«Исра» сөзі мағыналық жағынан «түнделетіп жол жүру» дегенді білдіреді. Діни термин бойынша, Аллаһ тағала сүйікті құлын (с.а.с.) түннің бір мезгілінде Меккедегі Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне көзді ашып-жұмғанша апарып, қайта алып келуі.
«Миғраж» деген – жоғарыға көтерілетін саты. Ал дініміз тұрғысынан Пайғамбарымыздың (с.а.с.) түннің бір уақытында Ақса мешітінен Сидратул- Мүнтәһаға (Жаратылыстың соңғы шегі )барып келуін айтады. Бұл оқиға һижреттен бір жарым жыл бұрын ережеп айында болған (Ибн Сағыдтың
«Табақатүл кубра» кітабында миғраж оқиғасы һижреттен бір жыл үш ай бұрын болғандығы айтылады) .
Бұл оқиға орын алмай тұрыпАллаһ елшісі (с.а.с.) өте қиын жағдайды басынан өткерді. Құрайыштықтардың зәбір көрсетуі, зорлық-зомбылық көрсетіп, иман еткен достарын азаптауы, оның үстіне Әбу Тәліп пен Хадиша анамыздың қайтыс болуы, Тайыфқа барғанда таспен ұрып, ешкім Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзін тыңдамауы, міне, осылардың барлығы Расулаллаһтың қабырғасын қайыстыра түсті. Қатты күйзелген Пайғамбарымыз Рабияның бақшасында Аллаһ тағалаға жалбарынып дұға тіледі. Аллаһтың алдында бір қателік істеп қойған шығармын деген оймен:
«Егер маған ашуланбаған болсаң, мен көрген қорлықтардың барлығына төземін», – деп дұға тіледі. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алған бетінің дұрыс екендігін растап, дінді жеткізу міндетін одан әрмен қарай арттыра түсуі үшін көп уақыт өтпей-ақ Аллаһтың сыйлығы ретінде Исра мен Миғраж оқиғасы берілді. Яғни, Нәбидің (с.а.с.) халқынан көрген зорлық- зомбылығы Аллаһтың оған ашуланғанынан емес немесе қателік жасағандығынан емес екендігін білдірді. Сондай-ақ дін жолында жүрген адамның халқынан әрдайым қолдау мен қабылдау көрмеуі, керісінше, олардан тепкі мен зорлық- зомбылық көру – Аллаһтың заңы екендігінің көрінісі. Ақиқат жолында осындай қиыншылық Аллаһтың сүйікті пайғамбарында орын алса, дін жолында жүргендерде де осындай жағдайдың болуы бек мүмкін.
Аллаһ расулы (с.а.с.) Қағбаның жанындағы Хатим деген жерде ұйқылы-ояу жатқанда (кей риуаяттарда Үмми Ханидың үйінде) Жәбірейіл (а.с.) келіп кеудесін жарып, жүрегін зәмзәммен жуып хикметпен толтырады. Пыраққа мінгізіп, Харам мешітінен Құдыстағы Ақса мешітіне апарады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сонда барлық пайғамбарларға намаз оқытып, рухани баспалдақпен рухани әлемге жол тартады. Аспанның әр қабатында бір пайғамбарды кездестірді. Бәрінің дұғасы мен жақсы тілектерін алып аттана берді. Аспанның бірінші қабатында Адам (а.с.) пайғамбармен жолықты. Екінші қабатта хазірет Яхия мен хазірет Исаны, үшінші қабатта хазірет Жүсіпті, төртінші қабатта хазірет Ыдырысты, бесінші қабатта хазірет Харунды, алтыншы қабатта хазірет Мұсаны, жетінші қабатта хазірет Ибраһимді кездестірді. Содан соң жаннат пен тозақты және ондағы жағдайды көрді. Соңында Сидратул-Мунтаһаға жеткенде Жәбірейіл періште артта қалды, өйткені жаратылыс жаратылғалы бері бұл жерден ешбір тірі жан өтіп
көрген емес. Бұл ұлы сый Пайғамбарымызға (с.а.с.) ғана нәсіп болды, өйткені миғраж – жын мен періштелер және басқа да жаратылыстардың ешбіріне нәсіп болмаған Аллаһ тағаланың сыйы.
Аллаһ елшісі Рахманның Нұрын тамашалады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жаннатта мүміндерге уәде етілген Аллаһтың Жамалын (көркем дидарын) көріп, кеңістіктен тыс осынау тұста рақымды Раббысымен ешбір дәнекерсіз дидарласты. Қайтар сәтінде мүминдер үшін ең қасиетті парыз болып саналатын бес уақыт намаз бұйырылды.
Бұл мұғжиза Құранмен де, сахих хадистермен де дәлелденген. Құранда:
«Бір түнде Харам мешітінен айналасына құт дарыған Ақса мешітіне өз құлын апарған Аллаһ кіршіксіз пәк. Бұл құдіретіміздің дәлелдерінің көрсетілуі үшін істелді. Шындығында, Аллаһ барлығын естиді, көреді» («Исра» сүресі, 1.) десе, тағы бір аятта «Батып бара жатқан жұлдызға серт. Жолдасың (Мұхаммед) адаспады да азбады. Ол өздігінен сөйлемейді. Айтатыны өзіне аян етілген уахи ғана. Оған мұны үйретуші өте ұлы. Қуатты періште Жәбірейіл өзінің кемел бейнесінде тура қарап тұрды. Биік кеңістікте. Одан соң ол жақындап, төмендей берді. Пайғамбармен аралығы садақтың иілген екі басындай жақын келді. Аллаһ уахи еткендерін пендесінің көкейіне Жәбірейіл арқылы салды. Көзімен көргендерін көңілі жоққа шығармады. Сендер көзбен көргендері жайлы онымен айтыспақсыңдар ма? Рас, ол Жәбірейілді екінші рет көрді. Сидратул-Мүнтаһаның жанында. Мәуа жаннаты оның жанында. Сидратул-Мүнтаһаны Аллаһтың нұры бөлеген кезде. Пайғамбардың көзі оңы не солына таймады. Немқұрайлы қарамады. Ол шынында Раббының ұлы белгілерін көрді» («Нәжм», 1-18) деп баяндалады.
Осы бір құтты оқиғадан кейін Аллаһ расулы көргендерін қаумалаған жұртқа жеткізді. Арам ниетті Мекке мүшріктері, әрине, бұған сенбеді. Олардың сенуі де мүмкін емес еді, өйткені бұл оқиғаға ғайыпқа иман келтірген мұсылмандар ғана сенеді. Себебі бұл ақылға салатын, дүниелік қағидаларға сай оқиға емес, сондықтан Аллаһқа, пайғамбарға сенетіндер ғана бұл оқиғаға сенеді. Имансыздар миғраж мұғжизасына иланбағандарымен қоймай, Аллаһ елшісін (с.а.с.) тексермек болып, Құдыс туралы бірнеше сұрақ қойып: «Егер Ақса мешітіне кіріп намаз оқыған болсаң, сол мешітті бейнелеп бер», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) онда намаз оқығанда мешіттің тіректерінің қанша екендігін, ішінің қандай екендігіне аса мән бермеген болатын, сондықтан Аллаһ тағала Ақса мешітінің бейнесін Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көз алдына елестетіп, бейнелеп береді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сұрақтарға айна-қатесіз жауап береді. Мүшріктер қарап қалмай, сол жаққа қарай кеткен керуендерді де сұрап, өтірігін шығармақ болып әлектенді. Бұған да жауап айтылып, керуенді көргендігін, тіпті керуендегі түйелердің саны, қашан келетіні, керуенді қай түйенің бастап келе жатқанын – бәрін тұп-тура баяндағанда бәрінің аузына құм құйылды. Кейбір мүшріктер бұл оқиғаға Әбу Бәкір сенбейді деп ойлап, Әбу Бәкірге хабар жібереді. Бұл жағдайды естіген ол: «Егер мұны пайғамбар айтса,
міндетті түрде айтқаны рас, мен оған сенемін, тіпті ақылға сыймайтын басқа нәрселерді айтса да сенер едім», – деп жауап береді.