Құрандағы «Ниса» сүресінің үшінші аяты, көп әйелмен үйленуді шектеуге байланысты шариғат заңы Мәдина кезеңінің соңғы жылдарында түскен. Бұл Пайғамбарымыздың (с.а.с.) дүниеден өтуіне екі жыл қалған уақыт еді. Бұл кезде шариғат тыйымы түспегендіктен, Мәдина қаласының салт-дәстүрі бойынша көп әйелмен үйлену ерсі көрінбейтін. Араб жұртшылығында көп әйелмен некеде тұру қалыптасқан дәстүрге айналған. Тарихшы Ибн Хабиб Ислам дінінің алғашқы кезеңдерінде он әйелмен үйленген адамдардың саны өте көп болғандығын айтады (Ибн Хабиб, әл- Мухаббар 50 б) . Сондай-ақ әйел баласын адам ғұрлы санамайтын, зат секілді алып-сатып, керегінде қолданып, керек болмаса ұрып-соғып жүре беретін еді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бірнеше әйелмен үйлену мәселесін жетік түсіну үшін оның өмір сүрген ортасын, қоғамын, сол кезеңнің салт- дәстүрін жете білу қажет. Ислам діні келгеннен кейін адамдарды көп әйел алуға емес, керісінше, көп әйел алуды азайтуға шақырды. Мысалы, біреулердің қырық әйелі болды, сонда оларға қалаған төрт әйеліңді алып қал да, қалғанының басына азаттық бер деп шариғат заңымен бұйыратын. Осы шариғат заңы орнағаннан кейін ешкімнің төрт әйелден артығымен үйленуге болмайтындығы нақтыланды. Тіпті әйелдеріне әділдік жасай алмаса, бір әйелмен шектелу ісі абзал екендігі айтылды.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) үйленгендегі мақсаты нәпсіқұмарлық болғанда, қас дұшпандары бұны жұртқа жария етіп айтар еді. Бір жолы мүшріктер келіп: «Біз саған Меккенің ең сұлу әйелін, қалаған байлығыңды, қалаған мансабыңды берейік, тек мына ісіңді тоқтат», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Бір қолыма күнді, бір қолыма айды алып берсеңдер де, мен бұл ісімнен бас тартпаймын», – деп жауап бергені мәлім. Ендеше, Пайғамбарымыз (с.а.с.) тән құмарлықпен үйленді деп ойлау орынсыз.
Сондай-ақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) басқа әйелдермен үйленуі, Мәдина қаласына қоныс аударған соң, 53 жасынан кейін басталған. Ибн Хажардың айтуынша, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Хадиша анамыздан кейінгі үйлену реті мынадай: Айша, Үммі Салама (65 жаста төрт баласы бар), Хафса
бинт Омар (Омардың қызы), Зайнап бинт Хузафа (60 жаста), Зайнап бинт Жаһш, Райхан бинт Зайд, Жубәйра, Сафия бинт Хуйай (Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған: «Қаласаң дүние-мүлкіңді ал да, кет, азатсың, қаласаң осында қал, мұсылман бол, маған үйлен» деп ұсыныс білдіргенде, ол мұсылмандықты қабылдап, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жары болуды қалайды.) , Үммі Хабиба бинт Әбу Суфиян (55 жасында), Маймуна бинт Харис (2 балалы) (Булуғул-Марам мин адиллатил ахкам, аударған; Ахмед Даудоглу, Сөнмес нашрият, Стамбул-1970, 1/392) .
Пайғамбарымыздың Айша анамыздан басқа некелескен әйелдерінің бәрі жесір әрі 40 пен 60 жастың арасындағы, балалы-шағалы болған. Бұдан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) барлық некелерінде нәпсіқұмарлық емес, терең хикметті мақсат жатқанын аңғарамыз.
Сондай-ақ өте маңыздысы, Құранда Пайғамбарымыздың әйелдері мұсылмандардың анасы саналатыны және Пайғамбарымыз үйленгеннен кейін олармен басқа ешкім үйлене алмайтындығы айтылған («Ахзаб» сүресі,
6) . Егер Пайғамбарымыз (с.а.с.) үйленген әйелінің төртеуін таңдап басқаларымен ажырасқанда, ол аналарымызбен ешкім үйлене алмағандықтан, Пайғамбарымыздың бұлай істеуі оларды далаға тастау болар еді.