Құқықтық сана және құқықтық мәдениет: жалпы ұғымы

Құқықтық сана және құқықтық мәдениет: жалпы ұғымы.

Жоспары:
Құқықтық сана және құқықтық мәдениет: жалпы ұғымы.
Мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыру жолдары.
Негізгі түсініктер: құқықтық сана, құқықтық мәдениет

Оқушылардың құқықтық мәдениетін көтеру ісі кешенді шараларды шешуді талап ететіндігін біз жоғарыда байқадық. Жас ұрпаққа құқықтық тәрбие берудің мақсаты — еліміздің заңдары мен тәртіп ережелерін сыйлау, оны орындау, жастарды азамат ретінде Отаншылдыққа баулу, еліміздің материалдық және рухани байлығын үнемді пайдалануға, оны байытуға, адал еңбек етуге тәрбиелеу, айналамыздағы адамдарға қиянат, зорлық-зомбылық, қылмыс жасамауға үйрету, бауырмалдыққа, мейірімділікке, ізгілікке бағыттау.
Адамның саяси және адамгершілік көзқарасы мен ішкі нанымы құқықтық мәдениетінің «іргетасы» саналады. Төмендегі аталған жағдайлардың іргетасының қалай қаланғанына байланысты болады:
— құқықтық білімнің сапасы және оны қолдана алу;
— заңға қатыстық сипат (заңды сыйлау сезімі, заңдылықты сезіну);
— құқықтық норманы орындауға дайын тұру;
— заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуд белсенділік көрсету.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмыстарын жүргізу барысында мыналарға мән беру керек:
— жастар демократия негіздерін оқып-үйренулері тиіс;
— олар өз құқықтары мен міндеттерімен танысып қана қоймай, бостандық, тұлға, құқықтық мемлекет деген ұғымдармен таныс болуы керек;
— қайырымдылық және зұлымдық, әдемілік және талғамсыздық, т.б. құқық нормасымен байланысты елестетіп отырулары қажет;
— құқықтық тәрбие адамгершілік және эстетикалық тәрбиемен байланысты болуы міндетті;
— заң туралы аса қызыға білгені дұрыс. Өйткені құрғақ ақпарат оқушылардың миына жетпейді, жүрегін елеңдетпейді. Жеткіншектердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, олардың құқықтық жаңаруы мақсатында әр түрлі шығармашылық нысандарды қолдану қажет.
Мектепте құқықтық тәрбие беру үдерісін кезең-кезеңмен өткізген жөн. Оқушылар 1-4 сыныптарда алғашқы құқықтық ұғымдармен танысады, адамгершілік тәрбиесіне баса көңіл бөлінеді. Содан кейін әркімнің өз істеген ісіне жауапкершіліктің болатыны түсіндіріледі. Мысалы, олар мектептің өздеріне бұрын беймәлім ішкі тәртібін меңгереді, міндеттерін ұғынады, алғашқы қоғамдық тапсырмаларды орындайды (кезекшілік, т.т.). осы әрекеттер барысында олардың сынып, мектеп алдында жауапкершілік сезімдері қалыптасады. 5-8 сыныптарда бастауышта алған құқықтық білімді жетілдіреді. Қазақстан Республикасы заңдары туралы жалпы мағлұмат алады, азаматтардың негізгі құқықтары және міндеттерімен танысады, қоғамдық жерлердегі ережелерді түсініп, талқылап, сақтайды. Оқушылардың саналы әрекеті қалыптасады. Тәртіп бұзушылыққа төзбеуді үйреніп, жеке жауапкершіліктері қалыптасады. Қоғам алдындағы жауапкершіліктері артып, құқық бұзушылық салдарынан арнайы мектептерге мәжбүрлеп жіберу мүмкіндігін сезінеді.
10-сыныпта «Құқықтық мәдениеттің қалыптасуы» атты арнайы курсын ұйымдастырдық. Бұл курсты жалпы және арнайы пәндерден кейін оқыту көзделеді. Оқушылар арнайы курсты оқып-үйрену барысында «Құқық» пәнінің оқыту әдістемесінен алған білімдеріне сүйенеді және бұл арнайы курс жоғары сынып оқушыларының құқықтық мәдениетін дамытуда өз үлесін қосады деп ойлаймыз.

1-кесте. «Оқушылардың құқықтық мәдениетінің қалыптасуы» атты арнайы курсының жоспары. (20 сағат)

№ Тақырыптар Сабақ түрлері
лекция практика зертханалық
1 Кіріспе 1
2 Құқықтық тәрбиенің қоғамдағы рөлі мен маңызы 2
3 Құқықтық тәрбиенің негізі – тұлғаға құқықтық нормаларды таныту 2 1 1
4 Мектеп пен отбасының құқықтық тәрбие берудегі мүмкіндіктері 2 1 1
5 «Құқық», «құқықтық тәрбие», «құқықтық мәдениет» ұғымдарының мәні мен маңызы 2
6 Оқушыларға құқықтық тәрбие берудің негізгі жолдары 1 2 2
7 Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізілетін жұмыстар 1 1 1
Барлығы 10 5 5
10-11 сыныптарда мемлекет және құқық мәселелері бойынша теориялық тұрғыдағы мәселе қозғай алады. Құқықтық жағдайлар мен айғақтарды нақты өмір жағдайларымен байланыстырады. Адамдардың әрекетіне баға беріп, құқықтық дағды қалыптасады. Қоғамға қарсы әрекеттерден сақтанып, оны болдырмауға тырысады. Дүниетанымы қалыптасып, құқықтық мәдениеті өсе түседі.
Мектепте оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бір жақты ғана болмауы керек. Сондықтан оның сабақтан тыс нысандары бекітіледі. Мәселен, мектеп жарғысымен танысу, мектеп заңдарын қабылдау. Оны қабылдау барысында оқушыларға кең мүмкіндіктер беру. Аталған шараларға оқушыларды мейлінше көптеп тарту. Сондай-ақ, «Құқық», «Мемлекет және құқық», «Құқық және білім беру заңдарының негіздері» сияқты негізгі және факультативті пәндерді оқу жоспарына енгізумен қатар, шебер ұйымдастырылған тәрбие шаралары арқылы жас ұрпақты күнделікті отбасында, орта мектепте, орта арнаулы кәсіптік білім беретін оқу орындарында, жоғары мектептерде тәрбиелеу абзал.
Мектептерде тәрбие жұмысының әр алуан түрлері мен әдіс-тәсілдерін пайдаланған жөн. Оқушыларға құқықтық тәрбие беру шараларын төмендегідей ұйымдастыруға болады:
— жыл сайын құқықтық апталық өткізу. Оның жоспарын жүйелі түрде жасау;
— құқықтық тақырыпта айлықтар өткізу;
— көңілді тапқырлап клубын ұйымдастыру («Адам және заң», «Заң және біз»);
— қиын балалармен тұрақты Кеңестің жұмыс істеуі. Кеңестің жұмысына ата-аналарды қатыстырып отыру керек. Құқық қорғау орындарының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастыру;
— құқықтық үйірмелердің жұмыс істеуі. Үйірме белсенді оқушылардың қатысуымен құрылып, тұрақты жұмыс істеуі керек;
— құқықтық ақпараттық орталықтың жұмыс істеуі. Оның арнайы бұрышы болуы керек. Қабырға газеттері, құқық тақырыбына қажетті басылымдар шоғырлануы қажет;
— құқық тақырыбында сынып жетекшілердің семинарларын өткізу және құқықтық білім бойынша олимпиадаларды жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру;
— үгіт-насихат құралдарын кеңінен пайдалану.
Ең бастысы, құқықтық мәдениетті қалыптастыру жұмысының жүйелілігі. Төмендегідей сатыдан тұратын жүйенің болғаны жөн.
Диагностикалық саты — сұрақ-мәселе жағдайын зерттеу. Бұл мектеп оқушыларының әлеуметтік құрамын анықтап, «қиын» жасөспірімдердің топтарын белгілеуге көмектеседі.
Ізденушілік саты — анықталған мәселелерді шешу жолдарын табу.
Әрекет етушілік саты — мәселені шешу әдістері мен нәтижелерін талдау.
Қорыта келгенде, оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру үшін төмендегі шараларды тиімді ұйымдастыру керек:
— тәрбие сағаттары мен сыныптан тыс жұмыстардың құқықтық тәрбие берерлік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану;
— ішімдікке, нашақорлыққа қарсы күресуде жұртшылықты, ата-аналарды, қоғамдық ұйымдарды, дәрігер-нарколог өкілдерін жұмылдыру;
— оқушылар арасында ішімдікке, нашақорлыққа бейімі бар жасөспірімдерді анықтап, құпия түрде дербес тәрбие жұмыстарын жүргізу;
— оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеуіне бақылау жүргізу.

Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
7. Өткен тақырып бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар жасау.
8. Тақырыптың өзектілігі, мәні және мазмұны.
9. Қолданыс аясында тақырып мәселелерін талқылау.

Ұсынылатын әдебиеттер:
Л.А.Байсеркеев «Жалпы білім беретін мектеп оқушыларына адамгершілік-құқықтық тәрбие берудің педагогикалық негіздері».А., 2010 ж.78б
Г.М.Дайрабаева «Жалпы білім беретін мектептегі жеткіншектердің құқықтық мәдениетін тәрбиелеу». А., 2013ж. 112б.
А.О.Бейсембаева «Мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері». Талдықорған, 2011ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *