ӨЛЕҢ АНЫҚТАМАСЫНЫҢ ӨТІМДІ ҮЛГІЛЕРІ

Жылқыбекұлы Бекқожа *

Өлең десе болды оқырман қол жетпес хор қызы сияқты бiр бүтiн сұлу әлемдi көз алдына елестететiндiгi бәрiмiзге белгiлi. Расында да, өлең атам заманнан берi халқымыздың алтыннан да қымбатты, сұлудан да сымбатты асыл қазынасы болып келгендiгiнен, қара халықтың қамын жеген жеңiмпаз хандарымыздың Иоллоқтегiн, Жүсiп Қасажып, Асан қайғы, Бұхар жырау қатарлы әйгiлi ойшылдар мен жырауларымызға ақ орданың ортасынан ойып орын бергендiгiнiң өзi-ақ айқын дәлел бола алады. Осындай орасан қадыр-қасиетке ие болған өлең деген киелi ұғымның күнi бүгiнге дейiн өз анықтамасын таппай отыруының өзi-ақ оның жеңiл-желпi, оңай-оспақ, үстiрт анықтамаларға қанағат ете қоймайтын, өте күрделi болмыс екендiгiн айқындайды. Сондықтан да Белинский өлең анықтамасы жайлы айтылатын алуан түрлi көзқарасты: «Бiреу өлеңдi су десе, бiреу от деп түсiндiредi. Мың адамның аузынан мың түрлi пiкiр айтылады» [У Сыжиң 1987: 3] деп тұжырымдайды. Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарында қытайда жарық көрген «Қытай өлеңiнiң қолданбасы» деген еңбегiнде өлең танушы Яң Хоңли қытайдың әлмисақтан берi өлең туралы айтылып келе жатқан қырық түрлi анықтамасын құлағынан тiзiп отырып, оларға сынды көзбен қысқаша шолу жасайды. Американың көрнектi ақыны Карл Сендиберг те өзiнiң «Өлең анықтамасының моделi» деген еңбегiнде өлең туралы отыз сегiз анықтаманы ортаға қояды [У Сыжиң 1987: 4]. Ал әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаеваның мәліметінше поэтикалық шығармашылық туралы бір ғана орыс әдебиетінің өзінен мыңнан астам анықтамалық теңеу табылатын көрінеді. Бiз бұл арада өлең туралы айтылып жүрген барлық анықтамаларымен танысқалы отырғанымыз жоқ. Тек оның iшiндегi шындық негiзi күштi, дәлел қуаты дәмдi болған бiрнеше анықтаманы ғана атап өтпекшiмiз.

Бiрiншi, өлеңдi ақын идеясының саяси пиғылы деп түсiну көзқарасы. Бұл көзқарас феодалдық қоғам екi мың жылдан астам уақыт құрсаулаған Қытайдың ескi жазба деректерiнде жиi кездеседi. Мысалы, Қытайдың әйгiлi философының бiрi Жуаң Зы : «Өлең моралдық көзқарас « [У Сыжиң 1987: 4] деген пiкiрдi ортаға қойса, тағы бiр көрнектi философы Шун Зы «Өлең өзiнiң идеясымен құнды» деген көзқарасы арқылы өлеңге анықтама бередi. Бұл пiкiрдi социалистiк реализмнiң натуралист ақындары да қызу қарсы алып, тез игердi. Бұған Кеңес одағы мен Қытайдың, әсiресе, қызыл коммунистiк көзқарастағы «орда ақындарының» саяси сыңайдағы жадағай жырлары айқын дәлел бола алады. Олар өз кезегiндегi саяси ауқымды өлеңге өзек ету арқылы сол дәуiрдiң жоғын жоқтап, сойылын соқты. Расында да, нағыз өлеңнiң терең тамырлы мазмұнға құрылатындығы шындық, бiрақ ол жалаң саяси әуейілiкпен және көркемдіксіз жалаң көзқарас-идеялармен мүлде отаса алмайды. Сондықтан бұл тұжырым өлеңнiң анықтамасы болуға мүлде лайық емес.

