Пайғамбарлардың жіберілу сыры неде?

1. Пайғамбарлардың жіберілу сыры неде?

Пайғамбарлардың жіберілуінің басты міндеті – өз халқын Аллаһтың бар және бір екеніне иман етуге шақыру. Ұлы Жаратушымыз құмырсқаны да, бал арасын да басшысыз қалдырмағаны секілді адамзат баласын да қараусыз қалдырмай, иманға шақыру үшін әркез пайғамбарлар жіберіп отырған. Жоқтан бар етіп, сан түрлі нығметке бөлеп, көркем бейнеде жаратқан Хақ тағала адамды басқа тіршілік иелерінен қадірін артық қылды, бірақ кейде пенде осыншама нығметтің шүкірін білмей, Ұлы Жаратушысын танымай, өмір сүрлеуінен жаңылып, өз бетінше тура жолды таба алмай қиналады. Әрине, Аллаһ тағаланы әркім өз бетінше тани алмайтынына тарих куә. Мысалы, екі пайғамбар арасындағы дәуірдің өзінде адамдар неше түрлі нәрселерге табынып, тіпті табиғат құбылыстары мен жұлдыздарға құлшылық қылуға дейін барған. Біреулер бұл құдіретті «табиғат» деп қабылдаса, кейбірі қолдан жасалған пұттарды құдай көрді. «Неге пұтқа табынасыңдар?» – деген сұраққа «Бізді Жаратушыға жақындата түссін деп ғибадат етеміз», – деп жауап беретін. Ой-өрісі пұтқа табынуға ғана жететін жалпақ жұртты дұрыс жолға бастап, иманға шақыру жауапкершілігі ақырғы елшіге жүктелді. Міне, сондықтан Аллаһ тағала мейірімімен өзінің елшісі Мұхаммед Мұстафаны (с.а.с.) жіберді.
Пайғамбарлардың жіберілуінің екінші бір хикметі– шариғатты толық түсіндіру.
Аллаһ тағала адамды тек ақылдың ғана жетегінде ұстамаған, өйткені жақсылық пенжамандық ұғымдарын әрбір ақыл иесі әрқалай түсінуі кәдік. Бұның бір мысалы, пәлсапашылардың бақыт пен бақытсыздық, ләззат пен мазасыздық, жақсылық пен жамандық турасында түрлі көзқараста болуында. Ақ пен қараны ажыратуға қабілетті болғанмен, ақыл өмір бойы бір қалыпта тұра бермейді, өйткені адамныңжеткіншеккездегі ақылымен жастық шағындағысы, қартайған кездегісі бір-біріне ұқсамайды. Тіпті кейде ақылдың біле тұра жамандыққа қызмет ететіні де аракідіккездеседі. Сол себепті мейірімі шексіз Аллаһ тағала адамдарға пайғамбар жіберіп, ақ пен қараны ажырататын шариғатты түсірді. Егер Аллаһ елшісі шариғатымызды түсіндірмегенде, онда біз намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты құлшылықтың мән- мазмұнын ұғынбай, арақ ішу, зина жасау, ғайбат айту мен кісі ақысын жеудің күнә екенін білмес едік. Алайда адамның жаратылыс мақсаты – Аллаһқа құлшылық ету. Құран аятында «Жын мен адамды тек Өзіме құлшылық етсін деп жараттым»( «Зәрият» сүресі, 56) деп ашық айтылады. Сол себепті пайғамбарлардың міндеті – ғибадат пен шариғатты үйрету.
Елшілердің жіберілу хикметі – қоғамға үлгі болу. Тек дін тұрғысынан ғана емес, дүниелік іс-әрекет жақтан да өнеге көрсету. Олар рухы биік, ерік- жігері қуатты, жаратылысынан таза болып келеді. Қасиетті Құран хазірет Мұхаммедке (с.а.с.) бұрынғы елшілердің жолымен жүруді әмір ете отырып, бұл жолдың бүкіл адамзат үшін үлгі екендігіне назар аудартады(«Әнғам» сүресі, 90) Қай жағынан алып қарасақ та кез келген расулдыңжеке өмірі шынайы көркем мінез бен ізгілікке толы. Адамзаттың бейғам тіршілік кешіп,

рухани азғындыққа салынуын қаламаған пайғамбарлар Ұлы Құдіретті танытамын деп кісі төзгісіз қиындықтарды бастан өткерген. Өмірінде бір сәтке де дүниені мұрат етпеген. Жеке бас мүддені олар атымен ұмытқан. Құрандағы «Олардың бәрі ізгі жандар еді» («Әнғам» сүресі, 85) деген аят бүкіл елшілер туралы ашық білдіреді. Демек, бұл құтты елшілердің барша адамзат үшін ең көркем үлгі, адастырмас жетекші екенінде ешқандай күмән жоқ. Пенденің міндеті соларға мойынсұнып, сілтеген бағытқа бет түзеу ғана.
Пайғамбарлардың тағы бір ерекшелігі – дүние мен ақиретті қатар алып жүру. Осы арқылы адам баласы асыра сілтеуден тыйылып, орта жолды табады. Дүниені жанға жақын тұту да, тіршіліктен біржола алыстау да Пайғамбарымыздың жолына жат. Дүниені шектен тыс жақсы көру күнәға апарар төте жол екені бесенеден белгілі. Ал ақирет өміріне келгенде көбіне- көп діннің негізіне қиял араластырып, хадиске пікірін қосып ой қорытқандар бой көрсетіп отырған.
Ақиретке деген сенім кенжелеп қалған бүгінгі қоғамда бақыт пен тыныштықтың орнауы оңай емес екеніне көзіміз жетіп отыр. Тіпті бала екеш баланың өзі өлім атты үрейлі ұғымнан жұмақ туралы ақиқат арқылы арыла алады. Ал төрінен көрі жақын қариялар ақиретке иман етумен күні ертең кіретін қабірінен мәңгілікке жоғалуды емес, жұмаққа ашылған есікті көреді. Жалындаған жастар да бойында тасыған сезімдері мен алапат құмарлықтарын жұмақ пен тозақ ұғымдары арқылы тежейді. Демек, шынайы бақытты қоғам қалыптастыру адами болмыспен үйлесе білетін, иләһи қағидалар орнатқан пайғамбарлардың ғана қолынан келмек.
Елшілердің жіберілу хикметтерінің тағы бірі – ұлы сот күнінде амалдарымыз таразыға тартылып, есеп берілер шағында «Бізге ескертуші келмеді», – деп сылтау айтпау үшін. Бұл Құранда былай түсіндіріледі:
«Сүйіншілеуші әрі ескертуші ретінде пайғамбарларды жібердік, енді адамдардың Аллаһқа қарсы айтар сылтауы жоқ. Аллаһ – Ғазиз әрі Хаким»(«Ниса» сүресі, 165)
«Қиямет күні әр үмбетке бір куәгер әкеліп, сені де куәлік етуге шақырғанда, олардың халі не болмақ? Пайғамбарға қарсы шыққандар сол шақта жермен-жексен жоғалып кетуді қалайды. Ешқандай сөздерін Аллаһтан жасыра алмайды» («Ниса» сүресі, 41-42; «Нахл» сүресі, 89)деген аятта айтылғандай, Аллаһ тағала барша адамзатты жинап, өз үмбетіне насихат жасағанын айтқызып әр елшіні куәгер етеді.
Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) дәріптеген бұл құндылықтарға сол заманның адамдары ғана мұқтаж еместігін білген жөн. Исламның жауһар жүйесі өткен мен бүгіннің және келешектің адамдарына да ауадай қажет. Бұл өтпелі ғана қажеттілік емес, барша адамзаттың мәңгілік қажеттілігі. Өркениет пен ғылым, байлық пен күш, саяси билік пен әлеуметтік ахуал қандай күйде болса да адамдар ең алдымен иман мен ғибадатқа зәру. Ал егер осы ең негізгі қажеттіліктерін өтемей құлқынына құлдық ұрып, құлшылыққа құлықсыздық танытса, күні ертең өкініштен өзегі өртеніп, бармақ тістеп қала беретінін ескерген жөн.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *