Сабақтан тыс уақытта оқушыларды құқықтық тәрбиелеудің мақсаты мен міндеттері, оның жоспарын құру.
Жоспары:
Сабақтан тыс уақытта оқушыларды құқықтық тәрбиелеудің мақсаты мен міндеттері, оның жоспарын құру. Құқық апталықтары, құқықтық оқылымдар, құқықтық олимпиадалар
Негізгі түсініктер: Құқық апталықтары, құқықтық оқылымдар, құқықтық олимпиадалар
Жалпы тәрбие — баланың өміріне және әрекетіне қолайлы жағдайлар туғызып, баланың бойына біткен мүмкіншіліктерді ақиқатқа айналдыру жолында әрекет етіп, баланың әрекеттерін ұйымдастырып, басқарып, оларға дұрыс бағытын беріп, жетекші болып отырады. Құқықтық тәрбиенің маңыздылығына адамдар ерте бастан-ақ ерекше көңіл бөлген. Мемлекеттік құқық жүйесінің тарихы туралы сөз еткенде ежелгі заң ретінде Вавилонның «Хаммурапи заңы», Үндінің «Ману заңы», көне Римнің «ХІІ кестесі» заңдары айтылады.
Жастарға құқықтық тәрбие беруде орта білім беру мекемелері жетекші орын алады. Онда жастарды құқық туралы ғылым негіздерімен қаруландырады, адамның іс-әрекетіне қоғамның қоятын талаптарымен таныстырады, нені жасауға болады, нені болмайды, қандай іс, қылықтары заңды, әділетті, қандайы заңсыз екенін түсіну, алған білімдерін практикалық өмірде пайдалана білу дағдыларын, жамандық пен заңсыздықпен күресте қажет болатын психологиялық қасиеттерін қалыптастырады.
Мектептердің құқықтық тәрбие берудегі жоғарғы рөлі бірнеше факторлармен анықталады. Олар педагогикалық технологиямен қаруланған кәсіби мамандармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ орта білім беретін мекемелерде тәрбиелік ықпал ету жинақтылық сипатқа ие. Онда тәрбие беру ісін ағарту ісімен біріктіретін тамаша мүмкіндіктер бар. Мектептердегі тәрбие беру ісі бұл тек оқушыларды құқықтық біліммен байыту, құқықтық жағдайларға оқыту ғана емес, сондай-ақ баланың мектепке алғашқы қадамынан басталып, колледж, лицейді бітіргенге дейін жалғасатын қоғамдық ұзақ әсер етудің түрі. Сонымен қатар орта білім беру мекемелерінің бай ғылыми әдістемелік базасы бар. Олар құқықтық тәрбие берудің түрлері мен әдістерінің бай қорын игерген.
Бүгінгі күннің талабына сай оқушыларда құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін, орта білім беру мекемелеріндегі құқықтық тәрбиенің барлық жүйесін түбегейлі қайта құру қажет. Себебі оның қазіргі жағдайы қоғамда үлкен алаңдатушылық туғызып жатқаны да жасырын емес. Мектептегі құқықтық тәрбие жұмысы. Бірінші сыныптан бастап, белгілі бір жүйелілік пен ұйымдастырылған түрде оқуды бітіргенге дейін жүргізілуі қажет. Әрине, құқықтық тәрбие тиімді нәтиже беру үшін оқушылардың жасын, әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктерін, әр адамның жеке басының қасиеттерін ескеру абзал. Тікелей құқықтық тәрбие беру — арнайы жүргізілетін сабақтар, әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Осы жұмысты жүргізуге арналған пәндер «Құқық негіздері», «Адам және қоғам», «Жанұя өмірінің этикасы мен психологиясы».
Құқықтық тәрбиенің міндеттерін бөліп көрсететін болсақ, ол төмендегідей болады:
— қоғам мүшелерінің бойына құқықтық білімді сіңіру;
— құқыққа сай жүріс-тұрысты әдетке, дағдыға айналдыру;
— құқықтық іске белсенді араласу қабілетін ояту;
— қоғам мүшелерінің заңда белгіленген құқықтары мен мүдделерін қорғай және пайдалана алуға машықтандыру;
— құқықтық сананы қалыптастыру.
Үшінші тарауша «Құқықтық тәрбиенің негізі тұлғаға құқықтық нормаларды танытуға» арналған. Құқық нормалары мен ережелері адамдардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарының қоғамдық мүддеге, белгіленген тәртіпке, қабылданған заңдарға сай келуін талап етеді. Сондықтан да осы талаптарға сай өмір сүру, еңбек ету және т.б. әрекеттерге бару үшін, оларды білу әрбір азаматтың борышы, міндеті.
Олай болса, оқушы жастарға құқықтық білім беріп, олардың жеке тұлғасын қалыптастыруда мектептегі құқықтық тәрбиенің мақсаты:
1. Өскелең жас ұрпақты қоғамның заңдары мен нормаларын бұлжытпай орындау және оларды сыйлау рухында тәрбиелеу.
2. Мемлекет пен қоғам ісіне саналы түрде белсенділікпен қатысып, өз Отанын қорғауға әрқашанда дайын болуға жаттықтыру.
3. Өз елінің материалдық және рухани байлығын сақтап, оны молайтуға қабілетті, іскер адамдарды тәрбиелеу.
Бұл бағытта мектеп Жарғысы, оқушыларға арналған мінез-құлық ережелері құқықтық білімнің алғашқы негізін қалайды. Онда оқушылардың құқықтары мен міндеттері туралы нормалар бар. Міне, осы қарапайым құқықтық нормалар төменгі сыныптан бастап жоғары сыныптарға дейін оқу тәрбие процесінің барлық құрылымында түсіндірілуден, білім беруден, оқытудан басталады. Ол үшін құқықтық тәрбиенің міндеті – жасөспірімдерді адамзаттық белсенділігіне қалыптастыру, заңды бұзушылыққа қарсы күресу. Әртүрлі әлеуметтік-құқықтық маңызы бар жұмыстарға қатыстыру.
Құқықтық тәрбие құқық нормасын алдымен жазалау құралы емес, қоғамдық қатынасты ешқандай қақтығыссыз реттеуші ретінде қолданады. Адамның құқықтық санасы мен тәртібін қалыптастыра отырып, құқықтық тәрбие заң нормаларына бағынатын, өз міндеттерін орындайтын, тәртіп нормаларын бұзбайтын саналы азаматты тәрбиелеу арқылы құқықтың негізгі қызметін жүзеге асырады.
Ғалым заңгерлердің теориясы бойынша құқықтық тәрбиені іске асыру, оны орындау механизмі төрт бөлімнен тұрады:
1. Қоғамдық құқықтық сана;
2. Құқықтық норма жүйесі;
3. Құқықтық тәрбие жұмысының нысаны және әдіс-тәсілдері;
4. Тәрбие жұмысымен қамтылған адамдардың құқықтық сана сезімі.
Жастардың ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтық санасы өзіндік көңіл бөлуді қажет етеді. Жастардың құқықтық санасының қалыптасуына ата-анасының, жұртшылық пен мектеп үлкен ықпал етеді. Кәмелетке толмағандардың психологиясы ерекше. Оларды қандай да болмасын әрекеттерге жұмылдыру оңай. Сондықтан да ата-анамен тығыз байланыс орнатып, мектепте және мектептен тыс әңгіме, сұхбат өткізіп, кеңес беріп отыру қажет.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
1. Өткен тақырып бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар жасау.
2. Тақырыптың өзектілігі, мәні және мазмұны.
3. Қолданыс аясында тақырып мәселелерін талқылау.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Л.А.Байсеркеев «Жалпы білім беретін мектеп оқушыларына адамгершілік-құқықтық тәрбие берудің педагогикалық негіздері».А., 2010 ж.78б
Г.М.Дайрабаева «Жалпы білім беретін мектептегі жеткіншектердің құқықтық мәдениетін тәрбиелеу». А., 2013ж. 112б.
А.О.Бейсембаева «Мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері». Талдықорған, 2011ж.