Екiнiшi, өлеңдi ақынның тасқындаған таза сезiмiнiң тiке туындысы деп есептейтiн көзқарас. Бұл көзқарасты қытайдың өлең тану тарихында ең алғаш Батыс Жин хандығының (265- әйгiлi ақыны Лу Жи ортаға қойған болатын. Белинский де өлең туралы жазылған еңбектерiнде осы көзқарасты баса дәрiптейдi. Осыған орай қытайдың қазiргi заман көрнектi ақыны Го Моро да: «лирикалық өлең сезiмнiң тiкелей қағаз бетiне түсуi» деген көзқарасты алға тартады. Бұл көзқарас өлеңнiң iшкi құрылымдық ерекшелiгiнiң ең негiзгi түйiнiн дәп басып, айқындап бере алғандықтан, көптiң көңiлiнен ойып орын алды. Бiрақ ол өлеңнiң сыртқы құрылымдық ерекшелiктерiн тiлге алмағандығы себептi, сыңар жақтылы пiкiрге айналып қалды. Сөйтiп, ол қара сөздiң лирикалық жаныршасы болған шалқыма мен өлеңнiң аражiгiн айыра бiлуге мүмкiндiк қалдырмай, екеуiн бiр тұлғаға айналдырып койды. Сондықтан да бұл көзқарастың анықтамалық дәлдiгi де шамалы.

Үшiншi, өлеңдi ақынның асқақтаған қиялының қисынды бейнесi деп тұжырымдайтын көзқарас. Бұл көзқарас жөнiнде қытайдың ертедегi «Өлеңге жалпы талдау» атты дерегiнде «өлең — бiр ауыз сөзбен айтқанда қиялдың тiлi» деп көрсетілген. Ал Англияның әйгiлi ақыны Шиллер де: «өлең — қиялдың бейнеленуi» [У Сыжиң 1987: 5] деген тұжырымды ортаға қояды. Бұл арада өлеңге өте қажетті қиялдың өлеңдi дүниеге келтiрудегi рөлi ерекше ескерiлiп, оның өлең жасампаздығында кем болса болмайтындығы баса дәрiптелген. Расында да, өлең жасампаздығы шабытты қиялға өте зәру екендігі бізге жасырын емес. Бiрақ бұл көзқарастың өтiмсiздiгi оның өлеңнiң сыртқы құрылымы мен iшкi кейбiр ерекшелiктерiне немқұрайлы қарағандығының өзiнен-ақ айқын көрiнiп тұр. Сондықтан бұл көзқарас та қол қусырып, құптайтындай анықтама емес.

Төртiншi, өлең ақынның түйсiгiнiң төте бейнеленуi дейтiн көзқарас. Италияның көрнектi тарихшысы Викерн: «түбегейлi түйсiну мен жанды қиялдау алғашқы қоғамдық санадағы адамдардың өлеңi болған» деген көзқарасты ортаға қоя келiп, өлең — түйсiктiң жемiсi екендiгiн баса дәрiптейдi [У Сыжиң 1987: 6]. 1978 жылдан кейiнгiДың Шиаупиңнің (Дэн Сяопин) сыртқа есiк ашу саясатының арқасында батыс философиясымен жан-жақтылы танысып үлгерген қытайдың жас ақындары «өлең — бiр түрлi түйсiк» немесе «ақын ненi түйсiнсе, өлеңiнде соны бейнелейдi» деген көзқарастар мен қуаттамаларды дәрiп-теді. Расында, түйсiнудiң өлең жасампаздығында өзiндiк орны бар, жасампаздық қиялдың ұшқыр қанаты екендiгiн ешкiм де терiске шығара алмайды. Алайда ол танымның бір ғана сезiм-дiк басқышы болғандықтан, өлең сынды сыртқы құрылымы да ескерiлмей қоймайтын күрделi құбылыстың анықтамасы бола алмайды. Өйткенi түйсiнудiң өзi заттар мен құбылыстардың сыртқы түрінің адам миындағы бейнесi ғана екендiгi кiм-кiмге де белгiлi. Сондықтан бұл анықтаманың бойынан да өлеңнiң көп қырлы, көмескi ерекшелiктерiнiң ескерiлмей отырғандығы айқын аңғарылады.

Бесiншi, өлеңдi ақынның ойлау қимылының жемiсi деп қарайтын көзқарас. Американың көрнектi ақыны Стивенс өзiнiң «Қазiргi заман өлеңдерiне талдау» атты еңбегiнде «өлең — ойлау қимылының қанағат табуы» немесе «өлең қозғалыстағы ойлау» деген пiкiрi арқылы өзiнiң өлеңдiк көзқарасын ортаға салады. Қытайдың көрнектi ақыны Шин Ди өлеңдегi түйсiну мен ойлау барысын өзара ұштастыра отырып, өлең анықтамасын мынадай өрнекпен өрнектейдi: әсер (сезiм мүшелерi арқылы) + ойлау = өлең [1, 6]. Бұл көзқараста өлең жасампаздығындағы ақынның ой қорыту басқышы ерекше дәрiптелген. Бiрақ өлеңнiң сыртқы және iшкi кейбiр ерекшелiктерi ескерiлмей, ойдан қағыс қалған. Сол себептi бұл көзқарас та өлеңге толымды анықтама бола алмайды.

Алтыншы, өлеңдi белгiлi өлшемдерге бағынатын өрнекті сөз-сөйлемдердiң жиынтығы деп қарайтын көзқарас. Англиялық ақын Корлеж: «өлең — өлшем арқылы әдемi орналасқан сөз-сөйлемдер»деген пiкiрдi ортаға қойса, қытайдың оңтүстiк соң (1127- 1279) дәуiрiнде жасаған Жиаң Иі атты қаламгерi: «тiлдiң өлшемге қатаң бағынуының өзi — өлең» [У Сыжиң 1987: 6] деген ойын өлеңге анықтама ретiнде ұсынады. Ал академик Зейнолла Қабдолов: «Өлең — еркiн сөйлейтiн жай сөздер тiркесi емес, ырғағы мен ұйқасы белгiлi қалыпқа түскен, шумағы мен бунағына дейiн белгiлi тәртiпке бағынған нақышты сөздер тiзбегi» [Қабдолов 1992: 243] деген пiкiрдi алға тартады. Қытай қазақтарының өнертанушы ғалымы Омархан Асылов: «Өлең — белгiлi буын өлшемi бар, ырғаққа, ұйқасқа, өлшемдiк өрнекке, дыбыстық үндестiкке, екпiн әуендiлiгiне құрылып жазылған шағын көлемдi поэзиялық көркем шығарма» [Асылов 1981:, 90] деген өлеңдiк көзқарасын ортаға қояды. Бұл көзқарас жиыр-масыншы ғасырдың басына дейiн қытайдың классикалық өлең тарихында өте ықпалды орынды иелеп келген болатын. Сонымен бiрге ол дүние жүзiндегi өлең тарихында да өлеңдi си-лабикалық, тоникалық, силлаби-тоникалық өлең деп түрлерге айырып, өлеңге өлеңнiң түр-түсі негізіндегі өлшемдер арқылы анықтама бергiсi келетiн өлеңтанушылар үшiн де өте құнды қу-аттама болып есептелiп келеді. Алайда бұл көзқарас өлеңтану саласында қанша ықпалды болғанымен, ол өлеңнiң iшкi мәндiк құрылымына және сезімдік иріміне өте селқос қарайтындығы себептi, өлең үшiн өткiр анықтамалық абырой тiктей алмай ке-ледi.

Жетiншi, ұйқасқа түскеннiң бәрi бiрдей өлең болады дейтiн көзқарас. Бұл көзқарасты дәрiптеушiлер өлең болудың ең негiзгi шарты ұйқас деп түсiнедi. Олар өлеңнiң ұйқасынан басқа, оның iшкi құрылымдық ерекшелiктерi мен сыртқы басқа да ерекшелiктерiне немқұрайлы қарайды. Олар үшiн ұйқас бар жердiң тауы да, тасы да өлең болып сезiледi. Бұл көзқарас өлеңдi алғаш жаза бастаған, өлеңге қызығушылар мен өлеңнiң iшкi құрылымдық ерекшелiгiн әлi жете түсiне қоймаған, өлеңдi «ерiккеннiң ермегi» санайтындардың арасында өте ықпалды. Сонымен бiрге ұлттық тiлiнен лек-легiмен тоқ ұйқастар табыла кететін, тiл байлығы ұйқасуға икемдi сезiмдiк ұлттардың танымында да бұл көзқарас үстем орында тұрып келеді. Бұл топқа коммунистiк тәртiп жүйесi кезiнде арзан айғай-аттанға ұялы ұйқастарымызды қор қылған, қораш өлеңдiк көзқарастар мен ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің аражігін айыра бiлмейтiн қара байыр қазақи өлеңдiк түсiнiк те кiредi. Сондықтан бұл өлеңдік көзқарастың табан тірер тиянағы да шамалы.

Сегiзiншi, өлеңдi бiр түрлi тiлдiк құрылым деп қарайтын көзқарас. Ресейдің әдебиет зеріттеушісі Шлобский кезiнде Петербургте өткен өлең тiлiн зерттеу ғылыми талқы жиналысында тiл көркемөнерiнiң мән-мазмұнына соқпай, оның сөз-сөйлемдерiнiң iшкi құрылымдық заңдылығына баса мән беріп, «Өлең — шектемелi тiл» [У Сыжиң 1987: 7] деген көзқарасты ортаға қойған болатын. Сөйтiп ол өлеңдi бiр түрлi тiлдiк құрылым деп есептеген едi. Бұл көзқарас Англиялық профессор Майкердiң: «Өлеңнiң анықтамасы» деген еңбегiндегі «өлеңнiң түрі модельденген тiл» дейтiн қуаттамасына да сәйкес келедi. Өлең туралы бұл анықтама да өлеңнiң тiлдiк құрылымын белгілі бір өрнекке түсiрiп, мәлім таңбалық жүйе iшiнде өлеңге анықтама беруге тырысқандығы себептi, өлеңнiң iшкi құрылымдық негізі мен басты ерекшелiктерi ескерiлмеген. Сондықтан бұл анықтама да бiздiң өлең жайлы түсiнiгiмiздi қанағаттандыра алмайды.

Тоғызыншы, өлеңдi сезiм мен болмыс көрiнiсiнiң өзара бiр-бiрiмен бiте қайнасып, сiңiсуiнiң жемiсi деп қарайтын көзқарас. Қытайдың әдебиеттанушысы Шие Шин: «Өлең — сезiм мен болмыс көрiнiсiн бейнелейтiн құрылым, сезiм сол құрылымының терең түкпiрiнде жарқырап жатады, көрiнiс оның сыртқы құрылымын әсемдейтiн әрлi бояу» дей келiп, «сезiм мен болмыс көрiнiсi өзара бiте қайнасқанда ғана ақынның атағын әйгiлейтiн өміршең өлеңдер дүниеге келедi» [4, 1121-1122] деген тұжырымға тоқтайды. Оның аталмыш көзқарасын құптайтын өлеңтанушылар да аз емес. Бiрақ оның бұл көзқарасы өлеңнiң шынайы болмыстың жалаң көшiрмесi ғана емес екендiгiн айқындап, ақынның асқақ сезiмдiк дүниесi мен болмыс көрiнiсiнiң керемет келiсiмiн өлең деп түсiнген болса да, ол өлеңнiң түр жақтағы құрылымына селқос қарағандығы себептi, дәлдiгi әлi кемелiне келе қоймаған өлеңдiк дәрiптеме екендiгi айқын көрiнiп тұр. Сондықтан бұл көзқарасты да өлең анықтамасы болуға салауаты толмайтын көзқарас деуге болады.

Өлең туралы бiз жоғарыда атап өткен көзқарастар — атам заманнан берi өлеңнiң мазмұндық құрылымы немесе түр жақтағы құрылымы жақтардағы бiр немесе екi ерекшелiгiн көзде ұстай отырып, ортаға қойылып келе жатқан өзiндiк негiзi бар көзқарастар. Олардың көлденең тартатын дәлел-дәйектерiнiң өлең бойында өзiндiк орындары болғандықтан, олар өз құнын күнi бүгiнге дейiн жоймай, өзiндiк бiр өлеңдiк көзқарасқа айналып келедi. Алайда бiз жоғарыдағы бұл анықтамалардың бойынан сыңар жақтылы, үстiрт түсiнiктердi аңғара отырып, тегi, өлең туралы дәлдiк дәйегі жан-жақтылы болған нақтылы бiр анықтама бар ма деген ойға ерiксiз ораламыз. Сол себептi өлеңнiң жеке дара ерекшелiктерiне тiстей қатып, жармасын алмай, оның iшкi және сыртқы құрылымдық ерекшелiктерiн өзара ұштастыра келiп, өлең деген өнердiң нендей бiр шығармашылық құбылысы екендiгiне жалпылық анықтама беретiн түсiнiктемеге жүгiнуге тура келедi.

Оныншы, өлеңге жалпылық анықтама беретiн көзқарас. Өлеңтанушы Джорж Сандияна өзiнiң «Өлеңнiң негiзi мен мiндетi» атты еңбегiнде «өлең — сезiмдiк идея мен ақылдық идеяны ұйқас заңдылығы арқылы әсерлi болған көркем тiл әрiмен бейнелеп көрсететiн пайымдау» деп өлең жайлы жалпылық анықтама берген көзқарасын ортаға қойса, қытай ақыны Го Моро өлең туралы өз түсiнiгiн мынадай өрнекпен кескiндеп көрсетедi: өлең = (түйсiк+ сезiм+қиял) + үйлесiмдi көркем тiл [У Сыжиң 1987: 9]. Қытайдың 80 жылдардағы жоғары оқу орындарында оқулық ретiнде қолданылып келген «Әдебиет теориясы» оқулығында өлеңге «өлең — қоғамдық өмiрдi жинақы бейнелейтiн бiр түрлi әдеби жанр. Ол сұрыпталған көркем тiл мен үйлесiмдi музыкалық ырғақ арқылы ақынның асқақ қиялы мен терең сезiмiн тiкелей бейнелейтiн ерекшелiкке ие» деген анықтама бередi. Қытайдың Таң дәуiрiндегi (618 – 907) әйгiлi ақыны Бай Жуй өлеңнiң өзiндiк ерекшелiктерiн образды түрде жинақтай отырып, «Өлеңнiң тамыры — сезiм, жапырағы — тiл, гүлi — ырғақ, жемiсi — мазмұн» деп, өлеңнiң тұтас тұлғасын жемiс ағашына ұқсату арқылы өлеңге анықтамасын бейнелі тілмен атап көрсетеді [Хуаң Гаң 1992: 4]. Бiздiң ұлы кемеңгерiмiз Абайдың көзқарасы бойынша, өлең — ер данасы ғана қиыннан қиыстыра алатын сөз сарасы. Ол — ойға жеңiл, жүрекке жылы тиетiн, «айналасы» теп-тегiс әрi жұп-жұмыр бiр тұлғалы бүтiн әлем. Қытай қазақтарының әдебиеттанушы ғалымы Әуелқан Қалиұлының көзқарасында “өлең — өмiрдi барынша жинақтап, оны шалқыған сезiммен, шарықтаған қиялмен, көркем тiлмен, ұйқас қисынымен бенелейтiн әдебиеттiк форма” [Қалиұлы 1981: 193]. Есмағамбет Ысмайловтың пайымдауынша, “Лирика — жеке адамның өзiндiк ой, тiлегiн айналасындағы табиғат, адам-дарға ұқсатып суреттейтiн поэзия” [Ысмайлов 1940:, 83] болып келетiн болса, көрнектi ақын Сырбай Мәуленовтың мәлiмдеуiн-ше, “Поэзия — халқымыздың жан-жүйесiнiң жарқылы, сезiмiнiң сырлы шектерiнiң пернесi, оның эстетикалық көзқарасының сәулесi, оның эстетикалық арманының айнасы.” [8, 150] немесе “Поэзия — ақынның жаны, тамырын қуалап аққан қанның ары, ақынның отан алдындағы ожданы” [Мәуленов 1973: 150]. Ал өлеңтанушы ғалым Серiк Негiмовтың түсiнiгiнше, «Поэзия — қоғам, табиғат, адам, арасындағы қатынастардың тұтастығын мұқияттайтын өнер саласы, оның үстiне музыкалық әуенмен поэтикалық тiл, дыбыс пен интонация, қайталаушы түр мен ұйқас, көркем кеңістiк пен көркем шындық т.б. қабаттаса, астарласа өрiлген, қисынын тапса, әсем қиысатын, алуан түрлi бояулармен сәулеленетiн әрi сәулеттенетiн көркемөнердiң өзге-ше бiр тарауы» [Негимов 1970: 9]. Румынияның әйгiлi ақыны Лушиан Благенiң (1895-1961) өлең жайлы көзқарасы тiптi де өз-геше. Оның ойынша, өлең — миф пен символ, яғни, қиял құдiретi арқылы әлемнiң құпиясын ой мен логикадан да тереңiрек ашу.

Жоғарыда бiз құлағынан тiзiп отырған өлең туралы анықтамалардың бiр-бiрiн қайталамайтындай алуан түрлi болуының өзi-ақ “өлең деген не?” деген сұраудың оңай-оспақ жауапға қанағат ете қоймайтын, өте күрделi түйiн екендiгiн аңғартады. Өйткенi өлеңге анықтама беру нақтылы бiрыңғай бiлiмдiк мәселе емес. Ол — өлеңтанушының философиялық тереңдiгi мен әлеуметтiк көзқарасы және эстетикалық талғамы мен көркемөнерлiк тәрбиесiне тiкелей қатысты, күрделi байланыстарға құрылған бiр бүтiн жүйелi әлем. Сондықтан да өлеңге әркiм өз өресiне қарай өзiндiк анықтама бергiсi келедi. Кейбiреулер өлеңнiң iшкi құрылымын баса дәрiптесе, ендi бiреулер оның сыртқы түр жақтағы ерекшелiгiн көкке көтередi. Бiреулер өлеңнiң қоғамдық рөлiн негiзгi қасиетi деп таныса, тағы бiреулер өлеңнiң эстетикалық ләззатымен ғана тiлдескiсi келедi. Сөйтiп осындай түрлi-түстегi анықтамалардың қарша борауының нәтижесiнде, күнi бүгiнге дейiн өлең туралы әлi бiр әлемдiк өредегі ортақ анықтама бiр түйiнге жинақталып, жүйелi бір ғылыми теориялық деңгейге көтерiле қойған жоқ.

Қытайдың көрнектi ақыны Жаң Шомиң: «Өлең деген не? Оған анықтама беруге амалсызбын» [Жаң Шомиң 1982: 92] деген пiкiрiн өлеңнiң жанын өзiндiк өреде танығысы келмейтiн кейбір өлеңтанушылар мен ақындарға ой тастайтын көзқарас ретiнде ортаға қойған сияқты. Бұл арада біз Б. Томашевский айтқандай: «Өлең туралы ойлардың көбi даулы, сондықтан бәрi қызық» [Қабдолов 1992: 283] екен деп, етек жеңді кең-ге салып, өлең туралы анықтама беруге көз жұмып отырсақ, отыра беремiз. Бiрақ әрсiз де арзан қолды, сапасыз өлеңдердi көргенде мүлде төзбейміз. Сондықтан өлең өнерiнiң нендей бір күрделi жасампаздық құбылыс екендiгi жөнiнде жан-жақтылы, терең тамырлы iзденiс жасау керек болып отыр. Ол жөнiнде iз-денгенде өлеңтанушы ғана емес, нағыз өлең жазғысы келетiн ақылды ақындар да, академик Зейнолла Қабдоловтың: «Өлең туралы сөз — үлкен сөз. Бұл мәселеге тек ақындық нәзiктiкпен ғана бару керек» [Қабдолов 1992: 350] деген өлеңтану бағдарла-масын негiзге алуы қажет. Өйткенi нағыз өлеңнiң нендей өнер құбылыс екендiгiн жете танымай тұрып, өлең жазу, азаматтық арға ақау келтiрiп, өлең сынды кiршiксiз де киелi өнердiң өңi-не өшпес дақ түсiредi. Сол себептi біз «қисынын келтiрiп, қи-ялдан тудырып әдемi әңгiме шығару ақындық дарыған адам-ның ғана қолынан келедi» дейтін Ахмет Байтұрсынұлының аталы тұжырымына бас иеміз. Бұл арада бiз “ақындық дарыған адам” деген анықтаманың мәнiн өлеңнiң қандай өнер қүбылыс екендiгiн жетiк түсiнген әрi өлеңнiң қыры мен сырының қалтарыс, қатпар, құпияларын толық меңгерген өзгеше бiр iрi тұлға деп түсiнуiмiз керек.

Қорытып келгенде, өлең туралы бұл көзқарастардан шығатын қорытынды қазақ өлең өнерiндегi өзектi өлшемдер тiзбегiн белгiлi бiр теориялық жүйеге айналдырудың тетiгiн алғашқы қадамда қолға алу жағын қарастыру болып табылады. Нақтылап айтқанда, өлеңнiң өзегi не? Қазақ өлең өнерiнiң сапалық құнын тексеретiн өзектi өлшемдер қалай болу керек? Қазақ өлең өнерiнде ағымдар мен шығармашылық топтар бар ма, жоқ па? Өлең тiлiнiң жүйелі өлшемдерiн қалай қалыптастыра аламыз? “Ақылдық өлеңдер” нағыз өлең бе, жоқ ұйқасқа түскен философиялық толғам ба? Қазақ өлеңтану ғылымындағы эстетикалық талғам мәселесiнен туындайтын саналық сатылардан қазақ өлеңi жайлы нендей құпияларды аңғара аламыз? Сонымен бірге осы өлең анықтамаларын пайдалана отырып, өлең өнерiнiң iшкi иірiмiне үңiле түсуге бола ма, жоқ па? — деген мәселеге нақтылы дәйектер арқылы жан-жақтылы толғанып, тұшымды жауап iздеуге тырысу біздің алдағы өлеңтану жақтағы міндетіміз болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *