Экология – кең ауқымды, өзіне көптеген шешілмеген мәселелерді қамтитын мағыналы түсінік. Құқықтық мемлекетте БҰҰ-да жарияланған адамдардың негізгі табиғи, конституциялық құқықтары бұзылмауы керек, яғни табиғатпен үйлесімділікте және таза қоршаған ортада өмір сүру құқы.
Қазіргі заманда негізгі ғаламдық экологиялық мәселелерге мыналар жатады:
- климаттың өзгеруі;
- тұщы судың тапшылығы және оның ластануы;
- озон қабатының тозуы;
- жылулық эффект;
- қышқыл жауын-шашындар;
- биологиялық алуантүрліліктің азаюы.
Осы мәселелердің кешені еліміздің және планетамыздың экологиясына өз нұқсанын келтіреді. Қазақстанның экологиялық мәселелері келесі:
- Су ресурстарын тиімсіз пайдалану және ластау;
- Арал мен Каспий теңіздерінің, Балхаш көлінің мәселелері;
- Ауаның ластануы;
- Қазба байлықтарды рационалды емес пайдалану;
- Жер ресурстарының мәселері;
- Семей ядролық сынақ полигоны мен Байқоңыр космодромының әрекеттерінің салдары;
- Флора мен фаунаның тозуы.
Халық аралық тәжірибеге сүйене отырып еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы және қоршаған ортаны қорғауға арналған әрекет етудің Ұлттық жоспары бағытталған. Экологиялық приориттерді сақтамай Қазақстанның алға басуы, және дамуы мүмкін емес.
Экология – ағзалардың тіршілік ету жағдайларын және ағзалардың тіршілік ету ортасы арасындағы өзара байланыстарын зерттейтін биологиялық ғылымның бір бөлімі.
Ең алғаш бұл терминді 1866 жылы неміс зоологы Эрнст Геккель ұсынған (ойкос – үй, тұрақ, мекен; логос – білім, ғылым; яғни өзімнің тұратын мекенімді, жерімді зерттеп танимын деген мағынаны білдіреді).
Кез келген ғылым сияқты экология да зерттелетін процестердің жүру заңдылықтарын айқындап, оларды шағын логикалық және тәжірибе жүзінде тексеріп ережелер-заңдар түрінде қалыптастырады.
Экологияның басты зерттейтіні – экологиялық жүйелер. Экологиялық жүйе – қоректік байланыстар мен энергияны алу тәсілдерінің негізінде бір тұтастықты құрайтын тіршілік ету орталары мен тірі ағзалардың қауымдастығы. Бұл терминді ең алғаш 1935 жылы ағылшын ғалымы Э.Тэнсли енгізген.