Ол тегін адам емес

Ол тегін адам емес
Қазақ халқының дана би-шешендерінің астарлап сөйлеп, жай ғана сөзбен даналық ойларды білдіретін данышпандары секілді тапқыр сөз бен жүйрік ойлылық имам Ағзамның өмірінде де көптеп кездеседі. Бір күні имам Ағзам мешітте отырғанда бір адам кіріп келіп:
– Менің бір сұрағым бар, жауап бер, – дейді. Сосын имам ды күтпей өзі сөйлеп кетеді:
– Жұмаққа кірем деп үміт етпеймін, әрі тозақтан қорықпаймын, көрмегеніме куәлік етемін, өлексенің етін жеймін, Құдайдан қорықпаймын. Рүкүғсыз, сәждесіз намаз оқимын. Ақиқатты жек көремін, бүлікті ұнатамын. Осыған пәтуаңды айт. Мұндай сорақылықты естіген имам ның жанындағы шәкірттері бұған қатты ашуланады. Бірақ имам оларға:
– Бұл тегін адам емес, ғұлама болса керек, өте дана сөз айтты. Бұл адамның
«Мен жұмаққа кіруді үміт етпеймін әрі тозақтан қорықпаймын» дегені жұмақтың Жаратушысы Алладан ғана үміт күтіп, тозақтың иесі бір Алладан ғана қорқатындығын меңзегені. «Көрмегеніме куәлік етемін» деуі оның Алла пен ақырғы пайғамбарын (с.а.с.) көрмесе де иман еткенін білдіргені. «Өлексенің етін жеймін» деуі оның балық жейтіндігін айтқаны. «Құдайдан қорықпаймын» дегені Хақ тағаланың өзіне қиянат жасап, әділетсіздік таныптпайтындығын меңзегені. Себебі, құранда: «Кім игі іс істесе өзі үшін, жамандық істесе де өзіне. Алла пенделеріне әділетсіздік етпейді»407, – делінген. «Рүкүғсыз, сәждесіз намаз оқимын» деуі әрдайым пайғамбарымызға салауат айтып, жаназа намазын оқитындығын меңзегені (Өтйкені жаназа намазы рүкуғсыз және сәждесіз орындалады). «Ақиқатты жек көремін» деуі үздіксіз Хақ тағалаға сыйынуды жақсы көргендіктен өзгенің бәрі жалған, хақ болған өлімді жек көретіндігін меңзегені. Өйткені Хақ тағала Құранда өлімнің келуін «шындық, ақиқат» деп атаған408. Әбу Бәкір Сыддық бұл аятты «Шындықтың мастығы өлімде келеді» деп оқыған. Ал «бүлікті жақсы көремін» дегені бала-шағасы мен дүние-мүлкін меңзегені. Өйткені Алла Тағала: «Анығында мал-мүліктерің мен бала-шағаларың сендер үшін фитнә, (сынақ, алданыш)409,– деген. Себебі, бұлар дүниенің қызығы, адамға алданыш болады», – деп сөздің мәнін түсіндіріп берген екен410.


405 Хайсами. 107-б.
406 Шибли. 76-б.
407 Фуссилат сүресі, 46-аят.
408 Қаф сүресі, 19-аят.
409 «Тағабун» сүресі,15; «Әнфәл» сүресі, 28
410 Саймари. 26-б; Әл-Манақиб әл-Кердери, І-том. 157-бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *