Көптілділік – көпмәдениетті тұлғаны қалыптастырудың жолы

 

Бахтиярова Рысқаным Жолболсыновна.,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «БҚО ПҚБАИ»

 

тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру

кафедрасының меңгерушісі,

Батыс Қазақстан облысы  Орал қаласы

 

Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері әлемдегі көптеген елдермен саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыс жасауға кеңінен бет бұрды. Бұл қарым-қатынастың нәтижелі болуы, ел мен елдің, халық пен халықтың өзара ынтымақтасқан бірлігін өркендетуге тіл білудің мәні күн сайын арта түсуде. Қазақтың ұлы ақыны Абай: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді» деген екен.

 

Қазақстандағы «Тілдердің үштұғырлылығы» туралы ойды Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясында айтқан еді. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деп аталған Жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» мәдени жобасының жүзеге асырылу кезеңдерін айқындады. 2008 жылдың ақпанындағы кезекті Қазақстан халқына Жолдауында да: «Үкімет «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын іске асыруды жеделдетуі тиіс. Бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аударғым келеді», – деп атап көрсетті.

Үш тілде оқытудың негізгі мақсаты: бірнеше тілді меңгерген, әлеуметтік және кәсіптік бағдарға қабілетті, мәдениетті тұлғаны дамыту және қалыптастыру.

Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда негізгі баспалдағы, өйткені бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналды.

«Үштұғырлы тіл» идеясының үшінші құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену. Ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың легіне қосылу.

Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнайтын дәстүрлі Жолдауларында да тіл саясатына, қоғамдағы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне айрықша тоқталады. Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестіктің қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Президент көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр, өскелең ұрпақтың алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр.

Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейтесті мәселелердің бірі, себебі жаһандандыру және киберкеңестікке шыққан заман тілдерді білуді талап етеді.

«Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыру мақсатында дайындалған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адам капиталын дамыту үшін білім мазмұнын жаңаша жаңғырта отырып, білім саласында түбегейлі өзгерістер енгізуге бағыттайды. Қазіргі таңда Қазақстан қоғамының әлеуметтік-экономикалық, рухани қалыптасуының жаңа міндеттерін іс жүзінде асыруға дайын жас ұрпақты тәрбиелеу – білім беру ұйымдарында көптілді білім беруді жолға қою.

Өркениетті қоғамда тіл адамзаттың баға жетпес құндылығы деп саналады. «Тегінде адам баласы бір-бірінен ақыл, білім, ар, мінез қасиеттерімен озады» деген ұлы ақын Абай сөзі әр кезеңде өз түйінін айқындайды.

ҚР «Білім туралы» Заңының 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп көрсетілген. 

Мемлекет басшысы: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі және оған қамқорлық та сондай дәрежеде болады», – деп сендірді.

Үш тілде оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін бүгінгі күнгі қажеттілік.

ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету. Негізгі міндеттердің бірі – мемлекеттік тілді сақтай отырып ағылшын және басқа да шет тілдерін оқып-үйрену.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының 12-сессиясында: «Қазақстандықтардың жас ұрпағы кем дегенде үш тілді білулері тиіс: қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгерулері қажет», – деді.

Үштілділікке оқыту – көпмәдениетті тұлғаны қалыптастырудың жолы. Жаңартылған білім мазмұнына сай түрлі тіл дамыту бағдарламалары жасалуда. Сол бағдарламалардың материалдарын қолдана отырып, үш тілді үйрету – мектепке дейінгі ұйымдарда басталуы қажет.

Мектепке дейінгі ұйымдарда шетел тілдерін оқыту бойынша бағдарлама Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына, Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес әзірленді. Осы бағдарламаны іске асыру баланың одан әрі әлеуметтік, тұлғалық, танымдық дамуына, көптілді және көпмәдениетті заманауи әлемде оның алғашқы бейімделуінің пайда болуына мүмкіндік береді. Бағдарламаның педагогикалық мақсатқа сәйкестігі мектеп жасына дейінгі балаларды ағылшын тіліне үйрету дұрыс айтуды қалыптастыратын, лексикалық қордың жинақталуын, шетел тілін тыңдап түсіне білуді және қарапайым әңгімелесуге қатысуды алдын-ала қарастыратын маңызды кезеңдердің бірінен тұратындығында. Мектеп жасына дейінгі балалардың шетел тілін игеруінің педагогикалық маңыздылығы тұлғаның тілді, соның ішінде шетел тілін игеруі зияткерлік, эмоциялық және адамгершілік дамуымен тығыз байланыстылығынан тұруында. Мамандар мектепке дейінгі жасты шетел тілін игеру үшін барынша қолайлы кезең деп санайды. Психологтар нақты осы жаста тілдік материалды есте сақтаудың орнықтылығы мен фонематикалық естудің жоғарғы дәрежесін белгілейді. Балалық шақта шетел тіліне үйрету тіптен үзіліспен болғанның өзінде де уақыттың босқа өткендігі деп санауға болмайды. Тәжірибеде мектепке дейінгі жаста игерілген тілдің айтарлықтай шапшаңдықпен қайта еске түсетіндігі туралы мағлұматтар да көп кездеседі.

Шетел тілін үйрету балабақша тәрбиеленушілерінің сөздік қорларын кеңейтуге, оларды күнделікті өмірде қолдана алуына, өз бетінше айналасындағылармен сұхбаттасуға, қарым-қатынасқа түсу аясының кеңеюіне, жеке дамуына зор ықпалын тигізеді. Бұл бағдарлама бізге баланың қатынасқа түсу дағдысы мен тілдік машығын дамытуға, тілге деген қызығушылығын тудыруға, түрлі кластер, кестелер, суреттер арқылы әңгіме құрастыра алуға көмектеседі. Осы бағдарламаны іс жүзінде қолдану қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сабақтар өткізудің нәтижесі болып табылады. Алты-жеті жастағы тәрбиеленушілер бір тілден екінші тілге оңай ауысып отырады, қойылған сұрақтарды түсініп, оларға мүдірмей дұрыс жауап беріп, қиындықсыз сұхбатқа түсе алады. Сондықтан да үштілділік мәселесін мектепке дейінгі ұйымдардан бастау тиімді. Бүлдіршіндердің бойына тілге деген сүйіспеншіліктерін дарыту және салт-дәстүрлер туралы білімдерін кеңейту мақсатында біз олармен ұйымдастырылған оқу әрекеттерін жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге сабақтан тыс шаралар, атап айтқанда тілдік сайыстар, викториналар, байқаулар мен ойын-сауықтар өткізуіміз қажет.

Қазіргі қазақстандық қоғам көпұлттық, көптілділік және көпмәдинеттілік ортада. Елімізде тілдердің үштұғырлығы жобасы жүзеге асырыла бастады. Осы жоба аясында қазақ, орыс және ағылшын тілдерін үйренуге жағдайлар жасалуда.

«Үштұғырлы тіл» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың негізгі бағыттары:

– Үштілді білім беруді жүзеге асыратын құжаттарды даярлау, яғни жоспарлы іске асу үшін әдістемелік жұмыстарын, білім бағдарламаларын жасау;

–   Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бастау;

– Үштілді білім беру шеңберінде орта жалпы білім беретін мектептерде оқытушылар құрамын даярлау және қайта даярлауды ұйымдастыру;

–   Жаңа үздіксіз тілдік (қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі) оқу курстарын ұйымдастыру.

Қазіргі кезде шетел тілін оқыту мынадай төрт мақсатты көздейді: коммуникативтік, білімділік, тәрбиелік және жетілдіру. Білім алушылардың үш тілде еркін сөйлеу біліктілігін дамытуды жүзеге асыру барысында мынадай міндеттерді шешу көзделеді:

–   заманауи интербелсенді және инновациялық технологияларды қолдану;

–   үш тілде де қарым-қатынас жасауға, сөйлеуге үйрету;

–   әр оқушының тілдік қабілетін толық ашу;

–   сөздік қорын молайтуда аударма және түсіндірме сөздіктерін пайдалана алу;

–   танымдық қызығушылығын қалыптастыру.

Елбасымыз атап көрсеткендей: «Мемлекеттік тілді үйрету балабақшадан басталуы тиіс. Бұл заман талабы».

Көптілділік – заман талабы. Көптілді оқыту – жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік. Әр адамның рухани-адамгершілігін арттыру үшін бүгінгі тез өзгеріп жатқан дүниеде өмір сүріп, еңбек етуі үшін жан-жақты болу қажет. Осыған орай, бүгінгі таңда Қазақстанға ақпараттық-технологиялық, ғылыми, медициналық, оқу-әдістемелік т.б. салаларда жаңалықтарды, әлемдік ілгері тәжірибелерден хабары болып, бұл жаңалықтарды өзінің ана тілінде халқының игілігіне пайдалану үшін халықаралық байланыстарды нығайтып, әлем аренасына шығу үшін көп тіл білетін мамандар қажет. Осы бағытта мектептер, ЖОО өз үлесін қосуда.

Бұл бағдарламалардың басты идеясы – Қазақстанды бүкіл әлем халықтарына үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде таныту керек. Атап айтатын болсақ, олар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – дамыған мемлекеттермен терезе теңестіріп, солардың қатарына қосылу үшін қажет. Түйсігіміздегі нысана

– қазақ тілді дамыту, орыс тілін қолдану және ағылшын тілін үйрену. Күтілетін нәтиже:

– Үштілді білім беруді енгізу негізінде полимәдениетті тұлға, бәсекеге қабілетті маман даярланады;

– Президентіміз айтқандай, әлемде Қазақстан үш тілді де еркін әрі ерікті қолданатын жоғары білімді ел ретінде танылады;

– Ағылшын тілін меңгерту арқылы – халықаралық қатынастың, ғылым мен техниканың, бизнес пен журналистиканың барлық салаларында емін- еркін жұмыс жасай алатын ұрпақ даярланып, тәрбиеленеді;

– 2050 жылғы қазақстандықтар ــ үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы.

Тілдерді дамыту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Тіл проблемаларын оңтайлы шешу – ұлтаралық қатынастар үйлесімділігінің, халық бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың түпқазығы болып табылады.

Өркениетті елдердің қатарына кіру үшін сауатты да, экономикасы жоғары ел болып қалыптасуымызға көптілді білім беру мамандарын даярлауымыз қажет.

Қолданылған әдебиеттер:

  • Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Астана,2010 ж.
  • Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» — «Қазақстан халқының рухани дамуы және үштұғырлы тіл дамыту саясаты» Қазақстан халқына Жолдауы
  • Мектепке дейінгі ұйымдарда шетел тілдерін үйрету бойынша бағдарлама. – Астана, 2015.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *