ТҮРІК ХАЛЫҚТАРЫ ФОЛЬКЛОРЫНАН ОТАРШЫЛДЫҚҚА ҚАРСЫ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЛТАЙ ОБРАЗЫНЫҢ КӨРІНІСТЕРІ

Жалмырза Айдын Асылбекқызы*

Түрік халықтары дүниетанымында жаратылыстың барлық құбылыстарымен байланысты қасиетті саналған ұғымдар болған. Мұндай дүниетанымдық ұғымдар түріктердің байырғы замандағы ортақ ауыз әдебиетінен бастап, қазіргі заманғы ұлттық әдебиетінде көрініс тауып келеді. Қасиетті саналып, кейін сөз өнерінде көркем бейне ретінде қалыптасқан сондай ұғымдардың бірі – Алтай тауы. Алтай тауы әлемге әйгілі тау. Өр Алтай, Кенді Алтай, Таулы Алтай, Моңғол Алтайы 3000 километрге созылған, басын мұзарт басқан, етегін жасыл орман көмкерген құтты мекен. Соның асқар шыңы Өр Алтайдың үш жағында Қазақстан, Шығыс Түркістан қазақтары, Моңғолия қазақтары мекендейді [Картаева 2013: 249]. Бұл таудың аты сонау қытай жылнамаларында, ежелгі грек жазбаларында, көне түркі жазба ескерткіштерінде, Ибн Калдун, Марко Поло, Плано Карпини, Гильом де Рубрук сияқты ертедегі шетелдік саяхатшылардың жазбаларында «Алтынтағ», «Алтын йыш», «Алтынды», «Төлес», «Цзиньшан» нұсқаларында кездеседі. [Бияров Б.Н. 2013: 35].

Жалпы түріктік наным-сенімде аспанмен санасып, алыстан көк сеңгір болып көрінетін таулар жер мен көкті жалғап тұрушы киелі жаратылысқа, тәңірдің тұрағына баланған [Öğel 2010:425]. Сондықтан да жаратқанға арналған құрбандық шалу рәсімдерінің көбі тау шыңында орындалған [Gömeç 2013: 15]. Сол сенімнің бір көрінісі ретінде бүгінде Хан Тәңірі шыңы оро-нимін мысал ете аламыз. Түркітанулық зерттеулерде исламға дейінгі түріктердің тау культін кие тұтқандары туралы нақты мәліметтер кездеседі [Потапов 1946]. Мысалы түрік ғалымы Бахаеддин Өгел «Түрік мифологиясы» атты екі томдық еңбе-гіннің бірінші томының отыз төртінші бөлімінін тау культіне арнап, тақырыпқа қатысты түрік дүниетанымы мен мәдениетін-дегі деректерді ұсынады [Öğel 2010: 423-465].

Түріктердің культтік сенімінде қасиетті саналған көптеген тау атаулары бар. Олардың кейбіреулері оронимдік атаулар болса (Өтүкен, Алтай, Ақтау тауы), базылары сипатына қарай әспеттелген балама атаулары (Алтынтау, Қаратау, Ұлы тау, Бо-дын інлі) болып табылады. Тау культіне деген сенім түріктердің қарапайым тұрмыстық тіршілігінде де көрініс тауып отырған. Ф.А. Сатлаевтың айтуынша, Солтүстік алтайлықтарда Жер-Суды құрметтеу, оның ішінде тау-тасты қадірлеу осы күнге дейін жалғасып келеді [Бөгенбаев 2014: 119]. Мысалы, құмандыларда ата-баба культіндегі тауларға әйел адамдардың жалаң аяқ, жалаң бас шығуларына және ол жерде таудың атын атауларына әсте болмайды. Егер осы аталған тыйым бұзылса, онда отбасына жамандық келеді деп сенген [Культура и традиции 2008: 184]. Тувалықтарда киелі тауды қазіргі күнге дейін «Ыдық» (хакастарда — «Ызык») — «қасиетті» деп атайды және осы ыдық сөзі көне түрк жазба ескерткіштерінде де сақталған. Жалпы түрктердегі Жер-Суды құрметтеудің негізгі бастауын адамның ризашылық сезімдерімен байланыстыруға болады [Орынбеков 1996, 150]. Ежелгі түрктердің ұғымы бойынша, бұл таулардың үңгірлерінде ата-бабаларымыз тұрған, ол біздің алғашқы ота-нымыз, мекеніміз деп ұққан.

