Әбу Ханифаның пәтуа берудегі сақтығы
Имам Мәлік, Иахия ибн Сайд, Ибн Аббастан «Шындығында, барлық сұралған мәселелерге оңды-солды пәтуа бере берген адам – есінен адасқан адам» деген253 және бұл жайында Сахнун ибн Сайд: «Пәтуа беруден қорықпаған адамның әдетте көзқарасы шектеулі, білімі таяз келеді» деген және басқа бір риуаятта «Пәтуа беруден өзін тыйған адам ой-өрісі кең, білімді адам» дейді254.
Кез-келген сауалдың жауабын нақты білу қажет. Жауабы шариғатта бола тұра оны ескермей, өз ойымен пәтуа беру – фиқһ қағидасына қайшы. Пайда болған тығырықтан шығудың жолы шариғатта бар болса, соның негізінде жауап береді, ал егер шариғаттан шешімі табылмаса, пәтуа беру үшін мүжтәхид дәрежесіндегі ғалым болуы тиіс. Бір мәселенің төңірегінде түрлі пікір айтылса, оның ең дұрыс дегенін айту да мүжтәхидтің ісі. Бұл жайында Сахнун ибн Сайд: «Мен қандай да бір мәселе төңірегінде 80 білімді кісінің 80 пәтуасын жадыма тоқыдым. Олай болса, мен олардың арасынан ең абзалын таңдап алмай тұрып, қалайша бірден үкім беруге асығамын» деп қойылған сауалға тыңғылықты жауап беру үшін аталмыш мәселе жайында айтылған ғұламалардың пікірлерін алдымен зерделеп алатын. Содан кейін ғана солардың айтқандарының ең абзалына тоқтап, жауап беру керектігін түсіндірген255. Әбу Ханифаға қандай да бір сауал қойыла қалса, білгенін айтатын, не болмаса сол бір сауал үшін түнімен кірпік ілмей көз майын тауысып, Құранды бастан-аяқ сүзіп шығатын, яғни, оның жауабын Құраннан іздейтін. Ал егер Құраннан таба алмаған жағдайда сүннеттен, іздегенін одан кезіктіре алмаса, сахабалардың сөздері мен істеріне үңілетін. Олай болса, жүрегі иманға толы ғалым ешқашан «Мынау − халал, ал мынау − харам» деп кесіп-пішіп өз ойынан пәтуа айтпасы анық.
251 Әбу Захра, Әбу Ханифа, 307-б.
252 А. Баккал, 1-т., 303-б.
253 Ибн Абдулбәрр, Жамиғул-баянил илм, 2-т., 164-б., Иғламул-мауаққиғин, 2-т., 64- б.
254 Ибн Абдулбәрр, Жамиғул-баянил илм, 2-т., 816-817-б., Иғламул-мауақиғин, 2-т., 65-б.
255 Ибн Абдулбәрр, Жамиғул-баянил илм (2211)