ЖҮРШІТТІҢ АЛТЫН ҰЛЫСЫМЕН СОҒЫСҚАН КЕЗІ.
Шыңғыс қаған жақын маңындағы ұлыс-аймақтарды өзіне бағындырып, алыс-жақынға атақ-даңқы артып, шығыста Сұңғари дариясынан батыста Ертіс дариясына дейінгі аралықты, оңтүстікте ақ қорғаннан, солтүстікте Байқал теңізіне дейінгі кеңістікке иелік құрады.
Сол тұста Қытай өлкесінде үш бөлек ұлыс құрылып, шығыс солтүстікте Жүршіттің Алтын ұлысы429, оңтүстікте Сүн ұлысы, батыс солтүстіктегі Ганьсу төңірегінде Ся деп аталатын Таңғыт ұлысы иелік ететін. Осы үш ұлыс өзарасынан ұдайы қырқысып, әсіресе Алтын ұлысы мен Сүн ұлысы бұрыннан жау саналып келген еді.
Сонымен қатар, Алтын ұлысы моңғолдардың ежелден бергі жауы-тұғын. Және де, Шыңғыс қағанның атасы Амбағай қағанды өлтірген, өшпес кек те бар еді. Солай бола тұрса да, моңғолдар Алтын ұлысына жыл сайын салық төлеп келген. Сөйткен шақта, Алтын ұлысының хан ұрпағы ауысып, жаңадан хан сайланғандықтан, оның елшісі жаңа хан таққа отырғаны туралы жарлық жеткізеді. Құлдық ұрып, қарсы алудың орнына, Шыңғыс қаған:
«Жаңа ханға кім сайланды?», — деп сұрайды. Елші: «Вэй ван Юн Жи», — дегенде, Шыңғыс қаған түкіріп жіберіп: «Мен орталық өлкенің хуандиіне тәңір ұлы отырады, деп күткен ем. Осы сияқты өлімтік адам да /хан/ болады екен ғой. Құлдық ұратын не бар?», — деп, менсінбей қояды. Себебі, Шыңғыс қаған бұдан бұрын салық төлеуге барғанда /Юн Жидің/ өлез, әлжуаз адам екенін білген еді. Алтын ұлысының елшісі қайтып барып /ханына/ айтқанда, Юн Жи қатты ашуланып: «Оны тағы да салық төлеуге келген кезде қастандық жасаңдар!», дегенін Шыңғыс қаған біледі. Содан Алтын ұлысымен соғысуға ұйғарып, әскерін, ат-көлігін сайлап, жасақтап, Шыңғыстың 50 жылының көктемінде Керулен өзенінің бойынан қалың әскерін аттандырып, Жошы, Шағатай, Өгедей бастаған қолбасшыларын сапқа түзейді. Жебе ноянның әскерін алғы шепке оздырып, Уша фу бекінісіне қарай жібереді. Жебе ноян тоқтамай ілгерлеп, Уша фу бекінісін және оның маңындағы Уюэинді жаулап алып, артқа хабар береді. Уша фу бекінісі Қазіргі Көк қаланың маңайы. Кейбір шежірелерде Уша фуды Шыңғыстың 49 жылында жаулап алған дегенімен осыдан кейін Алтынның жаңа ханының елшісі жарлық жеткізіп келгеніне қарағанда Шыңғыстың 50 жылында қалың қол аттанардан бұрын алғаны шын сияқты. Шыңғыс қаған Жебенің жеңгенін естіп, жедел келіп, әскерлерін қосып, Алтын ұлысының оңтүстік астанасы Си Инді қоршайды. Қазіргі Датун фу, осы қаланың қорғаушысы Ху Шаху қолбасшы қатты тіресіп, жеті күн шыдап, кейбір әскерлерін ертіп, шығысқа қарай қашқанымен моңғол әскерлері қуып барып, сансыз әскерін қырып тастайды. Шыңғыс қаған батыс астана және Банфу жоуды иеленіп, содан үш ұлына жеке-жеке әскер бөліп беріп, жер-жерге аттандырып, Алтын ұлысының солтүстік батысындағы аймақтарды кезек- кезегімен басып алды. Алтын ұлысының иесі Юн Жи Ху Шахудың жеңілгенін естіп, қырық түмен әскер шығарып, Ехулинь бекінісін қорғауға алады. Бұл Қорғанысы Алтын ұлысының солтүстік батысындағы Датун фудың шығыс жағына орналасқан, өте биіктегі қорған екен.
Шыңғыс қаған бұл хабарды да естіп, ілгеріге ұмтылып, Хуань Жасүй деген жерге келіп жеткен тұста, Алтын ұлысының қолбасшысы Ван Янь, Цу Циннен оның көмекшісіне тағайындалған кіші қолбасшы Минь Нань екеуі моңғол әскерінен қорқып, Шыңғыс қағанға бағынып, Алтын ұлысының әскер құрылымының құпиясын айқындап айтып береді. Сол түні Шыңғыс қаған әскерін аттандырып, Алтын ұлысының бекінісіне кенет шабуылдаған тұста, жаудың қалың әскері атты әскердің екпінінің астында қалады. Тебінгі мен дабыл араласқан қалың шудан есі шыққан жаудың әскері ойсырап, қырылады. Бұл жерде тағы да жеңіске қол жеткізген Шыңғыс қаған сол екпінімен Сюньдэ фуды430 иеленіп, оған қоса Тэхин, Фужили өлкесіндегі Боуан Жоуды басып алады. Сонан Жебені Дунчан431 бекінісін алуға аттандырады.
Жебе бекініске таяп келіп байқаса, шынымен қиын жерге орналасқан, атты әскердің соғысуына қолайсыз екен. Соны білген Жебе әскерін шабуылға лап қойғызып енгізеді де, тез қайта кейін шегіндіреді. Осы тұста оларды жеңіліп қашты деп ойлаған жаудың әскері, соңынан түсіп қуады. Сөйткенде, Жебенің тасаланып тұрған жарты әскері, жау бекінісін оңай басып алады. Бекіністе моңғолдардың туы желбіреген сәтте, жаудың аман қалған әскерлері қашқаны қашып, қалғандары бағынады. Жебе бекіністі басып алысымен Шыңғыс қаған бекініске келіп, содан Алтын ұлысының орталық астанасы Жүндү432-ні басып алуға аттандырады.
Сонымен моңғолдың қалың қол әскерлері жолай кезіккен жерлерді басып ала отырып, орталық астана Жүндү-ге де жетеді. Қаланы қоршауға алып, бір күн, бір түн соғысып, жеңе алмаған соң моңғолдың әскері кейін қайтады. Жолай Алтын ұлысының атты әскерінің басшысын қолға түсіріп, жылқыларын айдап кетеді. Осы тұста Жебе, Шағатай, Өгедей үшеуі жеке- жеке әскер алып, Шанши қорғанысының солтүстігіндегі алты жоуды-ды жаулап алып, тағы бір қол әскерді жіберіп, Жили аймағының солтүстігінен теңізге дейінгі аралықты түгел жаулап алады.
Шыңғыстың 51 жылының көктемінде Алтын ұлысына бағынып тұрған Моңғол Хятан ұлысының ұлы басшысы Елюй Люгэ хятанның түрлі ұлттарын жинап, Ляодунның көптеген өлкесін басып алып, сонан қандас халқымен бірігуге алпыс түмен адаммен Шыңғыс қағанға келеді. Бұған Шыңғыс қаған қатты разы болып, Елюй Люгэ-ге үлкен шен беріп, Алтын ұлысын жаулау ісін басқартады. Бұдан соң Хятан ұлысының әскерлері Алтын ұлысынан топ-тобымен бөлініп келіп, Моңғолдарға қосылып, Алтын ұлысына қарсы қатты шабуылдайды. Тағы да осы жылдың көктемінде Шыңғыс қаған Чан Хуан фу сияқты бір қатар жоуды күйретіп, Алтын ұлысының отыз түмен әскерін ойсыратып жібереді. Мұқылай сары теңізден өтеді. Осы аралықта Алтын ұлысының әскері батыс астана Датун фуды433-ды қайтарып алған еді. Енді Шыңғыс қаған соны қайта жаулап алуға аттанып, қаланы қорғауға шыққан жаудың әскерін түгелімен қырып салады. Шыңғыс қаған Датун фуды-ды қоршауға алса да, жеңіске жете алмайды. Мұның себебі, Шыңғыс қаған қаңғырған оқтан жарақат алып, аздап науқастанғандықтан кері қайтқанға ұқсайды.
Осы тұста Шағатай ноян, Жебе ноян бастаған қос қолдың әскері Фуншэн жоу мен Дунсин деген жерлерді басып алды.
Сөйтіп, Шыңғыс қаған жарақат алып кері қайтқан тұста, Алтын ұлысы қолды болған жерлерін қайтарып алады. Әйтсе де, Шыңғыстың батыр қолбасшылары жаудың ең маңызды бекіністері мен қалаларын басып алуды тоқтатпайды.
Шыңғыстың 52 жылы Алтын ұлысының қолбасшысы Ху Шаху өзінің жеңілісін теріске шығарғаны үшін Юн Жиді өлтіріп, оның орнына Фун Вансюн дегенді отырғызады.
Шыңғыс қаған осы хабарды естісімен дереу үш жолмен әскер аттандырады. Жошы, Шағатай, Өгедей үшеуі оң қолды басқарып, Тайган шань тауын бөктерлеп, оңтүстіктегі Сианды күйретіп, Сары дария деп аталатын Қатын өзеніне жетіп, Пиньянь, Тайюаньның жерлерін басып алады.
Жошы мен Қасар сол қолды басқарып, теңізді жағалап, шығысқа қарай беттеп, Ци Жоу, Пиньлуань Ляосидің434 жерлерін иеленеді.
Шыңғыс қаған баласы Толуймен екеуі орталық қолды басқарып, Жили, Шандұң және Сары дарияның сағасындағы жерлерді қайтарып алады. Сондай-ақ, Жүндүні негіздеп, Алтын ұлысының тоқсаннан аса сианын жаулап алады.
Осы ұрыстада қаншама қалалар күйреп, өлген адамдардың шығынына сан жетпейтіндей болған деседі. Және де осы кезде Ми Жоуды жаулауға бұйрық алған Мұқылайға Алтын ұлысының қолбасшысы Ши Тяньин көп адамымен келіп қосылғаны сөз етіледі.
Шыңғыс қаған Жүндүге жетіп, үш жолдың әскері қайтадан бірігіп, тағуға қыстайды. Осы жылғы жорықта Сары дарияның солтүстігіндегі Цюань манды түгелдей иеленіп, тек Жүндү қатаРлы санаулы қалаларды ғана ала алмайды.
Шыңғыс қаған 52 жасында көк ит жылының көктемінде Жүндүдің солтүстігінде отырған еді. Бір күні оның қалың қолбасшылары келіп, Алтын ұлысының орталық астанасы Янжинді435 талқандайық десе, Шыңғыс қаған оларға көнбейді. Сонан Алтын ұлысының иесіне елші аттандырып: «Сенің Шаньдун, Хубэй сияқты ірі өлкелерің мен Сиандарың қолымда тұрғанда, андағы жалғыз қалаңды мені жеңе алмайды дедің бе? Сен менің әскеріме сый беріп, қаһарлы қолбасшыларымның ашуын қайтар!»,- деп аттандырады. Мұны естіген Алтын ұлысының иесі дереу елшісін жіберіп, достасуды сұрап, бұрынғы хан Жүн жидің ханшасын және жас ұл, қыздары қосылған бес жүз адам, үш мың жылқы, көптеген алтын-күміспен, түмен-түмен бума торғын-торқа тиетіп, сенімді қолбасшысын да аттандырады. Ол Алтын ұлысының ханы жіберген сый-сияпатын Шыңғыс қағанға табыс етіп, қалың әскері Хуй Юнның өткеліне дейін шығарып салады.
Осылай достастық бітімге келе тұра, Алтын ұлысының иесі астана Жүндү қаласын арнайы уәзір, қолбасшыларға басқартып, өзі Бянлянға436 ауысып, астана құрады.
Шыңғыс қаған Юйэл Луань деген жерде жайлап отырған еді. Алтын ұлысының иесі астанасын ауыстырғанын естіп, қатты ашуланып: «Достық бітімге келгеннен кейін бұлай етуіне қарағанда, оның да арам ойы бар екен. Бітімге келген сыңай танытып, мені қапыда қалдырмақ қой!»,- деп, ілгеріге қайта соғыс ашудың қамына кіріседі. Сөйтіп жатқан тұста, Алтын ұлысының Ян Хунь уәзірі мен Зуду дегендері өздерінің қолбасшыларын өлтіріп, Алтын ұлысының астанасын күзетуші әскерлермен шығысып, қарасты елдерін алып, Шыңғыс қағанға қосылуға келеді. Бұларды келгеннен кейін Шыңғыс қаған Жүндү қаласын қоршауға алдырады.
Осы кезде Мұқылай ноян Алтын ұлысының Пекин, Ляо сияқты ірі-ірі жоу, сиандарын437 басып алады.
Сонан Шыңғыстың 54 жылы немесе көк доңыз жылы Алтын ұлысының көптеген басшылары өздеріне қарасты қала-кент, ел-жерімен Шыңғыс қағанға келіп қосылады. Солардың құрамында Ши Тяньин деген әйгілі қолбасшы да келген екен.
Моңғолдың әскері орталық астананың шығыс бөлігімен қоса, жақын маңдағы түгел жерлерді басып алғандықтан, ерте мен кеште қала тыныштығы бұзыла бастайды. Соған байланысты Алтын ұлысының иесі қосымша әскер жасақтағанымен, онсызда моңғол әскеріне жеңіле бастаған жау әскерінің берекесі бек кетеді. Өзді-өзінен үрейленіп, жүріп моңғол әскерінен оңбай жеңіледі. Есін жиған кейбірі аман-сауында қаланы тастап, қашып шығады. Осы туралы кейбір тарихи деректерде: «Осы қаланы басып алған кездегі өлген әскерлерге сан жетпейді. Орда, үйлер берекесіз әскерлердің қолынан өртеліп, тұтанған өрт айдан аса уақыт сөнбейді. Алтын ұлысының бабаларынан қалған суреттерімен бірге талай-талай баға жетпес, құнды мұралар да өртке оранады. Қайран асыл қазыналар жоқ болды.»,- деп келтіріледі. Және де, осы жылы Батыс Сартаул ұлысының елшісінің Шыңғыс қағанға жолыққалы келген жол жазбасында: «Жүрген жолымыздағы адам өлігі тау болып үйіліпті. Пекин қорғанының сыртындағы қазылған ордың ішінен әйелдердің де тау-төбе боп үйілген өліктерін көрдік»,- деп жазады.
Осы жорықтың барысында Алтын ұлысының Елюй Чуцай438 деген оқымысты-білгірін қолға түсірген еді. Ол негізінен Моңғолдың Хятан ұлысынан екенін жоғарыда айтқамыз. Осы жөнінде Шыңғыс қаған бірде:
«Дайляо ұлысы мен Алтын ұлысы өзара ежелден өштес еді. Енді мен сен үшін өш алып берейін!», — дейді. Сонда Елюй Чуцай: «менің ата-бабам кезінде Алтын ұлысының уәзірі атанып жүрді. Олар өлімнен қорықпай қалай өшігеді?», — деп жауап қайтарады. Елюй Чуцайдың бұл сөзін Шыңғыс қаған табанда мойындап, оны ұдайы өзімен бірге алып жүріп, қандай бір істі ақылдасып шешіп отырады. Әйгілі тоғыз өрліктің ішінде Жүршіттің Шу мергені деп ерекше аталады.
Кейбір тарихи жазбаларда: «Шыңғыс қаған қандай да бір жорықты бастау ісін әуелі Елюй Чуцаймен ақылдасып алатын немесе өзі қойдың жауырынымен бал ашып барып бастайтын» деп жазады. Сондай-ақ, Шыңғыс қаған ұлыс-мемлекеттің ісі мен әскери істі алдын ала бал аштырып болжау арқылы ғана емес, тума ақыл-ойы мен өмірден жиған біліміне сүйеніп, ұйымдастыра білген шеберлігімен таңқалдырады. Әрине, Елюй Чуцайдың жазба мәдениетіне жетік зиялы адам болғанын жоққа шығаруға болмайды. Өйткені, ол өз тұсында жабайы саналған моңғолдарды жазба мәдениетіне бейімдеп, дүниенің ісін тек бір табиғи ақыл-оймен аған емес, білім мәдениетімен жетілген, турашыл тәртіппен басқару – әлде қайда озық тәсіл екенін айқындап берді. Кейіннен бір кездері Ся ұлысынан келіп қосылған, оқ жасаудың шебері Шыңғыс қағанға кездескен сайын: «Қазір ұлыс елге әскер қажет. Елюй Чуцай жазудың адамы, оның қажеті қанша?»,- дегенде , Елюй Чуцай: «Оқ жасау үшін, оқшы ұста қажет. Ұлыс-елді орнату үшін ұлысты құрушы ұстаны керектенбеске болмайды!»,- деп жауап қайтарыпты. Осы оқиғадан кейін Шыңғыс қаған Елюй Чуцайды өзіне көмекші қылған деседі.
Елюй Чуцай осылайша Шыңғыс қағанға да, одан кейін қаған тағына мұрагер болған Өгедейге де ақыл-қайратын аямай, адал қызмет еткені жайында жазба деректерден анық байқалады.
Осылайша, Шыңғыс қаған Алтын ұлысының орталық астанасын қол астына бағындырғаннан кейін ұлыстың иесіне елші аттандырып, өзеннің солтүстігіндегі Шандудың қалған қалаларын өз еркімен бағындырып, хан дәрежесінен бас тартып, Хунань уаң атағын алсын! Егер ұған келіскен жағдайда қарсы әске аттандырмаймын, деп аттандырады. Бұған Алтын ұлысының иесі келіспейді. Сөйтіп, Шыңғыс қаған қалың әскерін қайта аттандырып, сол жылдың күзінде Алтын ұлысының 812 қала мен сианын жаулап алады.
Сонан Шыңғыстың 55 жылы арнайы жасақ аттандырып, Сары дария дейтін Хатан өзенінің батысындағы Дунь Хуан бұғазын иеленеді. Содан соң Нанжинға қарай бет алып сап түзеп, Хатан өзенінің оңтүстігіндегі Хэнань өлкесіне жетіп, Жу жоу қатарлы көптеген жоуды бағындырып алады. Бұдан кейін Нанжин қаласына ат басын тіреп, әскер санының аздығына байланысты кері қайтып кетеді. Осы тұста Алтын ұлысы әскер санын көбейтіп, мол күшпен қарсы соғыс жасайды.
Тағыда осы жылы Шыңғыс қаған батысқа қарай аттанып, найман мен меркіттедің қалған бөлігі Күшілік епн Тоқтаға қарсы соғыс ашады. Бұл туралы төменде жеке әңгіме етеміз.
Шыңғыстың 56 жылы Моңғолдың қолбасшылары Ши Тянсян мен Шаған екеуі Алтын ұлысының қолбасшысы Чао Юан Шуайды қолға түсіріп, кейбір қалаларын күйретеді. Осыған байланысты Алтын ұлысы бітімгершілік келісімге келуді өтінеді.
Дәл осы жылдың сегізінші айында Шыңғыс қаған Мұқылайды тайшин сайлап, ұлыс уаңы деген атақ береді. Қолына алтын таңба ұстатып:
«Солтүстікті мен басқарамын, оңтүстікті сен өзің біліп басқар!»,-деп билікті қолына береді.
Әйтсе де, Уаң Мұқылай бұдан кейін де оңтүстік пен шығыстағы бағынбаған талай жерлерге шабуыл ұйымдастырады. Тағы да осы жылы бұған дейін бағынышты болып келген солтүстік батыстағы хорь түметтер аяқ асты бүлініп, өз беттеріне кеткен еді. Мұны да кейіннен арнайы сөз етеміз.
Шыңғыстың 57 жылы Мұқылай Алтын ұлысының Юань Шуайдың ісін басқаратын атақты қолбасшы Ян маоны тұтқынға алады. және де Датун Фу дан Тайюань, Пиняньға дейінгі көптеген жоуды иеленіп, Батыс Ся ұлысына қарсы соғыс ашып, оның уаңы тұратын қаланы қоршауға алады. Си Ся ұлысының иесі қаласын тастап, Силянға қарай қашып кетеді.
Осы жылы Корея ұлысының түгел жерін бағындырады. Корея иесі Моңғолға әр жыл сайын салық жеткізіп тұруды міндетке алады.
Шыңғыстың 58 жылы моңғолдың қол астына кірген Ян Мао мен Алтын ұлысының қолбасшысы У Сянмен соғысып, көптеген қалалады иеленеді. Тағы да осы жылы батыстағы Сартул ұлысы Шыңғыс қағанның елшілері мен саудашыларын өлтіргендіктен олармен соғысуға қаған өзі аттанады. Бұл туралы да кейіннен сөз етеміз.
Шыңғыстың 59 жылы қолбасшы Мұқылай Будун фуды439 және Шандудың басқа да қажетті фу, жоуларын басып алып, әсіресе Алтын ұлысының атақты қолбасшысы У Сянды Яндан дейтін қаласымен қосып бағындырады.
Шыңғыстың 60 жылы Алтын ұлысының иесі жазба елшісін жіберіп, татулық келісімге келуді өтініп, Шыңғыс қағанды Алтын ұлысының ағасы болуын тілейді. Бұған Мұқылай келіспейді.
Дәл осы жылы Сүн ұлысы да елшісін жіберіп, бітімге келуді сұрайды. Бұдан кейін тағы да, Сүн ұлысының Ляншюй Жунжи, бәрін билеуші Ши Игуй мен Диндунды билеуші Жан Лан дегендер өз-өзінің қарамағындағы қалың елімен келіп бағынады. Өз еріктерімен сиандарымен бағынған бұларға уәзір дәрежесін сыйлайды.
Шыңғыстың 61 жылы Мұқылайдың қалың әскері көптеген өлкелер мен қалаларды бағындырады.
Бір ғана жеді – шаньси өлкесіндегі Фун шанды қанша күн шабуылдаса да ала алмайды. Осы кезде Алтын ұлысының иесі татулық келісімге келуді сұрап, тағы бір елшілерін жібереді. Шыңғыс қағанды Батыс Сартулды жаулап жүргенінде кеңесші Жун Дуан дегенді жіеріп, татулық бітімге келуін сұрайды. Сол елшіге Шыңғыс қаған былай дейді: «Мен әуелден сенің басшыңа өзеннің (Сары дария) солтүстігіндегі жерін беріп, өзі Хунань ван (уаң) болатын болса, қарсы әскер аттандыруды тоқтатамын деген едім. Сенің иең бұған көнбегендіктен Мұқылайда ұлысыңды құртып үлгеріпті.»,-дейді. Жун Дуан қайғылана жалынып, өтініш тілегін қайталай айтады. Сонда шыңғыс қаған: «Әнтек, өзеннің солтүстігіндегі жерлер де менің қолыма өтіпті. Енді бұғаздың батысындағы санаулы қалалар қалып тұр. Егер менің иең осы қалаларын менің қолыма өткізсе, оны Хунань ван болдырамын. Бұл келісімді қайта бұзуларыңа жол жоқ!»,- деп, әмір етеді. Сонан Жун Дуан қайтып кетеді. Осы тұста Мұқылай Алтын ұлысына шабуылдарын жалғастырып жүген болатын.
Шыңғыстың 62 жылы тайши, ұлыстың уаңы Мұқылай ауырып, қайтыс болады. ол асқан ер жүректі, мықты қолбасшы, әрі ұлыс ісінің білгірі еді. Моңғол ұлысын құруда өзгеден мол үлес қосқан да осы Мұқылай еді. Шыңғыс қағанның маңдай алды қолбасшысы атанған Мұқылай атыр Алтын ұлысы жерінің көбісін қолына алып та үлгереді. Мұқылай өлерінде: «Мен ұлыс-елдің ұлы ісіне сеп болсын деген ниетпен қырықдыл бойы өткір ұстап, сауыт киініп, шығыс пен батысқа қаншама жорық жасасамда өкінген кезім болған жоқ еді. Жалғыз өкінішім – Бянлян астанасын ала алмадым. Енді оны сендерге аманат етемін!»,- деп өсиет айтады. Шыңғыс қаған мұны естіп, қатты қайғыып, оның ерлігін еске алып, зор құрмет танытады. Әрі оныңмұрагерлігіне ұлы Борды тағайындайды. Бор – білімді де білікті, әрі көп ұлттың тілін білетінді. Садақ пен найзаға да шебер, жиырма сегіз жаста болатын. Мұқылайдың басшылық ететін жеін қалпында қалдырып, оныңжорығын ары қарай жалғастырып, тағы да бір қанша елді мекендерді бағындырып алады.
Сонан ір кезде Алтын ұлысының қолбасшысы У Сян тағы да арам ойланып, моңғолдың қолбасшысы Ши Тянды алдап өлтіріп, Жиндүн қаласын бөліп алады. сөйткен шақта ор Ши Тянның інісі Ши Тянсэнге әскер беіп, У Сянмен соғысуға атандырады. Ол У сянды жайратып салып, қаланы қайтарып алады.
Шыңғыс қағанның тұсындағы Алтын ұлысына қарсы жорық-шауылдар негізінен осымен тәмәм болады.
Алтын ұлысы мен Сүн ұлысының бір жолата күйреуі соңғы қағандардың кезінде болған.