Күй — халқымыздың рухани құндылығы

 

Бастап бірінші айтушы біз емес, бұл өзі әлімсақтан бері айтылып келе жатқан, белгілі жай, елдің санасына әбден сіңген әңгіме. Әлімсақтан дейтін себебіміз, замана зарлығы. Мағжан ақынның толғамалы найзадай толғанысты жырларына жүгінсек, күй атасы, шерлі һәм шерменде Қорқыт та жан жұмбағын шешпек болып, шеше алмай қиналған кездерінде қолындағы қара қобызынан, содан шыққан, сай-сүйекті сырқыратқан салқар да шалқар сарыннан жұбаныш тапқан ғой.

Қазтуған жырау «Кетбұқадай би­лер­ден кеңес сұрар күн қайда?!» деп жел­піне тебіренуі де тегін емес. Сол Кетбұқа абыз Дешті Қыпшақты жайлаған қалың қауым халқының атынан Шыңғыс қағандай қаһарлы хандарға келелі кеңесін қоңыр домбыраның сырлы күйімен айтқан, ұлы Жошының өлімін де айбатты әміршіге күймен естірткен. Сонда бабаларымыздың орнына жазаны домбыра тартқан. Тәңірім сөйтіп дом­быраға әу бастан-ақ қазақтың тілі болу­ды, қазақтың үні болуды еншілеп сый­лаған екен. Ендеше, күй өнері қазаққа Тәңір­дің тартқан ерекше пешенелі сыйы екендігі де еш шүбәсіз. 

Олай болса, 2014 жылы ықылым замандардан бері жер-жаһан танып, бірегей құбылыс ретінде мойындалып келген қазақтың қасиетті киіз үйімен қоса халқымыздың қалтқысыз қастер тұтқан күй өнерінің де ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне еніп, бүкіл адамзаттың асыл қазы­на­ларының қатарына қосылуы тиесілі сы­бағамыз, заңды жазмышымыз, лайық­ты мерейіміз екеніне сөз бар ма! Осы киелі күйімізге ілесе бұл қатарды соны­мен рухтас суырыпсалма айтыс, Нау­рыз мейрамы, қазақ күресі, құсбе­гілік пен саятшылық толықтырды, қау­малай қоршап күйді төбелеріне көтер­ді. Осындай жауһар қатарда, әсіресе күй қа­зақ­тың елдігінің көрінісіндей атойлап, ха­лық­тың өр рухын әйгілеп тұрған жоқ па! Бұл да бізге Тәуелсіздік тарту еткен зор жетістік екені ақиқат.

Күйдің тәңірлік сипаты жайындағы әңгімені тірілте түсейік. Түркі дүниесінің асылдарын түптеп түгендеуші атақты Махмұд Қашғари өзінің түпнұсқада «Диуани-лұғат-ат-түрк» деп аталатын түркі тектес сөздерінің жинағында «күй» сөзінің көне түркідегі «көк» сөзінен шыққандығын, тәңір мағынасындағы «көкпен» көгендес, тамырлас, түптес екендігін ізерлеп айтыпты. Бұл айқындаманы қазақтың тіл ғылымының көгентүбіндегі марғасқа Құдайберген Жұбанов пен қазақтың күй ілімінің ілкі бастауындағы ізашар академик Ах­мет Жұбанов бар ықыласымен қол­дап қуаттайды. Ал «Ақаң» деген әзиз атқа лайықты тағы бір абзалымыз, «Күй шежіре», «Қазақтың күй өнері» атты іргелі еңбектер тудырған Ақселеу Сей­дім­бек бұл айғақты болжамды одан әрі түбір­леп тексеріп, байыпты тұжырым жа­сай­ды. Күй деп басталатын қай сөзіңіз де сезіммен астасып жатады. Сол сөз көш­пен­ділердің ең киелі сезімі – тәңір­лік на­ным-сеніммен ұштасып жатады. Демек, «күй» деген сөз әу бас­та Тә­ңір­лік құбылысты білдірген. Тәңір­дің дыбысы деген мағынамен шендес бол­ғаны аңғарылады» деп күйдің қа­сиет-киесін шығанға шығара, шынайы болмыс-бітімін айғақтай көрсетіп асқақ­татады. 

Әйгілі әншіміз Роза Рымбаева шыр­қай­тын «Домбыра» әнінде «Күй ойнайды қазағымның қанында, күй ойнайды қазағымның жанында» деп келетін шырайлы жыр жолдары бар емес пе еді. Дәл айтылған. Осы рухты әнді тың­дамаған қазақ кемде-кем болар десек, тыңдаған жамағаттың баршасы осынау сөздердің шындығына ден қойғаны күмәнсіз. Қалай десек те, қазақтың жаны – күйінде. Жанының барлық қатпарлары, қуанышы мен қайғысы, күйініші мен сүйініші, мұң-шері мен шаттығы баяу­лап, толқындап, тасқындап тек домбыра шанағынан төгіледі. Қазақтың мінезі, ерлігі мен өрлігі, сабыр-сабаты да қазақтың өзінің күйлерінде жатыр. Халқымыздың әдет-ғұрпы, дарқандығы мен даналығы, ерке назды сұлулары кейіптелген күйлер ше? Қазақтың ұлан-байтақ даласы, сол даланың табиғаты, Алатауы мен Қаратауы, Сарыарқасы мен Сары өзені, Саржайлауы – бәрі-бәрі қазағымның күйлерінде көрініс тапқан. 

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр ақынның терең ақыл-парасатының меңзеп отырғаны да осы емес пе. Тарау-тарау, тармақ-тармақ, желі-желі болып уақытпен бірге үдере көшкен қазақтың мың сан күйлерінде, сайып келгенде, ата қазақтың өзі, оның ата тарихы, елдігі мен береке-бірлігі, ұлттық мерейі мен мәртебелі мемлекеттігі бейнеленген. Өз алдына дербес ел болып, кеудесі биік, еркін отырмаған халықта мұндай кең салалы, ұлағаты зор, асқақ рухты, мұхиттай айдынды, өрелі өнер тумас еді. Байқасаңыз, біздің күйлеріміздің өне бойында тұтаса жүлгеленген қазақтың соқталы тарихы өріліп шығады. 

Еркіндік, азаттық жолындағы күресі атойлайды. Көк байрақ көтерген бүгінгі Қазақстан деген егеменді еркін елдің еңселі рухы мен жасампаздық қуаты Құрманғазы оркестрі орындаған терең тебіреністі, толқымалы, шалқымалы, балқымалы күйлерден асқақтай көрінеді. 

Қазақ қуанса да, қапаланса да домбыраға қол созған, күймен жұбанған. Кеңес қыспағындағы қапас кездерде Мұхтар Әуезовтің «қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деп күңіренуінде үлкен астарлы мән жатыр. Қиналған шақтарда күй қазақтың, оның ардагер перзенттерінің қорғаны болғанын да аңдаймыз бұдан. Қазақ күйінің та­биғатына тымырсық пен қапас, жәреуке мен көлгірлік әзелден жат. Ол – түптен таза тұнық тұма тәрізді. Күй – халықтың жаны дейтініміз де сондықтан. 

Күйдің тірі тарих екенін тамыршыдай тап басқан Ахмет Жұбанов күйшілер туралы кітабын «Ғасырлар пернесі» деп атауының өзі қандай ғажап. «Домбыра мұнша шешен болдың неге? Күй толған көкірегің шежіре ме? Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің, Саусағым тиіп кетсе ішегіңе» деп толғана жырлаған дауылпаз ақын Қасым Аманжолов күйдің көнекөз қариядай даңғыл көкірек тарихшылдығын сүйіне, сүйсіне әспеттейді. Шын мәнінде де «Ел айрылған» мен «Ноғайлының босқаны», «Кішкентай» мен «Көбік шашқан», «Он алтыншы жыл» секілді сұрапыл күйлер тарихымыздың бір-бір белестері емес пе. Жоңғар шапқыншылығы тұсынан «Қаратаудың шертпесі» мен «Қалмақтың қара жорғасы» аңырайды. «Нар идірген» мен «Қорқыт» бастаған аңыз күйлерде де қаншама тарих сырлары шертіледі. Осының бәрі ұлтымыздың баға жетпес рухани құндылықтары. 

Күй бастауында тұрған бабаларымыздың барлығы халқымыздың абыз тұлғалары екендігі де ерекше нышанды құбылыс. Көне ғасырда Қорқыт, ХІІ ғасырда Кетбұқа, ХІV-ХV ғасырларда Асан Қайғы, ХV ғасырда Қазтуған, ХVІ-ХVІІ ғасырларда Байжігіт, ХVІІІ ғасырда Абылайхан, ХІХ ғасырдың бас кезінде Боғда, Махамбет, одан соң Тәттімбет, Құрманғазы, Абыл, Тоқа, Ықыластар қазақтың күй өнерінің көшін түзеді, даңқын шарықтатты, деңгейін елдік биік өреге көтерді. Бұларға жалғас Қазанғап, Байсерке, Шортанбай, Тіленді, Дайрабай, Өскенбай, Мәмен, Дина, Аққыз, Сүгір, Сейтек және басқалары. Солардың бәрі, одан кейінгі он сан дарынды күйші, дәулескер домбырашылар қазақ күй өнерінің туын әр ғасырда, әр жылдарда биікке көтерген бекзат таланттар, тума өнерпаздар еді. Осы арада Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев, Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Қали Жантілеуов, Қаршыға Ахмедьяров сынды күй ғұмырлы саңлақтардың атын қалай атамассың!

Қазақтың бүгінгі заманауи асқақ өнері опера да өзінің бастауын күй бұлағынан алды. Е.Брусиловский «Қыз Жібекте» «Ақсақ құланды», М.Төлебаев «Біржан-Сарада» «Соқыр Есжанды», Е.Рахмадиев «Алпамыста» «Құдаша» күйлерін пайдаланды. ХХ ғасырда Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі қазақ күйінің, жалпы қазақ өнерінің даңқын асырып, бүкіл әлемге әйгілеп таратқанын айтуымыз керек. Сол үрдіс күні бүгінге шейін жалғасып та келеді. 

Қазақтың күйі қуанышта да, қайғыда да қазақпен бірге жасап, бостандық сүйгіш ұлық өнер бостан заманымызға халқымызбен бірге қадам басты. Өнер атаулының ішінде күйдің мерейі жоғары, күйдің рухы биік. Күй дербес мемлекет құрып мерейленген халқымыздың рухын мәңгілікке толғай бермек. Себебі, күй – біздің ең ардақты, ең әлеуетті, ең сәулетті ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымыз, ұлттық мәдениетіміздің төресі. Ал рухани жаңғыру бағдарында әділ айтылғандай, ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру да болмайды. Қазақ мемлекеттігінің дербес даму үлгісіне, әсіресе күйден қосылар даралық сипаттар мол болмақ. Осы ретте ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі сақталып қалсын десек, ұрпаққа күй мен домбыраға деген махаббат дарытпағымыз ләзім. Қанымыздағы бабалардан мирас ізгі қасиеттерді қайта түлетуде күйден асқан катализатор да жоқ болар. Мәңгілік сақтауға тиісті, тарих тереңінен бастау алған рухани кодымыздың бірегейі де – күй. Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілері қатарындағы күйлеріміз мұхитқа құяр дариялардай айдынды. Ендеше, жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениеттің де көш басында жауһар күйлеріміз тұрары сөзсіз.

Иә, күй – құдірет, күй – ұран. Күй – қазақтың жаны. Күй қазақтың елдігін, көңілінің кеңдігін білдіреді. Қазағым патша көңіл, сері, дарқан Түйінін мықтап ұстап өмір-арқан, Өз үйі – өлең төсек жұмағында Күй тартып, өлең айтып, шер тарқатқан. Ұлытау ұлан төбе даласында, Сырдария атыраулы сағасында, Абызы аңыз күйдің Кет-Бұқа мен Ұмытпас дана Қорқыт бабасын да. Қазақтың жан түбінен келді күйі, Өмірді өрнектеген зерлі күйі. Қаратау қақ басында шерлі күйі,

Жоңғардың қақпасында өрлі күйі. Даланың дабылындай Құрманғазы, Тәттімбет көңіл назы, өмір жазы. Саймақтың сары өзені, Сары Тоқа, Ұшырған Нұрғисалар аққу қазы. Шүкірлік, үйім де аман, күйім де есен, Болмайды бұған бір сәт сүйінбесем. Қолыма қара домбыра алған кезде, Үйімде падишаның күйін кешем…».

Күй туралы әңгімені былай түйіндегіміз келеді. Осынау ұлық өнер жайында «Күй» және «Күйші» деген ғажап екі дастан жазған қазақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіров қажыған көңіл қамын, жүрек жанын қобыздағы қоңыр сарынды тартқан қазақтың күйші шалын әлемнің әуеніне бермес едім деп тебіреніп толғанады. Алда да қазақтың күй өнерін осы Ілекеңдерше, Ахаңдарша, Мұхаңдарша қастерлесекші!.. 

Қорғанбек АМАНЖОЛ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *