16 ҒАСЫРДАҒЫ ОРТАТҮРКІЛІК ЖАЗБА ШЕЖІРЕДЕГІ АНТРОПОНИМ ТУРАЛЫ: ТІЛДІК, ТАРИХИ, КОДЫ

Әміренов Әділбек Дәуітбекұлы*

Молдағали Бақытгүл**

Ғасырлар қойнауының құпия тірлігінен сыр шертіп, жазба мәдениетінің желісін үзбей жалғап келген үлгілердің бірі шежірелік сипаттағы әдеби жәдігерліктер. Шежіре ұғымы (шаджрат) — «бұтақ», «тармақ» мағынасында араб тілінен енгені белгілі.
Осы ата-тек шежірелер халық арасында ауызша да, жазбаша да таралды. Ауызша таралған шежірелерді айтпағанның өзінде, жазбаша сақталғандары да біршама. Олар: Әбілғазының «Түрік шежіресі», Дулат Хайдардың «Тарихи рашиди», Жалай-ыр Қадырғалидың «Жәмиғат тауарихы», Захириддин Бабыр-дың «Бабырнама», Шоқан Уәлихановтың «Ұлы жүз шежіресі», Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы», Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм ханлар шежіресі», Мәшһүр Жүсіптің «Қазақ түбі», «Қазақ шежіресі», М.Тыныш-баевтың «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар» си-яқты басқа шежірелер қазақ хандығы құрылғаннан бастап ХХ ғасырдың басына дейінгі кеңістікті қамтиды.

Осылардың ішінде қазақ тарихында өзіндік орны бар, баға жетпес құнды қазынаның бірі – Қадырғали Жалайырдың «Жә-миғат тауарих» атты қолжазба шежіресі, 1602 жылы Ресейде сол кездегі орта түркілік араб қадим жазуымен жазылған.

Қолжазбаны алғаш жариялап, зерттеген орыс шығыста-нушысы И.Н.Березин болды.

Ол 1851 жылы «Московитянин» журналының № 24 санын-да «Татарский летописец. Современник Бориса Федровича Го-дунова» атты мақаласында, жәдігерліктің құндылығына тоқта-лып, ғылыми тұрғыдан зерттеу керектігін айтады. Екінші қолға алған ореанталист ғалым В.В.Вельяминов-Зернов «Исследо-вание о касимовских царях и царевичах» еңбегінде «Жәмиғат тауарихты» тарихи тұрғыдан саралайды, құнды тұжырымдар жасайды. Жәдігерлікпен И.Н.Березин арқылы Ш.Уәлиханов та танысады, «Извлечения «Жамиат тауарих»» атты шағын зерт-теуінде шежіренің тілі, стилі, орфографиясына қатысты сөз қозғайды. Шоқаннан кейін қазақтардан бұған Ә.Марғұлан, Р.Сыздықова және т.б. ғалымдар назар аударды. «Жәмиғат тау-арихты» зерттеген басқа да түркітанушы ғалымдар баршылық.

Қадырғали Жалайырдың «Жалпы тарихында» (араб тілін-дегі «Жәмиғат тауарихты» осылай қазақшалауға болады) «Дастан Оразмұхаммед хан бин Ондан сұлтан» (қазіргі қазақ-шасы: Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммед хан туралы дастан) тарауындағы хан тағының суретінде тақтың сол жағын-да (майсара (араб) – сол жақ, немесе дәст чәб (парсы) – сол қол. Ә.Ә) отырған бектің (би, уәзір Ә.Ә) бірі – Оразмұхаммед хан-ның төрт бегінің бірі болған Арғын Чиш бектің есімі жазылған.

Жазба жәдігерліктегі осы есім түркітанушылар тарпынан әр түрлі аталып жүр. В.В.Вельяминов-Зернов зерттеуінде Оразмұхаммедтің сол қол уәзірі Аргынъ Чешь- бикъ [Вельями-нов-Зернов 1864: 525], Шоқан Уәлиханов зерттеуінде аргынец Чиш-бек [Уәлиханов 1961: 158] Рәбиға Сыздықова зерттеуінде Шаш бек [Сыздықова 1989: 239], Мұхтар Мағауиннің «Аласа-пыран» романында Шәш бек [Мағауин 1986: 108] және Н.Мин-гулов, Б.Көмеков, С.Өтениязовтардың аудармаларында Арғын Чаш бек [Жалайыри 1997: 124] деп әртүрлі дыбыстық өзгері-стермен (Чешь, Чиш, Шаш, Шәш, Чаш) аталады. Енді осының анық-қанығын тілдік (лингвистикалық) кодын сараптап көрейік.

Антропонимнің Чаш нұсқасына келсек (қазіргі қазақ тілін-де «шаш») көне түркілік қолданыста «саш», «сач» деп жа-зылған.Мәселен: Енесей құлыптасында (ҮІІІ ғ) – Қара сач (кіс есімі), «Диуани луғатта…» (ХІ ғ) – ер сачланды, «Оғыз қаған-да (ҮІІІ-ІХ ғ) – Сачлары, қашлары қара ерділер, «Ат-тухафа әз-зәкияда…» (ХҮІІІ ғ) – саш, орта түркілік (Х-ХҮ ғ.ғ) және жаңа түркілік (ХҮ-ХХ ғасыр аралығы) жазбаларда, «Ахуал Чингиз хан уа Ақсақ Темурде» (ХҮІ-ХҮІІ ғ) – «шач» немесе «сач» – Шачын тараса інжу төкүлүп таңбаланған.

В.В.Вельяминов-Зерновтың жоғарыдағы еңбегінде Қасым хандығының орталығы болған Кермен қаласындағы қорымдар басындағы жазбаларды зертегенде, солардың бірінде Сайын Болат ханның өз анасы Алтыншашқа орнатқан ескерткішін-дегі антропонимді — Алтунсач деп оқиды [Вельяминов-Зернов 1864: 525]. Яғни араб таңбалы қадим жазуындағы түркілік төл сөздің дауыссыз, дауысты дыбыстарының барлығы жазылға-нын көреміз. Сонымен қатар мысалдардан байқап отырғаны-мыздай қазіргі қазақ тіліндегі «шаш» сөзі көне және орта түркі жазба ескерткіштерінде сөз басында (анлаутта) «ч» дыбысынан басталмайды. Ал Жалайыр Қадырғали шежіресіндегі сөз «ч» әрпімен басталып тек дауыссыз дыбыстармен (ЧШ) таңба-ланған, яғни дауысты дыбыстар жазылмаған.

Оның өзіндік себебі бар. Алдымен жәдігер Орта түркілік жазба ескерткішке жатады. Орта түркілік араб қадим жазулы ескерткіштерде жазу тәртібі болған (орфографиялық заңдылық деуге келмейді). Атап айтқанда жалғалмалы (аглютинативті) тіл болғандықтан түркілік төл сөздердің дауысты, дауыссыз дыбы-стары толығымен таңбалануға түссе, қопармалы (флективті) тілдік заңдылыққа бағынатын араб-парсылық кірме сөздердің дауыссыз дыбыстан тұратын түбір қаңқасы ғана жазылып, қысқа дауысты дыбыстар харакаттар арқылы белгіленген. Ха-ракаттар (қысқа дауысты дыбыстар) тек қасиетті жазбаларды қатесіз дұрыс оқу үшін дауыссыз дыбысты таңбалайтын әріптің асты, үстіне қысқа дауысты дыбыстарды белгілейтін диакрети-калық белгілер қойылады, яғни Құран және Хадис сөздерінде ғана жазылған, ал басқа жазбаларда харакат қойылмайды. Орта түркілік жазбалардағы араб-парсылық кірме сөздердің де хара-каттары жоқ.

Сондықтан Қадырғали Жалайыр жазбасындағы антропо-ним харакатсыз жазылған таза арабтық есім болғандықтан оны «чаш», «чиш», «чеш», чіш», «чыш», «чуш», «чүш», «чөш», «чош» деп қысқа дауыстыларды қойып әртүрлі сөзформада оқуға болады. Зерттеушілердің жәдігерліктегі есімнің бірде «Чаш» енді бірде «Чеш» деп оқуының мәнісі де осында.

Қадырғали Жалайырдың тарихи еңбегіндегі сөз болып отырған осы антропоним қазақтың тарихи-рулық шежіресінде де кездеседі. Атап айтқанда Арғын тайпасының ішіндегі қазір-гі Қанжығалы руының арғы аталары Шиш бек есімімен атала-ды. Бұған байланысты Қанжығалы Саққұлақ бидің «Шежіре тарихында» мынандай дерек бар: «Арғын бабамыздың неме-релері Толыбай жиырмаға, Маябоз он сегізге келген тұсында, Ақсопы екі баласын түркімендерге, оның ханы Көроғлы ханға қызмет етуге жібереді. Хан Толыбайды өзіне атбегі етіп қабылдайды да, Маябозды теке-жәуміт (ахалтеке) жылқысын бағуға жібереді.

Толыбай түркімен қызына үйленеді. Оның жүкті кезінде Көроғлы хан Хорасанға жорық жасап, Хорасанның орталығы Раушан қаласын өзіне қаратады. Еліне қайтып келе жатқан жол-да, көңілінің тасығандығынан болар, хан басындағы жығасын Толыбайға кигізеді. Елге оралғанда жұрт: Хан Толыбайға жыға-сын сыйлапты, «ханның жығасын» киген Толыбай, деп шула-сады. Ақыры «хан жығасы» Толыбайдың екінші лақап есіміне айналып «Ханжығалы» (айтылым бойынша Қанжығалы) атанып кетіпті.

Қанжығалы Хорасан жорығынан оралғанда әйелі ұл таба-ды. Көроғлы хан жеңіп алған Раушан шаһары құрметіне Қан-жығалы баласына Раушан бек деп ат қояды. Одан кейін туған ұлына Шиш пайғамбардың есімін беріп Шиш бек деп атаған. Қанжығалылар мұны қысқаша Ішпек деп атайды» [Еңсебаев 2004: 53]. Шежіре ауызша тарих, ішінде аңыз араласып келсе де, түбінде ақиқат бар. Сондықтан Қадырғали Жалайырдың «Жәмиғат тауарихындағы» Арғын Чиш бекті бүгінгі қанжыға-лылардың ақсақалдары өздерінің аталарына жатқызып жүрген-дері де шындыққа біраз жақын келеді. Бұған мынандай дәлеледер бар:

Түркі жұртының Орта ғасырларда Ислам дініне кіріп мұсылмандана бастауына байланысты көптеген түркілік антро-понимдер де мұсылмандық атауға бейімделді. Әсіресе Ислам дінімен байланысты пайғамбарлардың, әулиелердің, сахаба-лардың есімдері түркі антропонимдерінде кеңінен қолданысқа түсті. Соның бірі Шис (ауызекі тілде кейде Чит деп те атайды) пайғамбардың есімі. Шис Адам атаның Әбілдің өлімінен кейін көрген үшінші ұлы [Қыдыров 2008: 23] Сондықтан Шис есімі орта түркілік жазба ескерткіштерде көп кездеседі.

Дыбыстық құбылыстарға байланысты Шис атауы кейде Чис, Чиш/Шиш, Шейш болып та аталынады. Мәселен «Шад-жарату түркіменде» (ХҮІІ ғ) – Адам өлер болды ерсе, Шейш атлы оғылыға айтады кім: «Мендің соң сен менің орнумға олтуруп оғаланларымға баш болғул». Яғни жазба тілде де «Шейш» деп жазылған.
Сөздің абсолют басында «ч» аффрикат дыбысының қол-дануы араб тіліне тән емес, ал көне және орта түркі тілінде бұл аффрикат сөз басында (анлауттта) жиі қолданыста болған. Көненің көзі реликт ретінде бұл дыбыс қазіргі қазақ тілінің Оңтүстік, Шығыс, Маңғыстау, Алтай қазақтарының диалек-тілерінде сақталынып, актив қолданылады (шай-чай, шын-чын, шыны-чыны, шәш –чәш. шөп-чөп т.б).

Сондықтан орта түркілік жазба ескерткішіндегі араб негізді Шис атауының анлауыттағы ш~ч дыбыстық алмасуға түсуі таза тілдік құбылысқа тән. Сөздің соңындағы (бір ерекшелігі көне, орта түркі жазбаларындағы «шаш» сөзінің осы позициясын-да «ч» аффрикаты қолданылмаған) с~ш алмасуын да осындай құбылыс деп қарау керек. Сонда араб тілі арқылы енген Шис есімінің орта ғасырлық түркілік сөйленісте (дыбыстық құбылыстар, дыбыстық алмасулар тек ауызша тілде болады) Чис, Чиш, Шиш, Шейш болып әртүрлі аталуы заңды нәрсе.

Орта түркілік Чиш бек антропонимдік лауазымның ( бек – лауазым атауы болғандықтан жазба ескерткіште бөлек жазылған) қазіргі қазақ тілінде Ішпек болып өзгеріске түсуі де осы тілдік (фонетикалық) заңдылыққа, яғни протезаға байла-нысты. Кірме сөздің алдынан басы артық дыбыстың қосылуы – протезалық құбылыс. Протеза кірме сөзді енген тілге икемдеп айтуға жеңілдету үшін қажет. Қазақ тілінде протезалық дыбы-стар негізінен қысаң (ы, і, ұ, ү) дауыстылар: стакан-ыстақан; стол- үстел; шкаф-ышқап т.б. Сонда араб тілінен енген Шис, орта түркілік жазба ескерткіште сөз басында (анлауыттық) ш~ч және сөз соңы (ауслауыттық) с~ш дыбыс алмасуына түсіп Чиш, кейін жаңа түркілік қазақ тіліне бейімделіп (протезалық құбылыс) Іш болған. Негізінен тарихи даму тұрғысынан алған-да орта түркілік жазбалардағы «ч» мен «ш» бір дыбыс болып саналады, кейде екеуі бірінің орнына бірі алмасып қолданыла береді. Қазіргі қазақ тіліндегі аймақтық сөйленістер осыны ай-ғақтайды. Қазақ тілінің диалектикалық сөздігінде сөз басында «ч» дыбысымен дыбысталатын 200-дей сөз бар [Диалектика-лық сөздік 2007: 677-685]. Сонда араб тілдік дауыссыз дыбы-старға негізделген (консонанттық) орта түркілік шежіредегі түбірдің құрамындағы ЧШ дауыссыздары бір ғана Ш дауыс-сыз дыбысына айналған, яғни чш ~ ш болып өзгерген де кейін протезалық құбылыс арқылы Іш болып қалыптасқан.

Ал бек лауазымы қазіргі қазақ тілінде есіммен бірігіп кет-кен. Яғни Чис бек есімді лауазым біріккен сөзге айналып Іш-бек/ Ішпек антропониміне айналған. Бұл жерде дыбыс үндесті-гіне орай сөз соңындағы қатаң «ш» дыбысы екінші кіріккен сөз басындағы ұяң «б» дыбысын өзіне икемдеп қатаң «п» дыбы-сына айналдырған. Яғни, Ішбек ілгерінді ықпалдың әсерімен Ішпек болып өзгеріске түскен.

Сонда антропонимдік өзгерісті жүйелейтін болсақ, Шис бек ~ Чис бек ~Чиш/Шиш бек (кейде Шейш бек) ~ Ішбек ~ Ішпек тізбегін құрайды. Барлығы тілдік заңдылыққа бағы-нып сатылай өзгеріске түскен. Бұл тілдік сараптама негізіндегі дәлеліміз.

Ендігі мәселе Оразмұхаммедтің сол қол уәзірі Арғын Чиш бектің қазіргі Қанжығалалардың атасына қатыстылығы. Мұны анықтау үшін шежірелік, тарихи деректерге сүйеніп, жалпы Арғын тарихына үңілу қажет. Арғындардың шығу тегі көптеген тарихшыларды қызықтырған, себебі олардың өзге тайпалардан (керей, найман, жалайыр, қоңырат, қыпшақ, үйсін және т.б.) өзгешелігі, жазба тарих бетіне XIV ғасырға дейін белгісіз болып келгендігінде. Зерттеушілердің көбі «арғын» этнониміне қатысты тарихи-са-лыстырмалы тәсіл арқылы түркі тайпасының түп атасы «ғұн» атымен байланыстырғанмен ғылыми негіздеме жоқ. Арғын-дарға қатысты В.В. Бартольд, А.Н. Бернштам сияқты ориента-лист ғалымдарымен қатар Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім Құдай-бердіұлы, Әлкей Марғұландардың да құнды пікірлері бар.

Әсіресе Шыңғыс хан тұсындағы арғын тайпасы туралы деректер мардымсыз, әлі де зерттеуді қажет етеді. Шәкәрім шежіресінде: «…Бергірек заманда шежіреде арғынның білі-нетұғыны — Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошы менен онан кішісі Шағатайға ел бөліп бергенде, солардың қол астында арғинут деп аталады. Арғинут дегені — арғындар деген сөз. Әмір Темір хан заманында және арғинут атанып, осы Шыңғыс тауы менен Тарбағатайда жүргені анық. «Шыңғыс ханның өз тұсында арғын аты неге аталмаған?» деген сөз туралы орыстың жазушылары әр түрлі сөз айтса да, ақырында «арғын Шыңғыс ханға соғыспай қараған шығар» дейді. Менің ойымша, ол кез-де арғындар найман ханына қарайды. Себебі Аристов сөзінде бұрын қара қытайдың алғашқы ханы Амбахан тұсында Байер-гун, яғни арғын айтылады да, найман жоқ. Және Аристов ай-тады: «бұрын баярген яғни арғын күшті еді, Шыңғыс тұсында найман күшті болып, екі ханға қарап тұрды. Керейлер өз алды-на бір ханға қарап тұрған еді» дейді. Және Шыңғыстың баласы Шағатай қол астындағы елді айтқанда, «арғын наймандарме-нен Еміл, Қаратал, Нұра өзенінде жүрді» дейді. Осы сөздерден мағлұм болды — бір кезде арғын күшті болып, найман оған қа-рап, бір кезде найман күшті болып, арғын оған қарағандығы» [Шәкәрім 1991: 43] деген жорамал жасайды.

Темір жорықтарына арналған деректерге қарағанда, арғын-дар XIV ғ. аяғында Алакөл мен Қаратал өзенінің арасында тұрған, яғни олар бұрынғы орындарында қалған. Шағатай ұлысының құрамында болған арғындар Темірдің 1376, 1389 және 1390 жылдардағы жойқын шапқыншылықтарына ұшырады, одан кейін XV ғ. басында шығыстан жоңғарлардың шабуылы басталды да, 1456 ж. арғындар батысқа қарай кәдімгідей жылжып, Орыс ханның немересі, әйгілі Жәнібек ханның қара-мағында болды. Шамасы, арғындар батысқа қарай 1400-1410 жылдары қозғалса керек. Өйткені арғындар (қанжығалы руы) 1420 ж. Жәнібектің әкесі Барақ ханның Ташкент пен Ходжентке қарсы жорығына қатысады. Бұлардың барлығы Қадырғали Жа-лайырға дейінгі мәліметтер.

Қадырғали Жалайыр шежіресін зерделей қарайтын болсақ, Шыңғыс ханның оң қол, сол қолға бағынышты түмен, мыңба-сы, жүзбасы әмірлері және әскерлері, кейінгі балалары Шаға-тай, Үгедей, Жошы, Толу қасындағы оң қанат, сол қанат бектері негізінен қазіргі қазақ руларынан Жалайыр, Маңғыт, Қоңырат және т.б.тайпалардан болғанын көреміз [Жалайыри 1997: 61]. Мұнда Арғындар туралы мәлімет айтылмайды. Тек ХҮІІ ғасыр басында Қасым хандығын басқарған қазақ сұлтаны Оразмұхам-медтің бірнеше билерінің бірі болған Арғын Чиш бектің аты ғана аталады. Негізінен хан жанынан табылып, кеңесші, серігі, жақын жолдасы болып жүрген Арғындар жайлы мәліметтер де аз емес. Бір деректе Әбілхайырдың (1428-1465) ақылгөй қазысы Арғын Дайырқожа би болған дейді. «Біздің осындағы арғын-дардың арғы атасы Дайырқожа ханның сүйікті қазысы екен, әділ айтқандықтан «Ақжол» атаныпты. Және Қара Қыпшақ Қобыланды батыр да Әбілқайырға сүйікті екен. Екеуі ішінен жауласып жүргенде, бір күні далада Қобыланды батыр Дайы-рқожаны өлтіріп кетіпті. Әз Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып өлтіруге сұрапты. Әбілхайыр хан берейін десе, көп қыпшақ бұзылатын болған соң, бере ал-май үш кісінің құнын алып бітім қыл деген соң, Әз Жәнібек хан өкпелеп кеткені, біздің қазақта мақал болып жүрген «Қара Қыпшақ Қыпшық Қобыландыда нең бар еді құлыным» деген сөз Дайырқожаның сүйегін айналып жүріп жылаған әкесі Қы-дан тайшы деген кісінің сөзі. … Біздің қазақтың Арғын атасы Қотан ақын дейтұғын осы және бұл сөзге бір дәлел Арғын Жа-нақ ақынның өлеңі:

Алашта Арғын аға туған зерек, Өзгеден ол кісінің жөні бөлек. Арғынның түп атасы ақын Қотан,

Өлеңге бізден ұста болса керек» [Шәкәрім 1991: 23] дейді, ұрпақтан ұрпаққа аманат боп үзілмей жалғасып жеткен, халық жадында сақталған ауызша тарих.

Осы оқиғадан кейін арғындар мен керейлер Жәнібек пен Керей сұлтанға ілесіп, Әбілқайырды тастап кетеді. Жәнібек пен Керейдің Моңғолстанға, Балқаш көлінің оңтүстігіне ығысу се-бебін де тиянақтай түседі. Бұл тарихи аңыз (яғни ауызша жет-кен тарих, сондықтан оның әр түрлі нұсқасы болуы да мүмкін).

Қазақ хандығының құрылуына бірден бір себепкер болғандықтан арғындар осы халықтың құрамындағы аға орынды алғаны күмәнсіз. Сондықтан Орта жүздің ішіндегі рулардан ерекше-леніп «Арғын аға баласы» атануы да осы болса керек (Шәкәрім шежіресінде Арғынның аға болуына басқа деректер келтіреді). Арғындардың кейін Шыңғыс әулетінің қасында жоғары лауазымды қызметте жүруі де осы ағалық мәртебесі болуы мүмкін. Оған дәлел Шыңғыс ұрпағы Оразмұхаммедтің жанындағы арғын (қанжығалы) Чиш бектің болуы. Мұхтар Мағауин оны қырым жақтан келген арғын деп көрсетеді [Мағауин 1986: 146]. Дегенмен де, Қазақ хандығының негізін қалаған аға баласы арғын Чиш бектің өз елінен жырақтап Кермендегі Оразмұхаммедтің қасынан табылуы, оның санаулы бектерінің бірі болуы әлі де түйіні шешілмеген, зерттеуін күтіп тұрған мәселелер.

Енді осы айтылған деректі сараптайтын болсақ, Қанжыға-лы атанған Арғын Толыбай ХҮ ғасырда Әбілхайырдың қасын-да болса, онда оның ұлы Чиш бектің арасы екі ғасырға алшақтап кетеді де бұл шындыққа жанаспайды.

Ал екінші деректегі Қодан тайшының екінші ұлы Қаратай-дан бастап таратсақ онда Чиш бекке дейін тоғыз ата болады [Еңсебаев 2004: 35]. Дайырқожаның өліміне байланысты оқиға ХҮ ғасырдың 50 жылдарының орта тұсына келсе, (Жәнібек пен Керейдің Шу бойына көшіп келуі 1457 жылдар шамасы) сон-да Қодан тайшының ұлы Қаратай ХҮ ғасырда (шамамен 1410 жылдары дүниеге келді деп шамаласақ) өмір сүрсе, онда Чис бекке (туған жылын шамамен 1568 жылдар деп алсақ) дейінгі аралықтағы ұрпақ жалғастығы 17,5 жасқа келеді. Ал енді төменен жоғары өрлесек, Қанжығалы Бөгенбай мен Чиш бек атасының арасында жеті ата бар Бөгенбай 1680 жылы дүниеге келсе, Шишбек атасын шамамен 1568 жылы туған десек (1602 жылы Оразмұхаммедтің қасында би болғанда жігіт ағасы жасында 40-45 терде болуы мүмкін) онда аралары 128 жылды қамтиды, сонда әр атаның арасы 16 жастан келіп отырады. Әрине, ауыз-ша шежіреге сүйенгендіктен, ата-тектің туған жылдары, өмір сүрген уақыты нақты болмағандықтан біздің есептеуімізде бі-раз ауытқушылықтар да жоқ емес. Дегенмен «Он үштегі отау иесі» түркілік салт-дәстүрімен қарасақ, бұл дерек шындыққа біраз жақындайды.

Сонда Қадырғали Жалайырдың шежіресіндегі антропо-нимді зерттеген тәсілдерден (тілдік сараптамалық, тарихи-са-лыстырмалы, ата тектік, ұрпақ жалғастығы) шығатын қорытын-ды бойынша 1602 жылы Оразмұхаммед сұлтанның бегі болған Арғын Чис бек қазіргі Қанжығалылардың атасы болып шыға-тынына негіз бар. Өйткені жазба деректерде Түркіменстан, Кавказ, Қырым түбегіндегінде ауа жайылған арғындар арасынан Чиш бек атымен аталатын тарихи тұлға кездеспейді. Арғындар туралы зерттеу жүргізген шетел, орыс, қазақ ореанталистері де бектік лауазымға жеткен осы рудың, осы аттас тұлғалары жөнінде ешқандай мағлұмат бермейді.

Екіншіден, Оразмұхаммедтің қасындағы бек, би, уәзірлері Қазақ хандығы құрамындағы ру-тайпалардың (жалайыр, арғын, маңғыт т.б) адамдары болғандықтан арғын Чиш бектің қазақ, соның ішінде қанжығалы руынан болуы да мүмкін. Біздің дәлеліміз осы.

Түйіндейтін болсақ, енді осы арғын (қанжығалы) Чиш бек-ті ары қарай зерттеп, оның тарихи тұлғасын ашу үшін қосымша архив құжаттарын қарастырған жөн. Ә.Марғұланның дерек-теріне сүйенсек, Оразмұхаммедтің қолжазбалары, кітаптары, хаттары сақталған «күміс сандық» сұлтан өлген соң Патша архивіне өткізіліп, ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда сонда сақталған, кейін ХІХ ғасырдың ортасына дейін Ресей Ғылым Академиясының Азия музейінде болған [Марғұлан 1981]. Сонда бір дерек болуы да мүмкін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *