Пайғамбарымыз миғражға денесімен шыққан ба?

 

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) миғражға шыққандығы рас. Өте қысқа уақытта Құдыс мешітіне барып, пайғамбарларға намаз оқытып, аспанның жеті қабатында болып жатқан оқиғаларды көріп, Аллаһтан намаз міндеттеліп қайта үйіне оралуы Аллаһ тағаланың құдіретімен жүзеге асты. Бұл жерде Аллаһ елшісі (с.а.с.) миғражға рухымен шықты ма, әлде тәнімен шықты ма деген ой туындауы мүмкін. Бұған жауап рухымен де, денесімен де шықты деп, мынадай дәлелдер келтіреміз:
1. Құранда осы туралы айтылғанда қолданылған сөздер расулаллаһтың денесі мен рухының бірге шыққанын көрсетеді, өйткені «Құлымды бір түні Харам мешітінен Ақса мешітіне…» – деген аяттағы «абд» (құл) сөзі адамның жанын да, тәнін де қамтитын ұғым. Құранның басқа аяттарына қарағанымызда «абд» сөзі айтылғанда, дене мен рухқа қатысты екенін көреміз. Настың (аят-хадис) сыртқы мағынасы анық көрініп тұрғанда ішкі мағынасын іздестіру қажет емес. Оның үстіне, бұл сапар ұйықтап жатқанда немесе рухани түрде жүзеге асқанда «құлымды» деген сөздің орнына
«құлымның рухын» деп айтар еді.
2. Исра-Миғраж оқиғалары айтылған «Исра» сүресі « Субханәлләзи әсра би-абдиһи …» деген сөйлеммен басталған. Арабтар таңғажайып оқиғаға куә болғанда, Ұлы Аллаһтың құдіретіне бас иіп «Субханаллаһ» дейді. Сүренің осы сөзбен басталуы адам ақылы жетпейтін таңғажайып оқиғаның орындалғанын көрсетеді. Әсіресе, Құран тұрғысынан қарағанда миғраж оқиғасына қатысты аяттар «мүбһәм» (астарлы мағына) түрде баяндалғанын көруге болады, өйткені бұл – имани мәселе. Имани тұрғыдан назар салмаса, мұны ақылмен түсіну мүмкін емес. Бәлкім, адамның ерік-күшін елеусіз қалдырмау үшін Аллаһ тағала исра және миғражға қатысты аяттарда тек қана кәміл бір иманмен қарай алатындар ғана түсінетіндей бір тәсілмен мәселені тілге тиек еткен. Сонымен қатар, бұл мәселеге ақыл тұрғысынан қарап, түсіне алмай дал болатындар үшін мейірімділік танытып, бұл мәселені ұғынуды белгілі бір дәрежеде әркімнің өз ықтиярына қалдырған. Әйтпесе, аят «сарих», яғни анық айтылған болса мұндай аятты теріске шығарған адам күмәнсіз мұндай мейірімнен мақұрым қалып, осы арқылы құрдымға кетуі де ғажап емес-тін.
3. Тақырыпқа қатысты аятта «адамдарға фитнә (сынақ) болуы үшін…» деген сөз бар. Материалдық әлемнің ар жағында рухани әлем бар екенін Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұрыннан айтып жүретін. Мүшріктер үшін бұл үйреншікті нәрсе еді. Онсыз да түстерінде мүмкін емес небір нәрселерді көре алады. Сол түсті екінші біреуге айтқанда, анау түк болмағандай тыңдап тұра бермей ме? Ал аталмыш аятта « адамдарға сынақ болу үшін » делінген. Демек, Аллаһ құлдарын осы жолы жаңа бір сынақпен сынаған. Көкке дене мен рух көтерілді дегенді естіген мүшріктер бірден даурығып, мұның мүмкін

емес екенін айтып шулап қоя берген. Егер оқиға рух пен денеге де қатысты болмағанда, мүшріктер Пайғамбарымызға (с.а.с.) қарсы шығып жатпас та еді.
4. Исра-Миғраж оқиғасында дене мен рухтың бірге көтерілгенін айтқан хазірет Әбу Бәкір (р.а.), хазірет Омар (р.а.), хазірет Осман (р.а.), хазірет Али (р.а.) сынды саңлақ сахабалар мен үмбеттің пікірі бір арнада тоғысқан.
5. Осы оқиғадан кейін Үммі Ханидың да, тіпті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзі де толқығаны анық.
6. Егер рухпен қатар дене де Миғраж түнінде көкке көтерілмегенде, бұл пайғамбар мұғжизасы болмас еді.
7. «Мұхаммедтің көзі оңы мен солына таймады. Жеңіл-желпі де қарамады. Ол, шынында, Раббының ұлы белгілерін көрді » («Нәжм» сүресі, 17-18) . Бұл жерден де Миғражда дене мен рухтың бірге шыққанын байқаймыз, өйткені аяттағы «көзі оңы мен солына қарамады» деген сөз Расулаллаһтың (с.а.с.) денесімен көтерілгенін білдіреді.
8. Хазірет Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Ақса мешітінде көпшілік пайғамбарларға намаз оқытқаны да оның миғражға денесімен шыққандығына айқын дәлел.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *