Мүжтаһидтер мен мәзһабтар

Мүжтаһидтер мен мәзһабтар

С: Қандай кісілерді мүжтаһид деп атайды?
Ж: Араб тілін терең білетін, шынында кәміл ғалым болып табылатын, хадис және аяттардың үкімдерін және сырларын біліп, ыждаһатпен әрбір дін мәселесін (ақли және нақли дәлелдерді) зерттеп, ойлаған кісі – мүжтаһид болады.
С: Мүжтаһид болмаған және мүжтаһидтік дәрежеге жетпеген кісілер шариғат үкімдерін қалай біледі? Өмірде және ғибадатта қандай амал істейді?
Ж: Бір мүжтаһид немесе мәзһабтың артынан еріп, әр мәселеде сол мүжтаһид немесе мәзһабтың амалын істейді.
С: Мәзһаб деген не?
Ж: Мүжтаһидтің шариғат үкімдерінде аят және хадистерден қарап, ижтиһатпен (ғылыми ізденіспен) шығарған шешімі, жолы деген мағынаны білдіреді.
С: Атақты мүжтаһидтер нешеу?
Ж: Төртеу
С: Олар кімдер?
Ж: 1) Әбу Ханифа Имам Ағзам Сәбит ибн Нұғман;
2) Имам Шафиғи Мұхаммад ибн Идрис;
3) Имам Мәлік ибн Әнәс;
4) Имам Ахмад ибн Ханбал.
С: Осы мүжтаһидтердің мәзһабтары бір-біріне ұқсас па? Әлде қарама-қайшы
ма?
Ж: Көп мәселерде ұқсас. Тек шариғаттың кейбір тармақ мәселелерінде қарама-
қайшылықтар бар, бірақ олар көп емес және оның әрқайсысы дұрыс саналады.
С: Нақты қандай мәселелерде бір-біріне қарама-қайшы?
Ж: Мысалы, Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабында денеден теріге жағылатындай қан шықса, дәретті бұзады, ал Имам Шафиғи мәзһабында дәретті бұзбайды. Имам Ағзам Әбу Ханифаның мәзһабында ер адам әйел адамды ұстаса, дәреті бұзылмайды, ал Имам

Шафиғи мәзһабында бұзылады. Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабында харам жануарлардың терісі иленсе, қолдануға болады, ал Имам Шафиғи мәзһабында болмайды. Имам Ағзам мәзһабында түлкінің және қасқырдың, кірпінің еттері харам болса, Имам Шафиғи мәзһабында халал. Осыған ұқсас қарама-қайшы мәселелер баршылық. Бұлар белгілі фиқһ кітаптарында кеңінен түсіндірілген.
С: Осы мәзһаб имамдары қандай кісілер?
Ж: Олар өте ақылды, зерек, ғұлама ғалым және тақуа кісілер. Бәрі де Құран аяттары мен хадистерді терең іздену арқылы түсінген, сол бойынша аят-хадис аясында әрбір шариғат үкімдерін баяндайды.
С: Олардың қайсысының мәзһабы дұрыс?
Ж: Шариғи мәселелерде біз үшін Имам Ағзамның мәзһабы дұрыс, басқалардың мәзһабы қате. Дегенмен, талас мәселелерде олардың пәтуалары сырттай қате деп айтылса да, олардың дұрыс болуы ықтимал, деген ұстанымда боламыз.
С: Біз амалда осы мәзһабтардың қайсысын ұстанамыз?
Ж: Біз имам Ағзам Әбу Ханифаның мәзһабындамыз. Күнделікті өмірде де, ғибадат жасағанда да осы мәзһабпен амал етеміз. Бірде бұл, басқа кезде анау мәзһабты ұстану немесе ешбір мәзһабты ұстанбау дұрыс емес.
С: Имам Ағзамнан басқа үш имамның мәзһабында болған мұсылмандардың діндерінде кемшілік жоқ па?
Ж: Кемшілік жоқ, бәрі де толық мүмін және мұсылмандар, әр мәзһабтың өкілі екінші бір мәзһабты дос және жақын тұтуы керек. Бір-бірлерін дұшпан көрулері әсте дұрыс емес. Өйткені барлық мұсылмандар бір-біріне бауыр.
С: Мәзһаб имамдары қай кезде өмір сүрді?
Ж: Имам Ағзам Әбу Ханифа һижридің 80 жылы туылып, 150 жылы 70 жасында қайтыс болды. Имам Шафиғи һижридің 150 жылы туылып, 203 жылы 53 жасында қайтыс болған. Имам Мәлік һижридің 90 жылы туып, 179 жылы 79 жасында қайтыс болды. Имам Ахмад ибн Ханбал һижреттің 164 жылы туып, 241 жылы 77 жасында қайтыс болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *