КҮННҮ ҰЛЫСЫНЫҢ КЕЗЕҢІ
Моңғол ұлты қай кезден бастап тарихи жазбалардан таныла бастады, қай жерлерді мекен етті деген сұрақтарға жоғарыда жауап берген едік. Енді Моңғол ұлты қай кездерден бастап, тарихи мемлекет құрғаны жөнінде айталық.
Моңғол жерінде ерте шақтардан бастап моңғол , түрік, шүршіт деген үш әулет мекендеп, кезекпен төр ұлысын орнатып, қайбірі басшылық етсе, қалған екеуі соның құрамында болып келгені жөнінде де жоғарыда айтылған еді. Моңғол ұлтының төр мемлекет тарихын баян еткенде аталмыш екі ұлттың да, қатар сөз болатыны сондықтан. Және де осы үш ұлыстың ортасынан құрылған ең алғашқы мемлекет – Күннү ұлысы107. Сондықтан моңғол тарихын зерттеуші ғалымдардың көбісі Күннү тарихынан сөз бастайды.
Қытайдың көптеген тарихи жазбаларында Күннү ұлысын – моңғолдың бабалары деп белгілейтіндіктен, күннү моңғолдың ата тегі екендігі дау тудырмайды. Әйтсе де, кейбір ғалымдардың еңбегінде, ертедегі күннүлердің тілі түрікке ұқсас екендігі айтылады. Және де бірер қорғаннан табылған күннү болуы мүскін деген адам сүйектеріне жүргізілген зерттеуге қарағанда олардың бойы ұзын, танауы биік келетіндіктен моңғолдарға ұқсамайды деген де болжам айтылыпты.
Күннүлердің кезінде жасаған Қытайдың бір ханы күннүлердің басын алдыруға үкім шығарғандықтан ұзын бойлы, биік танаулы қытайлар көп өлтірілді, «нағыз Хор моңғолдың бір елінің басшысыкүннүлердің басын алып беруге қытаймен келісімге келеді» — деген әңгімелер күннүлерді түрік нәсілінен екенін аңғатады. Сондай-ақ, Еуропаның кейбір жазбаларында Күннү ұлысынан қалған көне қорғаннан қытай әрпімен жазылған жиырмадай сөз табылғанын ғалымдар зерттеп, көбісін түрік сөзі десе, кейіннен өзге бір ғалымдар оны қайталай зерттеп, моңғол сөзі дегені жөнінде де деректер сақталыпты. Бұған қарағанда тіл жағынан күннүлерді моңғол емес деп тура айту дәлелсіз болғанымен, көне қорғанды зерттеу барысында ондағы жазылған сөздің көбісі моңғол сөзі екені анықталғандықтан, күннүлер мен моңғолдарды тегі бір деуге қыйсыны келеді. «Бойы ұзын, танауы биік» — деген дерекке жүгінсек, ұзын бойлы, биік танаулыларды жаппай моңғол емес, аласа бойлы кішкене танаулыларды күннү емес деп айыруға тағы келмейді. Әлгінде айтылған «биік танаулы қытайлар көп өлтірілді» дегенге мән берсек, қытайлардың ішінде де ондай танаулылар көп болмады дейсіз бе? Сол сияқты қорғаннан табылған адам сүйегін де күннү деп дәлелдеуге келмейді. Дәлелденді дегеннің өзінде, бір-екі адам сүйегінен ғана түгел күннүлердің барша ұлтының бітім-болмысын анықтауға болмайды. Сол кездегі Күннү ұлысының адам саны және әскери жасағының күш-қуатына қарағанда оның құрамында бірлі-жарым ғана ұлттың емес, сан түрлі ұлт, ұлыстың өкілдері болғаны байқалады. Олай болса, көне қорғаннан табылған сүйекті де сол көп ұлт өкілдерінің бірінікі деп түсінген жөн. Нағыз Хор моңғол күннү адамдарының басын қытайларға келісім бойынша өткізіп тұрғаны туралы деректі зерттегенде, ең әуелі соны жасатқан әулет басшысының нағыз моңғол, Тобаның өкілі екендігін анықтап алу қажет. Егер де, ол моңғол болғанның өзінде, көне ерте кезді қойып, күні кешеге дейін өзгелерге жағынып, өз ұлтының обалына қалған талай надан жан алғыштар болғанын ұмытпау керек. Сондықтан да, жоғарыда айтылған деректердің қайсы бірі де Күннү ұлысын құрушылар кім деген сұрақты толық анықтай алмайды. Сол себепті біз енді нақты тарихи деректерге жүгінеміз.
Моңғолдарды қытайлар «ху», тибеттер «хор» деп атайтынын жоғарыда айтқан едік. Ендеше, сол қытайлар күннүлерді де «ху» деп атаған. Күннү ұлысының тұсында дәуірлеп тұрған Цинь Ши Хуан108: «Цинь ұлысы билігін Хулар құлатуы мүмкін» деген бір сөзден күдіктеніп, Күннү ұлысын солтүстік қиырға қуалап, ұзын қорған салдырады» — деген деректемеге сүйенсек, Күннү қағанатын Ху атағаны расталады да, күннүлермен қатар өмір сүрген Хан ұлысының ғалымы Сы Мазинь: Цинь Ши Хуанды теріске шығарып, «Цинь Ши Хуан күннүлерді тым алысқа қуғандықтан, хулар109 жылқысын ілгері келіп, өрістетпейтін болды» — деп жазады. Және де, Күннү ұлысының шауашылығы мен салт-санасы қазіргі кездегі моңғолдардан айнымайтын, үнемі мал өсіріп, көшіп-қонып жүрумен қатар садақ, жебе, найза, қылыш ұстап, сауыт киетін. Бұл жөнінде Грумм Гржимайло: «Күннү аймағының салт-санасы мен ежелгі моңғол салт-санасында соншалық айырмашылық болмаған, сондықтан ерте кездегі моңғолдардың салт-санасы жайлы айтылмай қалған сөзді күннүлерді толықтырып айту арқылы түгелдеп алуға болады» — дейді.
Күннү дегені – Ху; Ху дегені – моңғол екені жөнінде осы айтылған деректерден өзге де, көптеген деректерді келтіруге болғанымен, соның бәрін тәптіштеп жатудың пайдасы шамалы. Күннү ұлысының құрамында жеке бір ғана аймақ емес, қаншама аймақ, тайпа, ру, ұлыстар болғаны себепті солардың құрамында моңғолдардың да болғаны шындыққа саяды. Сондықтан, Күннүлерді «моңғол» немесе «моңғол емес» деп дауласып, уақыт алдырудың қажеті жоқ. Күннү ұлысы бір ұлттың емес, бірнеше ұлттардың күш-қуатымен орнап, соңында тайпа басшыларының жеке-жеке хандық құруының салдарынан бүлінгендігі анық110. Бұлардың алғашқысы Модұн111 қағанның тұсында бір хандыққа бағындырылып тұрғанымен соңында жеке- жеке бөлініп, ыдырап кетеді. Осы кездегі моңғолдардың жағдайы туралы қытай деректерінде; Сяньби112 мен Тоба ұлыстары жайлы айта келіп, Сяньби мен Тоба ұлысы Ьатыс Хань ұлысы113 тұсында ұлыстың шығыс бөлігіндегі көптеген аймақтар өзара қырқысып, бір топ аймақ жеке бөлініп, сол түстікке барып, Сяньби, Ухань дейтін екі тауды сағалайды. Олар Дун Ху деп аталатын Сяньби және Ухань ұлыстарынан құралатын.
Тоба әулеті Сяньби ұлысына қарасты Сүтао деген жеке аймақ құрады. Кейіннен Зинь ұлысының114 Ухуандиінің115 тұсында осы Сүтао аймағының маңындағы Ди деген жерде Ху ханды биік таққа қондырып,ұлыс атын Ди деп өзгертіп атайды. Ди ұлысының жері деп жүргені ежелден Күннү ұлысына қарасты Ши Сянь ванның көп аймағының өлкесі. Бұған Тоба аймағы да кіреді. Бұлардан кейін иелік құрған Цинь ұлысы116 Ди ұлысымен соғысып жеңеді де, ұлысты шығыс және батыс деп екі аймаққа бөліп, шығыс аймағын Лю Гожэнь, батыс аймағын Лю Вэйчэнь-ге басқартып, Цинь ұлысының құрамына енгізеді. Лю Вэй чень Күннү ұлысының аймақ уәзірі болады. Сол тұста он жеті жыл бойы өзеннің оңтүстігіндегі Күннү ұлысының аймақтары түгелдей Ди ұлысына бағынып тұрған» — деп жазады. «Кейіннен Сүн ұлысының117 кезі, Бэй ұлысының иесі, тоба әулетті Вэнь Ди ханның тұсында өзеннің шығыс және батысы, сондай-ақ, солтүстігіндегі аймақтарды жартылай иеленіп, осы жерлерде мекен ететін Күннү ұлысының Ху адамдары түгелімен соларға бағынады. Сондықтан да, кейбірі Шивэй Ху118 аталатын болған» — деп жазады. Бұл өзен деп отырғаны – Сарыдария дейтін Қатын өзені. Және де, ганьму жазбасында119 күннүлер туралы: «Хань ұлысының Гуань У120 ханының тұсында күннүлер оңтүстік пен солтүстікке екі бөлініп отырған. Сол кезде күннүлердің сегіз бідей аймағының уәзірлері бас қосып, кеңес ашады. Кеңесте орталарынан бір шаньюй сайлап, солтүстік хуларға қарсы соғыс ашуды ұйғарып121, оны ханға жеткізеді» — деп жазады. Осы дерекке қарағанда Солтүстік Күннү құрамында хулар болғаны анық сияқты. Және де оңтүстік Күннүлердің құрамында да моңғолдар болған. Осы оңтүстік Күннүдің кейінгі ұрпағы-немере, шөберелерінің кезінде мықты, шыдамды адамдар кезек-кезегімен туылып, кейбірі Қытай ұлысының төр иелігін жаулап алуды да көздеген. Қытай жазбаларында бұлардың барлығын Күннү ұлысының ұрпағы, Худың адамдары деп жалпылай жазады.
Демек, қытай ғалымдарының күннүлерді моңғолдың ата-тегіне жатқызатындығы шындыққа саятындықтан, моңғол тарихын зерттеуші өзге ғалымдардың да моңғолдың ұлыс, мемлекеттік тарихын осы күннүлерден бастайтыны дау тудырмас дұрыс қадам.
Күннүлер Шыңғыстан 1416 жыл бұрын, адуын Цинь ұлысынан көп бұрын Сарыдария дейтін Қатын өзенінің оңтүстігіндегі қазіргі Ордас жерін мекен еткен. Сол кезден сәл ертеректе болған Қытайдың жеті ұлысының құрамындағы Жао, Янь, Цинь ұлыстары күш біріктіріп, күннүлерді кері қуалап, ұзын ақ қорған орнатады. Содан Шыңғыстан 940 жыл бұрын Цин Шихуан күннүлерді түгелдей /түстікке қарай/ қуып, ұзын ақ қорғанды жаңартып салады.
Күннү ұлысының алғашқы ханы Түмен122 шаньюй дәрежелі кісі болған. Күннү ұлысы ханымдарын яньжи123 деп атаған. Түмен ханның үлкен ұлы Модұн еді. Әйтсе де, кіші ханымының сөзіне көніп, хан тағын үлкен ұлы Модұнға емес, кіші яньжиінен туылған ұлға беруді ұйғарады. Бұған ашуланған Модұн әкесі Түмен ханды кіші яньжиі, одан туылған ұлдарымен қоса өлтіріп, Шыңғыстан 1370 жыл бұрын өзі хан тағына отырады.
Модұн, Ду Ху деп аталатын шығыс моңғолды иеленіп, батыс тарапқа Қатын өзенінің батысындағы Сихэ124 дейтін жердегі Юйвэйди125 деген ұлысты да жаулап алады.. Содан Қытайдың иелігіне кеткен байырғы ата-баба жерлерін түгелдей қайтарып алып, солтүстікте Байқал теңізі, оңтүстікте батыс Алтайға дейінгі кең аралықтағы көптеген тайпаларға билік жүргізеді. Модұн хан Хань ұлысы мен Чу ұлысының126 соғысын көріп, отыз түмен әскермен Хань ұлысына қарсы соғыс ашып, оның қолбасшысы Хан Ван шаниді өзіне қаратады.
Тайюань127 аталатын қаланы басып алады. Содан Хань ұлысының ханы Гао Зу128 Күннүлерге қарсы соғысуға келеді де, Бэтянь129 деген қалада Модұн ханның қоршауында қалады. Гао Зу жеті күн бойы қамауда қалып, Модұнға сый-сияпат көрсетіп жүріп, қоршаудан әзер құтылады. Бұдан соң ол Модұнға сұлу бегімін сыйға беріп, күннүлермен мықты қарым-қатынас жасайды. Жыл сайын үзбей алым-салық төлейді. Модұн хан өлгеннен кейін оның ұлы Лао Шан130 таққа отырады. Ол әскерін көбейтіп, ұлысын қуатты етеді. Хань ұлысына қатерлі де күрделі жазылған жасырын хаттар жібереді. Өзін Күннү ұлысының ұлы Шаньюйі деп жариялайды. Содан бастап Күннү ұлысының дәуірлеген атақ-даңқы келесі бірнеше шаньюйлерге дейін жалғасады. Күннүлердің ерлері сәйгүлік ат мініп, тау-тас, өзен сулардан өткенге, садақ тартып, оқ атқанға асқан шеберліктерімен маңайындағы ұлыстарға үрей тудыра бастайды. Қытай ұлысын дүркін-дүркін шабуылдап, мал-мүліктерін, қала-кенттерін тартып алады. Хань ұлысы да есе берместен тіресіп, әуелі қалың әскерін ойсырата жеңіп,жеңілген кезде сұлу бегімдерін беріп, алым- салық төлеу арқылы татулық келісімдерге келумен талай жылдарды өткізеді. Кейіннен Хань ұлысының әскери қуаты қайта артып, Вэй Цин131 ХО Циюбинь132 деген қолбасшылар әрқайсысы бес түменнен әске жинайды.
Вэй Циннің әскері күннүлердің жеріне баса көктеп кіріп, екі түменнен астам адамын өлтіріп, содан Тәңір тауындағы Күннүлердің жинаған астығын өртеп тастап, қайтып кетеді. Хо Циюбиннің әскері екі шақырымдай жер жүріп, Ланхуйсюй тауының133 маңына топырақтан төбе тұрғызып, белгі қалдырып, Ханьхай134 теңізіне жетіп, Күннү ұлысымен соғысып, жеті түменге жуық адамын тұтқынға алады.Осы екі шептегі әскердің мінген атының саны алғашында он төрт түменге жетсе, қайтқанда әскерінің саны үш түменге әзер жеткен деседі. Содан кейін күннүлер алыс жаққа қарай ығысып барып, күш-қуат жинайды да, Хань ұлысына қайтадан шабуылдайды. Ұлысты жаулап алып, халқы мен әскеріне егін салдырады. Дәл осы тұсты баяндайтын тағы бір жазбаларда, бұл соғысты болмаған, себебі ол тұста күннүлерде соғысуға тұрарлық ат-көлік, әскер-сайман болмаған дейді.
Осы кезде күннүлердің ішінде түрлі қырқыс пайда болады. Қатын өзенінің батысын билеп тұрған Күннү ұлысының Хан Шэнь Ван дегені қарамағындағы халқымен Хань ұлысының қол астына кіреді. Содан Хань ұлысы Іле бойын мекен еткен Усунь135 ұлысын жаулап алып, Күннү ұлысының батыс аймақтарына бөлінуді талап етеді. Бұған Дансяни мемлекеті де қосылсын деп, Усунь, Давэй, Даювэйди, Дасянь қатарлы он үш ұлысқа түгелдей жарлық жібереді136.
Осы достасу жарлығынан кейін көптеген тайпа, ұлыстар түгелдей Хань ұлысының құрамына кіре бастайды. Бұған дейін олар Күннү ұлысына қарап келген. Бұл туралы Грумм Гржимайлоның жазбаларында: «…Қытайлар бұл жерге Шыңғыс қағаннан 1269 жыл бұрын (Христостан бұрынғы 108 ж.) әскери жасақтарын аттандыра бастаған. Кейіннен Шыңғыс қағаннан бұрынғы 1265-1261 /Христостан бұрынғы 104-100 жж./ жылдар аралығында қолбасшы Ли Гуаньли137 Самарқан Хожандының батыс оңтүстігіндегі Давань138 деген жерге, қалың әскерімен екі рет соғыс ашып, қайтар жолда Түркістанның барлық аймақтарын жаулап алады.
Бұл жорықты пайдаланып, қытайлар күннүлермен соғысуға қолайлы оң қанатын қауіпсіздендіріп алады. Және шөл дала арқылы күннүлерге көп күшпен, шабуылдауға қолайлы жаңа жол тапты» — деп айтылады. Күннү ұлысы солтүстік қиырға шеттеп барып, ат-көліктерін тынықтырып, қару- сайманын жасақтаған соң, Хань ұлысына қарсы соғыс ашады. Бұл соғыс сәтсіз аяқталады да, қайта дайындалып, соғысқан кезде Ухань және Усунь ұлысы күннүлердің оң мен солынан қатар шабуылдайды. Усуньдер Қытайлармен күш біріктіру арқылы Күннү ұлысынан Жоңғар139-ды тартып алады. Өйткені Усуньға шабуылдаған Күннүдің әскерлері қарлы дауылға тап болып, және де Күннү ұлысының жеріне бір күнде адам бойынан асатын /екі құлаш/ қалың қар түскендіктен, мал-жаны көптеп шығынға ұшырайды. Осы орайды пайдаланған Динлин140 Ухань, Усунь аймағы күннүлерге үш жақтан қатар шабуылдап, онсыз да табиғат апатына ұрынған елді, одан әрі титықтатады. Әйтсе де, ержүрек күннүлер Қытайға қарсы шабуылын үдете түсіп, олады жеңіп тынады. Сөйткен шақта күннүлер өз ішінен қайта бүлініп, бес бөлек шаньюй орнатып, бірімен-бірі қырқысап бастайды. Ақырында, Батыс Күннү, Шығыс Күннү деп екі ұлысқа бөлінеді. Екі Күннү ұлысының басшысы Хань ұлысына өз-өз ұлдарын жалшылыққа жібереді. Шығыс Күннү ұлысының шаньюйі мұнымен тынбай Хань ұлысының қол астына бодандыққа кіреді. Бұған Батыс Күннү ұлысының шаньюйі ЗиЗи қарсы болып, Шығыс Күннүмен соғысып, Орқұн141 өзенінің бойындағы Ханғай тауын тартып алады.
Динлиндер дәуірлеп тұрған кезінде Байкөл142-ден Алтайға дейінгі кең алқапта иелік етіпті. Күннүлердің күйреуіне Динлиндер үлкен әсер еткен. Оларды ҮІІІ-ІХ ғасырларда моңғол жеріне иелік құрған, ұйғырлардың арғы тегі деседі. Сонан Хань ұлысы Же шаньюйге көмектескенін естіп, Усунь ұлысымен күш біріктірмек болады. Усуньдер бұл тілекті Қабұлдамай, арнайы жіберген елшісін өлтіргендіктен, Зи Зи қалың әскерін Усунь, Уцюй, Динлин, Гяньчун143 ұлыстарына қарсы аттандырып, соғысып жеңеді. Қырғыз ұлысын астана қылады. Хань ұлысына жіберген ұлын алдыртады.Сонан Усунь ұлысымен қайта соғыса бастаған тұста, қарлы дауылға ұрынып, Қытайдың айласына түскен Зи Зи шаньюй қаза табады. Сөйткен шақта Шығыс Күннү ұлысының шаньюйі Хань ұлысына күйеу болып, бітімге келеді. Бірақ та Хань ұлысының тағын уәзір Ван Ман тартып алып, Күннүлерге қарсы қыспақ көрсете бастайды.Бұған көнбеген күннүлер қайта бірігіп, Қытайға қасы аттанып, оның шеткері аймақтарын жермен жексен қылады. Сөйткеннен кейін Күннүлер қайтадан өз іштерінен қырқысып, оңтүстік, солтүстік болып, екіге бөлінеді.Оңтүстік Күннүлер Қытай ұлысына бодандыққа енеді. Солтүстік Күннүлер Қытайлармен бірде соғысып, бірде бітімге келіп жүрген шақта Оңтүстік Күннү, Ухань, Сяньби үшеуі күш біріктіріп, қарсы шабуылға шығады. Бұлардың сыртында батыстан Динли, шығыстан Сяньбидің өзге тайпалары қоса шабуылдағандықтан, Оңтүстік Еүннүдің 58 аймағы жаулардың қолында қалады. Бұдан кейін Хань ұлысының уәзірі Ту Сянь қайта шабуылдап, Оңтүстік Күннүлер Силу шань деген тауда үлкен жеңіліске ұшырайды. Барлығы 81 аймағы жау қолына түсіп, 20 түменнен астам адамынан айрылады. Бұл жеңіске масаттанған Ту Сянь Ганбин деген жерден аттанып,үш мыңнан астам шақырымдағы Ян, Тяньшан тауларына өрмелеп, биік жартасқа Хань ұлысының мәртебесін дәріптеген белгі қалдырып қайтады. Содан ол Солтүстік Күннүлерді шабуылдауға Хан Гуй Жаньшан дегенді аттандырып, Синьвэйшань тауын бөгеп, қатты соққы береді. Шаньюйі қашып жүріп өледі. Қытай әскері сол екпінімен бес мыңнан астам шақырым жерге барып орналасады. Хань ұлысы әскерлі болғалы бері, мұндай алысқа шабуылдамаған. Синьвэйшань тауы Дадан ұлысының жері деп жазылады, Қытайдың көне жазбаларында. Демек, Синтвэйшань тауы деп – қазіргі Алтай тауының батысындағы Тарбағатай тауын айтқан сияқты.
Бұдан кейін Солтүстік Күннү ұлысы мүлде жойылып, қалған он түмен адамдыСяньби ұлысы қол астына алады. Бұл Шыңғыс қағаннан 1068 жыл бұрын болатын. Ұлы Күннү ұлысының жойылғанын осы күнмен есептейді.
Оңтүстік Күннүлер бодан болғанына қарамастан, дүркін-дүркін Қытайға қарсы соғысып, кейде Сяньби мен Ухань ұлыстарымен күш біріктірсе де, Қытайдың қалың қолына төтеп бола алмайды. Қытайлар Күннү ұлысын бес аймаққа бөліп алып, әлсіретеді. Сөйтіп, Шыңғыс қағаннан 871 жыл бұрын осы Күннү ұлысын шығыстағы аймақ басшысы Лю Будың ұлы Лю Юань144 деген мықты билеп, бес аймаққа басшы болады. Содан Лю Юань өзінен бұрынғы аталары Хань ұлысының бегімдерін алып келгендіктен, өзін сол Хань ұлысының жиенімін деп жариялап, хуанди тағына отырады. Ұлысын Хань деп атайды. Ол Қытайдың батыс Зинь145 ұлысының екі ханын тұтқындап, елдерін өзіне қаратып алады. Кейіннен оның баласы Лю Цун таққа отырып, Чаньань қаласын астана етіп, ұлыс атын Жао деп өзгертіп, Күннү мен Жао146 ұлысының билігін қатар ұстайды.
Бұдан кейін неше буын өткен соң, сол елдің уәзірі Ши Лэ147 Жао ұлысын жойып, өзі хан тағына отырып, Солтүстік Жао ұлысын орнатады. Соңынан төр ұлысы ыдырап, билік Цинь148 ұлысына ауысады. Күннү ұлысының соңғы қалдығы осылайша құриды.
Күннүлердің салт-дәстүрі туралы ғалымдар былай деседі. Күннү ұлысының жарғысы жеңіл, қолдануға қолайлы, хан, уәзірлермен қатысуға кедергісі аз барша ұлысты басқару бір ғана адамды басқарған сияқты, жоғарғы, төменгі деп бөлінбейтін, салық өндіріске көптің күшін зая етпейтін, адамдары әшекей, сәнге құмарланбайтын, тек қана малмен өмір сүретін ел. Күннүлер көбінде әскери жаттығу, ойын-сауық, аң аулаумен уақыт өткізеді. Мінездері әсте қатаң сезілгенімен, ел ішінде қылмыс атаулы болмайтындықтан, жазалылар қай кезде де, ондық сандардан аспаған. Әскери қарулары садақ- жебе, қанжар, қылыш, сауыт, дулыға болған.
Күннүлердің тұрмыс-салты қазіргі кезгі моңғолдардан ешбір өзгеріссіз еді. Тәңірлік дінін ұстанып, аруаққа сиынып, аспан, күн, ай, жерге табынатын. Дүниеде сан жетпес пәле-жала, көзге көрінбес құдірет бар деп, тірліктегі жан-жануар, өсімдікке табынуға жасалған көптеген сенім орындары Ордастан ілгері Қатын өзенінің бойында бертін уақытқа дейін болған десе, тағы бір тарихи жазбаларда: «Хань ұлысының әскелері Күннү ұлысының әскерлерінің тәу етіп жүрген Бұрқан бейнесін тауып алғаннан кейін, Хань ұлысы Бұрқан дінін ұстанатын болған» — дейді. Бұған қарағанда күннүлердің ішінде Бұрқан дінін ұстағандар болғанға ұқсайды.