ХІХ   ҒАСЫРДАҒЫ  ҚАЗАҚ  ТАРИХЫ  ЖӘНЕ  ӘДЕБИЕТІ.  ХІХ  ҒАСЫРДАҒЫ  ҰЛТТЫҚ  СӨЗ  ӨНЕРІ  ДАМУЫНЫҢ  ТАРИХИ-ӘДЕБИ  СИПАТЫ 

 

Қоғам дамуының қай  кезеңінде  болсын, әдебиет  те  белгілі  бір  тарихи-әлеуметтік  жағдайлармен  байланысты   қалыптасады.

     XIX ғасырдың  бірінші  жартысында  қазақ  қоғамындағы   іргелі  өзгерістер, бір  жағынан, Қоқан  хандығының,  екінші  жағынан,  Ресей  патшалығының  қазақ  елін  отарлау  саясаттарына  қатысты  өріс  алды.

    Қоқан  хандығы  1814-1815  жылдары  Түркістан,Жетісу  өлкелерін  күшпен   бағындырды.   Сөйтіп,  Жетісу  мен  Сыр  аралығын   XIX ғасырдың  екінші жартысына  дейін  өз қарамағында   ұстады.  Жергілікті  халықтан  алым-салықтарды   шектен  тыс  жинап,  экономикалық  қысымшылық   көрсетті.   Тіпті   адамды  құл  ретінде  қанаумен   қатар,  оларды  шет  аймақтарға  сатуды    да  кәсіпке  айналдырды.  Бұған  ашынған  елдің  Қоқан  өктемдігіне   қарсы  батыл наразылықтары  қарулы  қақтығыстарға  ұласып   отырды.

     1821 жылы  Оңтүстік  өлкесінде  10  мыңдай   адам  қатысқан  Тентек төре   бастаған  қозғалыс  болып  өтті. 1840-1860  жылдар  арасында  Қордай,  Шу,  Мерке  өңірінде   Саурық, Сұраншы   бастаған  Қоқан   билігіне  қарсы  күрес  қанат   жайды.   Бұл  кезең   сол   уақыттағы  әдебиетте   елеулі  із   қалдырды.  Осындай  оқиғалар  тұсында   өмір  сүріп, оған  араласқан  Жанкісі   ақын  Қоқан   әміршілігінің  елге  салған  ылаңын  өткір  шенейді.

Өзіңіз  қосқан  зекетші

Біздің  елде  Жүзбай  бар.

Жүзбай  жүрген  жерінде

Жылау менен  ойбай   бар.

Және  мұның  жолдасы, —

Қаратамыр Дадан  бар.

Еріп  жүрген    соңында

Қырық-отыздай  адам  бар.

Шоңмұрын  деген   молдасы   бар.

Төлеген  деген   жорғасы   бар.

Атына  жемді  салуға

Алты  еннен қылған  дорбасы  бар…

“Келі түбім”  деп  алады,

“Кеусенім” деп  алады,

“Орта   зекет”  деп  алады

“Құшақ  зекет”  деп  алады…-

деп,  қазақтың өз  ішінен  шыққан пысықайлардың  да  елді   жаумен  бірге  қосыла   тонап  жатқанын   зор  күйінішпен   суреттейді.  Ақын  Қоқан  хандығы   отаршыларының  езгісіндегі  халықтың   ауыр  алым-салықтан  қатты   күйзелгенін   өткір   тілмен  өлеңіне  арқау   етеді:

Айтайын десең ұрады,

Ұрмақ  түгіл  қырады.

Қаумалаған  көп  момын

Қорлаушыдан құтылар

Амал-айла таба  алмай,

Қарайды да тұрады.

Алдына  салып  айдайды,

Ашуланса  байлайды,

Әкімі   жоқ  қазаққа

Теңдік  жоқ  деп  ойлайды.

Алса  малға  тоймайды,

Біз  жыласақ  ойнайды…

 

ХІХ  ғасырдың  алғашқы  ширегінен  бастап,  Ресей  патшалығының   отарлауы  мен  феодалдық  қысымдарға  қарсы  күрестер,  қозғалыстар  етек  алады. 30-жылдардағы  Исатай-Махамбет  көтерілісіне  байланысты  туған   Махамбет,  Шернияз, т.б.  ақындардың  жалынды  жырлары  әдебиетімізде  күрескерлік  мазмұнын  дамытты.

Нысанбай  жырау,  Күдері,  Досқожа,  Арыстан,  т.б.  ақындар  жорық  жыршылары  болды.  Олар  Кенесары,  Наурызбай  ерліктерін,  қазақ  халқының  басына  түскен  ауыртпалықтарды  жырға  қосты. 

Зар заман ақындары – қазақ әдебиеттану ғылымына алғаш рет  1927жылы М.  Әуезов  енгізген термин,   зар  заман   кезеңінде ғұмыр кешіп, отарлық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын   мұң-зармен   жырлаған   ақындар   шоғыры.   Зар   заман   ақындары   шоғырының белгілі өкілдері: Дулат  Бабатайұлы,  Шортанбай  Қанайұлы,  Мұрат  Мөңкеұлы,  Әбубәкір  Кердері,  Албан  Асан, т.б. Әуезов Зар   заман   ақындары   дәуірін   Абылай   хан    тұсынан Абайға   дейінгі   жүз   жылға   ұластырып,   Нарманбетпен     аяқтайды.         Зар заман ақындары   тұсынан   қазақ   әдебиеті   жазбаша   сипат   алатынын   атап   көрсетеді. Дәстүрлі   қазақ    қоғамындағы   бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа сипатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі Зар заман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Зар заман ақындары халқының жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шығармалары  халықтық  салт-дәстүрлерді қаймағы   бұзылмаған  қалпында сақтауға,    ұлттық   болмыс-бітімнен  ажырамауға   үндейді.

Ресей   империясы   отарлаушыларының   озбырлығы   мен   сұрқия   саясаты Зар   заман   ақындарының   өлең-жырларында   жан-жақты суреттеледі.    Қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алып, ұрпағын аздырып, діннен аулақтату сықылды империялық пиғылдың жүзеге асуына қарсыласу қозғалысы Зар заман ақындарының қайраткерлік поэзиясын өмірге әкелді.  Бұрынғы  жыраулар  поэзиясымен  үндесіп жататын өршіл рух, әсіресе, Мұрат  Мөңкеұлының  жырларынан   айқын байқалады.   Зар   заман   ақындары   шығармаларындағы ұлттық болмысты, қазақы қадыр-қасиетті сақтап қалуға үндеген ой-пікірлер жанайқаймен, шарасыздықпен, соңғы төзімді сарқа айтылғандығымен ерекшеленеді. Мұндай бодандықтың бұғауына бас игісі келмеген ұлт қайраткерлерінің   өршіл   үні айқын    аңғарылады.   Зар заман ақындарының шығармаларында сары уайымға салыну, қайғы-мұңға берілу сарыны да байқалады. Бұл кезең ақындары келер күннен үміт жоқтығына налиды, тығырықтан шығатын жол  таппай қиналады.   Олар елдің басына түскен нәубетті ақырзаманның келгені деп ұғады. Бұл жердегі ақырзаман – ғаламдық апат, жарық дүниедегі көзге ілінген нәрсенің тып-типыл болуы турасындағы емес, отаршылдықтың шеңгеліне мықтап түскен ұлттың күйреуі сипатындағы ақырзаман. Халықты қан қақсатқан зобалаңның себебін Зар заман ақындарының бірі адам қолымен жасалған зұлымдықтан, екіншілері діннің бұзылғандығынан деп топшылайды. Әсіресе, Шортанбай ақын шарасыздықтан дінді таяныш қылады.

ХІХ  ғасыр  әдебиетінің  зерттелуі  ұзақ  та  қажырлы  еңбекті  талап  еткен  іс  болды.  Қазақ әдебиеті тарихының» төртінші томында қазақ әдебиетінің ерекше тегеуірінді, рухы асқақ, идеялық-көркемдік шарықтау дәуірі — ХІХ ғасырдағы ішкі жаңғыру заңдылықтары тарихи шындық тұрғысынан сараланған. Көркем әдебиет пен қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың сабақтастығы, сонымен қатар ұлттық әдебиеттің халықтық қасиеті тұңғыш рет ғылыми түрде негізделіп, басты сипаттары мен заңдылықтары дәйектеледі. Көптеген ақындардың мұралары қайта қаралды,   архивтерде тұмшаланып жатқан деректер назарға алынып, жаңа көзқарас тұрғысынан бағаланған. Тәуелсіздік алғанға дейін әдебиет тарихындағы орны жете сараланбай келген Көтеш Райымбекұлы, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы  сынды  бірнеше ірі ақындардың шығармашылығына назар аударылды. Шернияз  Жарылғасұлы, Махамбет Өтемісұлынан бастап бірқатар көрнекті  тұлғалардың туындылары арнайы талданған. ХІХ ғасырда қазақ   халқының   жаңа   әдебиеті қалыптаса бастады, әдебиет жанрлық, көркемдік   шеберлік   тұрғыдан   іштей  түлеп, тақырып аясын барынша кеңейтті, қоғамның  тарихи  құбылыстарына   қарай   күрделі көркемдік сипат алды. Әдеби процестің осындай  заңдылықтары   қазақ қауымының   қоғамдық-әлеуметтік жағдайларымен бірегей сабақтастықта  қаралған. «ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті» атты шолу мақала осы кезеңдегі әдебиет тынысына сараптама жасап, негізгі бағыттары мен көркемдік ерекшеліктерін көрсетуге арналды.   А.Қ.Егеубаев  «ХІХ ғасырдағы  қазақ   әдебиетінің даму заңдылықтары», «Көтеш  Райымбекұлы»;  филология  ғылымдарының  докторы, профессор Ж. Ысмағұлов   «Шал ақын Құлекеұлы»;  ҚР ҰҒА академигі, филология   ғылымдарының   докторы,   профессор   С.А. Қасқабасов  «Махамбет Өтемісұлы»;   ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор  Қ.Жұмалиев  «Шернияз Жарылғасұлы»  атты  еңбектерін  жариялады.

 

 

Әдебиеттер  тізімі:

Негізгі  әдебиеттер:  1,2,3,4.  Қосымша  әдебиеттер: 1,3, 5.

Тапсырма: 1.Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» жырын талдаңыз:

2.Зар заман ағымы туралы ғалымдар пікірі,дәлелі .Осы сұрақтарға жазбаша жауап жазыңыз

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *