Қиясты өте шебер қолдана білген
Фиқһ әдіснамасында қияс – Құран аяттары мен хадистерде және ижмада ашық үкімі жоқ қандай да бір қалыптасқан ахуалды Құран мен хадисте сөз болған қандай бір жағдаймен салыстыра отырып, ұқсастығына қарай шешім шығару241. Қияс нақты бір негізге сүйенгенде ғана дұрыс саналады242.
Алдыңғы бөлімде де айтып өткеніміздей, имам Ағзам қандай да бір мәселе шыға қалса, оның жауабын әуелі Құран мен сүннеттен және сахабалардың сөздерінен іздейтін, егер олардан дәлел таппаса, сонда барып ижтихад жасайтын. Мәселенің жай-жапсарын жан-жақты зерттеп, кейде қияс жасайтын, кейде истихсанға жүгінетін. Халықтың игілігін көздеп, «Дінде ауыртпашылық жоқ» деген қағидаға ерекше мән беретін. Қияс жасаған кезде халықтың мәмілесіне, әдет-ғұрпына сәйкес келмесе, истихсанмен амал етуге пәтуа беретін. Қиясқа жүгінсе де истихсанға барса да, адамдарға қиындық тудырмау жағына айрықша ден қоятын. Әбу Ханифа қиястағы тапқырлығымен көпшілікке танымал болған.
Имам Ағзам аят-хадистерді терең талдай білгендіктен, замана талабына қарай Құран мен сүннет және ижмадан дәлелі табылмаған жағдайлар жиі орын алғандықтан, осыған қатысты мәселелерде қияс амалын қолдануға мәжбүр болған. Өйткені, Ислам діні – ең соңғы дін, Құран – соңғы кітап, пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) –соңғы елші, бұдан былай ақыр заманға дейін басқа дін келмейді. Сондықтан, Ислам діні тек бір-екі ғасырда орын алған күрделі ахуалдардың шешімін ғана емес, келешекте туындауы мүмкін-ау деген барлық мәселенің шешімін қамтитын қайнар көз болуы қажет. Ал адам баласы өмір болған соң, мүлдем беймәлім жағдайлармен бетпе-бет келіп жатады. Олардың жауабын беретін, үкімін айтатын бір қайнар көздің болуы сөзсіз қажеттілік. Ал бұрын-соңды кездеспеген, кездескен күннің өзінде ұмыт қалған әрбір жағдайдан шығудың жолын табу үшін Құран мен хадистердің мағыналарын толық менгеріп, олардың ішіндегі үкімдердің қандай мақсатпен айтылғандығын біліп, соны бас қылтитқан мәселелермен салыстыра отырып, жауабын табатын қағида – қияс. Имам Ағзам осы қиясты да өте шебер қолдана білген.