Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі


1 Ә.Бөкейханов және оның саяси портреті
2.Алаш орда үкіметі , оның қызметі туралы
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.
Әлиханды әкесі тоғыз жасында Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ зерделі бала молдадан оқығандардан гөрі осындағы мектепте оқып жүргендердің сауаттылығын аңғарып, қаладағы үш кластық бастауыш мектепке өз еркімен ауысып алады. Бұдан кейін ол Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, оны да «өте жақсы» деген бағамен бітіріп шығады. Осыдан кейін он алты жасар Әлихан Омбының техникалық училищесіне қабылданады. Төрт жыл бойы үздік оқыған алғыр шәкіртіне риза болған мүмкіндік жасайды. Сөйтіп ол жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының 200 сом стипендиясын алып, Ресейдің астанасы Санкт-Петербургке барып, Орман шаруашылығы иснтитутына түседі. Ол мұнда жүріп күнделікті сабақтарына қоса студенттердің саяси, әдеби, экономикалық және тағы басқа үйірмелердің жұмысына қызу араласып, студенттік толқуларға қатысады. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды.
Оқуын бітіріп, Омбыға орaлғанда Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.
XX ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі. Бірі Бұхара мен Түркістанға бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым. Осы екінші ағымның басында Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл топ саяси ұстамдылық танытып, Ресей империясына қарсы ашық күреске шығудың әлі ерте екенін анық түсінеді. Сондықтан олар, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай жасау керек деп білді. Бар күш-қуаттарын осы мақсатқа жұмылдырады. Бірақ олардың ойдағыдай жұмыс істеуіне жандармерия басқармасының жансыздары мүмкіндік бермейді. Солардың көрсетуімен қуғынға түседі, түрмеге қамалады. Бұдан студент кезінде ақ сенімсіздердің қара тізіміне ілігіп, бақылауда жүрген Әлихан да тыс қалған жоқ, алдымен, Семей түрмесіне қамалып, кейін Самар қаласына жер аударылады.
1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынбор келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады.
Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Ә.Бөкейханов сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады. Бірақ көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Ә.Бөкейханов Мәскеуге жер аударылады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылдың тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен өлім жазасына кеседі.
Бүкіл мағыналы өмірін халқының азаттық алып, еркін ел болуына арнаған аяулы азаматтың соңғы демі біткенше сол мақсат жолында жасаған қызметі сан қилы. Ол Ресей жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің делегаты, Ресейдің I Мемлекеттік Думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік Думаның мұсылмандар фракциясының Бюро мүшесі, ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармагы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.
2 Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – бүгінгі жастар. Сіздер оларға қалай білім берсеңіздер, Қазақстан сол деңгейде болады», — деп атап көрсеткен [1]. Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, дәуірдің күн тәртібінде тұрған келесі мәселе – білім беру, ғылымды дамыту. Бұндай күрделі екі мәселені жүзе асыру үшін ана тілімізді толыққанды меңгеруіміз қажет-ақ. Ал тілімізді толыққанды меңгеру үшін өткен тарихымызға талдау жасамасақ тағы да болмайды. Тарихты білмей бүгінгіні құру, болашақты болжау мүмкін емес. Яғни, тарихы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр. Мұхтар Шаханов «Тарихты білмеу – тамырсыздық» — дей келе:
Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – сатылмайтын байлығы.
Туған дәстүр, салт-санасы, тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі» — десе
Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындағы XX ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты., өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен Алаш партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы – «Алашорда» үкіметін құрып, ұлттық-аймақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады.
Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған XX ғасыр басындағы осы бір қазақ зиялылары алдыңғы қатарлы тобының саяси қызметі де, кұқықтық көзқарастары да, тіпті ғылыми, әдеби мұралары да ұзақ жылдар бойы жабық тақырып саналып, зерделі зерттеулерге объект бола алмады. Оларсыз қазақ тарихы – тұл, алтын дегені – күл еді. «Алаш» партиясынсыз саяси күрес тарихын, «Алашорда» үкіметінсіз экономикалық ілімдер мен реформалар тарихын, «Алаш автономиясынсыз» Қазақстан мемлекеттілігінің негізін, Алаш ардагерлері өмірінсіз ұлт тарихын жасау, мемлекеттік тіліміздің тарихын қалыптастыру мүмкін емес .
Қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына бастап шықты. Бұған себеп болған 1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс еді. Патша үкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен күрескен көрнекті тұлғалар шықты. Олар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов және т.б. болатын. Олар патша самодержавиесінің қазақ халқының саяси-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.
1917 жылы Ақпан төңкерісінің жеңісі күллі қазақ деген ұлт зиялыларының басын бір жерге қосуға мүмкіндік әкелді. 1917 жылдың сәуір-мамыр айларында көптеген облыс-уезд орталықтарында аймақтық қазақ сиездері өткізіліп, қазақ комитеттері құрыла бастады. Олардың жекелеген өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдары болған облыстық және уездік атқару комитеттерінің құрамына енгізілді.
1917 жылы Қазақ сиездері Орынбор (Торғай облыстық), Орал (Орал облыстық), Семей (Семей облыстық), Омбы (Ақмола облыстық) т.б. қалаларында болды. Қазақ сиездерін өткізуге ұлт зиялылары белсене кірісті.
Орал облыстық қазақтардың 1-ші сиезі 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында Орал қаласында өтті. Сиезді уақытша қазақ комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Әлібеков ашып, құттықтау сөз сөйледі. Осы сиезде бірінші кезекте Мемлекетті басқару туралы, Уақытша үкімет туралы және жүріп жатқан импералистік соғысқа көзқарас туралы мәселелер қаралды.
Сиез төрт күнге созылды, сиездің соңғы төртінші күні облыстағы оқу-ағарту, мәдениет және т.б. мәселелер қаралды. Сиезде бұдан басқа да мәселелер қаралды, басқа қаралған мәселелерді қосқанда саны 23-ке жеткен. Осы сиезде Жаһанша Досмүхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қольша беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады.
1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және сиез материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ интеллигенциясы ғылыми жұмыстармен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару қарекетімен де, көркем творчествомен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы программасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде
— оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы;
— жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады;
— қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуға;
— оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы;
— үкімет оқу ісіне кіріспеуі;
— мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы;
— ел ішінде кітапханалар ашылу туралы айтылады.
— газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік — деп көрсетілген [8].
1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ сиезі өтеді. Сиездегі қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б..
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатын-ды .
Орынбордан қайтып оралған бойында Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер қазақтың батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі – XX ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІҮ Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уэлаяты» уақытша үкіметінің атқарған істері: жерге жекеменшікті жойып, оны халықтың меншігі деп жариялады; халық сайлаған уәлаяттық, уездік соттар іске кірісті; ақша-финанс жүйесі жасалынды; халыққа өз саясатын жеткізу, түсіндіру үшін газет шығарылды (оның редакторы болып Ахмет Мәметов жұмыс атқарды. Ол М.Мәметованың әкесі, көрнекті Алашорда қайраткерлерінің бірі); жерді пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады.
Осыған қоса, іс-қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы мәселе айқын жолға қойылды. Білім беру ана тілінде болуы керек делінген. Басылымдардың қазақ тілінде болуына ерекше назар аударған [10].
1918 жылы 1 сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханов екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Дегенмен де РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімі құрылады .
Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Х.Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», — деген пікірді айтқан . Қазақ АССР-і орнағаннан соң 1924 жылы Орынборда маусымның 12-сінде Қазақ (қырғыз) білімпаздарының тұңғыш сиезі шақырылды. Осы сиезде 12-13 жыл бойы қолданылып, орнығып қалған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні жөнінде, дыбыс әдісімен оқыту ісі жөніндегі мәселелер талқыланды . Ал 1927 жылы Қызылордада жазу (графика) мәселесіне арналған конференцияда А.Байтұрсынов сиезде айтқан пікірін қуаттай келе: «Түрік жұртының 90%-і баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жазылған хат мәдениеті бар (хат мәдениеті –сауаттылық, оның жүзіндегі өнер-білім, ілім, емле, үйрету әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер т.т.). Хат мәдениеті бар халыққа бір әрпін тастап, екінші әріпті ала кою оңай нәрсе емес», – деп өз ойын білдірген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *