Қазақ АКСР-ін құрудағы қайраткерлер


1.Қазақ АКСР-і және С.Меңдешев.
2.М.Тынышбаев және Түркістан Автономиялы Кеңестік Республикасы
3.М.Шоқайдың қазақ тарихындағы орны

1.Елдің шығысында бірінші Кеңестік ұлттық республика Түркістан кеңесінің 5 съезінде қабылданған Түркістан АССР болып табылды. 1918 ж.30 сәуірде қазіргі Қазақстанның оңтүстік облыстары Түркістан республикасының құрамына енді.
1918 ж. аяғы мен 1920 ж. басында Қазақ Кеңес Автономиясын құруға интенсивті дайындық жүріп жатты. 1919 жылы 10 шілдеде Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құрылды. Бсашысы- С.Пестковский болып тағайындалды. Мүшелеріне қазақ зиялылары: а.Байтұрсынов, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, В.А.радус-Зенкович, Б.Қаратаев, Ә. Әйтиев, Х.Ғаббасовтар енді. Казревком міндеттері:
*контрреволюция мен интервенцияға қарсы күресу,
*өлкеде мемлекеттік шаруашылық, мәдени құрылыс үшін жағдай жасау,
*өлке Кеңестерінің құрылтай сьезін әзірлеу,
*1920 жылы Алашорданы тарату,
*мәдени құрылыстағы іс-шаралар: — «Ұшқын» газетін шығару, — 300 мектеп ашу, -мұғалімдер даярлау, т.б. мәселелер қаралды.
1920 ж.қараша айының басында Ақтөбеде Түркістан және Сібір қазақ аудандарының депутаттары қатысқан өлкелік кеңестік конференциясы өткізілді. 1920 ж. тамыз айының басында ұлттық істер халық комиссариаты жанында Қазревком, Сібір ревком және Турцик өкілдерінің жиналысы өтті, мұнда Ақмола және Семей облыстарын Қазақстанға беру мәселесі түбегейлі шешілді. Қырғыз (қазақ) Кеңес Автономиялық Социалистік Республикасын құру жайлы деректің үлгісі 17-тамызда қаралып, РСФСР ХКК қолдады, ал 1920 ж. 26 тамызда бұл деректер бекітіліп, заң күшіне енеді.
1920 жылы 20 тамызда Қырғыз (қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы декрет қабылданды. Астанасы-Орынбор қаласы болып бекітілді. Халық саны -5 млн. жуықтады.
1920 ж. 22 қыркүйекте бүкіл ресейлік орталық атқару комитетімен жаңа деректері бойынша КАССР-інің құрамына Орынбор губерниясы қосылды. 1920 ж. 4-12 қазанда Орынборда Кеңсетердің құрылтайы өтті. Жоғарғы өкімет органдары сайланды. Орталық Атқару комитетінің төрағасы болып С.Меңдешев, Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы болып В.А.радус-Зенкович бекітілді. С.С.Мендешев басшылық еткен орталық атқару комитетінің және В.Радус-Зенькович басқарған халық комиссарлар кеңесін сайлаған Қазақстан кеңесінің құрылтай съезін өткізіп Қырғыз (қазақ) АКСР-нің құрылуының тарихи маңызы айтылды.
1.Қазақ халқының ғасырлық арманы орындалуының көрнісі,
2.отаршылдыққа қарсы күресі нәтижесі
3.Ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам деген тарихи баға берілді.
Түркістан құрамына енген Жетісу және Сырдария облыстарын Қазақстанға қосу азамат соғысы кезінде туындаған. Бұл облыстарының қазақтары солтүстік ауданмен бір республикаға бірігу пікірін үнемі ұсынып отырған. 1921 жылы елде ЖЭС (жаңа экономикалық саясат ) басталды. 1924 ж. ТАССР жойылып Өзбек және Түркімен республикаларына бөлінді.Оңтүстік облыстар Қазақстанға қосылды.Қазақстанның астанасы болып Қызылорда жарияланды.
2 Тынышбаев Мұхаммеджан (1879-1937) – қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Туған жері – бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы – Садыр болысындағы Жыланды тауының етегі, қазіргі Алматы облысының Қабанбай ауданы. Оқып, білім алу үшін уез бастығының тізіміне қазақтың кедейі түгіл, бай баласының ілуде, біреуі зорға ілігетін сол бір қиын кезде кедей шаруа Тынышбайдың баласының Верный қаласындағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық класына алынуы айтарлықтай ерекше оқиға еді. Тағдыры тартқан тосын сыйдың мәні «балам оқып, білімді азамат болса» деп армандаған әке тілегімен үйлесіп жатқанын жанымен сезінген он бір жасар Мұхамеджан алғашқы күннен сабағын жақсы оқып, орыс тілін жетік меңгеруге күш салады. Осындай ынта-ықыласына табиғи қабілеттілігі қосылып, ол аз уақыт ішінде гимназия оқытушыларының назарын өзіне аударады. Жыл сайын кластан класқа І – дәрежелі наградамен көшіп, үздік үлгірім, өнегелі тәртібімен ұстаздарының ықыласына бөленеді. Гимназияны бітіргенде педагогикалық кеңестің шешімімен ол ғылымда, әсіресе, математикада үздік жетістікке жеткені үшін Алтын медальмен марапатталады. Гимназияның Алтын медалі мен педагогикалық кеңестің жоғары бағалаған мінездемесі жиырма жасар Мұхамеджанның Жетісу әскери губернаторының кеңсесіне тілмаш болып орналасуына жол ашады. Бірақ оқуға ынталы жас жоғары білім алуға ұмтылып, император Александр І атындағы Петербург теміржол транспорты институтына түсуге тілек білдіреді. Бұл жолы да тағдыр оған күле қарайды. Өзінің мұғалімі, гимназия директоры М.В.Вахрушевтің көмегімен қазынадан 360 сом жылдық стипендия алып, Петербургке аттанады. Мұнда да ол ерен қабілетімен ұстаздарын таңқалдырып, институтты үздік бағамен бітіреді. Институттың соңғы курсында жүргенде 1905 жылғы төңкеріске қатысады.
Сол жылы өткен автономистерінің съезіне қатысып, онда «Қазақтар және қоғамдық қозғалыс» деген тақырыпта баяндама жасайды, өз халқының мұңын жеткізіп, Министрлер комитеті атына өтініш жолдайды. Онда қазақтарды басқарудың басты принциптерінің қазақтардың мүддесімен сай келмейтіндігін ғылыми тұрғыдан негіздеуге күш салады және басқарудың әскери жүйесінен азаматтық жүйеге көшуді талап етеді. Жас саясатшының бұл талабының атақты «Қарқаралы петициясы» талабымен үндесіп жатуы — халқым деген қазақ азаматтарының әр жерде жүріп, бір мақсатқа қызмет еткенін айқын көрсетеді. Жалпы М.Тынышбаев 1905-1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық саяси өміріне белсене араласа бастайды, Ресей ІІ-ші Мемлекеттік Думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі, әсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырды. Мұның аяғы 1907 жылдың 3 маусымдағы заң бойынша «еркіндікшіл» Дума таратылып, қазақтардың Мемлекеттік Думаға өз өкілдерін сайлау құқығынан айырылуымен тынады. Ақпан төңкерісіне дейін Мұхамеджан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша Орта Азияда, Жетісу облысында біраз жыл қызмет етеді.
1917 жылғы Ақпан төңкерісінен өзге қазақ зиялылары сияқты ол да үлкен үміт күткен еді. Сондықтан да ол бұл кезде бел шеше қызмет етіп, қоғамдық-саяси қайраткер ретінде тез танылады. Сол жылы көктемде Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі, сонымен қатар осы үкіметтің Жетісу облысындағы комиссары болып тағайындалады. Алаштың арысы Әлихан Бөкейхановтың төңірегіне топтасқан ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерімен бірге М.Тынышбаев та жалпыұлттық «Алаш» партиясын құруға тікелей араласып, 1917 жылғы желтоқсан айында жарияланған Алаш автономиясы үкіметінің он бес мүшесінің бірі болады, «Алаш автономиясы аумағындағы уақытша жер пайдалану туралы Ереженің» жобасын қабылдауға қатысады. Осының алдында ол бүкілтүркістандық ІV – мұсылмандар съезіне қатысып, онда жарияланған Түркістан («Қоқан») автономиясының премьер-министрі болып сайланады. Түркістан автономиясын Кеңес өкіметі күшпен талқандағаннан кейін М.Тынышбаев Алашорда қайраткерлерімен тізе біріктіре отырып, азамат соғысы жылдарында қызылдарға қарсы күреседі. Бірақ одан күткендей нәтиже болмайтынын көргеннен соң, 1920 жылдан бастап, Кеңес өкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Ташкентте, Қызылордада, Алматыда әр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етеді.
1926 жылдан бастап Тұрар Рысқұловтың қолдауымен Түркістан-Сібір жолын салуға қатысады. Халыққа азаттық әпермек болған істерінен нәтиже шықпай, кеше өзі қарсы болған қызылдарға қызмет етуге мәжбүр болған ол енді бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды, қазақ шежіресін түзеді. Алайда қара тізімге алып, әр қадамын қалтқысыз баққан қызыл жендеттер оған халқының тарихын жазуға мүмкіндік бермей, қамауға алып, Ресейдің қаратопырақты аймағына (қазіргі Воронеж облысы) бес жылға жер аударады. Айдауда жүрген кезінде М.Тынышбаев Москва-Донбасс темір жолын жобалау бөлімінде жұмыс істейді. Содан кесілген мерзімін өтеп елге оралады. Бірақ ұзамай, ол 1937 жылдың қараша айында қайтадан тұтқындалып, көп кешікпей атылады.
3 Шоқайұлы Мұстафа (1886-1941) — отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты Шоқай ауылы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Торы тармағына жататын Шашты руынан тараған текті әулеттің ұрпағы. Атасы Торғай Сыр қазақтары орыс патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі болған. Әкесі Шоқай дала қазақтары арасында ерекше мәдениетті, елге беделді би болған, отырықшылықпен айналысып, бау бақша салдырып, егін еккен, кірпіш үй салдырған. Анасы Бақты да текті жердің қызы екен. Әкесі батыр болыпты. Түркістанды орыс отаршылары жаулап алуға кіріскенде, Бақты да әкесімен бірге соғысқа қатысып, барлаушылық қызмет атқарған. Бейбіт күнде өлең жазып, дастандар жырлаған.
Отаршылдықтың өктемдігін, қиянатшыл әділетсіздігін Мұстафа жастайынан көріп өседі. Өз басы отаршылдықтың өрескел кеудесоқтығымен Ташкентте, «өте жақсы» деген бағамен гимназияны аяқтаған кезде бетпе-бет кездеседі. Гимназияда оған берілмекші болған алтын медальді генерал Самсонов бергізбей, одан төмен оқитын орыс баласына жазады. Бұған күміс медальді ұсынады. Бірақ Мұстафа медаль алудан мүлде бас тартады.
Мұстафаның терең білім алып, саяси көзқарасының қалыптасуы және қоғамдық қозғалысқа, халқының азаттығы үшін күреске қатысып шыңдалуы Петербор университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінен басталады. Ол гимназияда да, университетте оқып жүргенде де, жергілікті әкімшіліктен зәбір жапа шегіп келген жерлестерінің атынан арыз жазып, олардың әділдікке жетуіне көмектеседі, тіпті, кейбір күрделі істер бойынша сенат алдына мәселелер қоюына тура келеді.
Мұстафаның алғашқы қоғамдық жұмысы оның 1914 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен IV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының хатшылығы. Бұл оның Ресейдегі қайраткерлермен, Дума депутаттарымен араласуына, іс жүзінде жалпы мұсылмандық, жалпы түркістандық идеяларды қолдауына алып келді. Азаттық алу үшін езілген халықтардың тізе қосуы қажет екенін Мұстафа сол кезде анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл пікірінен айныған жоқ.
1917 жылғы Ақпан төңкерісін Мұстафа Петeрборда пікірлес достарымен бірге қуана қарсы алады, патша үкіметінің құлауы оларға бостандыққа жетуге жол ашқандай болады. Ол Әлихан Бөкейханов секілді отандастарымен бірігіп, іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты тұлғаларының біріне айналады.
Уақыт туғызған мүмкіндікті пайдаланып, еркіндікке қол жеткізер кезде Түркістан мұсылмандары бірлік таныта алмай, ек топқа бөлініп: бірі консервативті бағытты, екіншісі прогресшіл бағытты ұстанады. Қазан төңкерісінен кейін билікті алған Түркістан жұмысшы шаруа кеңестерінің үкіметі бұл екі топты саяси бірлікке келтірмеудің бар шарасын істеп бағады. Екінші бағыттың басында тұрған Мұстафа Шоқай осы кезде құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің сыртқы істер министрі, Мұхамеджан Тынышбаев отставкаға кеткен соң, оның орнына Бас министр қызметін атқарады. Бұл кезде ол Өлкелік Қазақ Кеңесінің төрағасы болатын. Оған қоса 1917 жылдың шілде айында Орынборда өткен I Бүкілқазақтық Құрылтайдан соң құрылған «Алаш» партиясына мүше еді.
Ташкенттегі жұмысшы солдат депутаттарының үкіметі өзін бірден-бір билік иесімін деп есептеп, Қоқандағы Мұсылман автономиясына қарсы қанды қырғын ұйымдастырады. Қоқандағы большевиктер ойранынан зорға қашып құтылған Мұстафа Иргаш Құрбашының бандыларының қолына түседі. Өліммен бірнеше рет бетпе бет келіп, әйтеуір аман қалады. Бұдан кейінгі басталған оның эмиграциядағы өмірі де қиыншылыққа толы еді. Жат жерде қаржы қаражатсыз жүргеніне қарамай, тынымсыз саяси ғылыми баспагерлік жұмыстармен айналысады. Бұл Мұстафа Шоқай ұлының өз халқының тәуелсіз болашағы үшін білек сыбанып, ымырасыз күреске түскен жылдары еді.
Ол өмірінің соңында тамыз айының басынан қараша айының соңына дейін немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықтармен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. Жаны күйзелген Мұстафа Германияның билік орындарына жолдаған хатында: «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ» деп жазады. Осы хатты тапсырған СС офицері: «пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде Мұстафа: « Егер сіздер осыған байланысты маған ату, не асу жазасын берсеңіздер қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» дейді. Мұстафаның адал жары Мария Яковлевна арқылы бізге жеткен осынау деректер ұлтын сүйген ұлы азаматтың ұлтшыл жүрегінің жерлестері тартқан азапты көріп қалай ауырғанын, жанының қалай күйзелгенін әлемге жариялап тұрғандай.
Ол 1941 жылы Берлиндегі «Виктория» ауруханасында құпияға толы жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылмандар бейітінде жерленген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *