САРТУЛ ҰЛЫСЫН ЖАУЛАҒАН КЕЗІ (Ананд Амар)

САРТУЛ ҰЛЫСЫН ЖАУЛАҒАН КЕЗІ
Шыңғыс қаған 58 жасында батыстағы Сартул ұлысын жауламақ болады.
Сартул ұлысы Қара Хятан ұлысына салық төлейтін. Найманның Күшілігі басып алғаннан кейін Сартул ұлысының салықтан босатылғанын әлгінде әңгіме еттік.
Сартул негізінен түркі нәсілділер тобына жатады. Түріктің ұлы ұлысы күйрегеннен кейін Селжүк түрік дәуірлеп, Селжүк түріктері күйрегеннен кейін Сартул ұлысы дәуірлеген.
Оның иелігіндегі жер шығыста Сырдария өзенінен, батыста Парсы өлкесінен әріректе, оңтүстікте Синд өзенінен, солтүстікте Арал мен Каспий теңізіне дейін созылып жататын.
Сартул ұлысының иесі Мұхамед сұлтан Ала Ад дин шығыста Моңғолдың қуатты мемлекеті дәуірлей бастағаннан сақтанып, моңғолдың халқы мен басшыларының жай-күйін алдын ала біліп тұру үшін Шыңғыстың 54 жылы, Шыңғыс қаған Алтын ұлысының орталық астанасын, қазіргі Пекин қаласын басып алған тұста аранайы елші аттандырады. Шыңғыс қаған оның елшілерін ықыласпен қарсы алып, екі ұлыстың сауда қатынасын нығайту жөнінде келісім жасап, аттандырады.
Сонан Шыңғыс қаған төрт жүз саудагер мен Бұғұр деген елшісін түрлі зат- тауармен Сартул ұлысына жөнелтеді. Шыңғыс қағанның керуені Сартул ұлысының шекарасындағы Отырар қаласына жеткен тұста қала нояны Інас деген Мұхамед сұлтанның жекжаты қарсы алады. осы Інас деген ежелден ір тойымсыз, ашкөзді адам екен. Керуендегі көп затты көрген жерден құрты қозып, Бұғұрды Сұлтан қағанға жалғыз жіберіп, төрт жүз саудагерді түгелдей қырып салады.
Керуендегі затты қолға түсіргеннен кейін, Сұлтан қағанға елші жіберіп, Шыңғыс қағанның төрт жүз тыңшысын өлтірдім, деп хабарлайды. Мұны естіген Сұлтан қаған Бұғұрдың сақалын қырып, шапанының етегін кесіп, қатты мазақ етіп қайтарады.
Шыңғыс қаған естісімен қатты ашуланып, анық-қанығынбілу үшін Ұқна деген басшысы бар елшілерін тағы жібереді: «Менің саудагерлерімді өлтірген бұл дерек егер Сұлтан қағанның да көңілінен шықпаған болса, Отырардың ісін басқарушының асы шабылсын!» — деп аттандырады – «Егер бұған көнбесе, тез арада әскер жасақтап, өткір қарудың астында жолығайық!»,- дейді.
Сондағы Сұлтан қағанның жауабы: «Аспанда екі күн болмайды. Ұлысты қос қаған басқармайды. Шығыста Шыңғыс қаған атың әйгіленсе де, батыста уәжің жүрмес. Енді менімен соғыспақсың ба?!»,- деп, елші Ұқнаны өлтіртіп, бірге келген адамдарын ауыр соққыға жығып, қайтарады. Сонан әске жинауға кіріседі.
Кейбір тарихтарда Сартул ұлысынан Моңғолға жіберілген саудагерлер өлтірілген десе, енді бір деректерде Сартул ұлысының иесінің жіберген саудагерлеріне қосып Шыңғыс қаған да көптеген саудагерін бірге аттандырған, деп жазады.
Тағы бір жазбаларда Шыңғыс қағанның қалың әскері бармас бұрын, Сартул әскерлері Жошының бір қол әскерімен ұрысып, жеңіледі. Сонан сартул басшысы қатты үрейленетін болған, деп жазады.
Сұлтан қағанның келесі қылығын естісімен, Шыңғыс қаған дереу әмір етіп, қалың әскерін жасақтайды.
Шыңғыстың 57 жылы ат-көлік, әскер-сайманын түзеп, Алтын ұлысын жаулауды бірден Мұқылайға жүктегендіктен, ұлыс-елді өз інісі Отшығынға тапсырып, өзі Құлан ханымын, төрт ұлын және Күлік Боршы, Жебе, Сүбедей, Шікіқұтық бастаған қалың батырларымен қоса, Алтын ұлысынан келген оқымысты Елюй Чуцайды алып, қара орман әскерін қозғалтып, Таңғыт ұлысының ханымына елші жіберіп, Сартул ұлысымен соғысқалы қозғалғанын айтып, оны оң қолға аттансын деп, бұйырады. Оған Таңғыт ұлысының бір уәзірі: «Сізге енді басқадан көмек сұрау жараспас. Егер, әлің жетпесе, соғысуды қойғаның жөн!»,- деп жауап қайтарады.
Шыңғыс қаған қатты ашуланып, Сартул ұлысын жаулап келгеннен кейін, кезекті Таңғыт ұлысына беру керек екен деп бекініп, Алтай тауын асып, құм шөлден өтіп, Шыңғыстың 58 жылы Ертіс өзенінің бойына келіп түседі. Сонан сол жылы күзде ары қарай қозғалып, Қойлық440 деген жерге келген кезде, Қарлықтың Еркін ханы Алмалық, Сағана, Тегін, ұйғырдың Бағұршық итегүттері көмекші әскерімен келіп, бірігіп соғысуға уәде береді.
Шыңғыс қаған осы жеге біраз аялдап, суық мезгілді өткізіп, ат-көлік, әскерін тынықтырып алып, Отырар қаласына қарай жылжиды.
Осы жорыққа қатысқан моңғол әскерінің санын тарихи жазбаларда әр қалай келтіреді. Негізінен он бес түменге жуық әскер болған сияқты. Сартул әскерінің саны қырық түменге жеткен, деседі.
Шыңғыс қағанның әскерінің саны аз болса да, соғыста сұрыпталған қайратты ерлерден, Сұлтанның әскерінің саны көп болса да, соғыс тәсілінен хабарсыз, өзара береке бірліксіз, әрі Сұлтанның жалтақай мінезінен халқы әбден мезі болып, оның сыртында олардың көбісі түркі нәсілінен, ислам дінінен болғандықтан Шыңғыс қағанның «Әркім өз қалауымен дін қабылдасын!», деген жарлығына ризашылық танытатындықтан, оған қарасты елдің ниеті моңғолдарға ауа бастаған-ды. Оның сыртында, Сұлтан қағанның шешесі Тұрхан хатын үстемсіп, билік ісіне араласып, ұлыстың жағдайы бей- берекетсіздікке тап болып, басшы нояндар мен батыр қолбасшылары өз ішінен бүлініп, тозғындаған кезі болатын.
Шыңғыс қаған суыт жүріп Отырар қаласына келген кезде, қаланың басшысы Інас хан екі түмен әскермен қаланы мықтап, қорғауға алған екен. Шыңғыс қағанның әскерлері қанша шабуылдаса да, қалаға беттеп кіре алмайды. Сартул елінің басшысы көмек жіберген екен, Хараза хан бастаған түмен қол соғысқа кіріседі. Сонан Шыңғыс қаған әскерін бөліп, басқа өлкелерді шабуылдауға шешім шығарады. Өзінің үлкен ұлы Шағатай мен Өгедейді неше түмен әскермен Отырарды қоршауға алдырады. Бұл қала Сырдария өзенінің ішкі жағына орналасқан еді. Екінші кезекте Жошыны батыс солтүстіктегі Женд441 қаласын алдыруға аттандырады. Үшінші кезекте, бәріннің Алаң нояны мен қонқотанның Сүйкеті чэрбиін бес мың әскермен шығыс солтүстікке Бэнакент пен Хожанды қалаларын алдыруға аттандырды. Бұл Сырдария өзенінің бас сағасындағы жерлер еді.
Шыңғыс қаған өзі үлкен қолды басқарып, төртінші ұлы Толуйды қасына алып, Бұқар қаласына аттанады. Сұлтан қағаннан Отырарға әскер келетін жолды жауып тастайды.
Бұқар қаласы Әмудария өзенінің ішкері өлкесінде еді.
Бірінші қол – Шағатай мен Өгедейдің әскерлері Отырар қаласын қоршауға алып, бес ай бойы іштен сыртқа, сырттан ішке адам өткізбейді. Қала ішіндегілердің азық-түлігі таусылып, халық аштан қырылуға таяған шақта көмекке келген қолбасшы Хараза хан түсіп бермек болады. Бұған Шыңғыс қағанның талай елшісінің қанын ішкен Інас қарсы шығады. Себебі, Інас үшін түсіп берсе де, бермесе де бәрі-бір оны өлім жазасы күтіп тұрған, оған соңғы демі қалғанша күресу ғана қажет болатын.
Сөйтіп, Хараза хан түн жамылып, қаладан қашып шыққан жерінде, Шағатайдың қолына түседі. Қолға түскен Хараза: «Қалың еліммен қол астыңдағы құлың болайын, жанымды қалдыршы!»,- деп, жалынады. Сонда Шағатай: «Өз ханыңа сатқындық жасаған сен сұмырай, кімге жақсылық қыласың?!»,- деп, басын шауып алады.
Шағатай мен Өгедей екеуі сол бетте қаланы бұзып кіріп, ондағы адамдарды шетінен қырады. Қаланың ішкі қорғанына бекінген Інаспен бір ай бойы соғысып, зорға қолға түсіреді. Оны саудагерлерді өлтірген қылмысы үшін Шыңғыс қағанның алдына тірідей алып барып береді. Қаған оның көмекейіне қорғасын құйып өлтіртеді.
Екінші жолдағы Жошының әскерлері сыр бойын құлдап Сығанақ қаласының маңына барып, Шыңғыс қағанның қол астында қызметші болған ұйғыр нәсілді Хажины жіберіп, қала басшысына қан төгіссіз түсіп беруді әмір етеді. Бірақ, қала басшысы барған елшіні өлтіреді. Оған Жошы ашуланып, дереу ұрыс ашып, жеті күн соғысып, қалаға басып кіреді. Ондағы адамдарды да аяусыз көп өлтіріп, Хажиның ұлын қаланың басшысы болдырады. Сонан батысқа бет алып, Үзкент442 һәм Аснас, Башынлегкент деген үш қаланы алып, Жентке жеткен кезде, оның басшысы қаланы тастап қашады. Жошының әскерлері оның да соңынан қуып жетіп, жеткен жерде өлтіреді. Сонан биік бұлтсаты443 жасап, қала қамалынан асып кіріп, ойранын шығарады. Көптеген дүние-мүлік, алтын-күміс секілді асыл бұйымдарды олжалайды. Бұдан кейін Яникент қаласын алып, әр қалаға жеке-жеке басшы тағайындайды.
Үшінші жолдағы Алаң ноян басқарған әскерлер Бенакент қаласына барып, оның басшысы Илеткү Меліктімен үш күн соғысып, қаланы қолға түсіреді. Қала тұрғындарының тең жартысын өлтіріп, жартысын Хожакент қаласын алуға көмекші есебінде ертіп алады. Хожакент қаласында темір Мәлік деген мықтыға тап болады. Ол Сыр өзенінің орта бойындағы берік бекіністі сағалап моңғол әскеріне қатты соққы береді. Алаң ноян шарасыздан Шыңғыс қағанға елші жібереді. Сөйтіп, қағанның жіберген көмекші әскерінің күшімен қайық, кеме жасап дариядан өтіп, темір шынжырмен дарияны қақ бөліп, бөгет салып, ұрысқан тұста Темір Мәлік зорға жеңіледі.
Төртінші жолдағы ұлы қол Шыңғыс қаған басқарған қалың әскер Шернұқ, Нор деп аталатын екі үлкен, бай қаланы жаулап алады. Осы Шернұқ деген қаланы моңғолдар Құтұлұқ балаң немесе Хутугт балғасун деп атап келген.
Шыңғыс қаған 50 жасында Бұқар қаласына жетеді. Осы қаланың әскерінің санын әрқалай айтады. Негізінде екі түмен шамасында болғанға ұқсайды.
Қаланы үлкенді, кішілі бірнеше хан бірігіп басқарады екен. Соған сәйкес қорғанысы да тым мықты болыпты. Әйтсе де, Шыңғыс қағанның адуын қалың қолы қалаға бірден басып кіріп, ойранын шығарады. Қашқан әскер мен адамдарын Әму дарияның бойымен бір жусатады. Тұрғындарынан қарсы болғандарын дереу өлтіртіп, бағынғандарын қалдырып, қаланы әбден жуасытады. Сонан Шыңғыс қаған мұсылмандар мешітіне кіріп, күмбезіне көтеріліп, жиылған қала тұрғындарына былай дейді: «Сұлтан қаған жазықсыз көп саудагерімді өлтіргені үшін мен арнайы жазасын кесуге келдім. Қателігін мойындап бағынса, кешірім беріп, мойындамай қарсы шықса, жанын алуға келдім. Байлар үйінің қоймасына сақтаған алтын-күміс теңгелерін шығарып, әскеріме тарту етсін!»,-деп бұйырып, бұдан өзге де көптеген үгіт-насихатты сөздерін айтады, деп жазады кейбір трихтарда.
Сонан моңғол әскерлері қаланың үйлерін аралап, тыққан теңге, дүние-мүлік, асыл бұйымдарды көптеп олжалайды. Соғыс кезінде қаланың ішінде өрт шыққандықтан көптеген үйлер өртке шалыңған екен.
Осы кезде Самарқан қаласында болған Сұлтан қаған бұл хабарды естісімен- ақ батысқа қарай қашып кетіпті.
Шыңғыс қаған Бұқар қаласынан оның шығыс оңтүстігіндегі Самарқан қаласын алуға аттанады. Самарқан қаласы Трансоксанның маңызды қалаларының бірі саналатындықтан, сақшы әскерлерінің саны он түмен, соғыс тәсілі жиырма түрлі болған. Қала басшысы Сұлтан қағанның шешесі Тұрхан ханымның туысы Тұғай деген еді, деседі.
Бұл қаланың қамалы берік, қорғаны биік, қару-жарағы да сайма-сай оған басып кіру бірталай қиындық тудыратындықтан, Шыңғыс қаған шамалы аялдап, үш жолдың әскерлерінің келуін күтеді.
Сөйтіп, үш жолдың әскерлері түгел келіп, ат-көлік, қару-жарақ түгелденген тұста, қаланың төрт жағынан қатар шабуылдап, әртүрлі айла-шарғы қолдану арқылы қаланы әзер алады.
Осы жөнінде кейбір тарихи жазбаларда: «Қалың әскер қамалды бұзып, қалаға беттеген тұста тұрғындарынан пышаққа ілікпеген адам қалмады. Қарапайым жұрт қойдай қырылды. Тек қана ұсталық өнері бар үш түмен адамды әскери қосындарға бөліп және үш түмен адамды әскери жұмысқа алып, қалған көп адамды жиырма түмен алтын теңгеге садаға етіп шығарған.»,- деп, жазады. Және де: «Самарқан қаласы бұдан кейін желге тозып жоғалып, олай баратын адам ізі бір жола өшті.»,- деп те жазады.
Шыңғыс қаған алғаш қалаға кірген бетте Сұлтан қағанның ыстығын басатын ордасына түсіп, оның соғысу айла-тәсілін өзіне дарытқан екен.
Шыңғыс қаған Жебе ноянға түмен әскер беріп, Сұлтан қағанның соңынан жібереді.
Сүбедей мен Тағушыр ноянға бір-бір түмен әскер беріп, бір-бірінің айдарын ала аттандырып: «Жолай кезіккен бейбіт қала, бейуаз халықты тисуші болмаңдар. Қарсы болғандарын құтқармаңдар! Бағынуға келгендерін түзеп, жөнге салыңдар! Сұлтан қағанды қалайда тірідей қолға түсіріңдер!»,-деп, бұйрық береді.
Осы кезде Сұлтан қағанның шешесі Тұрхан ханым Сартул ханының астанасы Үргенші444 қаласында отыратын. Бұл қала Әмудария өзенінің төменгі сағасында орналасқан болатын. Оны арабтар Жүржүнния дейтін. Кейіннен түркі, моңғолдар Үргенші деп атап кеткен.
Сонан Шыңғыс қаған бір айла табады: «Біз Сұлтан қағанмен соғысамыз. Сізде хақымыз жоқ. Келіп, бітімгершілік келісім жасаңыз!»,- деп, Тұрхан ханымға елші жібереді. Ханым бұған келіспестен, батыс жаққа қашып кетеді. Бұл Тұрхан ханым Қаңқыл445 тайпасының адамы, Сартул ұлысының маңдай алды әскерлерінің көбісі қаңыл аймағынан. Олар өзара ымыраласып ұлыс ісіне билік жүргізетін.
Мұхамед Сұлан туадан ақылы аз, салақ адам болған екен. Елін, тағын тастап, қашып кетуінің себебі де содан болса керек. Жәлал-Әд-дин есімді ұлы оған тоқтау айтып, әскер жинап, Әмудария өзенін қорғауға алайық, десе де көнбейді. Екінші ұлы Рукн Әд-дин Каспий теңізінен ілгеріде Кизбин деген қалада үш түмен әскер ұстап отырмын, әкемді қорғауға әзірмін деген сөзі үшін Сұлтан қаған сол жаққа кетуді жөн көріп, өзінің қоластындағы қаңқыл әскерінен сезіктенгендіктен, сенімді бірнеше адамымен Нышапұрға жетіп, сол жерде біраз күн аялдап, сонан Казбин қаласы арқылы Иранға өтіп, Карун деген бекініспен Каспий теңізіне қарай жөнейді.
Жебе мен Сүбедей екеуі оның артынан күні-түні демей жортып, Әмударияға келсе, қайық-көпірдің бәрін алып тастаған екен. Тері-қайыстан көптеген тұлып, қоржын жасап, қару-саймандарын салып, ат құйрығына байлап, толқынды судан қалқытып өтеді. Сонан Сұлтан қағанды іздеп, жол-жолға бөлініп, Каспий теңізінің шығыс оңтүстігіндегі Хорасан деген жерге келіп, одан да өтіп, Түс446, Нишапұр, Рей447 деген қалаларды басып, Әмул жақтағы Мөзендеранның бірнеше қалаларын күйретіп, Хамадан жақтан Сұлтан қағанның хабарын естіп, солай беттеп Цанзан, Казбин қалаларын талқандайды.
Осы кезде Сұлтан қаған Каспий теңізінің бойымен қашып жүріп, жолай өшіккен адамдарға тап болып, олардан аман құтылады да, Әбескен қаласының маңындағы бір кішкентай аралға келіп, ауруы асқынып, өлерінде, «ұлым Жәлел-Ад-дин мұрагерім болсын!», — деп өсиет етіп, Шыңғыстың 59 жылы қайтыс болады.
Сұлтан көзі тірісінде екінші ұлын мұрагер етемін деп айтып жүріп, неліктен екені, дәл өлер шағына келгенде Жәлел-Әд-динді мұрагер қылады.
Жәлел-Әд-дин таққа отырғаннан кейін, Хорасан мен Сартул жеріндегі Үргенші, Нишапур қалаларына әскер орнатып, шамалы қуат жинай бастайды. Әйтсе де, біріншіден өз ішіндегі қаңқыл әскерлерінің қырсығынан, екіншіден іргесіне таяп қалған моңғол әскерінің дүмпуінің салдарынан екі бірдей інісі өлтіріліп, үрейі үстем бола бастайды да, өлімнен қорқып, Темір Мелікпен ілесіп Қаснаға қарай қашып кетеді.
Қасна қаласы Гиндүкүш тауының теріскей жағында орналасқан еді.
Жебе мен Сүбедей екеуі Казвиннен шығып, сол жылдың қысында Әзербайжанның Әрдебил деген қаласын талқандайды. Сол жерден Каспий теңізінің жағалауын қыстамақ болып келеді. Бірақ, осы жылы қыс қатты боп қар қалың түскендіктен, жайылым шөбі мол, жылы қоныс іздеп, қайта қозғалады. Жолай Гүржіні басып, түменге жуық әскерін өлтіреді. Сонан Каспий жағалауына келген кезде, Сұлтан қағанның қайтыс болғанын естиді. Моңғолдардың шабуылынан кейін Гүржілер Әзербайжан мен Ирактан көмек сұрайды. Қыс ортасында осы хабарды естіген моңғол әскерлері Гүржіге қайтадан шабуылдап, ойсырата жеңеді. Сол жерден Ширван ұлысына қарай аттанып, Шанғақ қаласын күйретеді. Дербен деген қаланы талқандап, Кавказ тауларынан асып, солтүстіктегі Ас448, Лесген, Шеркес, қыпшақтардың біріккен қолын жеңеді. Бұлардың сыртында, Жебе мен Сүбедей екеуі Сұлтан қағанды Мезендеран деген жерде қуып жүрген кезде, сол маңда Сұлтан қағанның шешесі Тұрхан ханым жасырынып жүргенін естіп, ержүрек екі қолбасшысын солай жөнелтіп, әлгі жерлерді қоршауға алады. Ол жер қысаңды, биік
таулардың арасына орналасқан жыныс орман-тоғаймен қоршалған, соғысуға өте бір қолайсыз екен. Екі батыр оған тура барудан сақтанып, айналдыра қоршауға алып, бір ай ұстаған тұста, оның тұрғындары шөлге шыдамай, біртіндеп қысаңнан шыға бастайды. Екі батыр осы орайды пайдаланып, қысаңға шабуылдап кіріп, Сұлтан қағанның шешесі мен өзге де қыз-қатындарын түгелдей қолға түсіріп, Шыңғыс қағанға жібереді. Шыңғыс қаған Тұрханды тірі қалдырып, оның төрт қызының екеуін Шағатайға, қалған екеуін өзге батырларына береді.
Жебе мен Сүбедей екеуі Сұлтан қағанның өлген хабарын естігеннен кейін, кері қайтуға әзірлене бастайды. Сөйтіп жатқанда Шыңғыс қағаннан: Каспи теңізінің солтүстігін мекендейтін қыпшақтар Меркіт аймағынан бөлініп барған әскерлерді ұстап отыр екен, солармен соғыс ашыңдар, — деген бұйрық келеді. Екі батыр солай қарай аттанады. Бұл туралы – Қыпшақ пен орыстармен болған соғысты төменде жеке әңгімелейміз. Ал, осы тұста Шыңғыс қаған Самархан мен Трансоксанның түгел жерін жаулап алып, Шыңғыстың 59-жылы Несефа қаласын жайлап, ат-көліктерін тынықтырады. Кейіннен бұл қаланы Шағатайдан тараған хан-нояндар жазғы орда болдырған, деседі.
Тағы да сол жылдың күзінде Шыңғыс қаған Жошы мен Шағатайды Сартул ұлысының ғажайып көрікті астанасы – Үргенші қаласын жаулап алуға аттандырады. Жошылардың әскері қалаға таяған кезде қарсы жақ неше мәрте тосқауыл қойып, соғыс ашады. Әйткенмен моңғолдың қалың әскерінің екпіні қайтпастан барып, қаланы қоршауға алады. Бұл қала Әмударияның бір бұрылыс шынтағына орналасқан, қорған, қамалы берік, кіруге кедергісі мол себепті, Жошы әуелі бейбіт бітімге келу арқылы қаланы жайлап иеленбек болады. Бірақ, қала басшылары бұл ұсынысқа келіспей, бір қол әскерді қаланың сыртына жіберіп, ұрыс бастайды. Жошының әскері оларды да жеңіп, ағаштан көпір жасап, қамалдан өтеді. Шағатай жел өтін пайдаланып, қалаға өрт қоймақ болады. Алайда, Шыңғыс қаған қаланы өзіне беруді уәде еткені себепті, Жошы өрт қойғызбайды. Осыдан болып, ағалы-інілі екеуі келісе алмай, жеті ай бойы ұрыс бастамай жатып алады. Мұны естіп, Шыңғыс қаған қатты қапаланып, Өгедейге қалың әскер беріп, аттандырады. Ол келген бетте, өзеннің суын жырып, қаланы су астында қалдырады да, сол орайды пайдаланып, әскерін қалаға енгізіп, жеті күн, жеті түн соғысып, жеңіске жетеді. Бейбіт халық пен қатын-бала да, көптеп қырылады. Және жас бала, қатын-қалашқа дейін қару ұстап тірескені себепті, зергер-ұста, сұлу қыздан басқа тұрғын халық түгелдей өлтіріледі.
Сонан соң Жошы осы қалада қалып, Шағатай мен Өгедей екеуі Шыңғыс қағанға қарай аттанады. Бұл – Шыңғыстың 60 жылының көктемі еді. Шыңғыстың 59 жылы Шыңғыс қаған Әмудәрияның шығыс жағалауындағы Термес қаласын алып, сонан 60 жылы көктемде Әмудәриядан өтіп, өзеннің батысындағы Балах пен Талхан қалаларын басып алады.
Осы тұста Толұй Қорасанға аттанып, Меаре, Нишапур, Керат қалаларын жаулайды. Нишапур қаласы Қорасанның орталығы есептелген. Қамалы берік, қорғаны мықты, күзеті күшті қала болғандықтан, моңғол әскерлері бұл қаланы алуда жарылатын, тас ататын қару ойлап тауып, тікенек жебені қолдану арқылы, жеңіске жеткен. Осы жаңа қару-сайманның күшімен қаланы да, аяусыз талқандап, тұрғын адамдарды да, баудай түсірген деседі.
Шыңғыс қаған өз қолымен алуға барған Талхан қаласы да ең берік қамалдардың бірі саналған. Төрт жағы да биік таумен қоршалған, әскерлері де өр мінезді, жау көрсе жанын аямай ұрысатын мықтылар санатынан екен.
Моңғол әскерлері қаншалықты барын салып соғысса да, талайы оққа ұшып, талайы ауыр жарақат алады. Шарасыздан Шыңғыс қаған бір мәрте кейін шегініп барып, тыныс табады. Толұйға елші жіберіп, шақыртып еді, ол да кешікті. Сөйтіп, әлсіреуге таяған шақта, серперлі жаңа қаруларды жасап, соның күшімен қаланы алыстан атқылап, талқандайды. Жаудың жаяу әскері мен тұрғын халқы көптеп өледі. Атты әскері ғана қаланы тастап, қашып құтылады.
Шыңғыс қаған Талханды алғаннан кейін, соның төңірегіндегі тауларды жайлап, ат-көлігін тынықтырып жатқан кезде Шағатай мен Өгедей екеуі келіп жетеді. Дәл осы кезде барлаушы топтан да хабар келеді. Сұлтан ханның ұлы Жәлел-әд-дин Касна қаласының маңында көпті жинап, Бенакет қаласының иесі Темір Мелікпен бірігіп, жеті-сегіз түмен әскермен моңғолдарға қарсы соғысқа дайындалып жатыр, деп естиді.
Сонан Шыңғыс қаған дереу қалың әскерін аттандырып, Шікіқұтұқ ноянды маңдай алдыға жөнелтеді. Шікіқұтұқ шығыс оңтүстікті бетке алып, жүріп отырып, Ферғана деген жерге келгенде, Жәлел-әд-динге жолығып, таңнан кешке дейін соғысады. Өлген де, жаралнған да көп болады. Шікіқұтұқ аз әскермен көпті жеңбесін біліп, киізден адам кейпін жасап, атқа таңып, арттарынан ертіп, әскерлерін алдыға салып отырады. Жәлел-әд-дин бастабында көп әскердің қайсысын құртарын білмей, біраз сасқалақтайды да, дереу ес жиып, қоршауға алады. Шікіқұтұқ бір мәрте бар күшін салып, қанды жол қалдырып, қоршауды бұзып қашады. Жәлел-әд-дин қашқан әскерлердің соңынан қуғыншы жіберіп, бірталай ойсыратып тастайды.
Батыс өлкеде жүрілген моңғол шабуылында дәл осылай қансырай жеңілген сәті болмаған, деседі.
Шыңғыс қаған бұл хабарды естіген тұста, ашуланбайды, есесіне өсиет айтып, былай дейді: «Шікіқұтұқ соғысқан сайын жеңіске жететіндіктен, жаман дәндеп алыпты. Бұл жеңілісі келешеккі ұрыстарына таптырмас сабақ болды!» деп, өзі бастап, атқа қонады.
Сонан Жәлел-әд-динді қуып, Каснаға келсе, бұл жермен өткеніне оншақты күн болған екен. Қала тұрғындарын өзіне бағындырып, басшысын өзіне сенімді деген адамынан тағайындап кетіпті. Шыңғыс қаған бұл қаладан да өтіп, Үнді өзеніне қарай беттейді.
Жәлел-әд-диннің жеңіске жете тұра, бұлай қашуының себебі, Шікіқұтұқтан тартып алған тамаша бір тұлпарға қолбасшылары таласып, ақыры өкпелеген жағы бөлініп кеткен екен. Шыңғыс қағанды келе жатыр деген хабарды естіген соң, оның қашып құтылудан өзге амалы қалмапты.
Моңғол әскері қуып жетісімен, қолбасшы батырларын шетінен сұлатып, таңнан кешке дейін соғысқанның өзінде, басқарусыз қалған қалың әскерден бірнеше жүз ғана адам қалады.
Шыңғыс қаған Жәлел-әд-динді тірідей қолға түсіріңдер деген бұйрық беріп, әскерлері оған қару сілтемей жүрген кезді пайдаланған ол, қоршаудан сытылып шығып, бір биік жартастың ұшпасынан атының тізгінін көтере тартып, Үнді өзеніне түседі де, өзеннен өтіп, суын сілкіп тастап, қашып кете барады.
Осы көріністі аңдап тұрып, Шыңғыс қаған: «Мен мұндай ержүрек ерді бұл жасыма дейін көрмеппін» деп таңданады. Бұны естіп, намыстанған моңғол әскерлері ұшпақтан біз де ұшып барып, соңынан түселік дегенде Шыңғыс қаған күшпен тоқтатып, былай дейді: «Жәлел-әд-дин осылай қашып құтылса, келер күндері қас болар» дегенде, Бал ноян оның сөзін іліп алып, — Кәне, жігіттер, өзенді кесіп өтіп, қуыңдар» — дейді. Шыңғыс қаған мақұл деп, бас изейді. Сөйтіп, олар ағаш құлатып, қайық жасап, судан өтеді де, Жәлел-әд- диннің ізіне түседі.
Шыңғыс қаған Жәлел-әд-диннің жақын туыстарын түгелдей қолға түсіріп, ерлерін өлтіріп, қыз-әйелдерін ертіп алып, Үнді өзенінің батыс жағалауымен күн-түн демей жүріп, оның жақтастарын кезіккен жерінде өлтіріп келе жатқан тұста, артта қалған Меаре, Керат, Касна қалаларында бүлікшілік пайда болды деген хабар жетеді. Бұл хабарды естісімен Шыңғыс қаған жарты әскерін солай аттандырып, қала бүлікшілерін аяусыз таптатып, қайта бас көтерместей болдырады.
Бала ноянның әскерлері Үндістанның солтүстік шетіндегі бір қаланы күйретіп, одан да өтіп келе жатқан кезде, аптап ыстыққа тап болып, ат- көліктері әлсірей бастайды. Әрі Жәлел-әд-динің де қай жаққа кеткенінен мүлде бейхабар қалады. Сөйтіп, жолай бір жерлерге түсіп, ат-көліктерін босатып, салқын түсуін күтеді. Бұл хабар Шыңғыс қағанға жетісімен ол Жәлел-әд-диннің ізін қуып, соның кегімен Үндістан мен Тибет өлкесін түгел жаулап алады.
Енді кері қайту қамына кірісе бастаған тұста, Елюй Чуцай оған әртүрлі себептер айтып, қайтуға қарсы болады. Жебе мен Сүбедейдің хабарын сұрастырса, оларды Кавказ жотасынан асып, қыпшақтарды жаулап, енді орыстарға ойран салудың дайындығын жасап жатыр дейді. Мұны естіген Шыңғыс қаған ; жебелер қайтпай жүргенде біз несіне қорғанамыз! деп ілгеріге аттанып еді, жылқы малы төзгісіз ыстық аптапқа тап болды Және Елюй Чуцай әрнені айтып, тоқтау салғанды, оның сыртындап бұрын-соңды көрмеген біртүрлі аңдар көріне бастады. Осылардың бәрін көңіл түбінде саралай келіп, бұлардың бәрі де қайт деген хабар болар деп шешкен Шыңғыс қаған дереу желбіреген байрағын кері бұрғызып, Үнді өзенінен өтіп, Баланың әскеріне тез қайтсын деген бұйрық жібереді.
Осы тұста Жәлел-әд-дин Үндістанның жиегіндегі Делхи449 деген қалада көпті дүрліктіріп, әскер жасақтау қамына кіріседі. Бұл туралы да соңғы дәптерде сөз етеміз.
Шыңғыстың 61 жылының жазында Шыңғыс қаған Гиндүкүштің450 кең жазығында яғни Мұрғап өзенінің бас сағасын жайлап, сол жылдың қысында солтүстікке жылжып, Әмудәриядан өтіп, Бұқар қаласына келгенде , оларды көптеген басшылар қарсы алып, мал сойып, ас береді. Аста олардың діни басшыларымен жолығып, діни жол-жорасымен танысады. Сонан былай деп; Бұл жер бірден менің қоластыма кіргендіктен, бұдан былай наным-сенімді менің атыма ғана жасау керек! Әр діннің садақа көлемін де менің үшін бекітіңдер! — деп әмір береді.
Сол жерден аттанып, Самарқанға келіп, ат-көлігін тынықтырып, Жошы, Үргенші қаласын алғаннан кейін, Жебе мен Сүбедейге әскер көмектестіру үшін, Қыпшақ пен Бұлғар ұлысының солтүстігіне беттейді.
Шыңғыс қаған, Шағатай, өгедейлермен Үргенші қаласын алғаш алған кезде болған бірер жанжалдың451 ақ-қарасын анықтау үшін және Жебе мен Сүбедейді қайтару үшін, жеке-жеке елші жөнелтеді.
Ал, енді Жебе мен Сүбедейге келсек, олар дәл осы шақта Қыпшақтың басшысы Юрий деген адамын ас452, лескен, шеркестермен біріктіріп жаулауға келеді дегенді естіп, дереу шабуыл тәсілін өзгертіп, Қыпшақтың басшысына елші жөнелтеді.
— Сіз бен біз түрік нәсілінен едік. Неліктен бөтен нәсілдермен тізе қосып, ас (алаң)-пен бірге шықпақсыз?- деп айттырады. Қыпшақ басшысы бұл сөзге көніп, бірігіп соғысады да, Жебе, Сүбедейлер астарды көз ілестірмей жаулап алады. Алдауға сенген қыпшақтар бірер аймақтыкүйретіскеннен кейін, өздері де оққа ұша бастайды. Тірі қалған қыпшақтар Еуропаға қарай жан сауғалап кетеді. Енді бірі кіші Азияға, екіншісі орысқа қарай кетеді.
Сүбедей мен Өгедей екеуі осылайша оңай жеңіске жеткенімен, одан әрірек барып соғысуға аз көпті жеңбейтінін біліп және бұдан кейінгі жорық жолы тіпті қиын болатындықтан, біріншіден жеңіс тойын бірге тойлауға, екіншіден әскерін көмекке алу ниетпен Жошы хан ұлға елші жіберіп, шақыртады. Осы кезде Жошы Сартулдың астанасы Үргеншіні алып, каспий теңізінің шығыс жағында еш алаңсыз еркін отырғандықтан жарты әскерін көмекке жіберді.
Көмек әскердің дер кезінде келіп жеткеніне көңілдері көтерілген Жебе мен Сүбедей дереу атқа қонып, Қара теңіздің солтүстігіндегі Азу453 теңізіне құятын Калке454 өзеніне жеткен кезде орыс пен қыпшақтың біріккен қолына тап болып, ең күрделі қиын ұрысқа түседі. Бұл әңгімені қысқаша түсіндіргенде былай еді. Қыпшақтың Котян деген бір нояны орыстың басшысы Ұлы Уаң Мстислав дегенмен құдалық іліктігі үшін моңғол әскері келгенде Уаң орыстың өзге нояндарынан көмек алуға елші жөнелтеді. Орыстың көп вандары қол біріктіріп моңғолдарды алдан күтіп, ұрыс ашуға келіседі. Дәл осы тұста Жебе ноян орыс басшыларына: «Біз өзімізге тиісілі қыпшақтарды құрастырып жүрміз. Сендерде қақымыз жоқ!»,- деп, айттырып, он адам елші жібереді. Орыстар барған елшілердің екеуін ғана тірі қайтарып, қалғандарын түгел өлтіреді. Бұған қатты ашуланып, қаһарланған Жебе: «Ескі ертегілерде құстың да елшісін өлтіруге жол жоқ дейтін. Сенің ұлысың ұлағатсыздыққа барды!»,- деп, тағы да елші жібергенде, олар ұялғанынан бұл елшілерді аман қайтарады.
Сол кезде Орысты жеке-жеке билігі бар көптеген уаңдар басқаратын. Ұл уаңдарға Киев қаласының уаңы билік айтатын. Соның үшін моңғолға қарсы соғыс ашу туралы хабарды да Киевтен жөнелтіп, өзге уаңдардың батыр әскерлерінде Киев қаласына топтастырады. Киевке жиналған орыс әскерінің санын тарихи деректерде әрқалай жазады. Бірер деректерде сегіз түмен, үш мыңнан көп болған десе, енді біреуінде бұған тағы көптеген әскер қосылған дейді. Және де қыпшақтан да көп әскер келген деседі.
Осынау біріккен әскер Калке өзенінің бойында моңғол әскерімен түйісіп, бір рет барлау ұрысын жүргізеді. Сондағы моңғол әскерінің сипатын былай деп жазады: Моңғолдардың садақ, найза, қылыш, темір, ағаш шоқпар,бітеу сауыт, дулыға тектес қару-жарақтары ықшам да, өткір. Бірде бір жаяу әскері жоқ. Түгелдей атты әскер. Әр адамның екіден үш жетек аты бар және де олар он, жүз, бес жүз, мыңдықпен бөлініп, қозғалыс, шабыс жасау қимылына әбден жатық екенін көзбен көргенде орыстың кейбір егде нояндары өз әскерлеріне ағаштан шөрік, сұқпа жасап, абайлап ұрысыңдар дегенде, бұған намыстанған жас нояндар; өлімтік, кәпір дінділерді аяудың қажеті не! Деп ашуланады. Сөйтіп, Шыңғыстың 62 жылы, орыстың бесінші айының отыз бірі күні, үлкен соғыс басталады. Айқай салып, ұрандап кірген моңғол әскерлері біраз ұрыстан соң, жетек аттарын тастап, қашқан тұста, орыс әскерлері өкшелей қуып, бір белестен асып, еңкейе бергенде тасаланып тұрған қалың әскерлер, тұс-тұстан бұршақша оқ боратады. Ентелеп келген орыс әскерлерінің оққа ұшқаны оғымен, найзаға ілінгені найзасымен домалап, ілезде ойсырап, талай уаң тірідей қолға түседі.
Жауды жеңіп, жеңіс тойын тойлаған кезде, орыстың қолды болған көп уаңдарын үлкен үйдің еден тақтайының астына тізілте жатқызып қойып, «елшімізді өлтірудің жазасын көріңдер» деп үстіне әскерлерді отырғызады. Той біткен соң еденді көтеріп қараса, шірік уаңдар шелпектей мыжылып, түгел өліпті, деседі.
Сол жерден моңғол әскерлері орыстың қалған әскерлерін Днепр дәриясына дейін қуып барып, бір топ әскерді Қара теңіздің Қырым шығанағындағы жіңішке бұғазынан өтіп, Италияның Генуясына қарасты Судак деп аталатын бай сауда қаласын сорып, қанап, моңғолдың екі түмен әскерінкері қайтарып, Волга дәриясынан өтіп, жолай Болғарияны жаулап, енді қалған ұлыстарға қол сала бастаған тұста, Шыңғыс қағанның қайтсын деген жарлығы да келіп жетеді. Сөйтіп, Каспи теңізінің солтүстігі, оралдың ішкі етегімен Волга дәриясының аяққы са,асына келіп, Жошыға жолығып, оның әскерлерін қайтарып беріп, сол жерден қозғалып, Шыңғыстың 63 жылы ұлы қолға бірігеді.
Шыңғыс қаған олардың қалай соғысқандарын өз аузынан естігеннен кейін, қатты разы болып, жорыққа бірге аттанған Тағұшар деген ноян моңғолдың қол астына келген Мелік деген ноянның егістігін таптатып кеткені үшін, жарғыдан тайқыды деп, атақ-шенінен айырады.
Жебе мен Сбедейдің жорығы жөнінде кейбір тарих шежіренің білгірлері;
«Моңғол әскерлерінің орыстарды Днепр дәриясына дейін қуып баруы – атты әскердің жорық тарихындағы ең ұзақ жол. Бұл өзге ешқендай елдің әскери тарихында кездеспеген төтенше оқиға, Жебе мен Сүбедейдің басқаруында жорыққа қатысмқан атты әскерлер ең таңдаулы санаттағы сарбаздар» — деп жазады.
Шыңғыстың 63 жылы қыста Шыңғыс қаған Самарқаннан қозғалып, Сыр өзенінен өтіп, шығысқа қарай жүріп, Құлан басы деген ұлы далаға келеді. Осы жерде қалың әскерімен үлкен саят жасап жүргенде, Жошы Қыпшақ даласынан үйірімен қалың құлақтыны455 тықсырып алып келіп, алдарына салады. Оларды жан-жағынан қаумалаған көп әскер, кең далада айыздары қанғанша еркін саят құрады. Мұның сыртында Жошы ұлы әкесіне екі түмен ақбоз атты тарту етеді. Жебе мен Сүбедей екеуі осы жерде ұлы әскерге қосылады.
Сонан Шыңғыс қаған Жошы ұлына жаңадан жаулаған қалың аймақты басқартуға беріп, Қыпшақ даласына қалдырады.
Шағатай, Өгедей, Толұй үшеуі Шыңғыс қағанмен бірге қалың батыр әскерлерін алып, аттың басын моңғол даласына бұрады. Сөйтіп Шыңғыстың 63 жылы жазда, байырғы Найман ұлысының шекарасына іліне берген тұста, Толұйдың ұлдары Құбылай мен Құлағу екеуі қарсы алады. 64 жылдың күзінде Шыңғыс қаған Туыл өзенінің Қара түнегіндегі456 ұлы ордасына келіп түседі.
Моңғолдың аз санды атты әскері мыңдаған шақырым алыстағы Үндістан мен Кавказдың биік таулары, Қара теңізінің солтүстігіндегі көптеген биік қақпа, қорғандардан өтіп, талай жерден ұрысқан қалың қол әскерлерді жеңіп, көптеген үлкенді-кішілі ұлыс елдерді бағындырып, шексіз байтақ өлкелерге иелік құрып, есен- сау осылайша ел-жұртына оралады. Бұл – шынында да, адам баласының бұрын-соңды тарихында кездеспеген ғажап оқиға, тарих бетінде мәңгі қалатын қайталанбас іс еді.
Моңғол баласы суық, аңызақты ен даланы тұрақтап, тіптен тағы, жұтаң да қарапайым ғұмыр кешіп келсе де, бір кездерде солайша ержүректік танытып, аз санмен Азия, Еуропа құрылығының көптеген ұлыс-аймақтарын жаулап үлгеруі, қалай да ғажап іс болғаны анық.
Біздің бабаларымыздың жасап кеткен ерлігін, бұл әлемде ешкіммен де салғастыруға келмейді. Сөйте тұра, сол моңғолдың бүгінгі ұрпақтарының нақты халі өзгені жауламақ түгілі, өзін қорғауға да келмейтін кейіпке жетуі, өзекті өртейтін өкініш!
Әсіресе, ішкі моңғол, барғы және Көкнордағы өлеттердің бөгденің қол астында өз ана тілі мен әдет-ғұрып, салт-санасынан айрыла бастауы аянышты-ақ.
Бүгінгі таңда әлем халықтарының өркені атар таң, батар күнмен таласып, құлашын кеңге жайып отырғанда, моңғолдардың білім-мәдениетсіз қалуы, әуелі білімдісі біліксізін жоятын өмірлік заңға, онан соң уақытпен санасу деген ғұмырлық қағидадан тым алшақ қалып отыр.
Соның үшін біздің моңғол жұрты Шыңғыстың жігерімен екпінді білім алуы қажет. Бізге сол үшін Шыңғыс қағанның нақты тарихын білу, оны қайта жаңғыртып, зерттеу керек те, оның тарихи ісін сол қалпында қайталамасақ та (қайталау әбестік!), адам баласының алдында төл тарихымызды қорғай біліп, ұлттық намыс пен тәуелсіздігімізді нығайту борышы жүктеліп отыр. Солай десек те, бұл бірден ұлтын сүйе білетін, ыстық қанды әрбір моңғол баласының өз ұлтына деген өшпес көңіл ісімен шешілетіндіктен, өз тарихымызды ұмытпай, әрбір моңғол азаматы ұлт-ұлысымыздың болашағы үшін көңіл бөле білсек, қашанда біздің Моңғол деген ұлысымыздың оты өшіп, шоғы сөнбейді. Мәңгі-бақи лаулап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *