Оқушыларды құқық сабағында тәрбиелеудің маңызы

Оқушыларды құқық сабағында тәрбиелеудің маңызы.
Жоспары:
Оқушыларды құқық сабағында тәрбиелеудің маңызы. Құқық сабағының тәрбиелік мақсатын анықтау. Құқық сабағының тәрбиелік мақсатына жетудің жолдары.
Негізгі түсініктер:. Құқықтық тәрбие, құқық сабағы, дағдылар, құқықтық сана, сабақ мақсаты.

Оқушыларға құқықтық тәрбие беруде олардың құқықтық сана сезімін бірінші кезекте қалыптастырудың маңызы зор дедік.
Себебі, құқықтық сана- қоғамдық сананың ерекше түрі. Сондықтан, құқықтық тәрбие беруде оқушылардың сансын тәрбиелеу, жауапкершілік сезімін көтеру, ұйымшылдық пен тәртіптілікті нығайту- мектептегі оқу- тәрбие жұмыстарының негізгі бір бағыты.
Мектеп құқықтық тәрбие жұмысын 1- сыныптан бастап, белгілі бір жүйелікпен ұйымдастырылған түрде оқушының оқуды бітіргенге дейінгі аралығында жүргізуі қажет.
Қазақстан Республикасының Ата Заңының «Адам және азамат» деп аталатын ІІ бөлімінде енгізілген тәуелсіз еліміздің азаматтарының құқықтары мен міндеттері жайында баяндалған 1-бапта «Менің Отаным- Қазақстан республикасы. Оның ең қымбат қазынасы- адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген жолдардан бастап, 1995 жылы 30 тамызда Бүкілхалықтық референдумда қабылданып, 1995 жылғы 5 қыркүйектен күшіне енген Ата Заңның- Конституцияның мазмұнымен әрі ондағы құқықтық ұғымдарды таныстырудан, түсіндіруден бастаған жөн. Себебі, құқық әрбір адамның туғаннан, өлгенге дейін қоғамдағы жүріс-тұрысын, мінез-құлқын, адамдармен, жалпы тіршілік ету ортасымен қарым-қатынасын реттейді.
Бізге тарих және әдебиет оқулықтарынан мәлім болғандағыдай, адамзаттың пайда болуының таң шапағында олардың қарым-қатынасы, өмір сүру қарекеті салт-дәстүрлер аясында болғаны.
Дегенмен де, дәстүрлер адамдар арасында туындап отыратын дауларды шешуде, сауда- саттықты жүргізуде, өздерінің құқықтарын қорғауда әр кезде жеткіліксіз, қауқарсыз болып келді.
Міне, осы кезден бастап арнайы мінез-құлық ережесінің белгіленуіне қажеттілік туындады. Ол адамдар тарапынан тек орындалу жауапкершілігін жүктеп қана қоймай, беделі мен күші бар мемлекеттік тұрғыдан бекітілуді қажет етті.
Тарихтан бізге мәлім болған тағы бір жайт, ол Ману Заңы және ХІІ кесте Заңы, Наполеон Кодексі, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» т.с.с. құқық жайында жазылған жазба ескерткіштердің болғаны. Яғни, қай қоғамды алмасақ та, оның өзіне тән құқық қорғау ережелерінің болғаны.
Әсіресе, құқық туындап отырған күрделі мәселені шешуде моральдық нормалардың дәрменсіздігі жағдайында адамдардың қарым-қатынасын реттеуге көмектеседі, көптеген сұрақтарға жауап беріп, сол жағдайдан шығудың жолдарын көрсетеді. Сондықтан да оны білу, әрбір азаматтың парызы.
Бүгінде әлемдік деңгейде адамдардың құқығын қорғайтын «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» бар. Ол әлемдік құжат. Оны 1948 жылдың 10 желтоқсанында «Бүкіл Одақтық Ұлттар Ұйымы» қабылдаған.
Бұл әділет заңын еш бұзуға болмайды.
Құқықтық тәрбиенің нәтижелі болуы үшін оқушылардың жасын, әлеуметтік- психологиялық ерекшеліктерін, әр баланың жеке басының қасиеттерін ескеру керек.
Сол себептен де құқықтық тәрбие беру жұмысы бірнеше сатыдан тұрады: 1-4 сыныпта (бастауыш сынып); 5-7 сыныпта; 8-9 сыныпта; 10-11 сыныптар аралығында.
Сатыдан сатыға көшкенде құқықтық тәрбие күрделеніп, тереңдей береді. Оқушылардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыруда бір сатыда қол жеткен табыс келесі сатыда баянды етіліп, молая беруі тиіс.
Тәрбиенің негізі мектептегі оқу болса, оқушыларға оқу пәндерінің құқықтық тәрбие қызметі айрықша.
География, табиғаттану, зоология пәндерін оқытқанда балаларға қоршаған ортаны сақтап, тиімді пайдалануға, қорғауға арналған заңдар туралы мәлімет беруге болады.
Ол Ата Заңның 38- бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті» — деп атап көрсетілген.
Тіл туралы ілімді алатын болсаң, оның өзіне де заңға байланысты мәселелердің бар екенін байқаймыз. Заңға сәйкес халыққа білім берудің негізгі принциптерінің бірі- әрбір баланың оқу тілін өз еркімен таңдауы. Бұл – ұлттық мәдениетті көркейтіп, халықтар достығын нығайтуға бағытталған заңдық принцип.
Әдебиеттің де құқықтық тәрбие беруде маңызы аз емес.
Тікелей құқықтық тәрбие беру- арнайы жүргізілетін сабақтар, әрекеттер арқылы жүзеге асырылады. Осы жұмысты жүргізуге арналған пәндер «Мемлекет пен құқық негіздері» , «Қоғамтану», «Отбасы өмірінің этикасы мен психологиясы».
Заң туралы мәліметтерді оқушылардың құқықты оқу факультативінде де алу мүмкіндігі бар. Бұл факультатив негізінен оқушылардың жоғарғы сыныптарында ұйымдастырылып, олардың бұрын алған білімдерін толықтыруға септігін тигізеді.
Мектептегі «Құқық» кабинетінің де атқарар қызметі ерекше. Осындай кабинеттер құқық бұзушылықтың алдын алудың орталығына айналуы тиіс.
Кабинетке әртүрлі заңдар, оларды түсіндіруге арналған кітапшалар, мақалалар, анықтамалар, көрмелер қойылуы қажет. Сонымен бірге құқықтық жұмыстарға қатысты әртарапты жұмыстар да осында жүргізіледі.
Оқушыларға құқықтық тәрбие беруде сыныптан, мектепте тыс жұмыстардың да алатын орны ерекше.
Осы бағыттағы жұмыстарға жататын тәрбие берудің жолдары мыналар:
1. Мораль мен құқық мәселелеріне арналған лекциялар, әңгімелер өткізу.
2. Сот, әділет, прокуратура, полиция, денсаулық сақтау қызметкерлерімен кездесу ұйымдастыру;
3. Құқық мәселелеріне арналған кештер, конкурстар, олимпиадалар ұйымдастыру;
4. Оқушылар конференциялары, айтыстары, адамгершілік және құқық тақырыптарына байланысты арнаулы және көрсем әдебиеттерді талқылау;
5. Құқықтық үйірмелер, білім мектептерін, университеттерді ұйымдастыру;
6. Құқықтық тақырыптарға арналған деректі және көркем фильмдерді талқылау;
7. 16 жасқа толып, куәлік алған оқушыларды құрметтеп, құттықтау;
8. Мектептегі құқық сақтау жұмысының хал-жағдайы туралы қабырға газет шығару;
9. «Жас заңгер» клубын ұйымдастыру;
10. Ай сайын «құқықты насихаттау мен құқық бұзушылықтың алдын алудың бірыңғай күндерін» жүргізу.
Бұл жұмыс 1986 жылы Қазақ ССР-і Оқу министрлігінің ұсынысы бойынша барлық мектептерге енгізілген.
Құқықты насихаттау күндерін дайындап, жүргізгенде балалардың жас ееркшеліктерін ескерген жөн және оны жеке немесе бірнеше сыныпта топтастырып жүргізген ұтымдырақ.
Құқықтың тәрбие беру жүйесінде баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдарының тигізіп отырған ықпалы орасан зор.
Мұндай ақпарат көздерінде негізінен елімізде қандай заңдар қабылдануда және олардың ерекшеліктері қандай, соны алып көрсету немесе оларға түсіндірме насихат жұмыстарын жүргізу тиімді болмақ.
Сол заңдар өмірде қалай орындалуда, сонымен қатар заң бұзушылық көріністерін, себептерін түсіндіру, алдын-алу жұмыстарын халыққа жеткізу де орасан көмек көрсетіп, құқықтық сана- сезімдерін қалыптастыруда ерекше қызмет атқарады.
Оқушы жастарға құқықтың білім беруде саяси оқу да өз нәтижесін береді. Онда парламентте қабылданған заңдарды оқып үйрену, жастардың арасында қоғамға жат әрекеттердің болу себептеріне талдау жасау секілді жұмыстарды атқарудың маңызын атаған жөн.
Кейінгі кездерде осы бағытта «Қалқан мен семсер» атты құқықтың білім беру клубтарының жұмысы кеңінен қолдануда.
Мұның жұмысында әр тарапты құқық қорғау тақырыптарына арналған дәрістер, әңгімелер, сұрақ-жауап кештері, кездесулер өткізіліп отырады.
Жоғарыда баяндалған құқықтық тәрбие жүйесіне қатысты жұмыстар мен оның тәсілдерін жүйелі түрде сан қуаламай, сапалық тұрғыдан оқушы жастардың жас ерекшеліктерін ескере отыра пайдаланған жағдайда ғана оның жұмысы нәтижелі болмақ.
Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар:
1. Өткен тақырып бойынша тұжырымдар мен ұсыныстар жасау.
2. Тақырыптың өзектілігі, мәні және мазмұны.
3. Қолданыс аясында тақырып мәселелерін талқылау.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Л.А.Байсеркеев «Жалпы білім беретін мектеп оқушыларына адамгершілік-құқықтық тәрбие берудің педагогикалық негіздері».А., 2010 ж.78б
Г.М.Дайрабаева «Жалпы білім беретін мектептегі жеткіншектердің құқықтық мәдениетін тәрбиелеу». А., 2013ж. 112б.
А.О.Бейсембаева «Мектеп оқушыларының құқықтық мәдениетін қалыптастыру мәселелері». Талдықорған, 2011ж.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *