ТҮРКІ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ «МАХАББАТ» ЛИНГВОМӘДЕНИ КОНЦЕПТІСІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Исабекова Ұлдар Келдібекқызы

Дүниетанымы мен мәдениеті әр басқа халықтардың арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз ете отырып, жекелеген ұлттың да өзіндік ерекшеліктерін көрсететін маңызды мәдени универсалийлер бар. Осылардың бірі – лингвомәдени концептілер. Тілдегі концептілердің бұл түрі санаулы болса да, сол халықтың тілдік ғалам бейнесі белгілі бір дәрежеде көрініс табады. Лингвомәдени концептілердің ішінде адамның қарабайыр тұрмысының шегарасынан шығып, өмірінің мәнін қалыптастыруға тікелей ат салысатын базалық құндылықтарын топтастыратын «махаббат» эмоциональды концептінің орта ғасырлық жазбалардарғы ерекшеліктерін осы мақала шеңберінде ашуға тырысамыз.

Әлеуметтік мәртебесіне сәйкес суперконцептке жататын «Махаббат» концептісінің [Убийко 1999: 15-31] «ішкі формасы анық және нақты емес», «…керісінше, қарама-қайшылықтарға толы, ментальді аймақтан жоғалып кететінін» айтады [Степанов 2004: 418]. Көне гректерде «эрос» (ἔρως) – стихиялық, «филия» (φιλία) – махаббат-достық, «сторге» (στοργή) – махаббат-үміт, «агапе» (ἀγάπη) – жанын пида ететін махаббат түрлерін атап көрсеткен және осыны негізінен барлық ғылымдар басшылыққа алады (Апресян 2010: 241-245.). Нысанына байланысты махаббаттың ата-аналық, балалың анаға, жыныстық махаббат түрлері кездеседі. Осының жалғасы ретінде бауырға, адамның өзіне және жаратушыға деген махаббатты [Фромм 1990: 46–82] қосуға болады.

«Махаббат» логикалық категория ретінде шартты түрде тұрақты әрі белсенді; сексаулдық қажеттілікке физиологиялық тұрғыдан негізделген жағымды эмоциалы қатынас. Сонымен қатар этномәдени ерекшелігі бар, лингвистикалық құрылымға ие күрделі ментальді білім болып табылады. «Махаббатты» лингвомәдени концепт ретінде қарастыру оның көпқырлы ерекшеліктерін жан-жақты ашуға жол ашады. Тілдік бірлік ретінде «махаббат» концептісінің мазмұны халықтың дүниетанымымен тікелей байланысты болғандықтан, бүл күрделі процесті бір мақала шегінде зерттеу ауқымына сыймайды. Сондықтан осы жұмыста түркі дүниетаным жүйесін ортағасырлық кезең кесігінде қарастырып, «махаббат» концептісінің мазмұнын қысқа түрде ашуға тырысамыз.

Түркілер қоғамдағы процесстерді, өзгерістерді, қайшылықтарды сан ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибелеріне, моральдік-этикалық нормаларына, саяси-құқықтық жүйесіне, дүниетанымы мен салт-дәстүріне сай реттеп отырды. Дәстүрлі көшпелі тұрмыс отырықшылыққа ауысып, ұлан-ғайыр далада сарайлар мен қалалардың пайда болуы түркілік дүниетанымның экстролингвистикалық факторлардың ықпалымен жаңа арнада дамуын талап етті. Ұлы Түрк қағанатының ыдырауынан пайда болған жаңа мемлкеттердің құрамындағы түркі халықтарының таным-түсінігі, құндылықтар жүйесі дамыды. Сол кезеңдегі түркі мемлекеттерінің Араб халифатымен қарым-қатынасы, исламды дін ретінде қабылдауы дәстүрлі түркілік дүниетанымның жаңаша мазмұнмен толыға отырып дамытылуын қажет етті. Халықтың дүниетанымы түркілік құндылықтар негізін діңгек етіп ұстанып, әр тарихи кезең ақпараттарын екшеп, ерітіп, балқыта отырып өзіне сіңірді. Сондықтан қазақ дүниетанымы түркілік негізден бастау алып, орта ғасырда ислам мәдениетімен байытылған Фараби, Ибн Сина т.б. ойшылдар еңбектерімен жаңа арнаға ауысып, Баласағұн, Йүгнеки еңбектерімен сабақтасып, Иасауи тариқатымен нақтылана отырып дамыды. «Исламның мемлекеттілігі мен мәдениеті гүлденген» кезеңі [Беляев1961: 28–32] түркі дүниетанымын да жаңа деңгейге көтерді. Бұл кезең Араб халифатының билік басына Аббасидттердің келуімен сәйкес келеді. Осы кезеңіне тұрақты тарихи жағдай қалыптасып, ірі қалалар көбейіп, кітапханалар мен университет ашылды, көпшілікке арналған ауруханалар пайда болды, «Даналар үйі» (Бейт аль-хикма) дүниеге келді, астрономиялық обсерватория салынды, алғашқы эмиссарлар исламды дамытуда шариғат жолына үгіт-насихат жүргізді, ғылымға, мәдениетке, моралдік құндылықтарға ислам дінінің негізінде басты назар аударылды, ғылым мен музыкаға ерекше көңіл бөлінді, көркем шығармалар дамып, билеуші Джафар образы арқылы «Мың бір түн» хикаясы дүниеге келді, дін мен мәдениеттің ошақтары көбейді. Бұл үрдіс халықтың дүниетанымдық дамуын жаңа сапаға арттырды, нақ осы кезеңде шығыс әлемінде жалпы адамзат қоғамындағы еркек пен ұрғашының, ана мен баланың, бауырлардың арасындағы махаббат исламның дүниеге келуімен жаңа сипатқа ие болды. Адамдар арасындағы махаббат сезімі аумағынан асып түсіп, бүкіл өмірдің тірегіне айналды. Осыған сәйкес теология, философия, эстетика салаларының өзекті мәселесіне айналды. Алланың бір екеніне және барлығына сену; Құранға иман келтіру; Мұхамбет пайғамдардың Алланың елшісі екеніне иман келтіру арқылы Алланы тану, адамның әлемдегі орнын анықтау мәселелерін түркі халықтары өзіндік ерекшеліктерімен арқылы қабылдады. Бұны зерттеушілер «халықтық» (Х. Маршалл) немесе «дәстүрлі» ислам (З. Жандарбек) деп атады. Осы кезеңде «махаббат» ұғымы ең алдымен, халық өмірінде онтологиялық, аксиологиялық, гносеологиялық мәселелерді шешуде де сүйенетін негізгі тұғыр болды және бұл өз кезегінде дүниетанымында қордаланып, қаттала берді, халықтың шығармашылық өнерінде негізгі нысанға айналды, туындыларда көркем образға айналды. Өкінішке орай, филологиялық зерттеулерде осы кезеңнің жазба ескерткіштері тілдік конструкциялық, құрылымдық тұрғысынан тереңдей зерттелгенімен, қазіргі ұлттардың дүниетанымдық сабақтастығы тұрғысынан да қарастырылмады. Бұл, бір жағынан, зерттеуіміздің өзектілігін арттырса, екінші жағынан «махаббат» концептісінің күрделігін одан сайын тереңдете түседі. Жалпы Кеңестік одақта антиислам идеологиясы үстемдік еткендіктен, түркология тарихында орта ғасырлық жазба ескерткіштер ұлы өркениеттің бір бөлшегі ретінде қарастырылмады, ал исламның ықпалын зерттеуге тиым салынды. Қазіргі қоғамның дамуы, бірқатар түркі мемлекеттерінің тәуелсіздік алуы түркологияда зерттелмей, тасада қалып қойған тарихи жазба мұраларын бүгінгі таңда ұлт ретінде қалыптасқан көптеген этностардың дүниетанымдық сабақтастыға тұрғысынан зерттеуді қажет етеді.

Рухани мұраларды әлемдік орасан зор өркениетке қол жеткізген «мұсылмандық реноссанс» кезеңімен бірлестікте қарастыру араб-парсы-түркі мәдениетінің шынайы табиғатын ашады. Осы мәдениеттің бір бөлігін суфизм доктринасы құрайды және біздің нысанымыздағы «махаббат» концептісі суфилердің ілімдерінің негізі болды. Суфизм монотеистік исламдағы теоцентризмді антропоцентристік бағытта дамытты. Бұл үрдіс кез келген суфийдің ілімінде орын алды. Айталық, суфизм доктринасының ірі өкілінің бірі әл-Бастами: «Алла туралы мәлімет адамда: Оның танымы – адамда, Оның махаббаты – адамда, Оның жүрегі – адамның жүрегінде» [Ибн ‘Араби 1995] деп Алла мен адамның арасындағы терең байланысты атап айтты, басқа да суфилердің пікірі осы мазмұндас болып келеді. Олардың іліміндегі осы негіз, яғни Алланың тану жолында өзіңді танудың мәні, адамзаттық рухани құндылық мәселелерінің жан-жақты түсіндірілуі ел ішінде кең құлаш жайып, өсіп-өркендеуіне әкелді. Әрение, моральдік-этикалық нормалар адам пайда болғаннан бастап, бүгінгі кезеңге дейін өзектілігін жоғалтпаған адамзаттың мәңгілік мәселесі, оны батыстық та, шығыстық та зерттеушілер жан-жақты зерттеумен айналысты. Ал суфилер мұның негізгі мәнін ашып түсіндірді. Яссауи хикметтерінде «шариғат дүр ғашықтардың әпсанасы, Абыз ғашық тариқаттың дүр данасы» (ДХ, 24) дегендей, исламнан бастау алған шығыс ойшылдарының барлық ғылым салалары бойынша еңбектері орта ғасырларда бүкіл әлемге, соның ішінде батыс Европалық ғылым мен білімнің дамуына тікелей әсер етті [Шах 1994: 22].

