НАЙМАН МЕН МЕРКІТТІҢ ҺӘМ ХОРЬ ТҮМЕТ ПЕН ҚАРА ХЯТАН ҰЛЫСЫН БАҒЫНДЫРҒАН КЕЗІ (Ананд Амар)

НАЙМАН МЕН МЕРКІТТІҢ ҺӘМ ХОРЬ ТҮМЕТ ПЕН ҚАРА ХЯТАН ҰЛЫСЫН БАҒЫНДЫРҒАН КЕЗІ.
Найманның Күшілігі мен меркіттің қалдығы Етіс өзенінің бойында Жебе Сүбедей екеуінен жеңіліп, батысқа қарай қашып кеткені жөнінде жоғарыда сөз еткен едік. Бірақ, олар солай болғаннан кейін Ертістің арғы жағында көптеген қол жинап, қуат алып жатқанын естіп Шыңғыс қаған 55 жасында Сүбедей батырға бітеу темір арба жасатып беріп, Ертістің арғы бетіне аттандырады. Меркітті жатқан жерінде жайпап,тақтаның балаларын түгелдей өлтіртіп, жалғыз Көлтүген білгіні тірі қалдыруды Жошы алдын ала ойластырады. әйтсе де, Шыңғыс қағанның тірі жан қалдырма деген жарлығы үшін оны да өлтіртіп, ошағын ойран етеді. Сөйтіп Меркіттің қалдығы типыл болады.
Бұл деректерге сүйенсек, Сүбедеймен бірге Меркіттің қалдығын құртуға Жошы да аттанған сияқты.
Шыңғыстың 56 жылы Хорь түмет бүлік шығарып, Шыңғыс қаған әскер аттандырады. Хорь түметтер негізінен Шыңғыс қағанның атасы Боданшардың шешесі Алаң сұлудың төркіні болып келеді. Шыңғыс қағанға нағашы жұрт. Мекендері Байкал теңізіне құятын Барғужын өзенінің ілгері сағасы.
Хорь түметтің нояны Дайдұқұл өліп, оның әйелі семіз Ботақай елді басқарады.
Шыңғыс қаған ұлыс-елді орнату ісіне жұмыла кіріскен, қолбасшылары мен батыр ерлерін, сенімді адамдарына ерекше мәртебе берген тұста олардың арасында өзінің жұрағаты Арғыс қобызшы (Арағасұн қобызшы) да болған еді. Қаған оған қайда сұлу қыздар мол болса, сол жерден отыз сұлу қызды таңдап, қалыңдық етуіне рұқсат берген болатын.
Сөйтіп күндердің бір күні Арғыс қобызшы Хорь түметтің қыздары көрікті болады екен дегенді естіп, қыз таңдауға аттанады. Арғыс қобызшы еліне барған тұста Хорь түметтер сырт көз танытып, оны ұстап алады. Бұл хабарды естіген бойда Шыңғыс қаған орман өлкесінің сырын жақсы білетін ойраттың Құтуға бекісін аттандырады. Хорь түметтер оны да ұстап алады. Бұдан кейін шыңғыс қаған Хорь түметтерге қалың әскері мен Бороқұлды аттандырады. Бороқұл хорь түметтің жеріне іліне бере қалың әскерінен озып, жалғыз жөнеледі. Жалғыз келе жатып, иттұмсығы өтпейтін бітеу орманға тап болады. Сол орманның ішінде жол таппай адасып жрүген жерінде Хорь түметтің қарауылдары оны атып өлтіреді.
Осы суық хабарды естіген кезде Шыңғыс қаған қатты ашуланып, олай болса Хорь түметтерді өз қолыммен құртайын деп, атқа қонбақ болады. Боршы мен Мұқылай екеуі қағанның бұл қылығына қарсылық танытып, басу айтады.
Сөйтіп, Шыңғыс қаған Хорь түметтерді құртуға дөрбеттің Дөрбай тарпаңын аттандырады.
Бороқұл ноянның қапыда өлтірілгенін білетін Дөрбай тарпаң оның өлген жеріне құр байрақ қондырады да әскерін басқа жолмен бастайды. Тасаланып барып, Бороқұлды өлтірдік деп той тойлап жатқан хорь түметтердің төбесінен түседі. Оларды ес жиғызбастан таптап салып, Арғыс қобызшы мен Құтуға бекіні босатып алады. Жесір басшы Ботақай семізді тірідей қолға түсіреді.
Осылайша жеңіспен оралған Дөрбай тарпаңды Шыңғыс қаған ерекше марапаттайды. Бороқұл ноянды жау қолында өлгені үшін оның ұлы Тоғанға жүз түметті береді. Қобызшыға түметтің отыз сұлуын береді. Құтуға бекіге Ботақай семізді береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *