«ДИУАНИ ЛҰҒАТИ-Т-ТҮРК» ШЫҒАРМАСЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТТАНУ ҒЫЛЫМЫНДА

Әлібекұлы Ақжігіт*

Жүсіп Баласағұни, Махмуд Қашқари, Ахмет Иасауи, Ахмет Иүгнеки, Сүлеймен Бақырғани сынды дарабоз ғұламалар өмір сүрген қарахандықтар дәуірі түркі өркениетінде ерекше құрметке ие. Түркі қағанатынан кейінгі қарахандықтар билігі кезінде рухани-әдеби шығармалар көптеп дүниеге келе бастады. Х-ХІІ ғасырларда Ислам дінін қабылдаған кейбір түркі тайпаларынан шыққан ақындар имандылық жолын жырлап, адамгершілікке шақырды. Осы дәуірде ауызша тараған Оғыз дастаны мен Қорқыт жайлы аңыздар хатқа түсті. Көнеден жеткен түркі жырлары Махмуд Қашқаридің “Диуани лұғати-т-түрк” кітабына жинақталды. Біліктілік пен даналықты ту еткен Жүсіп Баласағұнның “Құтадғу білігі”, құдайды тануға үндеген Қожа Ахмет Иасауидің “Диуани хикметі”, тәлім-тәрбиеге мән беріп, ақиқатты жырлаған Ахмет Иүгінекидің “Хибат-ул-хақаиқы” ислам өркениетімен ұштасып, жаңаша леп әкелді. Тәрбиелік мәні ерекше бұл шығармалар ұзақ ғасырлар өз құнын жоғалтпады. Өлең сөзді қадір тұтқан түркі жұртына Құран қағидалары мен шариғат шарттарын, Мұхаммед пайғамбардың адамгершілік пен имандылыққа толы хадистерін таратып, түсіндіруде поэзия жетекші құралға айналды. Әдебиеттің қоғамдағы әлеуметтік-моралдық құны арта түсті.

Түркі халықтарының тіліне, тарихына, әдебиетіне, өнеріне, жалпы, түркі мәдениетіне қатысты жазылған Махмуд Қашқаридің «Диуани лұғати-т-түрк» шығармасы түркология саласында орны ерекше. Ол түркі халықтарының әдеби, тарихи, мәдени мұрасының аса маңызды үлгісі ретінде бағаланады. Қашқаридің бұл еңбегін қарахандықтар дәуіріндегі басқа шығармалардан бөле-жара даралап қарастыруымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, «Диуан» ХІ ғасырдағы түркі тайпаларының тілдік құрылымын, оның артықшылықтары мен ерекшеліктерін барынша нақты көрсеткен ғылыми түзілімі салмақты еңбек. Екіншіден, ол – сол дәуірдегі фольклорлық мұралар мен әдебиет үлгілерін тануда, түркі халықтарының тарихи және географиялық шеңберін анықтауда таптырмас дерек көзі. Үшіншіден, бұл еңбек арқылы ежелгі түркі тайпаларының дүниетанымы мен эстетикалық ерекшеліктері жөнінде де тұжырымдар түюге болады.

«Диуани лұғати-т-түрк» шығармасы түркі тілдерінің тілдік ерекшеліктерін, сөз жасау түзілісін, туынды және тудырушы сөздердің мән-мағнасын, қолдану аясын, бір мағыналы сөздің өзге түркі тайпаларында аталуын салыстыра қарастырған ғылыми лингвистикалық сөздік. М.Қашқари бұл еңбегінде құрғақ талдаумен ғана шектелмей әрбір сөзге түсіндірме жасағанда түркі тайпаларында қалыптасқан тұрақты сөз тіркестері мен фольклорлық өлең-жырлардан дәйектер келтіріп отырады. Қашқарлық автор түрік сөздерінің жинағын құрылысы мен мазмұнына сай сегіз кітапқа бөліп, «Хамза кітабы», «Сәлим кітабы», «Мудоаф кітабы», «Мысал кітабы», «Үш әріпті сөздер кітабы», «Төрт әріпті сөздер кітабы», «Ғунналылар кітабы», «Сукунді сөздер кітабы» деп жіктеген. Десе де, кітаптың өн бойында түркі халықтарының тарихынан, мәдениетінен, әдебиетінен мағлұмат беретін деректерді көптеп кездестіруге болады. Сондықтан да бұл жөнінде Х.Сүйіншәлиев: «Әсте, бұл кітапты тек тіл тарихы мүлкі деп қана ұғу жеткіліксіз. «Диуан» сөздік қана емес, ол сонымен бірге ХІ ғасырдағы Орта Азия тайпалары жайлаған өлке халықтарының тарихы мен ол халықтардың әдебиеті үлгілерінен көптеген мәлімет берерлік маңызды дерек, тұңғыш әдеби жинақ. Әсіресе, мұнда халық ауыз әдебиетінің алатын орны өзгеше. «Диуанда» халықтың мәтел сөздері барынша мол қамтылған және олардың көбі қазір қолданылып жүрген сөздер» [Сүйіншәлиев 1986: 5] − деп Қашқари еңбегінің әдебиеттанудағы орнын айшықтайды.

Махмуд Қашқаридің шығу тегі, туған жері, өскен орта-сы туралы ғылымда әлі де талас көп. Кейбір ғалымдар, әсіресе шығыс түркістандық зерттеушілер, шығарма авторының есіміне қосылған «Қашқари (Қашқарлық)» атауына қарап, оны Қашқар қаласында немесе соның маңайындағы Опал, Адығ, Касы елді мекендерінің бірінде туып-өскен деп жорамалдай-ды. Бұл атау «Диуанның» алғысөзінде «Тәлиф-и Махмуд бин әл-Хусейн бин Мухаммед әл-Қашқари» деп бір ғана жерде көр-сетілген. Бірақ «Диуан» авторы Қашқари есімін өзі қолданды ма әлде бізге жеткен жалғыз шығарманы көшіруші Мухаммед бин Әбубәкір ибн Әбулфатх тарапынан алғысөзге қосылды ма бұл жағы осы уақытқа дейін белгісіз күйде қалуда. Себебі, сөздікте автор өзін әл-Қашқари деп көрсеткен емес. Керісінше ол әкесі Барсхан қаласында туғандығын, Барсхан, Баласағұн, Шу қа-лалары туралы айтқанда «біздің жер», «біздің жайлау» деп жазады. Ал, Опал, Адығ, Касы туралы автор «біздің мемле-кеттегі бір ауылдың атауы» деп анықтама береді. Дегенмен ғылымда шығарма авторы Махмуд Қашқари есімімен танылды.

Махмуд Қашқари өзінің әкесі Ибраһим, атасы Мұхаммад екенін айта келіп, олардың әмір әулетінен шыққанын, ата-ба-балары Саманилер жерін өз иеліктеріне қаратқанын жазып қалдырған. Қарахандықтар әулетінің тарихын зерттеушілердің соңғы пайымдарына жүгінсек, М.Қашқаридің дерегінде тарихи шындық бар екеніне көзіміз жетеді. Қағандық шежіре бойынша М.Қашқаридің арғы тегі Білге Құл Қадыр ханға барып тіре-леді. Ол өзін қаған деп жариялап, билікті қолына алады. Біл-ге Құл Қадыр хан өмірден озғаннан кейін балалары арасында билік үшін тартыс басталып, екі баласы негізгі күшке ие бо-лады. Базыр Арсылан хан Баласағұнды, Оғылшақ Қадыр хан Таразға билік жүргізеді. Базыр Арсылан ханның баласы Сатұқ Бұғра хан Қарахандар әулетінің негізін салушы ретінде тарих-та белгілі. Сонымен қатар ол түрік қағандарының ішінде алғаш мұсылмандықты қабылдаған және Түркістан мен Қашқар өңірі-не Ислам дінін таратқан [Тәзкире-и Бұғра хан 2007: 51-56]. Сатұқ Бұғра хан қайтыс болған соң таққа ұлы Мұса отырады. Мұсадан кейін билікке оның баласы Әли Арслан хан келеді.

Сатұқ Бұғра ханның екінші ұлы Сүлеймен хан Мұсаның тұсында Баласағұн өңірінде билік жүргізген. Бұл жер кейін оның ұлы Әбул Хасан (Харун) Қылыш Бұғра хан бин Сүлей-мен еншісіне өтеді. Ол тарихи еңбектерде Қылыш Бұғра хан деп те аталады. Қылыш Бұғра хан 990 жылы Исфинджабты (қазіргі Сайрам), 992 жылы саманилердің астанасы Бұхараны өзіне қаратады.

Х ғасырдың соңында Сатұқ Бұғра ханның немерелері Әли Арслан хан мен Қылыш Бұғра хан ұрпақтарының арасы шие-ленісіп, Қарахан мемлекеті шығыс қағандық және батыс қаған-дық болып екіге бөлінді. Туыстар арасында жерге талас, билікке ұмтылу күшейді. Қылыш Бұғра ханның баласы Жүсіп Қадыр хан Хотанды иеленді [Тәзкире-и Бұғра хан 2007: 77-90]. Жүсіп Қадыр ханның балалары Тоғұрыл хан мен Мұхаммед Бұғра хан Шығыс қағандықты он бес жыл билеген. Кейінгісінің иелі-гінде Тараз бен Исфинджаб қалалары болған. М.Қашқаридің тектік шежіресін түзушілер Мұхаммед Бұғра ханды ұлы ғалым-ның атасы деп көрсетіп, ал оның ұлы Хусейн бин Мұхаммед Чагры Текин Махмудтың әкесі деп дәлел келтіреді [Шюкрю Халюк Акалын 2010: 19]. Хусейн бин Мұхаммед Чагры Текин өз заманында Барсханды билеген әмір болған.

«Диуанның» қолжазбасын алғаш рет Али Амири деген түрік ғалымы Стамбулдағы «Сахафлар чаршысы» базарынан сатып алған. Кейін бұл кітапты Қиластық Рифатқа (Рифат Білгеге) тапсырады. Рифат Білге қолжазбаның беттерін ретке келтіріп, қолжазба көшірмесін жасап, алғашқы екі томын 1915 жылы, үшінші томын 1917 жылы бастырып шығады. Осы кезден бастап Махмуд Қашқари еңбегін ғылыми тұрғыда зерттеу және оны басқа тілдерге аудару ісі қолға алынады.

Бұл еңбекті алғашқы зерттеушілердің қатарында қазақ оқымыстысы Халел Досмұхамедұлы да бар. Тіпті ол неміс ғалымы Броккельман, орыс ғалымы Бартольдтан бұрын «Шолпан» журналының 1923 жылғы 7-санында «Диуани лұғати-т-түрк» атты мақала жариялап, онда Махмуд Қашқари шығармасын ғылыми тұрғыда жан-жақты талдап жазады [Досмұхамедұлы 1923: 19-23]. Бір назар аударатын жайт, бұл мақала жазылғанша Еуропа және орыс түркологтары бұл еңбек туралы ешқандай зерттеу жарияламаған. Ол туралы Х.Досмұхамедұлы: «Махмуд Қашқаридің кітабына келгенде, бұл кітап туралы әзірге біз Еуропаның түрік тілі мамандарының пікірін естігеніміз жоқ. Бұл кітаптың бір нұсқасы академик Бартольдқа берілген екен. Бірақ, Бартольд бұл кітап туралы бір нәрсе жазған-жазбағанын білмедік» [Досмұхамедұлы 1923: 24],
– деп көрсетеді.
Ташкенттен шыққан қазақ тіліндегі «Шолпан» журналының таралымы, танымалдылығы, қол жетімділігі аз болғандықтан және кеңестік империяның Алашорда зиялыларын қудалауы, олардың шығармалары мен ғылыми еңбектерін жариялауға, насихаттауға тыйым салуы кесірінен кейінгі ғалымдар тарапынан Х.Досмұхамедұлының есімі аталмай келеді. ғасырда «Диуани лұғати-т-түрк» тіл, әдебиет, тарих, этно-фольклор тұрғысынан түрлі деңгейде зерттелді. К.Броккельман, Р.Данкофф, Б.Аталай, В.В.Бартольд, В.А.Гордлевский, Т.А.Боровков, Н.А.Баскаков, А.Н.Кононов,

Т.М.Гарипов, М.Ш.Шералиев, А.М.Демирчизаде, С.Г.Кляшторный, А.Б.Халидов, С.Муталлибов, В.Решатов сынды әлемге аты мәшһүр түрколог-ғалымдармен қатар қазақ зерттеушілері де тілдік, әдеби, тарихи тұрғыдан жан-жақты қарастырды. Қазақтың тілші-ғалымдары Н.Т.Сауранбаев, С.А.Аманжолов, А.Н.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Құрышжанов, Ә.Ибатов Махмуд Қашқари еңбегін тілдік тұрғыдан зерделесе, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиев, Н.Келімбетов. А.Егеубаев сынды белгілі әдебиеттанушы-ғалымдар М.Қашқари сөздігінің әдебиетке қатыстылығына назар аударады.

Қазақ әдебиеттану ғылымында Махмуд Қашқаридің «Диуанын»жан-жақтызерттеуде,оныңқазақәдебиетітарихына қосар үлесін анықтауда ғалым Ханғали Сүйіншәлиевтің үлесі зор. Кеңестік жүйенің елуінші жылдарында-ақ әдебиет тарихын тереңнен бастаған зерттеуші «Диуанның» тарихына, зерттелуіне қысқаша шолу жасап, әдеби құндылығына баса назар аударады. Сөздікте мысалға алынған мақал-мәтелдерге, қанатты сөздерге, түрлі аңыздарға, өлең үзінділеріне, ерлік жырларына, лирикалық шумақтарға, өлең құрылысына ғылыми тұрғыдан баға береді.

Қарахандықтар кезеңіндегі әдебиетті зерттеуде өзіндік орны бар ғалым Асқар Егеубаев 1997-1998 жылдары Махмуд Қашқаридің «Диуани лұғати-т-түрк» шығармасын тұңғыш рет қазақ тіліне толық аударып, ғылыми түсініктерін, зертеуін жариялайды.

А.Егеубаев түрік халықтарының ғұлама ғалымы Қашқари еңбегіне өте тиянақты дайындықпен келді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдардың ортасында Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білігін» қазақшалап, дүйім қазақ жұртының ыстық ықыласына бөленген ол 1989 жылы «Құтадғу білік» дастаны және оның қазақ әдебиетінің дамуына идеялық-көркемдік ықпалы (Дәстүр, поэтика және аударма мәселелері)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Зерттеуші-ғалым сол кездің өзінде-ақ қарахандықтар кезеңінің тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне қызығып, тарихтың терең иірімдеріндегі мәдени және әдеби жәдігерліктерді зерттеуге толық бет бұрады. Асқар Құрмашұлы Ж.Баласағұни шығармасымен ғана шектеліп қалмай, сонымен қатар, сол кезеңдегі түркі халықтары туралы мол мағлұмат беретін М.Қашқаридің «Диуани лұғати-т-түрк» атты сөздігін де аударуға және ғылыми тұрғыда зерттеуге бел шеше кіріседі.

«Хант» баспасынан жарыққа шыққан 3 томдық «Диуани лұғати-т-түрк» сөздігінің қазақша аудармасынан бір жыл кейін «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірдегі көркемдік жүйесі» атты тақырыпта докторлық диссертация жазып шықты. Зерттеу нысаны − «Құтадғу білік» пен «Диуани лұғати-т-түрк». Поэтикалық құрылымы мен ғылыми жаратылысы ерекше бұл екі туындының бітіміне ғалым аса ыждаһатпен қарайды. Сөздіктен көптеген мысалдар келтіріп, жазба мұра жалпы түрік халықтарына ортақ екендігін ғылыми тұрғыда дәлелдейді. Демек, түркітанушы-ғалым А.Егеубаев қарахандықтар дәуірінде жазылған қос мұраға жан-жақты дайындықпен әрі қажыр-қайратпен келген. Бұл жөнінде атақты тілші-ғалым, академик Рабиға Сыздықова: «Бұл еңбектер − бір-бірімен сабақтас, өзектес туындылар. Әуелі, Асқар Х-ХІІ ғасырлардағы түрік дүниесінің ең үлкен ескерткіштерін ана тілімізге аударды, аудару үстінде жинақталған материалдарды негізге ала отырып, олар туралы ғылыми монографиялар мен зерттеу кітаптарын жазып жарыққа шығарды. Уақыт жағынан да, мазмұндық ауқымы жағынан да өте көлемді, салмақты дүниелер. Оның үстіне сөз қадірін түсініп, танитын жазушы адамның талантты қолынан шыққандығы көрініп тұр. Сонымен осындай сүбелі ғылыми-шығармашылық еңбектерінің нәтижесінде қазақ мәдениеті мен әдебиетінің, тарихы мен тілінің алыс ғасырлар қойнауларындағы қымбатты қасиеттерін түзіп шықты. Қазір бұл еңбектерден байқалған бай деректерді әр саладағы ғылым мамандары еркін пайдаланып, ғылыми істе қолданып жүргендігінің куәсі болып отырмыз» [Сыздықова 2001: 5], − деп риясыз ақкөңілмен ақтарыла жазады.

«Диуани лұғати-т-түрк» сөздігін қазақшалаған кейбір тәржімалардан Асқар Егеубаев аудармасының көп ерекшеліктері бар. Біріншіден, еңбек тұтас күйінде алғаш рет толық аударылды. Асқар Егеубаевқа дейін қазақ зерттеушілері аталмыш еңбекті өзге тілдегі (өзбек, орыс, түрік т.б.) тәржімалары негізінде пайдаланып, әсіресе сөздік ішінде кездесетін өлең, жыр, мақал, мәтел үлгілерін қазақшалау кезінде көп жағдайда И.В.Стеблеваның еңбегіне арқа сүйеген. Екіншіден, аудармашы сөздіктегі ғылыми-анықтамалық зерттеуге тән сипаттардың сақталуына баса назар аударған. Араб тілінде жазылған сөздердің харакаларын (асты-үсті белгілерін) толық көрсетуге, түсіндірмелерді аударуда М.Қашқаридің өз мәнерінен (стилінен) ауытқымауға, кітаптың негізгі құрылымынан, түзілімінен, бітім-болмысынан алшақтамауға күш салған. Үшіншіден, сөздікті қазақшалау барысында ең алдымен әрбір сөздің араб әрпімен жазылған түркі тіліндегі нұсқасы берілген. «Диуани лұғати-т-түрк» араб әліпбиімен жазылғандықтан негізгі тірек осы болмақ. Одан кейін латын графикасымен сөздің транскрипциясы жасалған. Сонан соң қазіргі қазақ жазуында қолданып жүрген
кирилл әліпбиімен оқылуын көрсетеді. Мысалы, — EGRIM ЕГРІМ: су жиылған жер. Иірім».
Десе де, сөзді транскрипциялау барысында кемшіліктер де кездеседі. Бұл әсіресе латын графикасымен транскрипциялауда анық байқалады. Мысалы, арабша жазылған – деген сөзді латын әліпбиімен «JYGYRGEN» деп, қазақшалағанда «ИҮГҮРГЕН» деп жазған [Қашқари 2006: 79]. Немесе, деген сөзді латын жазуымен «ҚАZЫ» деп, қазақшада «ҚАЗЫ» деп көрсеткен [Әдеби жәдігерлер 2007: 306]. Латын әліпбиін қолдану кезінде қазіргі қазақ жазуында пайдаланатын кирилл әріптерінің қосарлана жүруі аударма жұмысына айтарлықтай нұқсан келтіріп тұр. Бұл жөнінде Асқар Құрмашұлының өзі: «Латын әліппесімен жазылатын транскрипциялық мәтінде бірнеше әріпті қазақ әліппесінің бірнеше әрпімен алмастырдық. Бұл біріншіден, қазақ әліппесінің ыңғайына қарай, қазақ тілінің ерекшелігі ескеріліп жасалды. Екіншіден, қазақ оқырмандарына оңтайлы болу жағын ойластырдық. Соған қоса, қазақ тілі мен ежелгі түрік тілінің етене үйлесімділігін сезіну үшін де көп қызмет атқаратынын жасырмаймыз. Сөйтіп, транскрипциялағанда қазақ әліппесі ерекшелігіне орай ептеп болса да үйлестіру мүмкіндігін есте ұстадық. Әрі сөздікті қазақ оқырмандарының тез түсініп, оңтайлы қолдануын ойладық» [Қашқари 2006: 25], − деген жолдармен түсіндірсе де әлем ғалымдары мойындаған, батыс оренталистері мен түркологтары қабылдаған латынша транскрипциялау дәстүріне кирилл әріптерін енгізуі сәтті шыққан деп айта алмаймыз. Себебі, А.Егеубаев аудармасы қазақ оқырмандарына арналғанымен де түркологияға қосылған зор үлес. Бұл үлесті жалғыз қазақ қана пайдаланбайды, сонымен қатар, «Диуанды» зерттеген кез-келген шетел ғалымдары да қолдарына алып көруі бек мүмкін. Егер олар араб жазуымен жазылғанды танымаса латынша-кирилше транскрипцияны түсінуі қиынға соғары анық. Осыған байланысты біз А.Егеубаевтың ғылымдағы ізбасарларына, жолын жалғастырушыларға, ғылыми еңбектеріне жанашыр адамдарға транскрипция мәселесіндегі олқылықтарды түзесе деген ізгі тілегімізді жеткізгіміз келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *