НАЙМАН АЙМАҒЫН ЖӘНЕ МЕРКІТТІҢ ҚАЛДЫҒЫН ЖЕҢГЕН КЕЗІ
Найман аймағы сол кезде Ханғай және Алтай тауларымен Қара Ертіс өзеніне дейін орналасып, шығыста керей аймағы, батыста ханғал387, солтүстікте Қырғыз, оңтүстікте Тәңір тауының ұйғырларымен шекараласатын.
Кейіннен найман ішінен екі хандық ұлыс болған. Және Найманның Нісчибілік388 ханы өлгеннен кейін оның екі ұлы – Таян, Бұйрық өзара таққа таласып, араздасып, кешікпей Бұйрық өзіне қарасты елін алып, Алтын тауынан өтіп, қоныстанады. Таян хан хан тағын иеленіп, біраз күш-қуат жинайды.
Найман аймағы сол кезде біраз қуатты болған және ұйғырдың мәдениетін, білімі мен қарпін пайдаланып, айтарлықтай сауатты ел болған екен. Найман аймағын моңғолдар моңғол ұлты деп айтып келгенімен, кейбір ғалымдардан:
«Найман аймағының тілі, ұлты белгісіз және де, моңғол ұлты деп қарауға көп жағынан күмәнді», — деп қарастырыпты. Әйтсе де, сол кезде қытайлар найман аймағын Даданың тобына жатқызып келгеніне қарасақ, Дадалар моңғол ұлты болғандықтан, наймандарды389 солайша моңғол ұлты дейтіні шындыққа саяды. Төмүчин, Уан хан екеуі найман аймағымен соғысып, олар бірден өштесіп қалғандықтан және соңғы кезде Төмүчин керей аймағын күйретіп, бірте-бірте қуатты болып, дәуірлегендіктен осы хабарды найманның Таян ханы естіп, өзін көтермелеп айтқаны: «Аспанда күн, ай екеуі бар, жерде қалайша екі хан болмақ? Енді біз аттанып, олады олжалап келейік», -деген сияқты атық сөздер айтып, содан Төмүчинмен соғысып, құртуға тоқтасып, моңғолдан ілгерідегі Ақ қорғанның сыртында отыратын онғұт аймағының иесі Алқұшиға елші жіберіп, «Мен аттанып, Төмүчиндердің садақ-жебесін тартып аламын. Сен оң қолым бол!», — дегенін онғұттың иесі рұқсаттамай, керісінше Төмүчинге хабар жеткізіп, сақ болыңдар», — дейді. Төмүчин /бұл хабарды/ естісімен кеңес құрғанда, кейбірі аттар арық, күзге қалдырайық, дейді. Бірақ Белкүтей асығыс аттану керек дегендіктен, Төмүчин рұқсаттап, дереу соғысуға тоқтасып, арнайы жария шашып, әскер , аттарын дайындап, мыңдықтың басшысы, жүздіктің басшысы дегендерге тоқтасып, алты дәрежелі черби390 құрып және сексен қорғаушы әскер391, жетпіс кезекші әскер392 құрады. Қорғаушы әскерге мыңдықтың басшысы, жүздіктің басшысы және текті адамдардың ұлдарынан ііктеп, шетінен еңселі, өнерге жетіктерді таңдап алады. Және соғыс кезінде бастап ұрысатын, жай кезде өзін қорғайтын бір мың батыр ерлерден шерік құрып, жетпіс кезекші әскермен біріктіріп, бір адамға басқартып және күндіз бен түнде күзететін, қорғайтын, сақтайтын және азық-түлік туралы да қатаң есеппен жарлық бекітіп, жария етіп, сонан Шыңғыстың 43 жылы немесе көк тышқан жылының жаздың алғашқы айында Керулен өзенін өрлей жүріп, Сали кегер деген жерге жетіп, найманның Ханғай тауына барған кезде Таян хан Ханғай жерінде су бойында отырған екен. Сол жерден аттанып, Тамыр өзенін құлдап, Орхон өзенінен өтіп, Анақу тауының шығыс жағы, Чичер Мороту деген жерде екі жақтың қарауылдары кездеседі. Осы кезде ойрат393, салжиғұт, хатағын394, жадаран, татар және керейдің қалдықтары түгелдей найманға бірігіп және Жамұқа да Таян ханның қасында болған еді. Таян хан Төмүчиннің қарауылдағы батырларын алыстан көріп, нағызында /бұлар/ кім, кімдер, қандай шыдамдары барын Жамұқадан сұрағанда, Төмүчиннің көп батырларын бір-бірлеп жеке таныстырып, шетінен күштілер екенін кереметтей етіп жеткізгенде, Таян хан қатты қорқады. Жамұқа оның қорқанын кейпін Төмүчинге жасырын хабарлап: «Оның тіптен соғысатын ойы жоқ. Қорқанынан есі шығып кетті. Сен андам абайла. Мен енді найманнан бөлініп кетемін», — дейді. Сол күні кеш болып кеткендіктен сол жерге түнеп, Төмүчиннің әскері аз болғандықтан адам басы бес жерден от жағып, көбейткенін Таян ханның әскерлері тау басынан көріп, Төмүчиннің әскері аз дегені қайдам, жұлдыздай көп екен ғой, десіп, қатты үрейленіп, Таян хан: «Кері қайтайық!», — дегенде, оның ұлы Күчүлүк: «Таян хан да қорқатын ба, еді? Олардың Жамұқа бастаған көп бөлігі біздің жақта тұрса, олар қалайша көп бола қалады екен? Әкем Таян аяғы ауыр әйелдің сідік тастам жері, бұзаудың өрісіндей жерге де жетпегендіктен, осылайша қорыққан болар!», — дегенде, сыртта оның бір уәзірі: «Таян хан сенің әкең – Нісчибілік хан әлбетте ер жігіттің сыртынан /сығаламаған/, ереуіл аттың сауырына көз салмаған /адам/ еді. Осылайша қорқатыныңды білгенде, еке қатының395 Күрбесүді396 әкеліп, әскерді басқартсақ та болатын екен», — дейді. Таян хан ашуланып: «Адамның өлмегі мен азбағы – бір уақыттың ісі емес пе? Олай айтар болсаңдар, тосып ұрысыңдар!», — деп, дереу соғысатын болады.
Содан Төмүчин таңертең тұрып, інісі Қасырды маңдай алды болдырып, наймандармен қатты соғысып, кеш батқанша ұрысқанда, найманның әскері ойсырай жеңіліп, Таян хан қолға түсіп өлтіріліп, оның еке қатыны Күрбесүді Төмүчин алады. Сол күні түнде найманның әскері сасқалақтап тау-тастан құлап өліп, қисапсыз көп шығынға ұшырайды. Қалғандары дөрбет, татар, салжұғұт қатарлы көптеген аймақтар түгелдей /Төмүчиннің/ қол астына кіреді. Меркіттің Тоқтағасы бірден қашып кетеді. Таян ханның ұлы Күчүлүк батысқа бет алып, Бұйрық ханның жеріне қашып кетеді. Жамұқа да біраз адаммен батысқа қарай қашады.Төмүчин найман аймағын осылайша жеңіп, қарасты ел, жер-суын иеленіп алады. Найманның Таян ханы Ұйғыр ұлысының Тататунга деген бір оқымыстысын керектеніп, есеп-қисап пен қоса барлық жазба ісін атқартып, алтын таңбаны сақтатып, арнайы іс- қағаздарына бастыртады екен. Осы соғыс кезінде Тататунга алтын таңбаны алып қашып бара жатқан жерінен Төмүчин ұстап алып, мән-жайдын сұрап біліп, Тататунга өте әділ сөз айтқандықтан, Төмүчин оны мадақтап, қасына ұстап, іс-қағаз бен таңбаны жауаптандырып, Төмүчиннің басшы уәзірлері мен балалары, ағайын туыстары ұйғыр қарпін үйреніп, осыдан бастап іс- қағаздарды ұйғыр қарпімен жүргізетін болады.
Содан сол жылдың күзінде Төмүчин Қара даланың397 тұмсығы деген жерде меркіттің Тоқтаға бекиімен соғысып, жеңіп, тағы да соның соңына түсіп, Сали Кегере398 деген жерде қуып жеткенде, Тоқтаға екі ұлы Құду, Чилағұн екеуін бірнеше адаммен қосып алып, қашып кетеді. /Сөйтіп Төмүчин/ оның қатын-балаларын, аймақ, адамдарын бағындырып алып, Тоқтағаның ұлы Құду, Чилағұнның әйелін үшінші ұлы Өгедейге береді. Дәл осы тұста Убас меркіттің Дайыр-Ұсұны өзінің Құлан есімді бір сұлу қызын Төмүчинге тарту етіп алып келгенде, Төмүчин оны ризашылықпен алып, ханым болдырады. Құланның әкесі Төмүчинді қарымта сый-сияпат көрсетпеді деп өкпелеп, қашып кетеді. /Төмүчин оның соңынан/ Торхан шираның ұлы Чымбайға сол қолдың әскеін беріп, қудырады. Чымбай Алтай тауына барып қыстап, келесі жылғы көктемде Алтайдан асып, найман мен меркіттен қалған елді ойсырата шабады. «Құпия тарихта399»: Тоқтағаны осы тұста өлтірілген дейді. Және де, Сүбегедей батырға темір арба жасатып беріп, Тоқтағаның ұлын қудырды, деп те жазады. Әйткенмен бұл оқиға бұл баяндалып отырған уақыттан бірнеше жыл кейінге келетіндіктен біз оны төменде жеке сөз еттік.
Найман аймағы бүлінген тұста, Жамұқа өз қарамағынан бес адам алып, Тағына тауына барып, түнеп жатқанда оған ерген адамдары Жамұқаны ұстап, Төмүчинге әкеліп береді. Сонда Жамұқа Төмүчинге: «Қарға үйректі ұстайтын болыпты, қараша құл қағанын ұстайтын болыпты», — дегенде, Төмүчин ұстаған бес адамды Жамұқаның көзінше өлтіріп, Жамұқаға бүй дейді: «Сен менен қанша ажырасып кетсеңде, менің баянды андамсың. Керей, найманмен соғысқанда сенің көрсеткен көмегің үшін мен қуанамын», — деген сияқты бұрынғы болған барлық оқиғаны баяндап бергенде, Жамұқаның айтқаны: «Мен әуелі андалық антымды бұздым. Неше мәрте соғыстарда серттен тайып, сатқындық жасадым. Енді менің жанымды тез алсаң етті. Айтарым қанымды шығармай өлтіруіңді қалаймын», — дейді.
Төмүчин: Жамұқамен дос болайын десем де, көнбеді. Оның жанын аяуға болмас. Өлгісі келсе, өз тілегенімен болсын!», — деп сол күні өлтіртіп, оның сүйегін құрметпен жерлейді.
Сонан Төмүчин Шыңғыстың 44 жылы Сия деп аталатын Танғұт ұлысын шабуға аттанып, көптеген қала, кенттерін күйретіп, ат-түйе, алтын бұйымдарын олжалап қайтады.
Төмүчин осы тұста Чаған есімді ақыл, қайратты бір кішкентай ұлды тауып алып келгені, кейіннен ол бала ер жүрек батыр болып, көптеген жеңістерге жетеді. Шыңғыстың 45 жылы Төмүчин батыс тарапқа шабуыл ұйымдастырып, найманның қалған елін бағындырып алады. Найманның Бұйрық ханын өлтіреді. Оны паналап жүрген меркіттің Тоқтаға бекиі мен Күшілік екеуі Ертіс өзенінен ары қашып кетеді.