Қажылық
С: Ислам дініндегі бесінші парыз қандай?
Ж: Меккеге барып, қажылық жасау.
С: Қажылық жасау кімдерге парыз?
Ж: Ақыл-есі дұрыс және балиғатқа жеткен, аяқ-қолы сау, жол қаражаты және барып-қайтқанша үйіндегі бала-шағасына жететін нәпақасы бар бай кісіге парыз.
С: Ақыл-есі кем адамға, сәби балаға, кедейге, науқасқа және соқыр адамдарға қажылық жасау парыз бола ма?
Ж: Парыз емес.
С: Меккенің немесе оған жақын маңда тұратын кедей кісілерге қажылық жасау парыз бола ма?
Ж: Әлбетте, парыз болады. Өйткені, оларға жол қаражаты керек емес. Сол себепті, кедей болса да, бай кісілердің үкіміне кіреді.
С: Алыс жерде тұратын бір кедей адам қиналып болса да Меккеге жетсе, оған қажылық жасау парыз ба?
Ж: Меккеге жеткенше парыз болмайды. Жеткеннен кейін қажылық жасауға мүмкіндігі болса, парыз.
С: Қажылық жасаудың шарты қандай?
Ж: Мекке жолы тыныш әрі әртүрлі апаттардан аман болуы.
С: Әйелдерге қажылық жасау парыз бола ма?
Ж: Дәулеті және денсаулығы бар, өзімен бірге баруға күйеуі немесе бір ер жақыны болса, парыз. Жалғыз өзі бармайды.
С: Бір адамға өмірінде неше мәрте қажылық жасау парыз?
Ж: Бір мәрте қажылық жасау парыз. Бұдан кейінгі қажылықтар нәпіл құлшылық болып саналады.
С: Қажылық жасау парыз болған кісі сол жылы қажылық жасамай, екінші жылға кешіктірсе, дұрыс бола ма?
Ж: Дұрыс болмайды. Мүмкіндік болса, тезірек өтеуі міндет.
С: Жол қауіпті болса, кешіктіру дұрыс па?
Ж: Қауіпсіз болғанша кешіктірген дұрыс.
С: Бойында қуаты бар кезде қажылығын уақытылы өтемей, кейін баруға шамасы жетпейтін халге түсіп немесе ауруға душар болса, ол кісі не істейді?
Ж: Өзінің орнына басқа кісіні жіберіп, қажылық жасатуы міндет болады.
С: Орнына басқа кісіні жіберу арқылы қажылық парызы мойынынан түсе ме, әлде кейін өзі қажылық жасауы керек пе?
Ж: Осы ауру себебінен қайтыс болса, бұл парызы мойнынан түсіп, қажылық жасаған кісінің үкімінде болады. Бірақ, бір кісіні жіберіп, қажылық жасатқан соң, денсаулығы жақсарып және сол уақытта дәулеті болса, екінші рет қажылық жасауы парыз болады.
С: Сол сырқат адам тірі кезінде басқа кісіні жіберіп, қажылық жасатпай дүниеден өтіп кетсе, не болады?
Ж: «Қажылық жасаңдар» деп өсиет еткен болса, қалған малының үштен біріне мұрагерлері қажылық жасайды. Ол қажылық дұрыс болады. Мұндай қажылықты «Бәдел қажылық» деп атайды.
С: Қажылық амалдары қай айларда жасалады? Ж: Шәууәл, зул-қағда және зул-хижжа айларында. С: Қажылықтың парыздары нешеу?
Ж: Қажылықтың парызы үшеу:
Ихрам, яғни қажылық қылуға ниет ету;
Меккенің сыртындағы Арафат деген тауға тоқтап, зікір және дұғада болу; Меккедегі Қағбаны жеті рет айналу.
Ескерту: Көп адамдар «ихрам» деп ниет еткен кездегі байлайтын матаны түсінеді. Негізінде «ихрам» сөзінің мағынасы – «ниет ету», ал матаны қажылар ихрам, яғни ниет еткен кезде киетіндіктен, оны «ихрам киімі» деп атап кеткен.