Тауды құрметтеу дәстүрінде Алтай тауының алар орны ерекше. Түріктердің шығу тегі туралы нарративтік дерекерде Алтай тауы «Отан», «ата жұрт» ұғымымен мағыналас келеді. «Тун дянь» жылнамасының 197-тарауында кездесетін аңыздардың біріне назар аударалық: «Көк түрктер әуелден Пин-лиаңды мекендеген Хулардың бірі едi. Олар негізінде ғұндардың бір бұтағы болатын. Арғы тектері – Ашина. Кейiн Вей (заманында) Тай-ву патшаның Чие-чу әулетін талқандауы нәтижесінде. Ашина бес жүз отбасымен жужандарға қашып келіп, олар сол жерде Алтай тауын (Цзиншан) мекен етті. Бұл таудың пішіні дулығаға ұқсас болғандықтан, оларды өздерінің тілдерінде дұлыға мағынасына саятын Түчүе деп атадық» [Taşağıl 2012: 95]. Біз үшін бұл аңыздың маңыздылығы – Алтай тауының түріктердің панасы болуы мен олардың этнос ретінде қалыптасу тарихына қатыстылығы. Алғашқы Түрік Елі да осы Алтайда бой көтерді. Ел орталығы кейін Мұқан қағанның билігі тұсында Өтүкенге көшірілсе де, Алтай өңірі әкімшілік аймақ болып қала берді. Міне, осындай қарапайым мысалдардан «Алтай – тұтас түріктің алтын бесігі» деген қанатты сөздің тамыры тереңде екенін көреміз.

Тәңірдің құт дарытқан мекені, түріктің отаны ретінде кие санаған Алтай тауы әдеби үдеріс заңдылығына сай, әдебиетте де жалғасы үзілмеген көне тақырыптардың бірі болып, зор құрметке бөленген көркем бейне ретінде барлық түрік халықтарының әдеби шығармаларынан орын алды. Түрік фольклорында Алтай тәңірдің тұрағы, батырдың әкесі, алыптардың тірегі ретінде суреттеледі. Мысалы, Алтайлық көне эпостық сарындарда батырлар тау рухы мен өзен-анадан немесе тау-әке мен су-анадан туады:

Қара тайқаны атам дегем
Қату ярды энем теген… [Алтайские героические сказания 1997: 12]

«Очы бала» аңызынан алынған бұл үзінді тармақтарының мағынасы «қара тауды әкем дегем, мөлдір өзенді анам дегем» мазмұнына саяды. «Кан Алтын» аңызының қаһарманының дүниеге келуі де тау культімен байланысты:
Пүткен-чыккан алтайы –
Алты талалу
Ак Сүмер-тайка адалу эмтир.
Алты коолду

Ак сүт-көл энелү эмтир [Алтайские героические сказания 1997: 12].
Аудармасы:
Ол туған Алтай
Алты тарапты тау еді
Ақ Сүмер тау еді әкесі.
Алты торапты
Ақ сүт көл оның анасы еді.

Ал кейде тау мифологиялық анаға айналады. Мысалы «Маадай-Кара» аңызындағы Маадай және оның ұлы Мерген тау рухынан туылады [Маадай-Кара 1973: 460].

Қырғыз түріктерінің аңыздарында да Алтай құтты мекен ретінде танылғандығы көрінеді. Мысалы «Аю батыр» аңызын келтіруге болады. Аңыз бойынша: ертеде Алтай тауларын түрк жұрты мекендепті. Бір жылы қатты қыс болып, ел жұтқа ұшырап мал-жанның бәрі қырылыпты. Алайда Тәңірдің құдіретімен сол елден тек Аю батыр ғана аман қалыпты. Бір күні Аю батыр келе жатып, бөрілердің қар астынан қызды сүйрелеп шығарып жатқанын байқап қалып, ол қызды аман алып қалыпты. Бір қызығы қыздың денесінің еш жеріне бөрілер зиян тигізбепті. Аю батыр ес-түссіз жатқан қызды алып сол маңдағы үңгірге келіпті. Қыздың аты Айсұлу екен. Сол кезде оларға екі құс ұшып келіп, ақ және қызыл тас тастап кетіпті. Содан от шығарып, Айсұлуды жылытып, тірілтіп алыпты. Бір күні сол үңгірге құс қайта ұшып келіпті де сол сәтте ақ шашты анаға айналыпты. Ол Ұмай ана екен. Ұмай екі жасқа бақыт тілеп, Айсұлудың маңдайынан сипап қайта ұшып кетіпті. Айсұлу мерзімі жетіп босанарда От енесі Ұмайға сиынып, атын атап шақырыпты. Сол кезде Ұмай құс болып ұшып келіп оны босандырған екен. Айсұлу бір ұл, бір қыз тауыпты. Ұмай балалардың кіндігін кесіп, анасының құшағына тапсырып, қайтадан ғайып болыпты. Аю батырдан тараған ұрпақ көбейіп түрк жұртын құрапты. [Ыбыраев 2002: 24]. Бұл аңызда түріктер үшін киелі болған төрт ұғымды көреміз, олар: от, бөрі, ұмай және үңгір. Бұл аталғандардың бәрі түріктер үшін жоғары қасиетке ие ұғымдар болған. Алтай тауын мекен еткен Аю батыр мен Айсұлудан түрік жұрты тарайды. Бұл аңызда да түріктердің шығу мотиві бар және «ата жұрт» Алтай тауы болып көрініс тапқан.

Алтай тауына қатысты айтылатын аңыздар өте көп. Оларды бір мақала шеңберіне сыйдыру мүмкін емес. Біз аталмыш тақырыптың ғасырлар бойы жалғасып, өзектілігін жоғалтпағанын кейбір мысалдар арқылы көрсетуді мақсат еттік. Сондықтан да отаршылдық заманындағы әдебиеттен де мысалдар келтірейік.

Отаршылдарға қарсы күрескен алаш қаламгерлері шығармаларында ұлттың санасын оятып, жігерлендіру мұратымен «Алтай», «Түркістан» атауларын жиі қолданды. Отаршылдыққа қарсы әдебиеттегі Түркістан, Алтай түсініктері «тұтастырушы, біріктіруші» ұғымы мен нақты «Отан» мағынасына саяды. Оның әдеби мұралардағы рәміздік мәнін Қошке Кемеңгерұлы тілімен айтар болсақ, «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ер жетіп, өсіп өнген ордасы – Түркістан». Сондай-ақ Х. Болғанбай да бұл тақырыпты проза жанрына арқау етіп, «Алтын көл» әңгімесін жазды. Бұл әңгіменің хикаясы опасыз алтын жайлы болғанымен, Алтайдың берекесіз тұрмысының суреттеліп, жұрттағы жұттың тауқыметімен, ағайынды елдердің бірлігінің жоқтығын аңғартса керек. Мысал ретінде қысқа ғана үзінді келтірейік: ««Бұрын-бұрын заманда, ұлт аймақ аманда әлдеқалай тәңірінің тарлығы ұстап, Алтай елі бір әйдік жұтқа ұрынды» [Жалмырза 2013: 148]. Жазушы ата жұрт Алтайда аштық жайлап, тұрмыстың қуаң тартуын бейнелеумен сол кездегі отаршылдық жағдайындағы түрік жұртын суреттеп еді.

Мағжан Жұмабаев «Алыстағы бауырыма» атты өлеңінде өзінің дәстүрлі әдісімен әуелі тарихқа шегініс жасап, бір кездері Алтай-ананың ақ сүтін бірге еміп, бауырында алалы алтын сақа атысқан дәуренді сағынышпен еске алады. Ер жеткенде Ақ теңіз бен Қара теңіздің ар жағына кеткенін, ал бүгін онда жалғыз қалып, дұшпанның құрығына түскенін айта келіп:

Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта, Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа Лайық па құл боп тұру? Жүр кетелік Алтайға, ата мирас алтын таққа, — деп, түріктің ыстық қанын қайнатып, қайрат беретін өлеңін жазды. Мағжанның келтірілген шумағына түріктің этнос болып қалыптасқан дәуірінен отарланған ХХ ғасырға дейінгі бүкіл тарихы сыйып кеткендей. Ақын Кіші Азияда жау талауында болса да еркіндігі өз қолында болған жалғыз түрік еліне үн қатып, байырғы оғыз-қыпшақ бірлігі жарасқан кезеңді аңсап, қайта бірігуге үндеуде, ата мирас алтын тақ – Алтайда бас қосайық деп ашық айтады.

Алтай тақырыбы қазақ әдебиетіне жат емес. Қазақтың фольклортанушы ғалымы, академик С.Қасқабасовтың тілімен айтар болсақ, «Алтай – қазақ руханиятында, яғни әдебиетінде, өнерінде, күллі мәдениетінде зор шабытпен жырланатын тақырып. Алтай туралы бізде ән де, өлең де көп, оны асқақтата жырламаған ақын, жазушы кемде-кем. Қазіргі ақын-жазушыларды айтпай-ақ, бұрынырақта өмір сүрген классиктерді еске түсірсек те болады. Олар – Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Иса Байзақов, т.б.» [Қасқабасов 2011: 46].

Ал қазақтың сыршыл ақыны Сәкен Сейфуллин «Алтай жүрегі» атты өлеңінде:

Айбатты Алтай тауы бұлттан асқан, Басың қар-қысы, жазы қырау басқан. Айдынды Азияның қарауылы-Шудалы Ақбас бура көбік шашқан. Өр Алтай ызғарланған көкке тиіп, Өр кеуде ақ мамықтай төсік биік. Үймелеп көктен бұлттар, қоршап төніп

Аймалап ақ төсіңді құшқан сүйіп [Картаева 2013: 250]. Алтай табиғатының сұлулығы баланың анаға деген махабатымен суреттелген. Сәкен ақынның шумақтарынан Алтай тақырыбының лирикалық өлеңдерде де жырланғанын көреміз.

Отан мағынасына тең келетін Алтай образы отаршылдыққа қарсы Түркістан әдебиетінің мұғажырлық кезеңінде де жалғасын тапты. Илтер псевдонимімен жазған Салих Еркинқол есімді жас қаламгер Отаннан жырақта ұлт-азаттық күресін жүргізген мұғажыр азатшылдарға арнап жазған «Түркістан қолбасшыларына» атты өлеңінде:

Елімнің еркі үшін өлімге қол байлап, Арыстан ерлерге болды олар жолбасшы. Шаң қылған Каспий мен Алтайдың арасын, Түріктің ұрпағы – анамыз, жетелер жеңіске,

Еркіндік әніміз, азаттық салтымыз, [Қыдыралиев 2007: 172 б.]- дейді.

Мұнда да түріктің түп-төркін Алтайға деген үлкен сағыныш сезімі байқалады. Стамбұлда 1953 жылы «Түркістан» атты айлық мәдени журнал шығара бастаған Шығыс Түркістанның азатшыл мұғажыры Мехмет Емин Бұғра журналдың бірінші санының маңдайшасына:
Тәңірі таудың тартуы бұл гүлдерді,
Иіскеп бір мауқын басар жүректер… [Жалмырза 2013: 178] деген салмақты екі жолды жазыпты. Бұл жолдарға мұғажыр азаматтардың Алтайға, Отан гүлдеріне деген аспан сағынышы сыйып тұр.

Қорытындылай айтар болсақ, түрік халықтарында тау культі болған, оның ішінде Алтай тауы түпкі отан саналған. Мұндай дүниетанымдық сенім түріктердің мифологиялық аңыздарынан тарта, лирикалық поэзиясында, жалпы түрік сөз өнерінде түгел көрініс тапқан. Алтай тақырыбын өзек еткен шығармалар отан ұғымының типтік бейнесі ретінде түрік халықтары әдебиетіне ортақ «Алтай тауының» образын қалыптастырған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *