауіп-қатерсіз Түрік ұлысы! Мына Ұлыс-ел, төр-билігіңді нығайтқан кім? Сен әуелден турашыл Түрік ұлысы емес пе едің? Мойында, өкін! Сенің адал ниетің үшін құралып, Білге қағанның дамытқан мына ғажап Ұлысының алдында қателік жасап, қамықтың сен! Сені бүлдірген соғыстың қасіреті қайдан шықты? Сені бағындырған, сені соғыстырған ой қайдан шықты? Қалың орман елің бет- бетіне көшіп, бір бөлігі батысқа қарай босты. Барған жерден тапқан жақсылығың – жалқы жаныңның қанын ағызып, сүйегіңді тау-төбе ғып үйіп, қуатты ұлдарыңды құл қылып, ару қыздарыңды күң еттің. Сенің ойламсыз, әлжуаздығыңнан менің қаған ағам өлім құшты. Ескерткіштің басына мен Қырғыз қағанының балбалын тұрғыздым. Түрік ұлысының атақ-даңқы еш өшпесін, деп Мені көтеріп хан тағына отырғызды. Мен дүние-малы бай елге қаған болмадым. Ішерге тамағы, киерге киімі жоқ, кедей халыққа қаған болдым. Інім Күлтегін екеуіміз де шад едік. Ата-бабамыздың асқақтатқан елінің даңқы өшсе болмас деп келісіп, Түрік ұлысы үшін түн ұйықтамай, күндіз отырмай, інім Күлтегін екеуіміз – екі шад өліп-талып жүріп, Ұлысты ұлы еттік. Осылайша күрескенде Ұлысты оттан, судан сақтап, ыдырап тозған елдің басын біріктіріп, біріккендерін әлдендіру үшін солтүстікте Оғұс ұлысы, шығыста Хятан, Татаби, оңтүстікте Қытаймен соғысып жеңіп, жиырма екі рет соғыстық. Тәңірі демеп жебегені үшін Мен жойылуға айналған ұлысты көтеріп әлдендіріп, жалаңаш елді киімді, кедей елді бай ауқатты етіп, жетім елді жетілдірдім. Осы елдің барлық ісін басқарып, қағанның даңқын арттырдым. Төрт тараптағы елдерді күшпен жуасыттым. Менің көп хандарым түгелдей қарсылықсыз маған ерді.» депті.
Түріктер алғашында таңба тәріздес төртбұрыш жазуды қолданған. Кейіннен ол жазуды жаңалап өзгерткені – мына ескерткіштегі жазулар дейді. Сол ескерткіштегі жазуларды алғаш Дания ұлысының ғалымы Томсен, орыстың ғалымы Радловтар шешіп оқыған. Бұл жазу Моңғол жеріндегі ерте заман тарихын зерттеуге өте-мөте қажет болғаны себепті дүние жүзінің ғалымдары сол арқылы Моңғолия жерін зерттеуді тіпті де қызықтайтын болды, деп жазады. Түріктің салт-дәстүрі тура кейбір ғалымдар жан-жақты зерттеген. Солардан бірер үзінділер келтірер болсақ, түріктер өліктерін табытқа салып, жерге көміп жерлейді. Қабірлерге там сияқты қорғандар тұрғызып, өлген адамның суретін салып, жасаған жорықтарының баянын қашап жазады. Және де адам мен жануарлардың бейнесін тасқа қашап қояды. Қандай бір батыр әскер өлген болса, оның қабірінен күн шығысқа қарай өлтірген жауының санымен жалпақ тастар қояды. Және де сол жаулардың ең күштісінен бастап қалап, бетіне таңба қашап белгі қалдырады.
Осы сияқты қатарластырып қалаған тас ескерткіштер Налахан жерінде күні бүгінге дейін сақталған. Өзге жерлерде де осы тәріздес ескерткіштер кездеседі. Түріктердің әскери қарулары; дулыға, құяқ-сауыт, қылыш, қанжар, найза. Садақтары сол кездегі көшпенділердің қолданатын садақтарымен бірдей болған. Олар атуға мерген болғанымен көбінде жекпе-жек айқасқанды ыңғайлы санаған.
Түріктің әдет-салты берік, заңдары қатты болған. Түріктер тектік ғұрыпты ұстанған. Ақ сүйектілер мен қараша тектілердің ара-жігін берік сақтаған. Барлық билік пен дәреже ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан. Хан тектілер оған иелік еткен. Ақ сүектілердің қыздарын қарашаға беруге тиым салған. Мұндай салт Күннүлерде болмаған. Түріктер осы салттарымен олардан ерекшеленеді.