Қазылық және ресми мәзһаб тәжірибесі
Аббастықтар әулетінің халифасы Харун әр-Рәшидтің Әбу Юсуфты қадиул- қудат (қазылардың қазысы, жоғарғы сот) міндетіне тағайындауы және барлық қазыларды тағайындау ісін соған тапсыруы сот істерінде жүйе мен біркелкілікті қамтамасыз ету ел аумағында құқықтық тұрақтылық пен сенімділік ортасының құрылуы жолында жасалған маңызды қадам болумен қатар, әсіресе кейінгі дәуірде мұсылман билігінің қол астына өтіп, халқы жаңадан мұсылман болған елдерде ханафи мәзһабының танылуы мен таралуына елеулі ықпал етті.
Ресми тағайындаулармен қатар, басқа аймақтарға жіберілген қазының білімділігі мен біліктілігінің де рөл ойнағаны анық. Баста Әбу Юсуфпен қатар Әбу Ханифаның шәкірттерінің көпшілігі қазылық міндетін атқарған. Олардың көпшілігі фиқһты ижтихад жасайтындай дәрежеде игеруіне байланысты Ирак, Иран, Хорасан, Батыс Түркістан аймақтарында Ирак (ханафи) фиқһы аясындағы құқықтық дәстүрдің қалыптасуына, халықтың сүйіспеншілігіне бөленуіне үлес қосты. Ханафи ғалымдарының белсенді түрде қызмет етуінің арқасында мемлекеттің қолдауы азайған кезде де ханафи мәзһабының ықпалы жалғаса берді. Ал ғалымдар әлсіз болған аймақтарда мәзһаб кең тарай алмады297.
Әбу Юсуфтың кезінен бастау алған қадиул-қудаттық практикасы Аббасидтер халифалығы кезеңінде ханафилардың пайдасына қарай шешілгенімен, тарихта орын алған түрлі оқиғалар көрсеткендей, қадиул-қудаттың қазы тағайындау ісі әрдайым сол мәзһабтың өкілдерін тағайындамағанын, әр түрлі аймақтың ерекшелігіне қарай басқа да мәзһабтың имам дарының тағайындалғанын көреміз. Жалпылай алғанда, ханафи мәзһабы Ирак пен оның шығысындағы аймақтарда, Мәлікилік Хижазда, шафиғилік Мысырда, ханбәли мәзһабы бертін келе Бағдат пен Хижазда таралған. Әр түрлі тарихи кезеңдерде Андалуссиядан бастап, Үндістанға дейінгі аймақтарда әрбір мәзһаб кейде жақсы дамыса, кейде бәсеңсіп отырған. Осыған орай, қалалар мен аймақтарға әр түрлі мәзһабты ұстанушы қазылар тағайындалған. Мысалы, Мәдинаға алғашында шафиғи қазылар жіберілсе, кейіндері Мәліки мен Ханафи қазылары тағайындалған. Тарихшы Мақдисидің мәліметі бойынша һижра жыл санауы бойынша III (милади ІХ) және IV (милади Х) ғасырда Нишапур, Шаш, Тус, Нәсә, Бұхара, Исфәрәйн секілді кейбір қалаларда шафиғилардың көбеюі салдарынан, ол жерлерге шафиғи қазылардың тағайындалғандығы, кей жағдайларда ханафи әрі шафиғи екі
қазының бір уақытта қызмет атқарғандықтары да айтылады298.
Аббасидтер әулеті кезеңінде Мысыр елінде ханафилер болғанымен, ол жерде шафиғи және Мәлики мәзһабының ықпалы күшті еді. Өйткені, имам Шафиғидің өзі Мысыр елінде болатын. Сонымен қатар, имам Мәліктің Ибн Уәһб және Ибн Хакам секілді шәкірттері де Мысырда болғандықтан, осы екі мәзһаб кең тарады.
Фатимидтер әулеті Мысырды басып алғаннан кейін ресми мәзһаб ретінде
297 Әбу Захра, Әбу Ханифа, 402-408-б.
298 Мақдиси, Ахсанут-тақасим, 311-б., 323-б.
шииттердің исмаилия мәзһабын жариялады. Бірақ, бұл шара төрт мәзһабты жоя алмады. Халық ғибадаттарын өз мәзһабтарына қарай орындауын жалғастыра берді. Осы Фатимидтер кезеңінде ханафи мәзһабы қатты қысым көрді. Өйткені, Фатимидтер Аббаситтерге қас болатын. Ал ханафи мәзһабы Аббасидтердің ресми мәзһабы еді.
Мысырда Әйюбидтер мемлекеті құрылғаннан кейін Сирия мен Мысырда шафиғилер мен ханбәлилердің ықпалы қайтадан күшейді. Осы екі мәзһабтың ғалымдарына арнайы медреселер салынды. Өйткені, Салахаддин Әйюби өзі шафиғи мәзһабын ұстанатын. Бірақ, Сирияда Нуреддин Шәһид Зәнги (XII ғасыр) билік басына келгенде бұл жағдай өзгерді. Өйткені, ол ханафилікті ұстанатын. Осылайша, ханафи мәзһабы Сирияда кең тарап, артынан Мысыр еліне де бірте-бірте жайыла бастады. Осы кезден бастап ханафи мәзһабы Аббасидтер кезеңіндегі секілді тек қана үкіметтік ресми мақамдарда қалмай, халық арасында кең тарады299.
Халық арасында ханафилер көбейгеннен кейін Салахаддин Әйюби Каир қаласында ханафиларға арнап «Суюфия» медресесін салғызды. Мұның нәтижесінде ханафи мәзһабы ел арасында кеңінен жайылды.
Мәмлуктар кезеңінде әуелі Каир қаласында 659 жылы (1261) шафиғи ғалымдарынан Тәжуддин Абдулуаһһаб ибн Бинтил-иаз қадиул-қудат ретінде тағайындалды. Бірақ, бұл жердегі халықтың арасында түрлі мәзһаб өкілдері өмір сүргендіктен, халықтың арасында наразылық туып, басқа үш мәзһабтан қазылар тағайындалды. Тарихшы Мақризидің мәліметі бойынша атамыз Сұлтан Бейбарыстың Мысыр елінде шафиғи, мәліки, ханафи және ханбәли мәзһабтарынан төрт қазы тағайындауынан кейін (1266 ж.) мұсылман елдерінде осы төрт мәзһаб бойынша білім беріліп, сот істері жүргізілген. Яғни, оның айтуы бойынша осы кезден бастап, Ислам әлемінде төрт мәзһаб бойынша амал ету мәселесінде үмбет арасында ижма (бір ауыздан келісім) болған300. Алайда, оныншы ғасырда өмір сүрген Мақдиси шығармасында өз кезеңінде Ислам әлемінде фиқһ саласында ханафи, Мәлики, шафиғи мен дәуіди (захирилер) секілді төрт мәзһабтың болғанын айтқан301.
Сунниттер арасында захирилердің шафиғи мәзһабының бауырында бірте-бірте еріп жойылуы мен ханбәли мәзһабының шығуынан кейін XI ғасырда осы төрт сунни мәзһаб қалыптасқан. Ал Аббаси халифаларынан Насыр Лидиниллахтың қазы тағайындаған кезде төрт мәзһабпен шектелуі осы төрт мәзһаб бойынша амал етудің жоғарыда аталған кезеңнен (1266 ж.) бұрын басталғанын көрсетеді302.
Фиқһ мәзһабтарының дамуы мен таралуы қарсаңында ханафи мәзһабы ең аз таралған аймақ Солтүстік Африка мен Андалусия болды.
Мысыр Османлы мемлекетінің билігіне өткеннен кейін, қазылық ханафи мәзһабы бойынша жүргізілді. Ғылым үйренушілердің арасында ханафи фиқһын оқып-үйренуге деген қызығушылық артты. Нәтижесінде, ханафиліктің беделі күшейіп, Аббасидтер кезеңіндегі секілді ресми мәзһабқа айналды.
Мехмет Али паша (1849 қ.) Мысырды өзіне қаратқан кезде жалғыз ханафи мәзһабын ресми етіп жариялаған. Бұл 20-ғасырдың басына дейін жалғасты. Ханафи мәзһабы Мысырдан әрі қарай батысқа (Мағрибке) тарала қоймады. Тек
299 Қурәши, әл-Жәуәхирул-мудиия, 3-т., 439-440-б.; А. Тәймур Паша, Назар тарихия фи худусил-мәзәхибил арбаа, Каир, 1351, 15-б.,
300 Хытат, 2-т., 344-б.
301 Мақдиси, Ахсанут-тақасим, 37-б.
302 А. Бардакоглы, Ислам ансиклопедиси, 16-т., 6-б.
қана Әсад ибн әл-Фурат (қ. 213 һ)303 кезеңінде мағриб еліне өткенімен, ұзаққа созылмаған. Өйткені, ол жерде мәлики мәзһабын ұстанған Ағлабилер әулетінің беделі күшті еді. Міне, сондықтан Мағриб пен Андалуссида жалғыз мәлики мәзһабы кең тараған.
Сирия мен оның аймағында да ханафи мәзһабының таралғанын көреміз. Сирия мен Мысырдағы кейбір басшылар ханафи мәзһабының беделін азайтқысы келгенімен, халық арасында кең жайылғандықтан, мақсаттарына жете алмады304. Ханафи мәзһабыны кең таралуында Сәлжұқтар мен Осман мемлекетінің рөлі ерекше. Сәлжұқ билеушісі Тұғрыл бей Нишапур, Исфахан, Хамадан секілді ханафилік аз таралған жерлерге ханафилерден қазылар мен имам дар
тағайындауының нәтижесінде ханафилік күшейді.
Османлы мемлекеті кезеңінде 16-ғасырдан кейін құқықтық мәселелердің ханафи мәзһабы бойынша жүргізілетіндігі ресми түрде жарияланған. Анадолы мен Румелиде ықпалы артса, Мекке, Мәдина, Халеп, Қудыс, Каир секілді елді- мекендерде халықтың көпшілігінің басқа мәзһабты ұстануына байланысты бас қазының көмекшілері өзге мәзһабтан тағайындалып, мәселелерді өз мәзһабтарына қарай шешуіне жағдай жасалған.
Негізінде, мемлекеттердің ресми мәзһаб ұстанымдары құқықтық бірлік пен тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған шара еді әрі өзіндік пайдасын да тигізді. Бұл өз кезегінде мәзһабтардың бір елде тарауының сырт көзбен қарағандағы негізгі себептері секілді көрінгенімен, сол аймақтардың ерекшеліктеріне сай келгенін де есепке алған жөн. Мәселен, қоғамда қалыптасқан әдет-ғұрыптардың белгілі бір мәзһабты қабылдауда жағымды немесе жағымсыз рөл ойнағандығы белгілі. Мұсылман арабтардың қол астына өткен парсылар өздерінің қарсылықтарын ақида және фиқһ алаңында имам ия, жағфария, зәйдия түрінде білдірсе, Солтүстік Африкалықтар Хижаз фиқһын өз орталарына сай келгендіктен жылдам қабылдаған болатын. Мәуараннахр305, Хорасан, Үндістан, Батыс Түркістан және Ислам мемлекетінің қол астына өткен араб емес өзге ұлттардың ханафи мәзһабынының өздерінің әдет-ғұрыптары мен қоғамдық өмірлеріне сай келгендіктен қабылдағандықтары да әбден мүмкін306. Ханафи мәзһабының шариғатқа қайшы келмеген жағдайда, жергілікті әдет-ғұрыпты дәлел ретінде санауының бұған тигізген ықпалы мол. Өз кезегінде ханафи мәзһабы өмір- салты, мәдени-саяси жағдайы хижаз аймағынан мүлде бөлек аймақта туып, кең етек жайған-ды. Шариғаттың кең өлшемдерін бір ғана аймақтың ерекшелігімен шектемей, хадистердің сыртқы мағынасына ғана қарамай, мәселелерді кең түрде талқылап, негізгі мақсатты басты назарға алуының өзге ұлт өкілдерінің де Исламды қабылдауын жеңілдеткені анық.
Орталығы Куфада болған Ирак фиқһының таралуында Әбу Ханифаның
тұлғалық қасиетінің де рөлі ерекше. Сондықтан, бұл мәзһаб ханафи мәзһабы 303 Ол хижра жыл санауы бойынша 142 жылы Қайрауанда дүниеге келген. Әуелі имам Мәліктен ілім алып, кейін Бағдатқа келіп Әбу Ханифаның шәкірттерінен дәріс алған.
181 жылы еліне қайта оралған Әсад ибн әл-Фурат білгір фақиһ ретінде көзге түседі.
Ол Қайрауанға қазы ретінде тағайындалып, ханафи мәзһабын Тунис пен Алжирде жаюға тырысқан. 213 жылы Сицилияға қарсы жасақталған әскерді басқарып, жолда оба ауруына шалдығып қайтыс болған.
304 Әбу Захра, Әбу Ханифа, 406-б.
305 Ханафи фиқһының Мәуараннахрда қалай таралғанына қатысты А.Муминовтың
«Роль и место ханафитских улама в жизни городов Центрального Мавараннахра
(V-VII/VIII-XIII вв.)», Автореферат диссертации на соискание ученой степени доктора исторических наук, Ташкент-2003
306 А. Бардакоглы, Ислам ансиклопедиси, 16-т., 7-б.
деп аталды. Терең ілімі, зеректігімен ерекшеленген және діннің шынайы рухын жақсы меңгерген Әбу Ханифаның мәзһабы арабтардың тысындағы түркі және парсы халықтарының арасында кең жайылды..
Ақылға негіздеп қисынмен ойлау әрі Исламның негізіне сай жеңілдік дәстүрін ұстануы бұл мәзһабтың кең тарауына жол ашқан себептердің бірі.
Осы ұзын-сонар тарихи кезеңдердің нәтижесінде, ханафи мәзһабы Түркия, Балқан елдері, Босния-Герцоговиня, Украина, Қырым, Әзірбайжан, Кавказ, Орал, Сібір және Орталық Азия, Қытай, Манчжурия, Жапония, Ауғаныстан, Хорасан, Тайланд, Үндістан, Пәкістан секілді елдерде ханафи мәзһабы кең тарады. Йемен, Хижаз, Мысыр, Палестина, Алжир мен Туниста ханафилар аз, ал Эфиопия, Сирия мен Иракта айтарлықтай күшке ие.