Тіл тарихын зерттеуде әр кез қолданыс табатын немесе ойда болатын әдістердің бірі — типологиялық модификация немесе тілдік универсалий әдісі. Қазіргі заманғы лингвистика ғылымы тіл-тілдер бір-бірінен өзіндік ерекше заңдылықтар арқылы ерекшеленіп, оқшауланумен бірге, олардың көпшілігіне тән ортақ заңдылықтардың да бар екендігін дәлелдеп отыр. Ортақ заңдылықтар ортақ ерекшеліктер түрінде екі түрлі семьяға жататын тілдерде кездесуі мүмкін немесе белгілі бір семья тілдерінің ерекше белгісі деп қаралатын құбылыс (не құбылыстар) басқа да семьялар тілдерінде ұшырасуы мүмкін. Ғылымның бүгінгі қорытындылары ретінде белгілі болған сондай заңдылықтар қай тілдің тарихын зерттеуде де есте болады, зерттеу үстінде белгілі болған қүбылысты түсіндіруде қолданыс табады. Айталық, сөздің қатаң дауыссыздардан басталуы басқы буынның екпінді болуымен ұштасып жатуы тек түркі тілдерінің ерекшелігі емес, герман тілдерінде де бар заңдылық. Сондай-ақ сөздің анлауты мен инлаутында й — ж (дж) дыбыс сәйкестігі, немесе дыбыс ауысуының болуы түркі тілдерімен Қатар Индия мен Иран тілдерінде де бар. Біздің ғасырымыздың 20-жылдарында-ақ Е.Д.Поливанов айтқан, дамудың барлық немесе көпшілік тілдерге ортақ себептері мен принциптері болатындығын бүгінгі лингвистика жоққа шығармайды, қайта дәлелдей түседі. Әрине, Е.Д.Поливанов 1928 жылы бұл пікірді өзбек тілінің ирандық ықпалға ұшыраған говорларына байланысты айтқан еді.
Біздің заманымызда бүл көзқарас тек фонетика ғана емес, грамматика құрылысында да барлығы дәлелденіп отыр. Қазақ тілінің грамматикалық қүрылысының даму тарихын зерттеп, түсіндіруде осы аталған зерттеу әдістерінің қайсысы да қолданылып келеді.