Пенделердің амалдары
С: Пенделердің іс-әрекеттерін істеуші және істерін жаратушы кім?
Ж: Пенделердің істеген істерін орындаушы өздері, бірақ істерін жаратушы Алла тағала. Алла тағала істі жасауға күш-қуат беріп жаратпаса, пенделердің тек өздері ешбір
іске шамасы болмайтын еді. Алла тағала пенделерге ықтияр, яғни қалау қылатындай аз ғана қуат береді, пенде бір істі жасау үшін ықтиярымен сол қуатты жұмсайды, кейін Алла тағала пенделердің қалаған істерін жаратады. Пенде іс-әрекетті орындаушы, Алла тағала сол істі жаратушы. Мысалы, пенде жүруді қалап қуатты жұмсайды, ал Алла тағала жүруін оған жаратып береді.
С: Пенделердің жақсы істерін Алла тағала жаратады ма?
Ж: Әлбетте әрқайсысын Алла тағала жаратады, қандай да бір істі орындауды қаласа, Алла тағала сол істі жаратады. Егер пенде өз қалауымен жақсы ізгі істерді жасағысы келсе, Алла тағала ол істерді разылығымен жаратады, ал күнә істерді жасағысы келсе, Алла тағала ол істерге разы болмайды, бірақ разы болмағанымен, пенденің қалауына қарап, ізгі іс болмаса да, Өзінің хикметі бойынша жаратады.
С: Пенденің әрбір ісін Алла тағала жаратушы болса, пенде істеген істері үшін ізгі және күнәһар болады ма?
Ж: Әлбетте, болады. Өйткені, егер пенде өз еркімен жақсы істерді атқарса, сол үшін сауап табады, ал жаман істерді істесе, күнәһар болады. Пенделер ізгі және күнәһар болулары, олардың істерін Алла тағала жаратқаны үшін емес, оны өз қалауларымен істегендері үшін. Бұл турасында пендеге еш зұлымдық және жәбір жоқ. Өйткені, Алла тағала пенделерге ешбір істі зорлап жасатпайды, керісінше ол пенде әрбір істі жасауды өз қалауымен жүзеге асырады. Кейін Алла тағала ол пендеге қуат беріп, сол істі жаратады.