Адамзат қоғамында шешуші рөл атқарған суфизм ілімін «махаббат» категориясы тұрғысынан талдасақ, адамды рухани тазалыққа, жүректі тек жақсы қасиеттерге арнауға, таза көңілмен Алланың махаббатына, ризалығына қол жеткізуге шақыратын суфийлік ілімнің өміршеңдігін байқаймыз. Х-ХІ ғасырларда ислам мәдениетінің Орта Азия мен Иранға ауысып, Бұқара, Самарқанд, Отырар, Мере, Нишапур, Исфаһан, Рей, Хамадан қалалары мәдениеттің ошағына айналуымен байланысты орта Азияда суфизмнің кең өркен жаюында. Орталық Азияда суфийліктің Баха ад-дин Нақшбанд (Нақшбандия), Әбд әл-Қадир Жейлани (Қадария), Наджм ад-дин Кубра (Кубравия), Қожа Ахмет Яссауи негізін қалаған тариқаттар таралған. Зерттеушілер Орта Азияда, әсіресе түркі мемлекеттерінде суфизм бағытын ұстанушылардың көп болғанын айтады. Суфийлер, Араби айтқандай, «діни адамдардан да жоғары…жұмбақ» адамдар [Ибн ‘Араби 1995]. Әр суфийдің Аллаға махаббаты еңбектерінде әрқалай интерпретацияланды, бірақ олардың жүрегінде Джунайд айтқандай, «Аллаға деген махаббаттан басқа ешнарсе болмады». Құран қағидалары, шариғат жолы және махаббат заңдылықтарының ортақтықтары олардың жалпы идеяларын біріктіріп тұрды. Исламда мистикалық бағыт ретінде жеке мұсылмандық ілімдерде қалыптасып, орта ғасырларда күрделі жүйеге ие болған суфизмнің негізін Алланы махаббатпен тану құрады. Суфидің махаббаты «барлық жерде және ұшы-қиыры жоқ. Ақиқат туралы білімнің таусылмайынша оның шегі жоқ» [Из реки речений 1999]. Яғни суфийлік жолға түсу – өзіңді махаббатқа айналдыратын білімді меңгеру және махаббатқа айналып кету, ол білім ғашық адамның өмірін сүру үшін және өзіңнің де сүйікті екеніңді түсіну үшін керек. «Абсолютке махаббатпен «шексіз ұмтылған» [Шиммель 1999: 14] суфийлер Құранға сүйеніп, Мұхаммед (ғ.с.) пайғамбардың жолын ұстанып, тақуалық өмір кешкен Хазіреті адамдар ілімі арқылы дамыған суфизмнің өзіне тән бірқатар (бұл жалғанның барлық қызығынан безіп, күйбең тіршіліктің пендешілік қалпын тәрк еткен, көптеген қосымша дұғалар оқу (навафиль), өзін Алланың еркіне беру (таваккул), пақыр (факр) кейпінде күн кешу, қарапайым халық арасында болып, үкімет пен әскери ұйымдардан қол үзу, т.б.) ерекшеліктері бар. Зерттеушілердің еңбектерінде «суфий» ұғымы «көңілі таза, ешкімге тәуелді емес, өзі де ешнәрсеге ие емес. Нәпсінің құлы емес, сырттай халықпен, іштей хақпен бірге болатын, адамның ішкі сырын оқи білетін (оқи білгенге адам ашылмаған кітап сияқты), нәпсісін өлтіріп, хақпен «тірілген» уақыттың перзенті, хақпен ұласқан адам» деген мағынаны білдіреді [Kenjetay 2000]. Ел арасында өмір сүрген суфийлердің жұртшылықтың дәстүрлі тәртіптілік ережелеріне қарағанда өздеріне ғана мәлім қасиеттер, ерекше әдепті жүріс-тұрыс стилі, өзгеше ойлау қабілеті тән, олардың өмірлік ұстанымдары кісілік қадір-қасиеттерге толы. Олардың ілімдері ортодоксолдық діни дәстүрлерді, догматтарды қатаң ұстанбайды, исламның қағидаларын практикалық тұрғыдан өздерінің тәжірибелеріне сүйене отырып, нәпсіні тежеп, сезім дүниесін байытып, рухын кемелдендіру арқылы Алламен ұлы махаббат деңгейінде қауышады.

Суфийлік ілімнің өзегіне айналған Құранның «(Алла) көк мен жерді көркем жаратушысы» (Коран 2:117) аятымен үндес Алланың әлемді жаратуда пайғамбар (ғ.с.) айтты деген бір сөз бар: «Хазрат хақбихана уа тағала: «Мен кеңістіктің бір бұрышында жасырынулы тұрған кен-қазына едім. Менің тәңірі екенімді ешкім білмейтін. Өз құдіретімді білдіруге махаббатым ауып барша ғаламды жараттым» (ҚА, 171). Суфийлердің ұғым-түсінігінше Алланың махаббаты – болмыстың және жаратылыстың негізгі себебі. Сондықтан Алланы тану жолы махаббат арқылы ғана мүмкін болады. Жаратушы Хақты көрсем, танысып білсем, онымен дидарлассам деген құштарлық адамды үнемі ілгері жетелейді. Алла өзінің құдіретін таныту үшін бүкіл әлемді махаббатпен жаратты, «махаббат – Алла жаратқандарының ішіндегі ең күштісі және ең ұтымдысы» (Бахааддин Велед) деп түсінген суфийлер ілімдерінде махаббат ерекше сипатқа ие болды. Сондықтан ислам философиясында «Махаббат» концептісін құрайтын түсініктердің мәні айырықша терең. Айталық, Ибн Сина «нет любви вне этой общей абсолютной любви. Следовательно, бытие каждого предмета, управляемого [высшим принципом], определяется врождённой любовью [Ибн Сина 2005: 700]. Баласағұн «Сүйіп мені тіледі ол алдымен, сүйініп оны тілеушімін енді мен, ол әуелі мені тілеп, жаратты, содан іздеп, бердім пейіл, қабақты» деуінің астарында суфийлердің осы терең танымы жатыр.

Суфийлердің Алланы танып білудің жолы махаббат арқылы іске асатынын дәлелдеуі осы концептіге ерекше сипат береді. Алла өте қасиетті әрі күрделі объект, «Оған ұқсайтын ештеңе жоқ» (Коран: Шура, 11). Оны тануға логикалық ойлау немесе парасаттың шамасы келмейді. Ол үшін адам жанының терең түкпірінде жататын бір киелі күш қажет. «Алла – көктер мен жердің нұры (нұрландырушысы)» (Коран 24:35). Адамның рухындағы нұр сүйіспеншіліктен нәр алып, әрдайым жанып, адамның жүрегін, көңілін, санасын нұрландырып тұрады. Сүйіктің Алламен тілдесіп, сырласқан сайын, онымен кездескен сайын, сүйіспеншілігің арта түседі.

Құрандағы «Аспандар мен жердегі нәрселер Оған тән және Ол Асқақ әрі Ұлы» (Коран 42:4) аятпен үндесетін суфийлер ілімдерінде Алла тарапынан болған болмыстың мәнін өзінің қоршаған ортасынан іздейді. Осыған байланысты Э. Фролова атап көрсеткендей, «бәрі – Алла, Алла – бәрі» суфизмнің негізгі онтологиялық постулатына айналды [Фролова 2010: 90]. Яссауидің «Махаббатың бағын кезбей ғашық болмас» (ДХ., 24 деуінің мәні де осыған келіп тіреледі, яғни әлем – Алланың махаббатпен жаратылған болмысы, Яссауише «махаббат бағы», ал болмыстың мәнін білу, тану «Алланың жіберген сыйы – махаббат» арқылы жүзеге асады, сол арқылы адам ғашық болады.

Суфийлердің махаббат туралы ілімдері кез келген адамның ақылы жете бермейтін терең сыршылдығымен ерекшеленеді. Мa’руф си-Кархи махаббаты «Алланың мейірімімен келетін сыйының бірі» деп, оны адамдардан үйрене алмайтыныңда айтса, Шейх Музаффер «Адамдар «махаббатпен жасалған күнә махаббатсыз құдайға құлшылық еткеннен гөрі мақтауға тұрарлық» дейді. Немесе махаббатсыз еткен құлшылық босқа күш жұмсаудан артық емес. Әрение, махаббатпен жасалған күнә жазалануға әкеледі, бірақ ол ләззаттың бастауы. Не істесең де махаббатпен істе» дейді. Айталық, Шейх Музаффар «өзіңнің бар болмысыңда махаббаты сезін, Ғашығының ақиқатына жету үшін, құдайлық мәннің жұмағына ену үшін, Досыңның (Алла) дидарына тояттау үшін… өмірде махаббатты жолсерігің ет»; Абу Саид ибн Аби-л-Хэйр «…арамызда тозақ оты болса да, махаббатым өртті жарып шығатын жеңіл жол жасайды» [Из реки речений 1999].

Махаббат – Алла мен адамдың арасындағы алшақтықты жоюшы. Исламдағы Жаратушы Ие мен құлының арасындағы қатынас, суфийлік ілімде басқаша сипатқа ие. Махаббаттың арқасында Сүйікті мен сүюші арасындағы үндестік орнайды. Бұл Алла мен суфийлер арасындағы сұқпаттарда анық көрінеді. Рәбия: «О Құдайым, жұмақтан орын берсін деп жалбарынады десең, онда мені жұмақтан айыр, өйткені бұл жалбарыну тек саудагерлердің ісі… Құдайым, тозағыңнан қорқып, саған жалбарынады деп ойласаң, онда мені тозаққа жібер, өйткені бұл жалбарыну тек құлдардың ісі» – дейді. «Құдайым, сен көркем әрі сұлу болғандықтан, мен саған жалбарынып, мен сені жақсы көремін… мені өзіңмен кездестіру мүмкіндігінен айыра көрме»; «Жүрегімде Аллаға деген махаббаттан басқаға орын қалмады» дейді [Из реки речений 1999]. Жалпы суфийлік ілімдерде махаббат – «Алла–Адам–Әлем» арасындағы үндестікке құрылған қарым-қатынас. Алланың мәні – барлық болмыстардың мазмұны. Әлемдегі барлық нәрсе Алланың мәні арқылы бар. Алладан басқа жаратылған болмыстар есімі амал және сипатының көріністері болғандықтан өздігінен бар бола алмайды. Сондықтан олар Аллаға мұқтаж, тәуелді. «әль-Батин» (Жасырын, Барлық нәрсені қамтушы) есіміне ие Алланың сипатымен барлық жаратылыс шағылысқан, оны тек ғашықтық көзбен қараған Адам ғана көреді. Осыған қатысты суфий Шейх Музаффер: «сүю – сұлулық пен игілікті көре білу; бәрінен үйрену, Алланың сыйы мен жомарттығын барлық жерден көру; оған риза болу. Бұл – махаббат жолындағы алғашқы қадам». Тек жүрекпен сезіліп, ұғынылатын «махаббат» Алламен үндесуде ең жоғарғы дәрежеде көрініс табады, яғни жер бетіне тән адамдардың ғашықтығынан бұл махаббат мүлде бөлекше мазмұнға ие болады. Бұл күйді Баласағұн «Ием сүйсе, қайтем өзге сүйгенді»; «Көңіл кімді сүйсе, көзден қалмайды, көзің қанша көрсе де, еш қанбайды» (ҚБ, 3480) деп махаббаттың құштарлығың қанбайтын ерекшелігін айтады. Махаббаттың бұл сатысында ғашық адамның өз өзін ұмытып, сүйіктісіне толығымен беріледі. «Әрі Ол (Алла) – Кешірімді һәм Сүюші» (Коран 85:14) болғандықтан махаббат «сүюшінің белгілері Сүйіктінің белгісіне айналдып жібереді [Из реки речений 1999]. Бұл ерекше халге жетуді бәрі де көксейді, Баласағұн «Мені, сүйген пайғамбармен бір еткін» (ҚБ, 30) деуінің мәнісі осында болса керек. Бұл ерекше халді зерттеушелер былайша жеткізеді: Ғибадат үстінде белгілі бір шарықтау шегіне, албұртқан сезім мен экстаздық халге жеткен сәтте, адамның көңіл-күйі ашылып, оған Алланың дидары көрінеді. Одан, яғни Алладан құйылған нұрдан, шапағаттан адам өзін-өзі бақылаудан, тежеуден айырып, шабыттанады, тасиды. Өзін-өзі жоғалтып алады. Рахат бір сезімге бөлінеді. Осы сәтте ол Алламен қауышады, өзін Алла кейіпінде сезінеді. Бұл сәт жүректің кіршіксіз тазаланып бұл дүниенің, күйбең тіршіліктің азабынан арлып, өзінен басқа жан сезіне алмайтын рахат әлеміне сүңгу сәті» [Шемшек 2000].

«Ерекше мейірімді һәм Сүюші» (Коран 11: 90) «Бәрін білуші
«Әл-Алим» ( ) «Алла жүректеріңдегілерді біледі. Алла бәрін Білуші әрі Ұстамды» (Коран: Ахзаб, 51) Аллаға құлшылық – суфизм доктринасының негізгі ерекшелігінің бірі. Зікір арқылы адам махаббатын арттырып, бұл жалғанның барлық азабын да, жаратылысын да, тіптен оның бәрін ұмытып, жоғары экстаздық көңіл-күй қалпына ұйып, өзін-өзі жоғалтқан сәтте көз алдына Алланың дидарын келтіру, жан-тәнімен онымен табысып, қауышу, үйлесімділік тауып ұласу. Аллаға махаббаты зікірмен ұлғайтуға суфийлер айрықша мән беріп, оны Аллаға құлшылық етудің бірегей тәсілдерінің бірі ретінде қолданады. Баласағұн әлемніе «татқың келсе бар ләззәтін» «орында құлшылықтың шарттарын» (ҚБ., 3991) деуінде Аллаға жалбарынып, оны медет тұтуда мұқият ойластырылып ресмиленген белгілі бір ритуалдық діни жоралар мен жаттығуларды орындау айрықша орын алатынын меңзейді. Зікірде барлық нәрсені ұмытып, тек Алланы барлық жан дүниесімен сезінеді, ғажайып әлеміге еніп, сүйіктісімен табысу халіне енеді. Маулана суфийлер мектебінің дәруіштері үйіріле дөңгеленіп, шыр айналып билегенде жүректеріндегі махаббат ұлғайып, көңіл айнасы ашылып, сезімдері шабыттанып, рахатқа батады, өзін мүлдем ұмытып, жерлік әлемнің шегінен шығып, Аллаға жақындайды, ғажайып махаббат нұрына шомылып, Алламен бірге болады. Махаббатпен ұласуда суфийлер үшін Алланың барлық сипаты ең ашық кемел дәрежеде көрініс табады. Йассауи іліміндегі жиі зікір салудың мәні, Баласағұнның шығармасының желісінің үздіксіз махаббатпен өрілуі, Йүгнекидің шексіз махаббатының астарында осы сезім жатыр. Суфий үшін дүниедегі әрбір сұлулық пен әсемдік Құдайдың сұлулығы мен әсемдігінің айнасы. Осы сұлулықты сабырлықпен іздейді, Аллаға шексіз махаббат жолына түседі.

«Махаббат ғылымы аяқталмайды» (Руми) дегендей әр суфийдің ілімінде әрбірінің Аллаға махаббаты жатыр, сондықтан олардың зерттеудің посткеңестік кезеңінде енді қолға алынып жүрген тақырыптардың бірі. Бұл концепт түркілік ғаламның тілдік бейнесін терең танытатын концептілерлің бірі болғандықтан, ұлттық менталитетті көрсетеді, оның мазмұны мәдени дәстүрлер мен тарихи тәжірибелерді қамтиды. «Махаббат» концептісі зерттеушінің терең сезімталдығын қажет етеді және оның көпқырлы, субьективті, перифериялық шегінде басқа да концептілермен шектесуі ұлттық-мәдени дәстүрмен және тарихи тәжірибемен тығыз байланысын білдіріп әрі бұл мәселені көптеген қырда бірнеше ғылым саласының аумағында қарастыруды қажет етеді.

«Махаббаттың» көпқырлылығы оны сипаттайтын бірнеше анықтамаларды тудырды, соған қарамастан Румише айтсақ, махаббат ғылымы аяқталмайды». Қазіргі таңдағы лингвоконцептология мен лингвомәдениет саласындағы жетістіктер «Махаббат» концептісінің түркі-араб мәдениеті мен қазақ дүниетанымының одан әрі зерттеуге жаңа мүмкіндіктер береді деп сенеміз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *