Пайғамбарымыз ел билеп, әскер басшысы болса да қарапайымдылықтан айнымаған ба?

 

Аллаһ тағаланың ұлылығына бас иіп,өзінің әлсіздігін ескеріп, әрдайым жалбарына жүру кісіні мақтаулы орынға көтеретін бірден-бір қасиет. Қос дүниеде де қол жетпейтін биікке жалғыз адам лайықты деп танылса, сөзсіз мақтаулы Мұхаммед (с.а.с.) таңдалар еді. Қорлық пен азаптың небір түрін көріп жүргенде де, иісі мұсылман баласының құрметіне бөленген күндерінде де кісі қызығар қарапайымдылығынан жаңылған емес.
Қарапайымдылығы соншалық – уағыз тыңдауға алғаш келген адамдар отырғандардың қайсысы пайғамбар екенін ажырата алмай жататын. Мәдинаға һижрет еткенде бұрын-соңды Аллаһ елшісін көрмегендер хазірет Әбу Бәкірге қарай жақындайды. Ұлағатты Әбу Бәкір қысылып, қолына желдеткіш алып Пайғамбарымызға (с.а.с.) қарай желпи бастайды. Сонда ғана жұрт сүйікті елшіні танып, жапа-тармағай ұмтылады.
Хазірет Айша (р.а.) Аллаһ елшісінің үйде өзін-өзі ұстауын былай деп әңгімелейді: «Расулаллаһ үйде өзін қарапайым қатардағы адамдар сияқты ұстайтын. Киімін жамап, аяқкиімін тігіп, малды өзі жайлап, жұбайларына қол ұшын беретін». Дастарқан басына қызметшілерімен бірге отыратын. Балаларға сәлем беріп, бірі қолынан ұстап бір жерге апармақ болса еріп кететін. Жұрт жұмыс істеп жатқанда қол қусырып қарап тұру оған тән емес еді. Науқас жандарға барып, көңілін сұрайтын, жаназа шығаруға қатысып, құлдардың шақырғанына баратын. Бір күні алдына келіп сасқалақтап сөйлей алмай қалған кісіге Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бауырым, қорықпа. Мен де қатқан нан жеген әйелден туғанмын», – деген .

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *