КЕРЕЙ АЙМАҒЫН ЖАУЛАП АЛҒАН КЕЗІ (Ананд Амар)

КЕРЕЙ АЙМАҒЫН ЖАУЛАП АЛҒАН КЕЗІ
Керей аймағы сол кезде Орхон, Тұғұл өзенін мекен етеді. Уан ханның ордасы Тұғұл өзенінің солтүстігіндегі қазіргі Боғда хан тауының теріскей бетінде тігілген болатын. Кейбір жазбаларда: «Боғда тауын Уан хан мекен еткен кезден бастап, хан тауы деп атаған», — деп келтіреді. Моңғолдар керейлерді ежелден өз әулетіне жатқызып келген. Бірақ та кейбір ғалымдар:
«Оларды қазақтың керей руының арғы тегі болған», — деседі. Және де,
«Керейлерді қазақ емес, өйткені ежелгі керед пен қазіргі керей екеуінің арасында ешбір жалғастық болмаған», — деп те жазатын ғалымдар бар. Демек, Есүкей батыр мен Төмүчин ұрпақ жалғастырып, Уан ханмен аға- бауыр, әкелі-балалы адамдардай, туыстық қарым-қатынаста болған. Керей мен моңғолдың қойы қоралас, адамдары аралас ғұмыр кешкен. Сол кездердің өзінде бұл екі тайпа өз ара ешбір кедергісіз тіл табысып, бірінің тілін бірі бөгетсіз түсініп келуіне қарағанда, оларды еріксіз бір тайпаның екі руының адамдары болды ма деген де ой келеді. Қазірдің өзінде өздерін керей руынанбыз дейтіндер кездеседі. Қытайлар керей мен найман тайпасын Дада тобына жатқызады. Осы Дада атауын моңғолдардың көне атауы дейтіндер де бар. Егер, дадалардың моңғол екені рас болса, онда керей мен найман екеуі де моңғол болып шығады. Осы мәселелерден және де Шыңғыстың кезінде керей аймағы бүлініп, моңғолдармен бірігіп, солардың арасына сыйысып отырғанын және моңғолдың ішінде қазірге дейін керейдің қалдықтары» деп айтарлықтай бөтен ұлт, бөтен тілділер болмайтынын ескерсек, керейлерді моңғолдардың моңғол ұлты деп қарастыратыны еріксіз негізді нәрсе сияқты.
Есүкей батыр керейдің Уан ханына анда болған себебі, Уан ханның атасы Бұйрық хан деген болған. Одан кейін Құрчақұс375 хан тағын жалғастырып, содан кейін Уан хан таққа отырады. Сонан Уан ханның өзімен бірге туған інілерін өлтіргені үшін немере ағасы Күр хан оған қарсы соғыс ашып, қатын баласын олжалап алғанға дейін барған. Осы ұрыста Есүкей батыр Күр ханды жеңіп, Уанның қатын баласын қайтарып береді. Кейіннен Уан хан інісі Еркеқарамен шығысып, өлтірмек болғанда, ол найман жағына қашып кетеді. Еркеқара барғаннан кейін найманның ханы әскер аттандырып, Уан ханды жоюға жібереді. Уан хан Қара Қытанның376 басшысы Көр ханды паналап, өлімнен құтылады. Кешікпей ол Көр ханмен де шығысып, Ұйғыр, Таңғұт ұлыстарының жерлерін кезіп, қатты тозып, бес ешкі сауып, түйе қанап, қанын ішіп жүріп, Көшүклен377 көлі деген жерге келгенде Төмүчин бұрынғы достығын есіне алып, дұрыстап тамақтандырып, әлдендіреді. Және де Төмүчин әкесінің кезіндегі татулық дәстүрін сақтап, Уан ханмен әке мен баланың қатынасын жасап, бір неше мәрте соғыста бірге соғысып, жеңіске жетеді.
Солай бола тұра, бір күні Төмүчин татар халқына кеткен кезде Уан хан меркіттерді шауып, Тоқтаға-бекиді Барғұжын төкімде қалдырып, Тоқтағаның үлкен ұлы Төгес-бекиді өлтіріп, Тоқтағаның екі қатынын және әйелдерін алып, Құду, Чилағұн деген екі ұлын, халқы мен қалың дүниесін тартып алады. Бірақ, Төмүчинге бермейді. Осыдан кейін Төмүчин Уан хан екеуі Алтай тауына дейін барып, найман аймағын шауып, көп олжалы болып, кейін қайтады. Түн жамылып келіп, бір жерге қонақтаған тұста, Уан хан /жұртына/ құр от жағып тастап түнделетіп, озып кетеді де, Төмүчин қалып қояды. Осы кезде Жамұқа Уан ханмен бірге жүрген еді. Ол Уан ханға бүй дейді: « Төмүчин найманға әредік-әредік елші жіберетін. Қазір де қалып, келмегеніне қарағанда, найманға қосылған шығар», — деп Уан ханды күдіктендіреді.
Төмүчин: «Уан хан бізді тамақ пісірген оттай, жұртқа тастап кетіпті», — деп, дереу аттанады. Сөйтіп жүргенде, найманның әскерлері Уан ханның артынан өкшелей қуып келіп, Сенкүмнің әйелін ұлдарымен қоса, біраз адамдарын олжалап кетеді. Және меркіттің Тоқтағасының ұлы Құду, Чилағұн екеуі Уан ханның қасында болған еді, осы дүрбелеңде солардың адамдарымен бірге бөлініп, өзінің әкесімен қосылуға Селенгеге қарай кетеді. Уан хан Төмүчинге елші жіберіп, төрт күлүгін378 /қолбасшысын/ сұратады. Төмүчин Боғорчи бастаған төрт батырды әскерімен бірге жібереді. Осы аралықта Уан ханның ұлы Сенкүм найманмен соғысып жүріп, атының санынан оқ тиіп, қолды болған еді. Төрт күлүк /батырлар/ келіп, оны құтқарып, қатын-бала, ел-жұртын қайтарып береді.
Осыдан кейін Уан хан Төмүчинмен бұрынғыдан да жақын достасады. Содан Төмүчин Сенкүмнің қызын ұлы Жошыға айттырады. Сенкүм менсінбей, қызын бермейді. Бұған Төмүчин іштей наразы болады. Осы екі арада Төмүчиннің туыстары Алтын, Құчырлар Уан ханның жанына барған еді. Жамұқа Төмүчиннің наразы болғанын біліп, Алтын, Құчыр, Қалиғұн бар бірнеше адам кеңесіп, Сенкүмге өсектеп айтқаны: «Төмүчин найманның Даян ханына арагідік елші арқылы қатынасады. Ол аузымен қанша әке, бала дегенімен оның жүріс-тұрысына сенбеңдер. Егер, тәнін құртпасаңдар, жандарыңа қас болар, егер, құртсаңдар мен көмектесейін!», — дегенде Алтын, Құчыр екеуі көнеді. Содан Сенкүм бұл себепті Уан ханға айтқанда;
«Төмүчин ұлымды неге солай ойлайсыңдар? Жамұқаның сөзіне албаты сенуге болмайды!», — дейді де үндемейді. Сенкүм тағыда өзі барып, қайта- қайта тақауырлағанда Уан хан тойтарып тастайды. Сенкүм қапаланып қоймаған соң, Уан хан амалсыздан: «Егер, олай етсеңдер оның амалын өзің тап!», — дейді. Содан Сенкүмдер қастандық жасау амалын кеңесіп, Төмүчинді алдап әкеп, ұстауға тоқтасып, Жошыға қызыңды беріп, құдандал болыңдар», — деп Сенкүмді жіберіп, Төмүчинді шақыртады. Төмүчин сеніп, он адам ертіп келе жатқан жолда Менлік қария сақтандырып, ескертеді де, Төмүчин кері қайтады. Сенкүм күдіктенгенін біліп; «Тура шабуылға шығып, ертең ұстап келеміз», — деп жасырын ақылдасқанын қасында болған Төмүчиннің туысы Бадай, Кішілік екеуі түнделетіп, Төмүчинге келіп, жеткізеді. Төмүчин сол түні қашып барып, Мағу биігінен /жотасынан/ өтіп барып қонады. Уан хандар Төмүчинді қуып, жақындап келіп, Жамұқадан Төмүчиннің батырлары жөнінде анықтап сұрағанда, Жамұқа тым әсірелеп айтқандықтан Уан хан соғысу тәсілін үйретіп, Жамұқаға қолды басқар, дейді. Жамұқа алдында Төмүчиннен жеңілген, енді уан ханның мұнша сасқалақтап жүргенін көріп, ол жағдайдың барлығын Төмүчинге білдіріп, қорықпасын дейді.
Төмүчин Уан ханның соғысу тәсілін біліп алғаннан кейін, қалың батырларын кезек-кезегімен ұрысқа кіргізіп, Уан ханның көп әскерінің тұс- тұсынан әлсіретіп, кейін шегіндіреді. Уан ханның ұлы өзі бастап, шабуылдаған кезде, бетінен оқ тиіп, атынан құлап түскен сәтте, олардың әскерлері Сенгүмнің қасына шоғырланады. Төмүчин күн кеш болғандықтан, әскелерін жинап, сол жерден аттанып барып қонады. Таңертең қараса, Өгөдей, Бороқұл, Боғорчы үшеуі жоқ болып шығады. Өгөдейдің тамағынан оқ тиіп, қаны ұйып қалғандықтан, Бороқұл қанын сорып, есін жидырып, үшеуі бірінің артынан бірі келеді. Төмүчин сол жерден солға қарай көшеді.
Уан хан ұлы Сенкүмнің жараланғанын ырымдап, жоламайтын адамға жолап, қайран ұлымның беті тыртық болатын болды дегенде, олардың кейбірінің айтқаны: «Төмүчиннің адамдарының көбісі біздің жақта. Төмүчинге еріп қашқандар бар, біз оларды жылқының құмалағындай теріп әкелмейміз бе?!», — дейді. Уан хан қайта соғысуды ұйғарса да, райынан айнып, кері қайтады. Төмүчин әскерін екіге бөліп, Қалқа өзенінің оң және сол жақ сағасымен құлдап, Бұйыр көлінің маңында Қоңырат аймағын басып алып, сол жерден аттанып, Түнкелек бұлағының сол жағасына жетіп қонады. Төмүчин Арқай, Қасыр екеуін жұмсап, Уан ханға айтқаны: «Біз Түнкелек бұлағының сол жағасына түстік. Шөбі шүйгін, аттарымыз қоңды. Әкем неге менің қателігімді бетіме айтпай, бітеу күстаналап, күлдіреуішімді күйретіп, ошағымды өшірдің? Еріксіз араздастық және ертеде Онон өзенінің бойында екеуіміз: «Егер, адам арамызға түссе, тыңдамайық, беттесіп барып сенейік! Осы уақ әкемен біз бетпе-бет кезігіп, келіскен едік. Мен қаншалықты кіші болсам да, үлкендей, жаман болсам да, жақсыдай, оның үстіне сізбен арбаның қос тәртесіндейміз, тәрте сынса, өгіз оны қозғалта алмас. Және арбаның қос доңғалағындаймыз. Бір доңғалағы сынса, арба жүре алмайды. Мен осыны бағамдасам, сыңар тәртелі доңғалақпын. Ілгеріде сенің әкең Құрчақұс Бұйрық ханның қырық ұлы бар еді. Солардың ішінде жалғыз сен үлкені болғандықтан, сені хан болдырды.
Кейіннен сен, Ғайтемір, Бұқатемір есімді екі бауырыңды өлтіріп, кезек Еркеқараға келгенде, ол қашып барып, найман аймағын паналады. Сен інілеріңді өлтірген себепті сенің немере ағаң Күр хан сені шабуылдауға келгенде, сен жүз шақы ғана адамыңмен Қарұғұн тауының қапшалына барып тығылдың. Сол кезде сенің қызың қорғылжыңды меркітің Тоқтағасына беіп, сол жерден менің әкеме құтқаруын сұрап келгенде, менің әкем әскерлерін алып, сенің немере ағаңды қуып, Ғашұғұн деген жерде жеңіп, сенің ел-жұртыңды қайтарып берді. Тұғұл өзенінің бойындағы Қара тоғайда менің әкеммен анда болған еді. Сен бұрын ырымдап айтқаның:
«Осы жақсылығыңды сенің ұлдарың мен немерелеріңе қайтаруды тәңірім білсін!», — деп едің ғой. Содан кейін сенің інің Еркеқара найманнан әскер сұрап, сені шабуға келгенде, сен қашып, Қытанның Көр ханының қолтығына кіріп, Қотанның жеіне барып, бі жыл болмай тағы қашып шығып, Ұйғырдың батысын орап, азып-тозып, бес ешкі сауып, түйе қанап, қанын ішіп, соқыр құла ат мініп келгеніңде. Сенің менің әкеммен анда болғаның үшін адам жіберіп, сені отырған еліме әкелтіп, ғұшыр жинап, сені асырадым. Кейін меркіт елін олжалап, үйелменімен саған бергеннен кейін де, тағы да найман аймағын Байдаланың торабы деген жерге барып, соғысқанда сен түнде түскен жеріңе құр от жағып тастап, қайтқан жолыңда найманның әскері сені қуып жетіп, жеңіп, сенің ұлың Сенкүмді қатын-баласымен қоса, ұлыс-еліңді түгел тартып алып кеткенде, сен тағы менен құтқаруды сұрап келгеніңде мен төрт күлүгімді жіберіп, сенің ұлың Сенкүмді қатын-баласымен қоса, ұлыс-еліңді құтқарып бергенде, сен табынған едің. Енді неге осылай кінәладың. Себебіңді айтып, адам жібер, — деп айттырғанда, Уан хан қатты қиналып,
«Ажырамас адамнан ажырадым!», -деп шынышағын қанап, қанын шығарып,
« Егер Төмүчин ұлым мені өлтірер болса, осы қандай-ақ болармын!», деп ант етіп, келген елшіні қайтарады.
Төмүчин тағы Алтын, Құчыр екеуіне айттырғаны: «Сен екеуің не себептен мен тастадыңдар? Құчыр сен – Некүн тәйжінің ұлысың. Бұрын біз сені хан сайламақ болғанда, сен көнбедің. Алтын сенің әкең Құтұла қаған – моңғолдың барша қауымын билеп тұрғаны үшін сені хан бол дегенде, сен өзің болмадың. Ерте кезде Бартанның ұлы Сече тәйжі екеуі /хан/ болмаған және сендер тұс-тұсымнан мені хан бол дегендіктен мен амалсыз /хан/ болдым. Сендер бірақ менен бөлініп, Уан ханға кеттіңдер. Сендер жақсы, тату болыңдар. Көпке күлкі болып, бастаған істі аяқсыз тастамаңдар және сендер Ғұрбан өзенінің379 бастауын қорғап жүріңдер. Бөгде адамдарды қоныстандырмаңдар!», — деп айттырады. Және де Уан ханға еріп кеткен өзінің інілері мен Жамұқағаларға араға түскен сызат туралы толғанған сөздерін айттырып, Уан ханның ұлы Сенкүмге: «Мен сенің әкеңнің киімшең туған ұлымын. Сен оның киімсіз туған ұлысың. Сен әкең екеуімізді бірдей көргенде, сен мені өзіңнен артылып кетеді деп, шеттеттің. Асыл әкеңнің көңілін алаң болдырма! Ертелі, кеш әйтеуір көңілін қуанышқа кенелт! Сен хан әкенің тірі кезінде /мені/ хан болады деп қиналма! Егер, маған қарай адам жіберер болсаң, екі адам жібер!»,- деп айттырады.
Осылайша Төмүчин татулықты сыйлап, бітімге келуді қалағанымен, Уан ханның ұлы Сенкүм ақылының аздығынан, дұрыс жауап жіберідің орнына,
«Сенкүм, мен бұл сөздің астарын түсіндім, соғысайық деген сөз екен. Менің еш қорқатын жерім жоқ!», дегендей, бет алды сөйлеп, және «Төмүчин артық ой ойлап жүр екен, аттарым жүрісті, қаруым өткір кезінде мүлде құртқаным дұрыс!», — деп шешіп, әскер-қаруын молайтып, қалың қолмен аттанудың қамына кіріседі.
Осы тұста Төмүчин, /Сенкүмнің/ солайша соғысқа дайындала бастағанын біліп, сол кезде өзінің күші әнтек аздығын ойлап, Онон өзенінің солтүстігі Інгеді380 мен Тұран өзеніні, сондай-ақ Балжын көлінің381 маңайына қоныстанады. Осы кезде Төмүчиннің кейбір туыстары, әскер, халқы бөлініп шығып, Уан ханның қасына барғандықтан бір кез әлсіз болғанымен, /кеткендердің/ біразы қайта келіп, біраз әлдене бастаған тұста Төмүчіннің інісі Қасыр әйелі мен үш баласын Уан ханның жанына қалдырып, бірнеше адам ертіп, Төмүчинді іздеп жүріп, Балжын көлінің маңында Төмүчинмен жолығады. /Бұған/ Төмүчин қатты қуанып, сонан көп боп ақылдасып Керейд аймағын қапыда басып алуға келісіп, арнайы екі адамды Қасырдың елшісі етіп, Уан ханға айттырғаны: «Мен Төмүчин ағамды іздеп таппадым, менің әйел, балшағам сіздің жеріңізде. Бір сенімді кісі жіберсеңіз, мен сіз жаққа барар едім», — дейді. Төмүчин баратын елшіге тағы да бүй деп: «Біз дереу қозғала көшіп, сендердің қайтар кездеріңде Керулен өзенінің Арғалжы ғұч382 жеріне уәделесіп жолығайық!», — деп айтып жібереді. Содан кейін Төмүчин Керуленнің Арғалжы ғұч жеріне жетіп қонады. Екі елші Уан ханға жеткенде, тойлап жатыр екен. Олар /Уан хан/ айттырған сөзге дереу сеніп, Қасырды алдыруға елшілерге бір кісіні қосып жібереді. Төмүчин /мұны/ естіп, Уан ханның тойлатып жатқанын біліп, дереу түнделетіп Зегер-Өндердің Зегер383 қапшалының ауызына384 жетіп, Уан ханды қоршауға алып, үш түн, үш күн соғысып жеңеді. Осы аралықта Уан хан мен ұлы екеуі қашып кетеді.
Төмүчин Керейдің халқын бағындырып, Уан ханның ұлы Жақа Қамбудың екі қызының үлкені Ибақты өзі алып, сіңілісі Сорқақтанды Тұлұйға береді. Осы себепті Жақа Қамбуға қарасты елін олжаламайды. Хабар жеткізіп келген Бадай, Кішілік екеуіне Уан ханның алтын туырлықты үйін, алтын ыдыс-аяқ олпылын беріп және Керейдің онғұт385 руының адамдарын сол екеуіне басқартып, садақ-жебе асындырып, қорғаушы қиа386 болдырады.
«Бұл екеуі менің жанымды құтқарып, осылардың күшімен Керей аймағын жеңгенім үшін арақ ішкен кезде бірге ішіп, соғысқан сайын тапқан олжа, ауға шыққанда аулаған киіктерін көппен бөліспейтін болсын!», — дей келіп, «ұрпақтан ұрпағына дейін ұзақ сый көрсін!», — деп /жарлық етеді/. Мұнда: Бадай, Кішілік екеуі Төмүчиннің аталарының құлы болғанымен Уан ханның жасырын кеңесін Төмүчинге жеткізгендіктен осындай атақ-абырой тауыпты. Осыған қарағанда, Төмүчиннің кедей халықтың пайдасын көбірек ойлайтыны байқалады. Уан хан, Сенкүм әкелі-балалы екеуі қашып шығып, Уан хан найманның қарауылының қолынан қаза табады. Баласы Сенкүм батысқа қарай қашып кетеді. Кейбір тарихта: Сенкүмді Қотан аймағының шетіне ілініп, Қотан басшысының қолынан өлтірілген, дейді. Жамұқа найманның Таян ханын паналап кетеді. Алтын мен Құчыр өлтіріледі. Керей ұлысы осымен біржолата құрып, ыдырап кетеді. Бұл оқиға қара доңыз жылы немесе Шыңғыстың 42 жылы болған еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *